«Жар-жар» айтысы
Қазақ халқының әдет-ғұрып, ұлттық ойын-сауық ойындарының бірқатарына айтыс арқау болып отырады. Осындай ойын-сауық айтыстарының бір түрі - "Жар-жар".
Ұзатылған қызбен қоштасатын бозбалалардың той үстіндегі айтылатын сағыныш сәлемдері, көбінесе жеке-жеке айтудан гөрі екі жаққа бөлініп көп дауыспен айтылады, бір жағы - күйеу, екінші жағы - қалыңдық. Немесе күйеулер жағы - еркектер тобы да, қалыңдық жағы - әйелдер тобы. Жар-жардың бір ерекшелігі, өзге үйлену салт өлеңдеріне қарағанда, белгілі бір қалыпқа түскен сөзі мен әні болады, көпшілік жағдайда жұрт оны жаттап алып айтады. Күйеу жағы қуанышты, көтеріңкі әнмен айтса, қыздар тобы көбінесе мұңды, қайғылы үнмен айтады.
Содан кейін жігіттер тобы қызды жұбатып, барған жеріндегі қайын жұрт, қайын ата, қайын ене туған үй, туған ата-анадан кем болмайтындығын айтады. Оларды да өз ата-анаңдай, өз ауылыңның адамындай бір туып, бірге өскен бауырыңдай жақсы көр деп үгіт айтады. Мұның бәрін көп жағдайда әзіл-қалжың ретінде жеткізеді. Ал қыздар тобы жігіт жағының жұбатуына қарсы: құрбы-құрдасының ортасында отырып, ойын-күлгенінің қызығын, туған ел, туған жердің ыстықтығын айтып шағынады. Жат жердің, жат ұяның қалай қарсы алып, қалай қарайтынын ойлап, толғанады.
Жігіттер:
Алып келген базардан қара нөсер, жар-жар-ау!
Қара мақпал сәукеле шашың басар, жар-жар-ау!
Мұнда әкем қалды деп қам жемеңіз, жар-жар-ау!
Жақсы болсаң, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау.
Қыздар:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,
Ақ жүзіңіді көрерлік айнам болсын, жар-жар-ау,
Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау.
Айтыс осылайша жалғаса береді, ойын қыза түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |