1. Қылмыстар сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар деп бөлiнедi.
2. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар деп танылады.
3. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар деп танылады.
4. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер ауыр қылмыстар деп танылады.
5. Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
12-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы
1. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң дәл сол бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
2. Егер адам бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталған не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
3. Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, яғни бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұратын қылмыстық құқық бұзушылық бiрнеше рет жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайды.
4. Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.
5. Қылмыстық теріс қылықтардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстық теріс қылықтары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстық теріс қылықтарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.