Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Советова Меруерт,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты
Әл-Фараби және Абай мұрасы туралы зерттеу
еңбектерге реферат жазу.
Ғылым – ақиқат. Әрбір адамның өз шындығы болғанымен ақиқат жалғыз. Сондықтан, жаратылыстың да, жер бетіндегі кез келген құбылыстың да ақиқат ғылымы бар. Ғылымның шамшырағы қатпарлы тарихтың көне ғасырларынан бастау алады. Себебі, адамзат айналасындағы сан сипатты өзгерісті, мың құбылған дүниені зерттеуге қызықты. Идеалистік және материалистік көзқарастың негізінде ғылым баспалдақтары қалана бастады. Тұңғыш ғұлама ғалымдар, энциклопедистер дүниеге келді. Бұлақтың көзі ашылса көлге айналатыны сияқты ғылымның да бұлағы ашылғанда зерттеуші ғалымдар туды. Ұлылардың ізімен көш ілгері жүргенде біздің де Ұлы бабаларымыз өркениеттің шырағына ұмтылды.
Өркениет шырақшысы әл-Фараби мен қазақтың бас ақын-философы Абайдай ұлыларды мың жылда бір туады дейміз. Анығында екеуінің өмір сүрген уақыт арасы да мың жылды құрайтын-ды(870 –950≈1845-1904). Ақиқатты дүниені айшықтауда ғалымдық еңбек орасан қажыр-қайратты, табандылықты талап етеді.
Ғылым көкжиегінде ғаламдық жаңашылдықтардың көптеп ашылып жатқандығы белгілі. Алайда, кез келген саланы түсініп-түйсінуде, ұғымын ұғынуда тарихын білу қажетті. Сондықтан бүгінгі ғылым мәселесі жөнінде сөз қозғайтын болсақ әл-Фарабиден асып немесе Абайдан артық даналық бұлақтарын таппасымыз анық. Біз кейде кез келген дүниені бағалауға құмармыз, анығында барлығының бағасын уақыт береді. Себебі, уақыт өте келе кімнің аты қалып, сөзі үлгі болатынын да уақыт шешеді. Ал, әл-Фараби мен Абайға берген уақыттың бағасы қандай?! Мың жылдан аса уақыт өтсе де ғылыми трактаттарын аударып, бүгінге жеткізіп, оқуға талпынтып отыр –уақыт. ХІХ ғасырда ұлттық мінез-құлығымызға айтылған сынның растығын қазір де мойындатып, ұлы сөздің ұғымын Абайдан таптырып отыр – уақыт.
Әл-Фараби мұрасын зерттеуді алғашқы болып қолға алған, еліміздегі фарабитанудың іргетасын қалаушы ғалым Ақжан Машани: «Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із қалдырған» дей келе: «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, үндестіру – халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз» деп түйіндейді. Ал белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Әбу Насыр әл-Фараби ғылымның пәлсапа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математика саласында үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған»,-деп ой түюі де бекер болмаса керек.
Дау жоқ, ғалым трактаттарындағы тұжырымдарды түсіну белгілі бір жоғары деңгейді, ішкі дайындық пен сананы қажет етері анық. Асылы, бидің сөзін құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ. Ұлы Даланың ұлағатты тұлғасы Әбу Насыр әл-Фараби – дуалы ауыз тұлға. Ойшыл адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетерін баса айтады. Ғалым адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиістілігін болжап, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып білу арқылы жетілеріне арқа сүйейді. Бұл тұжырымды ойға имандай сенесің, себебі Әбу Насырдың өзі де өмір бойы тап осы қағидатты басты кредо етті емес пе. Нәтижеде телегей табысқа, кемел парасатқа жетті емес пе. Өкініштісі, тап осы түйінді тезиске екінің бірі мүлдем мән бермейді, бастапқыда тіпті түсінбейді, кештеу ұғынып жатамыз. Адам санасының жаңғыруы нәтижелі жаңалыққа әкелмек. Шын білімді ақиқат, анық білім деп ұққан ғалым білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатарын бағдарлай келе, білімді болуды жаңалық ашуға қабілетті болу тұрғысында пайымдайды. Осы тұста да ойшыл бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында екендігіне акцент береді. Осыдан кейін білімге, білуге ұмтылмай гөр! Өз кеудеңде өзіңе Америка ашқың келсе, өз-өзіңді танығың келсе, түбірімен өзіңді түлеткің келсе, білімге ұмтыл. Өзге жол жоқ. Жетік біліміңнің айқын көрінісі – сенің білігің. Тек білім ғана телегей-теңіз білік қалыптастырмақ. Бірегей білігің – Сіздің күнделікті алуан жағдаяттағы ұтымды сөзіңіз, сізге еселей қуаныш сыйлар күнделікті қисынды да мақсатты мағыналы іс-әрекетіңіз. Адам баласының межелеген айқын мақсаты арқасында тұлға ретінде сомдалуға септесер білік-жүйе молая түспек. Демек, білімің – білігің, сөзің – өзің. Бұл саты ғылым өріне өрлетпек.
Ғұламаның айтуынша, ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұшқырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұяламақ. Олай болса, ғылыммен айналысар адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек. Тіпті бұл реттегі ғұламаның ғылым үйренуге кіріспекші кісі тәрбиелі, адамгершілігі мол, адал, қулық-сұмдықтан және басқа да ағат мінез-құлықтан аулақ болуы қажеттілігін астын сыза айтуы ойлантпай қоймайды. Демек, бүгінде қаншама қажет болғанымен ғылымға бет бұру, ғылыммен айналысу еріккеннің ермегі емес. Білім-тәжірибе, ғылым-ілім нәтижесі адам бойына орасан ақыл-парасат сыйлайды. Білім-ғылымның құдіреті осында. Ал адамға ғана тән ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсылық пен жаман қылықтың аражігін ашуына бірден-бір жәрдемдесер, бірден-бір көмектесер бірегей құдіретті күш іспетті құбылыс. Демек, әл-Фарабише түйінделер тезис – қоғамдағы барша қиыншылықты жеңетін адамды бақытқа жеткізетін күш – адамның ақыл-ойы, ақыл-парасаты.
Әбу Насыр әл-Фараби – Шығыс әлемінің рухани ұстазы. Ғұлама адам бойындағы мінез-құлық мінін рухани кеселге балайды. Мінезді жанның айнасы деуі де осыдан болса керек. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы өзге емес, тек жақсы мінез-құлыққа байланыстылығы тегін емес. Қалай болғанда да мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтары даусыз. Әл-Фарабише ой өрсек, рухы мықты ұстаздың әркез ескерер түпкі мақсаты – шәкірт мінез-құлқындағы жағымсыз мінез, жағымсыз қылықты болдырмау, онда жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру.
Бұл ғаламда әр адамның өз орны барлығын мойындар болсақ, ғұлама ар, адалдық, адамгершілік қасиеттерін алғы кезекке қояды. Ақиқаттың адалдықпен ағзаластығын айта келіп, ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланыстылығын баса көрсетеді, тіпті бұл ретте «өзгенің пікірін иемденіп кетудің надандық һәм ниеті арам адамға лайық іс» екендігіне налиды. Таңғалар тұс, бүгінде көз майыңды ағызып, маңдай теріңді тамызып, ми ашыта, жан қинай, сансыз секундыңды сарп ете терлеп-тепшіп жазған жазбаларыңды екінің бірі мысқал да ойланбастан, еш шімірікпестен селт етпей көшіріп алып, өз аттарынан жариялай саларын көргенде ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзі еске түсері кәміл. Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісінің көлгір келері де осыдан болса керек-ті.
