|
Жамбыл облысы
Қордай ауданы
Қордай ауылы
№ 1Д.Қонаев атындағы
мектеп- гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сулейманова Сауле Маматовна
|
МАҚАЛА
Күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл
Күй өнері – қазақ халқының ең құнды,бағалы мұраларының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толып отыр.
Күй өнерінің бағына туған Дина әжеміздің орны қазақ халқы үшін өте ерекше. Біз бүгін шама-шарқымызша өзінің саналы ғұмырын өнерге арнаған күйші әжеміз туралы сөз етпекпін.
Дина Нұрпейісова – 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Жаңақала ауданының Бекетайқұм деген жерінде дүниеге есігін ашқан. Динаның әкесі Кенже де өнерден құр алақан болмаса керек. Жігітке сай өнердің барлығы бір бойынан табылыпты. Жастайынан ат жарытып, небір сәйгүліктерді шығарып, бәйгеге қосқан екен. Әкесі де жақсы домбырашы болыпты. Ауылдағы жиын-тойлардың, отырыстардың сәнін кіргізіп жүреді екен. Осы аталған өнеріне қоса балуандығы да сай екен. Небір жауырыны жерге тимеген атақты балуандардың өзі Кенжемен белдескенде қос тізесі бүгіліпті. Бүгілмегендерінің белі кетіпті. Әжеміз де жас күнінде күрескен көрінеді. Ел аузындағы деректерге сенсек, Кенже «Айжанқыз» күйін автордың өзінен үйреніп, қызына үйреткен екен. Естеліктер мен кітаптардан білетін дерегіміз бойынша Дина әжей жас кезінде ер балаша тәрбие көріп, ұл бала сияқты өсіпті. Кішкентай Дина тоғыз жасқа келгенде әкесі орындайтын, ән-күйлердің бәрін үйреніп алып, есімі елге жайылыпты. Әкесі қызының ерекше талантына қайраң қалып, қызын барынша қолдаған екен. Нағыз әке осындай болса керек-ті. Динаның есте сақтау қабілеті, домбыра қағысы, күйлерді нақышына келтіріп орындауы сол кезден бастап қалыптасқан.
Дәулескер күйшінің есімі күй атасы Құрманғазының құлағына жетіп, 1870 жылы атамыз Кенженің ауылына келіп, сол үйге түседі. Балауса қыздың домбыра тартқанын көріп, ұйып тыңдап, болашақта ұлы өнерді дәріптейтін үлкен күйшінің дүниеге келгендігіне қатты қуанады. Құрманғазы атамыз әкесі Кенжеден қызын өзімен бірге ертіп жүруіне рұқсат сұрап, әкесінің ризашылығын алады. Дина тоғыз жыл бойы анығырақ айтсақ 18 жасқа келгенше «Күй атасымен» жиі-жиі кездесіп, Құрманғазының арқасында небір дүлдүл домбырашыларды көріп, олардың домбыра тарту шеберліктеріне тәнті болыпты. Тек тәнті болып қана қоймай, олардың шеберліктерін де өз бойына сіңіреді. Бұл туралы Дина әжеміз өзі айтқан естеліктерінің бірінде:
«Бұл менің өмірімдегі ең бақытты, музыкалық уақиғаларға, қуанышқа толы, санамда аса терең жарқын арна қалдырған кезеңім еді» депті. «Күй атасымен» шәкіртінің таныстығы, ажырамас достығы осылай басталса керек. Ол домбыраны елдің ықыласын алумен қатар керек жерінде халқының бақытын қорғайтын қару ретінде де қолданған. Ата-анасы Динаны он тоғыз жасқа келгенде 1880 жылы Беріштің Бесқасқа руының адамы Нұрпейістің баласы Нұралыға береді. Отбасылық өмірде де Дина өзінің айнымас адал серігін тастамайды, керісінше домбыра тартуын дамыта береді.
Дина әжеміз өзінің талантының, құймақұлақтығының арқасында ұстазы Құрманғазының, Байжұманың, Есжанның, Түркештің, Дәулеткерейдің күйлерін үйренеді. Бірде Құрманғазы бабамыз шәкіртіне риза болып, тек күйлерді орындап қана қоймай, өзі де күй шығаруын тапсырады. Міне, осыдан кейін Дина әжеміз өз күйлерін жарыққа шығарады. Құрманғазыдан бастап небір дүлдүл домбырашылардың күй тарту шеберлігін меңгерген ол домбыра тартудың өзіндік мәнерін қалыптастырады. Ұстаздарына еліктеп шығарған күйлері сезім қылын дөп шертеді. Динаның Бапасқа еліктеп шығарған «Бұлбұл» күйі ерекше күйлердің бірі. Бұл күйде құстың сезімі мен ой-арманы да қоса берілген. Халық өнері үшін күйлердің табиғатпен байланысуы заңды құбылыс. Ал, Дина Нұрпейісова осы заңдылықты жоғары дәрежеге көтерген күйші.
