280-бап. Сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтiк қызметтер көрсетуді тиісінше орындамау
1. Сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтiк қызметтер көрсетуді абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан тиісінше орындамау –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
281-бап. Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
1. Жарылыс қаупi бар объектiлерде немесе жарылыс қаупi бар цехтарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 281-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.