Қабыкей Ахмерұлы 1927 жылы туған, Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы, (Бұлғын
өлкесі) - композитор, музыка зерттеушісі, Моңғолияның еңбек сіңірген артисі (1976). Сол
өңірдегі күйші сыбызғышылардан (Ахмер, А.Қызыл, А.Жұқа, Н.Қытайбай, М.Ыбырай)
халық ән-күйлерін үйренген. Өнер жолын мәдениет клубынан бастаған. 1958 - 59 жылдары
Алматыда ұлт-аспаптар оркестрінде шеберлігін шыңдаған соң, Баян-Олгий қазақ музыка
драма театрында 30 жыл бойы ұлт-аспаптар оркестріне жетекшілік етті.
Әр ел композиторларының 200-ге тарта шығармасын оркестрге түсірген. Қабыкей 25
ән, ондаған би музыкасы және 30-ға тарта күй авторы (1965). «Моңғолия қазақтарының
халық әндері» (1965), «Ән кітабы» (1972), «Баян-Өлгий қазақтарының домбыра және
сыбызғы күйлері» (1977), «Моңғолия қазақтарының халық әндері» (1983) жинақтарын
дайындап, бастырды. Соңғы жинағына қазақ халқының 250-дей әнін түрлі нұсқаларымен,
мәтіні мен және нотасымен жариялаған.