Әркімнің өзі шығар биігі бар десек, Әбу Насыр әл-Фараби – өзіндік шырқау биігіне шыға білген, бір өзі-ақ бір университет бола алған заңғар тұлға. Ғұлама тұлға тұғырының берік болуына баса мән береді. Мына әлемді адасудан жартылай құтқарар тек тәрбиелі тұлғалар екендігіне кәміл сенеді, сендіреді. Сәйкесінше, тәрбиелеуді адамның бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнер қуатын дарыту тұрғысында таразылайды. Ұлы педагог әл-Фараби: «Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіріледі, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан-дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді»,-деп жазады. Демек, тәрбие – толыққанды тұлға қалыптасуының басы. Бұл ретте әйгілі әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген тұжырымы әлем педагогтарының санасында. Бұл орайда ғұлама әл-Фарабиге сүйене айтар болсақ, тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. Жаман қылық – жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек. Ғалым: «Еңбек етудің өзі – өнер. Еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады»,-деп жазады. Қысқасы, педагог-ғалым әл-Фараби: «Тәрбиеші – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол – күллі ой мен қимыл іс-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған оттың көзі», - деп түйіндеген. Әбу Насыр әл-Фарабише, адамның тоқымашы не атбегі болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға бітпейді. Егер де адамның тәндік жаратылысы дамуының негізгі көрсеткіші дененің саулығы болса да, адам атаулы кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Десек те, адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туабітті мүмкіндігі мен қабілет-қарымы жетері даусыз. Тек дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталмақ. Асылы, ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік болса керек-ті. Ал еркіндік аясында қол жеткізер бақыт, қуаныш және ләззат сезімдері асқан сұлу, ең әсем және аса көркем дүниелерді қолмен ұстағандай айқын және кемел дүниелер ретінде танып-білу арқылы ғана пайда болып, толық болмысқа ие болмақ. Дұрысы – ізгі де қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы тиіс. Кезекті қарапайым аксиома. Ұлы тұжырымдар қашан да қарапайым болып келмей ме? Бізде солай ма? Өкінішке орай, бізде көбінесе, керісінше. Мәселен, педагог мәртебесі турасында енді-енді қолға алудамыз. Қуанарлығы – бұл бағыттағы істе оңды қозғалыстың барлығы. Жалпы өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу қажет-ақ. Тек қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да, игілігін көріп, рақатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.
Белгілі сыншы Тұрсынжан Шапай ұлы Абайдың шығармашылыққа не үшін кеш келгенін былай түсіндіреді: Абай қырықта болатын… Шығармашылықта "ерте ашылатын, кеш ашылатын индивидуумдар болады" дейді XX ғасырдың ұлы ақындарының бірі, әйгілі әдебиет теоретигі, сыншысы Т. С. Элиот. Жалпы, ол кісі айтпаса да белгілі жай. Сирек те болса, кездесетін шындық. Уитмен отыз жетісінде "кенет" ұлы ақын болып оянады. Шығармалары сопылық поэзияның шыңы болып есептелетін Жалаладдин Румидің қалғып жатқан ұлы дарыны қырықтан аса бере дүр сілкінеді... Абай ақындық өнерге мән бермей немесе "дайындықпен" жүріп қалды дегенге сенбеймін. Рас, пісіп-жетілу деген де бар шығар, бірақ, анығында, табиғи гений, кезі келгенше, күні туғанша көзін таппай тұмса жататын құпия қуатқа ұқсайды. Бұйрықты күні өзі ашылады, я бір түрткі оятады. Қырықтағы Абайдың Өлеңге келуі – өзінің құдіретті тегеурінінен қаперсіз, тынық жатқан телегейдің оқыс теңселіп кеткеніндей, қорданың астында бұғып жатып қоздаған шоқтың алапты айқара лап қойған алапат өртіндей орасан құбылыс... Ғажайып таулар, керемет көлдер – бір кездері жер бетінде болған ұлы апаттардың салдары. Гений де сондай бір pyx сілкінісі. Қазақ санасынын жана рельефін жасаған Абайдың шығармашылық қажыры да осы бейнелі"
Пайдаланылған әдебиеттер
Қирабаев, С. Әдебиетті қайта оқу: әдебиеттік, зерттеулер мен мақалалар. – Алматы: Балауса, 2010.
Абай әлемі онлайн-энциклопедиясы
Машанов А. Әл-Фараби және Абай – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 бет.
Абай. (Ибраһим Құнанбаев) Шығармалары. – Алматы: «Жібек жолы», 2019. – 488 бет;
Достарыңызбен бөлісу: |