15-бап. Жануарларды жансыздандыру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу 1. Жануарларды жансыздандыруға: 1) егер жануарлардың физикалық қиналуын өзгеше тәсілмен тоқтату мүмкін болмаса, жануарлардың физикалық қиналуын тоқтату үшін; 2) жануарлардың жаңа туған төлінде ауытқулар мен кемістіктердің анық білінген белгілері болып, ол тіршілік етуге қабілетсіз болған кезде; 3) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен жабайы жануарлардың санын реттеу мен аң аулау, балық аулау және балық шаруашылығын жүргізу кезінде; 4) жануар (жануарлар) адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және (немесе) жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда; 5) адамның және жануарлардың саулығына қауіп төндіретін жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы ауруларын Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жою кезінде жол беріледі. 2. Жануарларды жансыздандыру кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс: 1) жансыздандыру жүргізілетін үй-жай басқа жануарлар ұсталатын үй-жайдан бөлек болуға тиіс; 2) жансыздандыру жануарлардың өлім алдындағы физикалық қиналуын болғызбайтын әдістермен жүргізіледі; 3) жануарларды тұншығудан, электр тоғынан, термиялық әсерден, уланудан, оның ішінде пестицидтермен уланудан өлуге алып келетін, жансыздандырудың адамгершілікке жат әдістерін және басқа да ауырсыну тудыратын әдістерді қолдануға тыйым салынады. 3. Осы баптың 2-тармағының талаптары осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген, адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке нақты қатерді жою кезінде жануарларды жансыздандыру жағдайларына қолданылмайды. 4. Жануарларды жансыздандыру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптары сақталуға тиіс.