Байланысты: Жаңа технология бейнелеу өнері сабағында
Біздің қолданып жүрген бейнелеу өнерiнің әдiстемелiк нұсқаулары мен оқулықтарында осындай ерекшеліктер ескерілуі қажет. Біздің жаңа оқулықтарымыздағы тапсырмалар бiр ғана бағытта жазылуда, ол балаға тек бейнелеу өнері тапсырмаларының түрлерi бойынша сурет салғызуды үйретуге арналған. Қазiргi талап бойынша мектеп мұғалiмдерiне, балалардың жас ерекшелiктерiнің ғылыми негіздеріне, байланысты берілетін тапсырмалардың көлемі мен мазмұнын және оқыту жолын көрсететiн оқу құралдары қажет. Балалардың салған суреттерін зерттеген орыс ғалымы В.Бакушинский балалардың сурет салуды меңгеруі, ата тегіне байланысты, егерде ата тегінде суретші болмаса, ондай балалар ешуақытта сурет салуды меңгере алмайды, оларды үйретіп қажеті жоқ десе, бастауыш сынып оқушыларына, тек еркiн тақырыпқа байланысты тапсырмаларды ғана берген дұрыс, өйткені жас балаларға сурет салудың техникаларын ерте үйретiп қажетi жоқ, немесе бастауыш сынып оқушыларының кейбір салған суреттерiн құр «шимай сызық» деп баланың суретiне немқұрайлықпен қарап келгенімізді білеміз. Атақты орыстың психологы, оқушылардың сурет салу мүмкіншіліктерін зерттеген Е.И.Игнатьев осындай пiкiрлердiң пайда болуының басты негiзi, ол баланың салған суреттерiнiң ғылыми негiздерiн толық түсiнбеушiлiктен дейді. Жалпы орта мектепте пән мұғалiмнiң басты назары сурет салуға икемi бар балаларға ғана аударылып, орташа, төмен балалар ескерілмей қалуда. Бұл мәселенің әртүрлі себептері бар, біздің ойымызша, негізгі себебі болашақ бейнелеу өнері және сызу мұғалімдерін дайындауда бейнелеу өнеріне байланысты шығармашылық психология, баланың сурет салудағы психологиялық ерекшеліктері, бейнелеу өнеріне байланысты ғылыми негіздерінің терең оқытылмайтындығы. Астана қаласының Білім басқармасының бастығы Т.Бимендинаның келісімімен және Астана қаласында эстетикалық бағыттағы №61 орта мектептің директоры, суретші-ұстаз Ұ.Арқабаеваның қолдау көрсетуімен, 2009 жылы қараша айында бейнелеу өнері сабағын оқытуды жетілдіру, мектеп ұстаздарын ғылыми жұмысқа бейімдеу, ғалымдар мен әдіскерлерді бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхана аштық.. Зертхананың 3 жылдық жоспары жасалды. Зертханаға жоспар бойынша Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми жұмыстарымен танымал ғалымдар, мектеп ұстаздары, магистранттар мен студенттер қатыстырылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 3-4 курстарының студенттері осы зертхана арқылы арнайы педагогикалық практикаларын өтеді. Жыл соңында арнайы зертхананың отырысы өткізіліп, онда зертхананың әрбір мүшесі жылдық есбін береді. Әрбiр денi сау бала бейнелеу өнерiн орта мектеп деңгейiнде толық меңгерiп шыға алатынын бiздiң жүргiзген көп жылғы ғылыми – iзденiс жұмыстарымыздың нәтижелерi де дәлелдеп бердi. Бұл жерде мына мәселенi есте сақтауымыз қажет, біріншіден, орта мектепте бейнелеу өнерiн оқыту тапсырмалары болашақ кәсiпқой суретшiлер дайындауға арналмаған, екiншiден, ондай мiндеттi мектеп деңгейiнде шешуге ешқандай да мүмкiншiлiк жоқ, дегенмен, жалпы орта білім беру стандартының талабына сәйкес білім беруге міндеттіміз. Болашақта жалпы орта бiлiм беру жүйесiнiң 12 жылдыққа көшуi туралы дайындық жұмыстары, басқа пәндер сияқты, бейнелеу өнерiн оқытудың жаңа ұлттық бағдарламасы мен жаңа буын оқулықтарын дайындауды мiндеттеп отыр. Қазiргi жахандану заманында Бейнелеу өнері сабағына аз сағат бөлінуі, мектептерде бейнелеу өнерi сабағының толық пән ретiнде жүргiзiлмей қажетсiз сабақ ретiнде қалып қоятыны, сабақты арнайы білімі жоқ мамандардың жүргізуі өкiнiштi жағдай. Біздің мектеп пәндеріне деген көзқарасымыз саясатпен санасып қалатын сияқты, қоғамда техникалық білімді жетілдіру керек десе, мектепте техникалық мамандыққа қажетті пәндерге қосымша салат беріліп жатады. Мысалы, адам денесіндегі мүшелерінің әрқайсының орындайтын, атқаратын өз міндеттері бар, егерде денесінің бір мүшесі кем болса, ол адам мүгедектер қатарына жатқызылады. Міне мектептегі оқытылатын пәндердің барлығы да осындай адамға білім, тәрбие беруде қажетті деп санауымыз керек. Өнер сабақтарына мән бермеуімізден, бiз болашақ жастарымыздың рухани, адамгершілік сезімдерінің таяз болуына қандай ықпал жасайтынымызды сезбеймiз. Орта мектептерде өтiлетiн басқа сабақтар мен қатар бейнелеу өнерi де толық жүйелi түрде жүргiзiлуi тиiс – ол қазіргі өмiр талабы. Көркемдiк тәрбие беруде бейнелеу өнерiнiң тағы бiр негізгі атқаратын мiндетi – ол әрбiр баланың бойына мәдениеттілікті қалыптастыру, табиғи қабiлетiн дамыту, соған қолдау жасау, болашақта суретшi мамандығын меңгермесе де, өмiрге қажетті қандай да болмасын мамандықтың білікті маманы болып шығуына ықпал жасау.