«Бұлбұл» күйінің бір варианты домбырашы Махамбет Бөкейхановтың орындауында А.В.Затаевичтің жинағына да енген. Ойшыл фольклорист, домбыра музыкасын ерекше қадірлеп, құрмет тұтқан А.В.Затаевич шығармаға былайша баға береді: «Халықтың үлкен өнерінің тамаша үлгісі. Пьеса өзінің тек шығысқа тән характердегі ойшыл речитативімен, жұмсақ, дірілді фонда пайда болатын біркелкі триольді кіріспе және интерлюдияларымен ерекше поэтикалық және бейнелі рухқа бөленген. Жігерінің найзағай жарқылындай қуат-күші қандай десеңізші! Оңтүстіктің бұлбұл үніне балқыған сиқырлы түнінен ләззат алғандай рахатқа бөлеуі қандай ғажап! Шахерезада ертегісіндей жан дүниеңді ерітер мазмұнға толы бұл дүние тамаша «интермендосымен» алуан түстес құлпыру үшін өзінің Римский-Корсаковын күтіп тұрғандай. Бірақ бұл – халық музыкантының қос ішекті қарапайым домбыра арқылы берілген тамаша көңіл күйінің, жан дүниесінің ғажайып үні».
Динаның әр күйі эмоцияға, үлкен идеяға құрылған. Күйші әжеміздің күйлерін кез-келген домбырашылар тарта алмайды. Себебі, оның күйлері өте күрделі күйлердің қатарында. Оны тарту үшін жүрек керек. Дина әжеміздің күйлері асқан шеберлік пен ептілікті қажет етеді.
Кезекті кездесулердің бірінде «күй атасы» Құрманғазы бабамыз біраз уақыт домбыра тартып отырып, Дина әжеміздің сол қолын, өзінің оң қолын ұстап: «Егер осы екі қол бір адамға біткен болса, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді», - депті. Бұл сөздің өзі оған деген құрмет, Ұлы күйшінің өнерін мойындау болса керек. Динаның өнерін сахнаға алып шығуа себепші болған жандардың бірі әрі бірегейі академик Ахмет Жұбанов екендігі белгілі. Ол 76 жасында Алматыға келіп, үлкен сахнада өз күйлерін орындайды. Халықтың ықыласында шек болмайды. Жасы ұлғайса да шеберлігін жоғалтпаған күйші елінің қошеметіне бөленеді. Оның алғаш сахнаға шыққандағы өнерін ақын Жұмекен Нәжімеденов былайша жырлаған екен:
Үн төгілді түрленіп,
Көк гауһардан кетті аумай.
Жарқындығы – күлкідей,
Мұңдылығы – жоқтаудай,
Ащылығы – шындықтай,
Тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей,
Ауырлығы – табыттай...
Бұдан артық суреттеу мүмкін емес шығар... Қадыр Мырза-Әлі атамыздың өзі естелік кітабында осы өлеңді Жұмекеннен сұмдық қызғанатындығын ашып жазыпты.
Жұмекен ақынның мына шумағын да келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.
Ей, күйші дос!
Сенің еркің – шертем десең өзің біл,
Менің еркім қалай ұғам,
Қайғырам не серпілем.
Сенің еркің болған сайын,
Қалай шерту күйді бұл.
Айырылады екенмін мен,
Қалай ұғу еркінен.
Дина әжеміздің күйлерінің нотаға түсуі туралы мынадай оқиға көп айтылады. Ахмет Жұбанов «Құрманғазы» оркестірінен екі мықты деген домбырашыны әжемізге жібереді екен. Дина күйді ешқашан қайталап тартпайтын болған. Ол кісінің осы әдетін білетін Ахмет Жұбанов атамыз мынадай әдіс қолданыпты. Әлгі екі мықты домбырашы Динаның үйіне келіп күйлерін тыңдайтын болыпты. Дина әжеміз күй тартқанда біреуі жартысына дейін жаттап, екіншісі қалған бөлігін жаттап алып, академик Ахмет Жұбановқа келіп тартып беретін болған екен. Ахмет атамыз жартыдан бүтін құрап, Дина әжеміздің күйлерін нотаға түсіріпті. Дина күйлері «Құрманғазы» оркестірінің әр концертінде орындалатын болса керек. Сондай үлкен концерттердің біріне күйші әжеміз шақыртумен арнайы келіп, өз күйлерін естіп, қатты қуаныпты. Ахмет Жұбановқа өз ризашылығын білдірген екен.
Дина – қазақ халқының тарихынан орнын ойып тұрып алатын жан. Ол кісінің ерен еңбегі, қазақ музыкасына қосқан сүбелі үлесі әрқашан халқының жадында. Дина әжеміз қазақ музыкасымен, қазақтың күмбірі бөлек күйлерімен мәңгі жасай бермек. Қазақ дейтін алып халық барда күйшінің аты ешқашан өлмейді. Өнерлінің туған күні болғанмен, өлген күні болмайтыны әмбеге аян. Талай тектіні, небір күйшілерді тудырған қазақ даласы әлі талай мықтыларды тудырары анық... Оған болашақ тарих куә болмақ...
Дина феномені, оның музыкалық таланты туралы Ахмет Жұбанов, Ғафура Бисенова, Қаршыға Ахмедияров секілді өнертанушы марғасқалар талай-талай мақала жазды. Шынында да тек қазақ ортасында ғана емес, әлемнің озық елдерінде де әйел құқығы оңайлықпен мойындала бермейтін ХІХ ғасырда өнер көгінде өшпес жұлдыз болып жарқыраған Дина Нұрпейісованың тағдыры ерекше-ақ. «Әлемнің ең атақты әйел-музыканттары» деген мақала жазып, Кассия Песнописица, Хильдегарда Бингенская, Фанни Мендельсон, Клара Шуман және Консуэло Веласкестердің қатарына Дина Нұрпейісованы да қосқан автор Лилит Мазикинамен келіспеу қиын. Шынында да Дина – әлемдік тұлға болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |