Химия-технологиялық жүйе және үдеріс. Химия-фармацевтикалық технологияның негізгі үдерістерін жіктеу.
Шикізат жəне материалдарды өнімдерге дейін өңдеу операциялары мен үдерістердің жиынтығын технологиялық үдеріс деп атайды. Химиялық өндіріс үдерісінде бастапқы зат (шикізат) соңғы (мақсатты) өнімге дейін өңделеді. Бұл:
негізгі химиялық үдеріс:
шикізатты дайындау (реакциялық қабілетті күйге ауыстыру);
шикізат компоненттерінің өзара химиялық əрекеттесуі;
алынған реакциялық қоспаны соңына дейін өңдеу сияқты бірнеше операциялармен жүзеге асырылады.
Шикізаттан дайын өнім алу мақсатында белгілі бір кезектесіп жүретін жəне бір-бірімен өзара байланысқан үдерістердің жиынтығын – химиялық-технологиялық үдеріс (ХТҮ) деп атайды. Жалпы алғанда химиялық-технологиялық үдеріс – кезектесіп жүретін үш сатыдан тұрады
• Шикізатты химиялық өңдеуге дайындау:
• Дайындалған шикізаттың реакция өніміне дейін химиялық өзгерісі екі сызбанұсқамен жүреді:
• Реакциялық қоспадан мақсатты өнімді бөлу жəне оны тазалау:
Əрбір сатының эффективті түрде жүзеге асырылуы үшін кейбір шартты сақтау қажет. Сондықтан əрбір нақты ХТҮ-ке сəйкес технологиялық режим жасалады.
Технологиялық режим деп ХТҮ-ті максималды эффективті жəне тұрақты жүргізуді қамтамасыз ететін параметрлердің жиынтығын айтады. Технологиялық режим параметрлері деп қандай да бір аппараттың
немесе оның жұмыс істеу режимін сипаттайтын жəне жұмысының негізгі көрсеткіші ретінде қолданылатын шаманы айтады. Параметр – сандық шама, сондықтан үдерісті сандық жағынан бағалау үшін қолданылады. ХТҮ-тің негізгі параметрлері: температура, қысым, реагенттер концентрациясы, катализатор сипаттамасы, реагенттердің жанасу ұзақтығы, реагент ағысының көлемдік жылдамдығы жəне т.б.
Химиялық-технологиялық үдерістердің жиынтығын келесі жеке үдерістермен операциялардың түріне байланысты бөліп жіктеуге болады:
Механикалық жəне гидромеханикалық үдерістер – материалдардың ауысуы, олардың түрі жəне өлшемінің өзгеруі, сығылуы жəне ұлғаюы, ағыстардың араласуы жəне бөлінуі. Мұның бəрі өңделетін материалдың
химиялық жəне фазалық құрамының өзгеруінсіз жүреді. Бұл үдерісті жүргізу үшін транспортерлер, ұнтақтағыш, диспергаторлар, компрессорлар, насостар, араластырғыштар, сүзгіштер, формаға келтіргіш
қолданылады.
Жылу алмасу үдерістері – қыздыру, салқындату, фазалық күйдің өзгеруі. Мұнда химиялық жəне фазалық құрамы өзгермейді. Бұл үдерістер жылуалмастырғыштарда, конденсаторларда, қайнатқыштарда, балқытқыштарда, сублиматорларда жүреді.
Массаалмасу үдерістері – фазааралық алмасу, нəтижесінде химиялық құрамының өзгеруінсіз жанасатын фазалардың компоненттік құрамы өзгереді, яғни химиялық өзгеріс жүреді. Бұл үдеріске еру, кристалдану, кептіру, дистилляция, ректификация, абсорбция, экстракция, десорбция жатады. Олар кептіргіште, дистилляторларда, ректификаторларда, абсорберлерде, экстракторларда, десорберлерде жүргізіледі.
Химиялық үдерістер – химиялық реакторларда материалдардың химиялық құрамының толығымен өзгеруі.
Энергетикалық үдерістер – турбиналарда, генераторларда, моторларда əртүрлі энергиялардың (жылу, механикалық, электрлік) өзара түрленуі.
Басқару үдерістері – ағыстар жəне заттардың күйі, олардың күйлерінің өзгерісі туралы ақпаратты алу жəне жіберу. Басқару құрылғыларына датчиктер, сигналды жəне ақпаратты жүйелер, клапандар, вентилдер, автоматты реттеу жүйелері жəне т.б. жатады.