12-бап. Жануарларды тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар 1. Жануарларды тасымалдау кезінде олардың азыққа, суға, ауаға, қозғалысқа, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген қажеттіліктері қанағаттандырылуға тиіс, сондай-ақ жануарлар үшін зиянды сыртқы әсерлерден оларды қорғау қамтамасыз етіледі. Көлік кеңістігінің көлемі тасымалданатын жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге тиіс. 2. Жануарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралы жануарларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде жануарлардың мертігуін немесе саулығына өзге де зиян келтірілуін немесе жануарлардың өлуін, сондай-ақ көлік құралынан олардың өз бетімен шығып кетуін болғызбайтындай етіп жабдықталуға тиіс. 3. Жануарларды тасымалдау жануарларды тасымалдау қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады. 13-бап. Жануарларды өсіруге қойылатын жалпы талаптар 1. Жануарларды өсіру кезінде жануарларды ұстауға қойылатын, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген жалпы талаптар ескерілуге тиіс. 2. Жануарлардың ұрпағына қажетті жағдайлар жасау мүмкін болмаған кезде жануардың иелері және (немесе) жауапты адамдар оларды стерилизациялауды қамтамасыз етеді. 14-бап. Ветеринариялық қызметтер көрсету кезінде жануарларға қарау ерекшеліктері 1. Жануардың иесі және (немесе) жауапты адам Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жануарға ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті. 2. Жануарларға қатты ауырсынуды тудыратын емшараларды ветеринария мамандықтары бойынша жоғары, орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі бар адамдар жүргізеді, олар қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдануға міндетті. 3. Күрделі хирургиялық операцияларға, оның ішінде күшті әсер ететін анестезия препараттары пайдаланылатын операцияларға жататын ветеринариялық емшаралар мен манипуляцияларды ветеринария мамандықтары бойынша жоғары білімі бар адамдар жүргізе алады.