Жадымызда қалған
жайсаңдар
Қ а с ы м АМАНЖОЛОВ
Оның туған жері Мәди жырында шырқалатын Талды, Сарарқаның сауыры. ЖазықІ
даланың үстіне шөгіп қалған нардай жал-жал таулар. Қаршадайынан жетім қалған
Қасым осы таулардың иығына асылып өсті. Ол осындай тамаша табиғаттың қойнында
өзінің жетімдігін елемей, өжет болып ержетті.
Қасым өз сырын жеріне жеткізе, шыңына шығара, тұңғиық түбін қопара айтқан
ақын. Поэзияға ол өзгеше қарқындылық пен өткірлік, қайсарлық пен жайсаңдық
әкелді. Осынысымен өзінен кейінгі барлық қазақ ақындарына әсер етті. Кейінгі
қайсыбір тегеуірінді ақындардан Қасым лебі сезіліп тұратыны содан.
«Жау жолына атам сені, бомба бол да, жарыл, жүрек!» - деп атақты «Абдолла» поэма-
сында өзі айтқандай, сұрапыл соғыс тақырыбын жырласа да, Аманжолов тек алда бол-
ды. Жырсүйер қауым үшін Қасымның аққан жұлдыздай небәрі қырық үш жас ғұмыры,
«Күніне жүз ойланып, мың толғанам, өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп», - тебіренген
сұңқар даусы қалды құлағында.
Ахметжан РАХЫМЖАНОВ,
ақынның ағасы
ІНІМ МӘҢГІ ТІРІ
Қасым биыл 60 жасқа толды. Менен 20 жас кіші
болатын. Әкеміз Рахымжан Аманжолұлы 1918 жылы
6-қаңтар күні 43 жасында қайтыс болды. Қасым 1911
жылы тамызда Ақтайлақ өзенінің бойында туды.
1911 жыл жылқы малына қырғын жұт болған жыл
еді. Сол уақыттағы ақындар:
Кетер ме көпке дейін доңыз естен,
Былтырғы қанды боран қыстайғы ескен, - деп
жырлаған. Қасым сол доңыз жылы борандатып туып,
аз жыл өмір сүріп, ол да 43 жасында қайтпас сапарға
кетті. Сағынсаң да, жыласаң да, қайтып оралмақ емес,
тағдыр солай. Ендігі үміт Қасымның «Өзім туралы»
деген өлеңінде айтқаны:
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне мың ойланып, жүз толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
Қасымның азды-көпті жазған өлең-жырлары
әдебиет саласынан орын алып, қазақ әдебиеті тари-
хында белгілі аты қалса, жұбайы, балалары, туыстары
соны қанағат етеді де...
Қасым жастарға арнаған бір өлеңінде:
Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатырмын қырда қымтап, - деген
еді. Қасымның «мен таңырқап қараймын елесіңе» де-
ген болжамы расталып, аз жылдың ішінде қанаттанып
ұшқан жас сұңқарлар артынан қанат қағып ұшты.
Қасымды көре қалған, одан тәлім-тәрбие алған көп-
көп ізбасарларына - өмірлерің ұзақ, қаламдарың
жүйрік болсын! - деген тілектеміз.
Қасым көп оқи алмаған, институт бітірмеген:
өзінің бойына біткен талантының арқасында
замандастарының ешқайсысынан кем болма-
ды. Әскерден келгеннен кейін: «Әлпин деген бір
подполковниктің қол астында болдым. Кітаптары
көп болатын. Ол маған кітаптарын емін-еркін оқуға
мүмкіндік беретін. Сол подполковниктің арқасында
әдеби сауатымды аштым», - дейтін.
Етіңіз қабыл жүректің нәрін,
Ақын-солдат махаббатын.
Ілтипатыңыз өзіме мәлім,
Мен бе оны ұмытатын, - деп жазғаны бар.
Қасым сегіз қырлы, бір сырлы еді. Мысалы, неше
түрлі музыка аспаптарында нотасыз-ақ ойнай беретін
еді. Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма»
деген өлеңіне ән айтып, домбыра шертетін еді. Ол әнді
Ғафу Қайырбеков білетін. Ән нотаға түсірілмеген.
Қасым қайтыс болғаннан кейін Жазушылар
одағы комиссия құрып, азды-көпті жазғандарын жи-
нап, 3 томдық кітап етіп шығарды. Ол кейінгі жас
таланттардың сүйіп оқитын дүниесі болды. Бұл -
оның өзі өлсе де, сөзі өлмегендігінің белгісі.
Қасым, туысы
- Құсатай,
отырғандар (сол-
дан оңға қарай):
досы Жәрдем
Тілеков, ағасы -
Ахметжан, туысы
- Әмірхан.
Жалын. - 2010. - № 3. - 27 б.