Байланысты: Жаңа технология бейнелеу өнері сабағында
Бейнелеу өнерi сабағын бастауыш сыныптарда оқытудың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Егемендiк алғаннан бастап, бейнелеу өнерiн орта мектептерде оқытуға арналып жазылған жаңа буын оқулықтар басылып шықты. Бұл оқулықтардағы берiлген тапсырмалардың көпшілігін балалар көшiрiп салу жолымен орындайды. Қазіргі таңда біз балалардың өздері ойлап шешім жасай алатын тұлға етіп тәрбиелеуіміз қажет екенін ескеретін болсақ, бұндай тапсырмалар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуғак ері әсер береді. Оқушыларға арналған арнайы жұмыс дәптерлерiнде мысалы, затқа қарап салу тапсырмаларын 4 түрлi кезең арқылы салу және оны қандай бояу түрлерiмен бояу қажет екендiгiн көрсететiн бейнелеу жолдары ұсынылған. Осы көрсетiлген тапсырмаларды орындаған оқушылардың жұмыстарына талдау жасау барысында, сыныптағы оқушылардың көпшiлiгi тапсырмаларды ешқандай ойланбастан, қалай болса солай, сол қалпында көшiре салатынын аңғардық. Бұның негізгі себебi, 4 түрлі кезеңмен салудың жолдарын оқушылар не үшiн қолдану керектiгiн толық түсiнбеуінен. Сурет салу кезінде оқушылар қосымша сызықтарды қолдану арқылы бейнелеуді толық білмейді. Қосымша сызықтарды қолдану заңдылықтарын балаларға тек сабақ жүргiзушi мұғалiм ғана түсiндіре алады, мысалы, тақтаға жаңа тапсырманы орындау жолдарын мұқият түсiндiру барысында. Оқушының сурет салуға қызығушылығын оятуда, кейбiр балаларға дайын суреттен қарап көшiрiп салудың да тигiзетiн пайдасы бар екенін Ресей ғалымдары дәлелдеген. Көшіріп салу әдісін үнемі қолдануды әдетке айналдырса, баланың қиялы, ойлауы, еске түсiру процестерi және жеке даралық қабiлеттерi дамымай тежелiп қалатын көрінеді. Белгiлi балалар суреттерiн зерттеушi орыс психологы Е.И.Игнатьев балалардың көшiрiп салуға дағдылануын зерттеу нәтижесінде мынадай қортындыға келген. «Егерде орта мектепте балаларға сурет салуды үйрету тек көшiрiп салу жолымен жүргiзілетiн болса, онда балалардың жалпы қабiлетi бастапқы мектепке келгендегi деңгейiнде қалып, жоғары көтерiлмейтiнiн анықтаған». /2 /
Бұл жерде басты ескеретiн мәселе, ол бейнелеу өнерi сабағындағы тапсырмаларды орындау, басқа оқитын пәндерге қарағанда шығармашылықпен жүзеге асырылатынын және сабақты жүргізудегі қолданатын оқыту әдiстемесi айрықша болатынын түсiну. Сурет салуды жетілдіруде маңызды мәселенің бірі, сыныптағы оқушылардың қабiлетiне қарай тапсырма құрастыру, бiз қазiргi оқулықтарда арнайы көркем өнер мектептерiнiң өнерге бейiмi бар балаларына арналған күрделі тапсырмаларын оқулыққа енгіздік, бұдан тапсырмалардың бірізділігі бұзылды және күрделендiрілдi. Осындай мәселелердi жаңа оқулық дайындау барысында қайталамас үшiн, авторлар оқу құралындағы тапсырмаларды балалардың жас ерекшелiктерiне байланыстыра білуі қажет. Мектеп мұғалiмi балалардың сурет салу қабiлеттерiнiң ғылыми негiздерiн түсiнiп, баланың салған суретiн бағалау кезiнде оның табиғи мүмкiншiлiгiн ескерiп, әрбiр салған баланың суретiн шығармашылық туынды ретiнде қарауын басты назарда алуы ең негізгі талап болып саналады. Әрбiр сыныпта өтiлетiн бейнелеу өнерi пәнiндегi затқа қарап салу, тақырыпқа байланысты композиция орындау, сәндiк сурет сабақтарында берiлетiн тапсырмалар, бiр-бiрiмен өзара байланыста болуы басты шарт. Осындай талаптарды жоғары деңгейде орындау пән мұғаліміне тікелей байланысты. Қазіргі ұлттық білім беру жүйесіне қойылып отырған мәселелерді айқындау мақсатында сәуір айының соңында Астана қаласында 2008 жылы ашылған эстетикалық бағыттағы түңғыш №61 орта мектепте Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қалалық Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен бірлесе отырып «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы-Қазақстандағы көркем білім беруді жетілдірудің негізі» атты тақырыпта Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өткіздік.