Жаңғараұлы Кенжетайдан тарайтын Атамбозұлы Хаби ұрпақтары хақында



Дата04.05.2023
өлшемі18,86 Kb.
#89701
Байланысты:
Хабиұлы Мұхамедиар


Жаңғараұлы Кенжетайдан тарайтын Атамбозұлы Хаби ұрпақтары хақында

Жоғарыда шежіремізде көрсетілгендей Бабатайдың Кенжетайынан тарайтын Хаби (Хабиболла) бабамыз және оның ұрпақтары хақында тарихи деректер мен естелік әңгімелерді назарларыңызға ұсынып, кейінгі ұрпақтың жадында қалдыруды жөн көріп отырмыз. «Әкең өмірден өтсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген дана халқымыз. Бұл нақыл туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) Біріншісі –Алладан ата-анаң үшін жарылқау тілеу (дұға жасау); екіншісі – ата-анаңның қалдырған өсиеттері мен шариға насихаттарын орындауың; үшіншісі – олардың жолдастарына құрмет көрсетуің; төртіншісі – олардың араласқан ағайын-туыстарына ағайындық қатынасты жалғастыруың»,–деп айтты деген хадисті риуаят етеді (Ахмад, Әбу Дауіт, Ибн Мәжәһ және Хаким). Әлбетте бұл өмірден өтіп кеткен ата бабаларымызды көрмесекте ауызба ауыз, сол кісіледің заманында өмір сүрген адамдардан естіген білген әңгіме деректеріне сүйене отырып сөз тарқатпақшымыз.


Серікбай Исағалиұлының естелігінен. Ағам Наурызбай Исағалиұлының айтып кеткені бойынша. 1976 жылы мен армияға кететін уақытта, Наурызбай ағам ауыл шаруашылығы институтын (СХИ) инженер болып бітіріп келді. Сонан соң Төлеп ағамның мотоциклын сұрап алып Базаршоландағы Серік нағашыларымызға қонаққа барып келеміз деп жолға шықтық. Төленнен ары қарай шығып Тайпақ ауданы шекарасына жете бере сол жақтағы зират басына бара жатып та, Базаршоланнан келе жатып та тоқтап, құран оқып дұға еттік. Нәкеңнің айтқаны бұл жерде Хаби атамыз жерленген деп айтқаны есімде. Наурызбай ағам әжесінің бауырында болған, сол себепті Отаргалиева Дәлекеш (Талайлы) Тұманбайқызы (Жиембет Тана) әжеміз біраз деректерді айтып отырса керек.
Хаби бабамыз өте сауатты, дін ұстаған адам болған. Алты ай арбамен қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеген, тақуа жан болса керек. Өзінің жиған терген ілім-білімін балалары Ахмедиар, Мұхамедиар, Уәлияр ұлдарына үйретіп, сауатын ашқан. Әсіресе Мұхамедиар атамыз әкесі Хабидың жолын жалғасытырып, ұстаздық етіп, дін ұстанып, сол аймақтағы ауыл балаларына сауат ашу, арапша жазуды үйреткен зиялы жан болған. Сөзімізге арқау ретінде Төлепқали Батырғалиұлының естелігін келтіре кетсек. Бір күні Қаратөбе ауданының шаруашылық-партия саласының басшысы Тілекқабыл Бөлеев шақырып жатыр деген хабар түсті. Ол кезде ауданда ішкі істер бөлімінде қызметтемін. Ойымда ештеңе жоқ, тез арада тартып хатшыға барып кірдім. Әңгімеміз көп ұзаққа созылмады. Хатшы: «Аталарың сауатты зиялы болғанын білесің бе ?, - деді, бір сырды ішке бүккендей кейіп танытып. Мен айттым: - Ия, жұрттар айтушы еді деп естуші ем, өзім аталарымды көрген адам емеспін, - деп қысқа қайырдым, не мақсатпен сұрағанын нақты түсінбеген адамша. Ал енді аталарымыздың молда ишан болғаны туралы мына бір естелікті айтып өтейін. Бір садақада отырғанымда, соңына қалып Аңшыбаев Уәйс деген қарт жасы тоқсаннан асқан сұрақ қойды былай деп: «Сен білесің бе кім екеніңді, қайдан шыққаныңды ?». Мен тұрып таңырқаған күйде жауап қаттым: – Неге білмейді екенмін, қойшының баласымын, өмір бойы қой баққан еңбек адамдары, - деп. Сол кезде Уәйс қарт, бетіме тік қарап – Олай емес, сендердің аталарың біздерге сабақ берген, үшеуі де (Ахмедиар, Мұхамедиар, Уәлиар). Олар арабша жазу үйретіп мешіт ұстаған, молдалар болды, - деп, балам бұны есіңе сақтап ал дегендей ишара білдіргені бар.
Совет үкіметінің байларды кәмпескелеу, дін адамдарын қудалау саясатының кесірінен 1927 жылы, сол замандағы өздері тағдырлас адамдар секілді Ахмедиар, Мұхаммедиар аталарымызда елден кетуге мәжбүр болды. Сол қилы заманда, ағайындық танытып, аман есен көшуіне мүмкіндік туғызған Шәмшенұлы Ысқақ (НКВД қызметкері болған) атамызды атап өткен жөн. Осы жағдайларға қарап ақ, Бабатай руының бауырмал, бір біріне деген көмектерін аямағанын көруге болады. Бұл туралы Наурызбай Исағалиұлының естеліктерін келтіре кетсем. Дәлекеш әжем айтушы еді қоян жылы (1927) қызылдар билікті қолға мықтап алып, азды көпті малы барларды, дін сауаты барларды біртіндеп қыспаққа алып, біразын қамауға алып, аман қалғандары жан жаққа бытырай қашуға жөнелді. Өгіз арбаға керек жарағымызды артып, азығымызды алып, түнде жол жүріп, күндіз тығылып солтүстікке қарай бізде бет алдық. Жол жөнекей қазақ ауылдарын, діндес, бауырлас башқұрт, татар ауылдарын басып жүре бердік. Жертөле қазып, кей жерлерге біраз (1 айдай) аялдап тынығып алып сапарымызды жалғастыра бердік. Қолымызда жиған бір дорба алтын бұйымдарымызды, бір Миколай дегеннің мәйітінің қасына көміп кеттік. Мелекесс төңірегіне келгенде, сол кездегі жөргектегі сәби Мұхамедиарқызы Қазизаны (Қазиза апамыз 1982 жылы алынған куәлігінде 1937 жылы 15 маусымда дүниеге келген делінген және Хабиқызы деп жазылған) жуындырмақ болып, ыдыс таппаған соң кәдімгі ас ет жейтін табаққа салып жуындырып тазаламақшы болған екен. Кішкентай сәби жуындырып жатқан кезде ас табаққа дәрет сындырып қойған-мыс. Содан оны жақсылыққа балап, атамыз: «Ал енді осы жерге тұрақтайық, бұл ырыс болды бізге, жағдайымыз оңалар» - деген екен. Ол қазіргі РФ, Ульяновскі облысы Мелекесс ауданы Мулловка ауылы. Ата әжеміз сол жердегі тері мата (суконная) фабрикасында қызмет еткен. Мұхамедиар атамыз сол жерде жерленген. Бірақ қазір нақты қай жерде екені белгісіз, бұл тарихты зерттеу, бізге және келешек ұрпаққа аманат. Бұл туралы Серікбай Исағалиұлының мына бір естелігін келтіре кетсек. 2012 жылы ұлым Арматты алып Самараның Красный Ярында тұратын жиендерім мен жездеммен (Қазиза апайдың жолдасы мен балалары) бірге, Самарадан солтүстікке қарай 160-170 шақырым жердегі Мулловка елді мекеніне, атамның жатқан жерін іздеп бардық. Суконный фабриканың басшылығымен кездесіп, мән жайды түсіндірдім. Олардың айтқаны бұл жаңа фабрика, ескі фабриканың қасында бұрын қорым болған. Ол жерге жаңа зауыт салатын болғандықтан бұл жердегі сүйектер көшірілген. Қай жер екенін оларда білмейді екен. Сол ескі фабрика орнына барып құран бағыштап, дұға етіп кеттік.
Ал енді, 1927 жылы бірге көшкен ағайындылар жол бойында, топтасып барлығы бірдей қызылдар қолына түсіп қалудан сақтанып, әр жерге тоқтауға мәжбүр болды. Ахмедиар атамыз отбасымен Балыксу көлінің маңына қоныстанады. Ол қазіргі Самара облысы, Красноярский ауданы, Хилково ауылдық округіне қарасты Уголок Ленина совхозы. Ахмедиар атамыздың қайда жерленгені мүлдем белгісіз. Уәлиардан ұрпақ болмады дейді, ол атамыз туралы да еш мәлімет жоқ. Тіптен іздерін жасыру мақсатында ата тектерін де әр түрлі қойғанға ұқсайды. Мұхамедиар ұрпақтары Мусағали Мұхамедиаров, Исағали Хабиев болып жазылса, Ахмедиар ұрпақтары да Батырғали Хабибуллин, Шымырғали Ахмедьяров болып жазылып кеткен. Жалпы барлығы да бір атаның балалары.
Мұхаммедиар атам мен Дәлекеш әжемнің 13 құрсақтан 4 еуі аман қалған. Олар Құспанғали, Мусағали, Исағали, Қазиза. Құспанғали атамыз Ұлы Отан соғысына алынып, қайта оралмады хабарсыз кетті. Ол өте зерек, 6 жасында әкесі Мұхамедиардың қасында отырып, құранды түгел жаттап алған деседі. Әжем өмірінің соңына дейін батысқа қарай құран оқып, баласын келеді деп күтумен өтті. Далекеш әжеміз өте пысық, намазына берік, сол жердегі халықтармен біте қайнасып, сауда саттықпен айналысып, отбасына қорған болып басқара білген іскер адам болған. Сол кездегі Куйбышев облысы қазіргі Самара облысының Кошкин , Кинель-Черкассы аудандарын мекен етті. Заман біраз тынышталып, соғыс бітіп, жағдай түзелген соң әжеміз балаларын ертіп елге оралуды ұйғарады. 1960 жылы бала келіндері, немерелерімен Қалдығайты ауылына көшіп келіп, осы жерде тұрақтанады. Екінші ұлы Мусағали (1918-1965 ж.ж) сауатты, Отан соғысының ардагері, еңбекқор, ағаштан түйін түйген өте шебер, байсалды адам болған. Әсіресе ағаш шеберлігінің балташылық бағытын терең меңгерген. Қолынан шыққан үй құрау, арба, шана, есік, терезе жақтаулары әлі күнге дейін Қалдығайты аулындағы ескі үйдің бұйымдарынан көрініс табады. Әкем Наурызбай Исағалиұлы айтып отыратын, Мусағали ағам асықпай жалғыз өзі, үйдің жанынан жер қазып, өгізбен балшық басып, тас соғып, жымиып қойып жұмысын жасай беретін деп. Мусағали Мұхамедиарұлы 1965 жылы өмірден озды. Зираты Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылында. Ұрпақтары Ира (Зәммәрира), Уәлиолла, Қалиолла Ресейдің Самара облысында тұрады.
Хаби немересі Мұхамедиарұлы Исағали, (1924 – 1971 ж.ж ) жас бала кезінде, кеңес үкіметінің кәмпескелеу және дін адамдарына қарсы саясаты кезінде Ресей жағына өтіп, Ульянов және Самара облыстарына еншілес Мелекесс аймағында, Кошкин, Кинель-Черкасс аудандарында өмір сүрген. Исағали атамыз 4 класстық білімімен, Ресейде жүрген кезде ата бабаларының ізін жалғап балаларға жаңаша сауат аштырып, қойма меңгерушісі де болды деген деректер бар. Соғыстан кейін Бәтима (Нәнә деп атаған руы Байбақты Дат) әжемізбен отау құрады. Әжеміз Абдулхалиқова Батима Ғалымгерейқызы (1928 – 1976 жж), Байбақты руының ауқатты, діндар отбасынан шыққан Ресей жаққа өткен Ғалымгерейдің қызы. Туған жері Самара облысы, Кинель-Черкасск ауданы, Марьевка елді мекені. Ол өте сауатты 7 классты үздік бітіріп, Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтында оқыды. Ұл қыздарының сабақ оқу үрдісіне ыждаһаттылықпен қарап, әсіресе көркем жазу, математика негіздері, жаратылыстану пәндерінен бағыт көрсетіп болашақта білікті маман болуы үшін зор үлесін қосты. Талайлы (Дәлекеш) әжеміздің бастауымен, 1960 жылдары Қазақстанға оралып Орал облысы Қалдығайты ауылын мекен етті. Елге оралғаннан кейін, ауылда көрік үй шеберханасын құрып, темірден түйін түйген, сол аймаққа әйгілі шебер болды. Бұл жайында ұлы, Наурызбай «Тетелес інім Ислам екеумізге, көрік үйде 1 пұттық балғамен кезек-кезек темірді қызған кезде бірнеше мәрте соқтырып, темір бұйымдарын сапалы дәнекерлейтін», - деп айтушы еді. Атам Исағали Мұхамедиарұлы 1971 жылы, әжем Бәтима Ғалымгерейқызы 1976 жылы өмірден өтті. Зираттары Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылында.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет