Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ғұмарбек Дәукеев атындағы



Дата23.11.2022
өлшемі36,97 Kb.
#51945
Байланысты:
философия Рысбайулы Магжан


Коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Ғұмарбек Дәукеев атындағы
«АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ»


Институт Телекоммуникация және ғарыштық инженерия
Кафедра Әлеуметтік пәндер кафедрасы
2 семестрлік жұмыс
Пән: «Философия»


Тақырыбы: Абай адамның мәні

Мамандық: Теплоэнергетика 6B07103




Орындаған: Рысбайулы Магжан тобы:ТЭк 21-1


Қабылдаған: аға оқытушы Жарқынбаев Е.Е.


Алматы
2022ж
Кілт сөздер: философия, адам, болмыс, сана.
Қазақ халқы егемендікке ие болып, қоғамның саяси, экономикалық, мәдени өзгерістерге ұшырауына байланысты, еліміз тарихи дамудың жаңа серпінді сатысына көтерілді.Осыған орай бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруда, ұлттық дүниетанымда, ұлттық санада елеулі идеялардың жаңғыруымен, халықтың табиғи болмыстық ерекшеліктерін толықтай танып-түсінуге бетбұрыс жасалына бастады.
Абай (Ибраһим) Құнанбаев — қазақ халқының данышпан ойшылы, ақын, философы.Ол қазақ мәдениетінің өсіп дамуына, қалыптасуына үлкен ықпалын тигізген ұлы ғұлама.Абай өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болған ойшыл. Өз заманының озық ойлы, орақ тілді, қоғамның рухани өмірінде өзгеріс жасауға ынта қойған ағартушы, қазақ қоғамында мәртбесі өте жоғары тұлға. Қазақ халқы ежелден тамырын тереңге жайған, қилы замандарда өз салт-санасын, дәстүрін, тілін, дінін сақтап келе жатқан ұлт.Ежелден қазақ халқы жастардың тәрбиесіне ден қойған. Ұлттық тәрбиенің қай кезеңде болмасын алға қойған мақсат — өз топырағында Табиғат Анамен тылсым бірлікте өмір сүре отырып, одан өзіне таусылмас күш, нәр алып, біртұтастық гармонияда бола білу арқылы қоғамда үйлесімді дамуда елінің өткені мен болашағын жасау қадамдарын басқалармен сыйласымда, адамгершіліктен аттамай өмір сүру өнегесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Ұлы тұлғалардың өнегесі арқылы ұрпақты тәрбиелеу қазақ халқында ежелден-ақ келе жатқан үрдіс. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», — деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды».Абай қазақ даласына адам болмысының негізі ретінде білімді әкелді, оны даму принципімен байланыстырды. Халқының надандықтан құтылып, әлемдік мәдениет қазынасын да игере білгенін қалады. Зердені дәріптей отырып, ол жаңа құндылықтық бағдарларды, өмір мәнін, адам бақытын жаңаша түсінуді қалыптасырды. Абай өсиеті, ақыл-ойы қазақтың алға дамуының сарқылмас қайнар көзі. Жас ұрпақтың сана-сезімін оятып, олардың бойында ар, ұят, адамгершілік және басқа да қасиеттердің қалыптасуына Абай Құнанбаевтың қара сөздерінің қайсысын алсаңда жастардың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына ықпалы зор. Абай қоғам шындығын, қоғамдық ойды көркем бейнелеп, адамның өнегелік қасиеттері туралы ілімді кейінгі ұрпаққа қалдыра білген. Адам мәселесі, оның ішіде шығу тегі, мәні, табиғаттағы орны және қоғамдық өмірдегі рөлі мәселелері фундаменталдық философиялық тақырыптардың бірі болып табылады. Абай адамды философиялық, биологиялық-психологиялық, эстетикалық және этикалық тұрғыда әр қырынан қарастырған. Себебі адам мәселесі оның дүниетанымының өзегі болды. Философия тарихында адам мәселесіне соқпаған, оның рухани және материалдық болмысының түрлі қырларын ой елегінен өткізбеген ойшылдар, философты, тұтас философиялық ағымдар мен мектептерді табу өте қиын. Адамзаттың дүниені, айнала ортаны танып-білуінің түп қазығы адам екенін тарих дәлелдеп келеді. Көне қытай философы Лао Цзы: «Басқаларды білетін адам — ақылды, өзін танып-білген адам-данышпан», — депті. Гректің тағы бір атақты ойшылы Фалестен: «Дүниедегі ең оңай не?» — деп сұрағанда: «Басқаға ақыл айту», ал «Ең қиын нәрсе не?» — дегенде: «Өзіңді танып-білу» деп жауап беруі де осыны білдіреді.Адам әлемнің орталығы және асқар шыңы дей келе, оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының аясында қарастырады. Адамның жеке өмірі әрқашан қоғамдық игілікпен өлшенеді, сонымен қатар, ол жанұяны және мемлекетті жетілдіру үшін өзін жетілдіру керек. Осыдан келіп, адамның әлеуметтік, шығармашылық мүмкіндігінің шексіздігі туралы идея туады. Өз шығармаларында адамға мейірбандық көрсету, сұлулыққа ұмтылу-жоғары имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі екенін негіздейді. «Сенде бір кірпіш дүниеге тетігін тап та бар қалан» деп, қоғамда немесе мемлекетте әрбір жеке адамның өзіне тиесілі орны бар, оның мақсаты сол тиесілі орынды адаспай табу және бір-біріне існе кедергі жасамау екендігін баса айтады. Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған этикалық қағидасы-бұл «Адам бол!» деген үндеуі — ол ойшыл ақынның шығармашылығының өзегіне айналды. Абай үндеуінің этикалық мәні адамның өмірдегі міндеті мен рөлін жоғары бағалау. Адам — ақын көзқарасында ақыл-ойдың, адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махабаттың түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен күн — аспан әлемінің әшекейі, орман мен жемістер — таудың әшекейі, ал жердің сәні — адам. Абай үлкен мақтанышпен: «Адам деген даңқым бар!» деп жар салады.Ойшылдың адамды адам қылатын ақылдың жайы туралы айтқаны.
Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойыды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек...
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Абай ақыл, сана, психика заңдылығын терең түсінген. Бұл жолдардан тек ақылдың ғана құндылығы ғана емес, егер адам жүрегінде мейрімділік, ізгілік болмаса, таза интеллектің пайдасы жоқтығын көруге болады, Адамның өз ақылын дамытуда, ізгі және мейрімді болуы үшін өзін тәрбиелеуді орасан жігерді, қайратты талап етеді. Абай адам тұлғасын қалыптастыратын осы қасиеттерді өзара байланыста қарастырған. Ақыл туралы әр заманның ойшылдары өз пікірін айтқан. Анаксагор ақыл туралы: «Басқа заттар барлығының бөлшегін иемденеді. Тек қана ақыл қарапайым, өзімен-өзі, еш затпен араласпаған. Ақыл өзімен-өзі тіршілік етеді. Ол барлық зарттардың ішіндегі жеңіл және тазасы, бәрін біледі және айрықша күшке ие. Жаны бар нәрсенің бәрін ақыл билейді», — деген пікірді айтады. Ақылды тереңірек зерттеген ғалымның бірі — Кхенчен Трангу. Ол «Ақыл есікке ұқсайды. Есіктен әр түрлі адам кіреді. Ал ақыл арқылы адамның жағымды және жағымсыз қасиеттері кіреді. Сол себепті үнемі зейінділік қажет», — дейді.Сондай-ақ, ұлы ақынның «Адам өмірге ақылды болып келмейді — деп жазады, ол елді тыңдай отырып, олардың істерін көре отырып, еңбектеніп жүріп, жақсыны жаманнан ажырата бастайды, сөйтіп ақылды болмақ». Ендеше адамның ақылын тәрбиелеу, дамыту қажет. Өз ақылын бағындыру жігерліліктің, даналықтың белгісін білдіреді. Ойшыл имандылық және адамгершілік философиясын дамытты. Тұлғаның айрықша бір белгісі — оның адамгершілігі екендігін айтады. Абай қазақ қоғамының болмысына үңіле қарап, адамгершілік мінез-құлық формасын ұсынады: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ — бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс көрсеңіз» — деп әдептілік пен қайырымдылықты дәріптейді .Абай — халқымыздың ұлттық мақтанышы. Оның ой-толғамдары терең адамгершілік мағынаға ие және тәрбиелік мәні жағынан баға жетпес құнды дүние.
Ғылымның даму үдерісіндегі басты тұлға – адамның өзі. Адамның қатысуынсыз ғылымның қалыптасуы, дамуы мүмкін емес. Адам өзін түсінуге, өз мүмкіндіктерін айқындауға және келешегін болжауға ерте заманнан талпынып келеді. Адам өзін дамыту арқылы рухани, мәдени
белестердің сатыларынан өтіп, жеке тұлға болып қалыптасады. Яғни, адамның даму барысында білім, ғылым және мораль философиясы жатыр.«Адам ғылыммен құрдан-құр айналыспайды. Адамның өмірі әртүрлі проблемалар және күрделі мәселелермен тығыз байланысты. Оларды меңгеру үшін адамға білім керек, ал осы білімді қалыптастыру ғылыми қызметтің мақсаты». Адамзат баласы білім мен ғылымды игеруде ақиқатты ашып, өмірдің заңдылықтарының айқын бейнесін жасайды. Бірақ бұл табиғат пен қоғамға байланысты. Қоғамсыз адамды, адамсыз қоғамды елестету мүмкін емес. Осы тұрғыда қоғамның басты тірегі – адам мәселесі жайлы көптеген ойлар туындайды.
Философияның аса қажеттті зерттеуді талап ететін нысандарының бірі–адам мәселесі.Адам мәселесі – философияда әлі күнге дейін толық шешімін таппаған маңызды тақырыптардың бірі. Ерте замандағы ғұлама ойшылдардың адам туралы пікірлері, адамның дүниедегі орны мен атқаратын қызметі жайында біраз тұжырымдар айтқан. Соның бірі грек ойшылы Протагор: «Барлық заттың өлшемі – адам » деген. Неміс философы Фридрих Ницше «Мәңгілік қайталаным» еңбегінде: «Өзін қоғамнан, құқық және адамгершілік ұстанымдардан жоғары қоятын адам – асқан адам» деген идея негізінде терең философиялық ұғымды зерделеген. Қытайдың әбден жетілген адам негізінде көне Қытай философы Лао Цзы: «Басқаларды білетін адам - ақылды, өзін танып білген адам – данышпан» деген пәлсапалық қанатты сөздер қалдырған. Ал, қазақтың ұлы ойшылы хакім Абай былай деген: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол». Данышпан ақын Абайдың нақты философиялық тұжырымдары жоқ, бірақ өз шығармаларында адам мәселесі, адамгершілік құндылықтары, мораль философиясын көркем бейнелеген. Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде өмірдің бар болмысы мен шындығының көрініс табуын адамгершілік ілімімен байланыстырған. Өйткені ақынның ұзақ іздеп, тереңнен толғап тапқан танымы – «толық адам» ілімі. Діни-философиялық ойдың даму тарихында «толық адам» ілімі ежелгі антика дәуірінің философтары –Сократ, Платон, Аристотельдің танымынан іргесі қаланған. Сократ пен Платон «адам» ұғымын нақтылап бір жүйеге келтіріп, тиянақты ойлар білдірсе, ал Аристотель толық адам ілімінің басты нысанына адамгершілік құндылықтар мен қайырымдылық, ізгілік мәселелерін қарастырған. Аристотель пікірінше, терең мағыналы, ең биік игілік, адамның адамгершілік құндылығы – қайырымдылық пен ізгілік негізінде түсіндірілген. Адамзат баласы өзін қоршаған ортаға қайырымды болу арқылы адамдықтың биік шыңына жетеді деп ойлаған. Қайырымдылық пен адамгершілікті егіз тұрғыда қарастырып, бірінің бірінсіз бар болуы, болмысқа айналып кетуі мүмкін емес деп түйінді тұжырымдар айтқан.Адам дүние есігін ашқан сәттен бастап ең бірінші ауаны, одан кейін ас-ауқатты, киімді, одан кейін жетіліп есі кіре бастағанда ақыл-ой, білім,байлық, мансап, дүниені тағы да басқа өмір сүру қажеттілігіне қолданатын игіліктерді іздеумен айналысады. Себебі, жаратушы Алла ғана ешнәрсеге мұқтаж емес, ал адамзат баласы барлық рухани және материалдық игіліктерге тәуелді. Осыған байланысты адамзат баласы хакім Абай айтқан жан қалауы мен тән қалауы әртүрлі игіліктерді қажет етіп, тұтыну, иелену,қолдану әрекетімен өмір үрдісін қалыптастырады. Осы негізде Аристотельдің игіліктерінің жинағы Абай айтқан жан мен тән қалауы жайлы ойына іргелес ұғым болып тұр. Яғни, Аристотель жан мен тән қалауы игіліктерінің ішінен адамгершілік пен қайырымдылықты – ең абзал, қадірлі игілік деп көрсетеді. Ал ғұлама Абай адамгершіліктің қасиетті құндылығы қайырымдылықта болатының айқындап, оны түсіндіруді тақырыптық тұрғыда емес ілімдік бағытта зерделеу негізінде «толық адам» ілімін жасап,өрісі кең танымдық, пәлсапалық тұрғыда саралауды қарастырады.Аристотельдің «Этика» еңбегінен іргетасы қаланып бастау алған адамгершілік ілімі, шығыс ғұламаларының трактаттарында жалғасын тауып,Абайдың «толық адам» ілімімен ұштасып жатыр.Абайдың толық адам ілімі – философиядағы адам мәселесі және шығыс философтарының адам мәселесі ілімдерімен жүйелі сабақтастықта. Атап айтсам, Әл-Фарабидің «парасатты адам ілімі», Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік» дастанында баяндалған «жауанмәрттілік ілімі», Ахмет Яссауидің «камили инсани» яғни адами кісілік ілімі, Шәкәрімнің «ар ғылымы» ілімдері
өз заманына, қоғамына сай сипатта қарастырылған. Асыл ақиқатты,адамгершілік құндылықтарды өз еңбектерінде ойшылдық, даналық сипатта көркем түрде жеткізген. Әлемдік рухани ой үдерісінде сараланған саңлақтардың асыл ақиқатын қазақ әдебиетінің мақтанышы, данышпаны–Абай хакім жалғастырған.«Абайша сену үшін алдымен түсіну қажет. Бұл ойлары Пьер Абеляр,Фарабиге жақын. Абай адам мәселесін оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының контексінде қарастырады. Осыдан келіп адамның әлеуметтік белсенділігі, шығармашылық мүмкіндігінің шексіздігі туралы идеяны алғашқы алыс себепкері орны беріледі. Ал адам – өз тағдырының қожасы және құраушысы. Адам тіршілігінің құндылығы әр адам жанының қайталанбас сонылығы идеялары Абайдың адам концепциясының негізгі идеялары. Өз шығармаларында ол адамға мейірбандық көрсету сұлулыққа ұмтылу – жоғарғы имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі деп айтудан жалықпайды». Яғни, Абайдың рухани әлемі мен шығармаларындағы ортақ философиялық мәселе – адам болмысы. Адамның өз орнын табуы, өзіне жол сілтеп, бағыт-бағдар беруі – Абай этикасының негізгі ұстанымында мәні ашылып түсіндірілген. Себебі Абай, адамгершілік тәрбиеге негіз болатын мораль философиясына орала берген. Қазақтардың бүгіні мен болашағын, дәстүр-салтын, рухани мәдениетін дамыту, жетілдіру мақсатында адамгершілік тұрғыда тәрбие беру бағытын өмірінің соңына дейін үнемі тынымсыз ойлаумен өткен. Ойшыл хакім өзінің болмысын,поэзиясын, философиясын адам бойындағы құндылықтардан тапқан.Қарасөздің хас шебері Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде былай дейді:«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек. Әуелі–надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі - залымдық». Бұл қарасөзінде адамның бойындағы рухани құндылықты төмендететін қасиеттерден алыс болу үшін ғылым-білім үйренуге талпыныс жасауға жол көрсетіп, насихат айтады. Адамды қор қылатын үш нәрсеге керісінше рухани жағынан кемелдендіретін толық адам ұғымын адами құндылықтың ең жоғарғы сатысына қойып: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл,жылы жүрек» деп, толық адам мәнін ашатын адамгершілік қасиеттерді саралайды. Адам бойындағы адамгершілік қасиеттің жоғарғы шыңындағы осы үш қасиетті біріктіріп, оны өрісі кең әлеуметтік күшке жетелейтін ғылым деген тұжырымға келеді. Адам баласына керекті үш нәрсе ыстық қайрат,нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен зерделеп, толық адамға тән қасиетті айрықша сипаттайды. Мұндағы, «ыстық қайрат» - үнемі ізденісте болып, алға ұмтылу, «нұрлы ақыл» - ізгілікті іс жасауда жан-жағына сәуле беріп, Алла берген ақылды жақсылыққа жұмсау, ал «жылы жүрек» - иманды болу жолында адамдарға құрметпен қарау, мейірім сыйлау, адамдардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін түсіне білу. Абай іздеген толық адам осы қасиеттерден туындайтын, тұла бойы тұнған ар, ұят, пенделіктен қол үзген рахымды, еңбекқор, қанағатшыл имандылық жолындағы азамат болып табылады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстасаң ғана толық боласың деген тұжырымы, ақынның толық адам хақындағы негізгі ұстанымының түйіні.Данышпан ақынның шығармаларын зерттеу тәуелсіздік алған жылдардан бастап атеистік қоғамның коммунистік идеология шеңберінен шығарылып, жаңа бағытта ғылыми өрісін кеңейтті. Абай шығармаларын зерттеуге қазақтың бірқатар жазушы ғалымдары өз үлестерін қосты. Соның ішінде қазіргі жаңа серпінмен абайтану ғылымын зерттеушілердің көшбасшысы – Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі орасан зор. Ғалым өз еңбектерінде ойшыл, ғұлама Абайдың толық адам іліміне қатысты былай жазған: «Адамзат қоғамы тарихында адамгершілік идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі – жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атаулының бәрі де дүниедегі ең асыл,бағалы нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген XXI ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында ұлы ойшыл алдына да қойылды.Ғалым Абай шығармаларындағы адам болудың талаптарына,гуманистік таным тұрғысынан адамгершілік қасиеттерге ерекше көңіл бөлген. Ойшыл хакімнің ғұмыр бойы шарқ ұрып іздегені, асыл ақиқаты –толық адам. Абай үшін толық адам – рухани жетілген, жан-жақты дамып жеке тұлға болып қалыптасқан, кеміліне келген адам. Ғалым Абайдың толық адам ілімі жайлы танымын тереңінен түсіндіріп, бүгінгі және келешек ұрпаққа рухани азық ретінде мол тағылым қалдырып отыр.
Абайдың толық адам ілімінен ұстаздық, ғылым-білімді игеру, өнерге ұмтылу мәселелері де көрініс табады. Адамзат баласын білм мен ғылымға жетелеудің сан түрлі жолдарын көрсеткен. Білімді алу, меңгерген білімді өмір тәжірибесінде қалай қолданып жүзеге асыру жайлы астарлы терең философиялық қанатты сөздер қалдырған. Абай: «Білімдіден шыққан сөз,
талаптыға болсын кез», - деп білімнің терең сырын ұғатын, көкірегі ояу,ынталы шәкірттерді іздейді. Адам болам деген талантты, тәрбиелі жастардың бойынан ізгіліктің дәні мен адамгершіліктің нәрінің көріністерін «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде даралап, саралап көрсетіп береді. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», - деп толық адамның кәміл сипатын айқындап берді.Сонымен, Абай өмірді, адами құндылықты жан-жақты, жүрегінің түбіне терең бойлап зерделеген сыншыл ақын. Адамгершіліктің, әділеттіліктің негізгі моральдық ұстанымдарын өз поэзиясында кең шеңберде көрсетіп отырған. Ғылымға, білімге ұмтылған адамды жоғары бағалап, дүниенің барлық сырын ұғынуда ақылды таразы етіп, ой елегінен өткізген. Осы кең өрісті адами құндылықтарды толық адамның танымымен түсіндерген. Яғни,Абай үшін дүниенің басты құндылығы жәй адам емес, кемеліне келген адам.Абайдың арманындағы толық адам – біліммен, ғылыммен және дінмен ұштасып дамып, жетілген адам. Адамзат өркениетінде рухани тұрғыда игі қасиеттерді – иман, ғылым, білім, тәрбие, өнер, құқық, тапқырлық,қайраткерлік, жомарттылық, азаматтық, адамгершілік құндылықтарды бойыңа сіңіріп, жетілдірген адам – Абай зерделеп, ұсынған «толық адам»ілімі. Толық адам ілімі – қазақ халқының ұлттық санасын оятып, рухани жаңғыртудағы қазақ халқының рухани жаршысы болып табылады.




Әдебиет:
1. Тоқаев Қ. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан // Егемен Қазақстан. -2020. — 9 қаңтар. 2. Ғабдуллин Б. Абайдың этикалық көзқарастары. — Алматы, 1970. — 104 б. 3. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармалардың екі томдық толық жинағы. 1-том. — А.,1995. — 336 б. 4. Бұл да сонда. 37 б. 5. Кхенчен Трангу. Практика умиротверения и прозрения. — Москва, Шечен, 2001. — 118 с. 6. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. — А., 2010. — 232 б.


Пожалуйста, не забудьте правильно оформить цитату:
Абдираманова, А. Т. Абай философиясындағы адам мәселесі / А. Т. Абдираманова, Г. М. Ибраев. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2020. — № 18 (308). — С. 547-549. — URL: https://moluch.ru/archive/308/69463/ (дата обращения: 09.11.2022).


1


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет