Зерттеудің көкейкестілігі: «Нəтижеге бағдарланған білім беру жүйесі» ұғымының Қазақстан Республикасындағы білім саласына енуіне байланысты «білім», «білік», «дағды», «білімділік», «дайындық» сияқты ұғымдары автоматты түрде «құзырет», «құзыреттілік» ұғымдарымен алмастырылып, қазіргі уақытта практиктердің кеңінен қолданылып жүрген үйреншікті сөзіне айналып кетті. Сондықтан «құзыреттілік» түсінігін анықтауда салыстырмалы түрде талдау жасап, олардың мəнін ашып көрейік.
«Құзыреттілік» ұғымының кең таралымына қарамастан, бұл ұғымның мəні терең ғылыми талдауларды жəне оны негіздеуді талап етеді. Сондықтан да талдау ең алдымен, қолданыстағы ұғымның не екендігіне жауап іздеуден басталады. «Құзырет» пен «құзыреттілік» түсініктерін анықтауда салыстырмалы түрде талдау жасалған, оларды көптеген ресейлік жəне шетел зерттеулерінен (И.А.Зимняя, В.И.Байденко, Н.А.Гришанова, Д.А.Махотин, О.Е.Лебедев, С.Адам, У.Клемент жəне тағы басқалардың еңбектерінен) көруге болады.