БӨЖ
Тақырыбы; “Ұлттың мәдени қодын сақтаудағы қазақ тілі мен қазақ мәдениетінің рөлі”
Дайындаған; Раметжан Зеби
Тобы; ЖБИ-112
Қабылдаған; Ақназарова Р
Түркістан 2022-2023 “Ұлттың мәдени қодын сақтаудағы қазақ тілі мен қазақ мәдениетінің рөлі” Қазақ отбасында адам зиялылығының негізі - ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді. Көп мәдениетті тұлғаға, ең алдымен, төл мәдениетін игеру шарт. Ол ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Адамзаттық құндылықтарға, әлемдік мәдениетке құштарланғанда табан тірер тұғыр − төл мәдениеттің, өзгелердің өркениетіне тәнті болғанда − мақтаныш ететінің де ұлттық рухани қазынаң. Ұлт мәдениетсіз өмір сүре алмайды. Мәдениет те ұлтсыз болмайды. Жойылып кеткісі келмеген қай ұлт болмасын ең алдымен мәдениетін сақтап, дамытып, туындатып отыруы керек.
Төл мәдениетін қорғамайтын ұлт − ертеңін ойламайтын ұлт Мәдениеттің де басты қызметі − этносты қорғау, сақтап қалу. Себебі мәдениет − этностың қуат өрісі, панасы, бар болмысы, тыныс-тіршілігі. Айналып келгенде, этносты қанша көп болса да адамдар емес, мәдениет қана сақтай алады. Мәдениет арқылы халық өзінің тарихи тағдырынан тамырын үзбейді. Ұлттық мәдениет − этностық құндылықтар, рәміздер мен наным- сенімдердің, мінез- құлық үлгілерінің құр әшейін жиынтығы емес, сол ұлттың рухани өмірінің басқаларға ұқсамайтын кескін-келбеті. Мәдениетті болу үшін тілдік сана қажет. Ана тілін, мемлекеттік және шетел тілдерін білу ғана дүниенің бар құбылысын, бояуын, әуенін санаға құюға мүмкіндік береді. Тілдік сана негізінен әдебиет арқылы қалыптасады. Әуелі қазақ әдебиетін, сонымен қатар әлемдік әдебиетті білудің маңызы ерекше болмақ. Әлемдік әдебиет қазақ тіліне толық аударылып болмағаны белгілі. Ол қазынамен таныс болу үшін алдымен орыс тіліне жүгінетініміз сондықтан. Соңғы жылдары классикалық әдебиетті, дәуір қаламгерлерінің шоқтығы биік шығармаларын қазақ тілінде меңгеруімізге қажетті жағдайлар жеткілікті демегенмен, жасалып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Мәдени мұра Мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлем әдебиетіндегі көркем шығармалардың жүзге жуық озық үлгілері қазақ тілінде жарыққа шықты. Егер әлем әдебиетімен таныс болу парасатты, мәдениетті, тәлімді адамды тәрбиелеуге ықпал етсе, қазақ әдебиетін білу мұның сыртында ұлтжандылық пен ұлттық мақтаныш сезімін асқақтататынын ұмытпауымыз керек. Қазақстандық мәдениеттің мәні мен мазмұны Қазақ мәдениетінің тарихы, оның рухани болмысы, бүгінгі мәдени ахуалдағы қарама-қайшылықтар және оның болашағы қай кезде болмасын қоғам назарынан тыс қалмады. Ұлттық мәдениетімізді танып, білуге, оны бағалауға қазақтың біртуар тұлғалары - Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев қалдырған ой-пікірлер тұжырымдамалық негіз болса, М. Әуезов, Е. Бекмаханов, М. Ғабдуллин, С. Қасқабасов, Ә. Марғұлан, Б. Қазыханова, Б. Байжігітов, Н. Сәрсенбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінде одан әрі дамытылды. Сан ғасырлар бойы ұлттық болмысымызға ықпал еткен отаршылдық пен тоталитарлық саясат мәдени мешеулікке алып келді. Өткен ғасырларда өмір сүрген даналарымыз өз еңбектерінде халықты руханиадамгершілікке бағдарлаған. Әл-Фараби замандастарына қайырымды, ізгілікті қаланың қажеттілігін айтса, Жүсіп Баласағұн қоғамда әрбір адамның әділетті болуын көксеген, Абай қазақ баласына Адам бол! деп нақты кеңесін берді, ал дана Шәкәрім әлеуметтік болмыстың, адам өмірінің түп қазығы ар- ұятта, ұжданда деп білген. Осылардың барлығы түптеп келгенде еркіндікті сүйетін, еркін ойлайтын тұлғаны қалыптастырады. Қазақ халқының мәдениетін осы сипаттары ерекшелеп, еліміздің әлемдік кеңістіктегі орнын анықтап отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері уақыт аралығында қазақ халқының қоғамдық санасындағы түбегейлі өзгерістер тағдыр тәлкегімен ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлерімізді және төл мәдениетімізді жаңғыртты. Еліміздің алдында мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы тиіс жаңа міндеттер тұр: ұлттық мәдениет негізін құрайтын құндылықтарды қайтару; ұлттық тіл мен дәстүрді қайта жаңғырту; тарихи шындықты қалпына келтіру; тарихи сананы қалыптастыру арқылы мәңгүрттік жағдайдан арылу; қазақ халқының асыл мұрасын барша халық, әсіресе еліміздің ертеңі - жас ұрпақ меңгеру және т.б. Осы міндеттерді шешу арқылы бәсекелестікке төтеп бере алатын, ұлттық намысы мен жігері бар, ұлттық құндылықтарға бай қазақ мәдениетін барша жұртшылыққа таныта аламыз. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті кеңес дәуірі тұсында тоталитарлық режимнің қысымымен мазмұны пролетарлық, түрі ұлттық социалистік мәдениет деген ұранмен мәдени геноцидті бастан кешірді. Оның салдары ұлттық сананың маргиналдануына әкелді. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 90-жылдардың алғашқы жартысында халқымыздың ұлттық дәстүрлерін қайта жаңғырту барысында бұқаралық сипатта көптеген іс-шаралар атқарылды. Ал соңғы жылдарда нарықтық экономиканың өмірге терең енуі мен батыстық өркениеттің жемісі - бұқаралық мәдениеттің жаппай ықпалы мен тегеуріні дәстүрлі мәдениеттің дамуына барынша кері әсерін тигізуде.