1. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы Қазақстан Республикасының осы Қылмыстық кодексiнен тұрады. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар осы Кодекске енгiзілгеннен кейiн ғана қолданылуға жатады.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделедi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар және Республиканың барлық аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады. Осы Кодекстің конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын нормалары заңдық күшін жояды және қолданылуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасының құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республиканың заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2018 № 205-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2-бап. Қылмыстық кодекстiң мiндеттерi
1. Осы Кодекстiң мiндеттерi: адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, меншiктi, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау, бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiн сақтау, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
2. Бұл мiндеттердi жүзеге асыру үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық негiздерi белгiленеді, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қандай қауiптi іс-әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни қылмыстар немесе қылмыстық теріс қылықтар болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары белгiленедi.