Құл Қожа Ахмет, өзіңе қыл насихатты, Халықты айтып, өзіңді ұмытып, басың қатты. Тауың – ауыр, қылмысың – зор, тасың – қатты, Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам! ЗІКІРШІНІҢ ҚАБІРДЕГІ ХАЛІ
Келің, достар, сал зікірді – Хаққа мадақ, Хақ зікірі жүрек көзін ашар, достар. Истиғфарды тынбай айтып тап қанағат, Шайтан-лағын тән мүлкінен қашар, достар.
Шайтан-лағын – жаудың кетсін мүрдем анты, Күндіз – Алла, түнде Алла деп шырла, балқы. Тар лаһатқа кірер сәтте нұрға малты, Періштелер Алла нұрын ашар, достар.
Алла нұры қабір ішін жарық қылар, Періштелер шырақтарын жағып тұрар. Момын пенде оны көріп зарық қылар, Пәни-жалған жарығынан қашар, достар.
Дәреже боп Құдай үшін аққан жасың, Барша рухтар жиылып кеп шаттанғасын, Дұға қылып, – Алласына аттанғасын, Жүмілә әруақ сүйіп бір-бір құшар, достар.
Жеті қадам қабіріңнен кетпей халық, Мүңкір-Нәңкір кіріп келер оқтай қарып. Лаулап тұрған екі көзі оттай жанып, Нұрды көріп тағзым етіп қашар, достар.
Мүңкір-Нәңкір жауап алмай қашып беріп, Еңірейді көздің жасын шашып-төгіп, Хақ зікірін айтқан жанға ғашық болып, Қанат қағып көкке қарай ұшар, достар.
Әуез келер Хақтан: неге жыладың? – деп, Қабірдегі ұлымнан не сұрадың? – деп; Ей, бейәдеп, ұқты нені құлағың? – деп, Мүңкір-Нәңкір оңды-солды қашар, достар.