Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасу мәселесінің көп ғасырлық тарихы бар. Ол көп аспектілі және әртүрлі ғылымдардың тоғысында қарастырылады. Ертедегі грек ғалымдары жеке тұлғаның дамуына биологиялық факторлармен қоса әлеуметтік факторлар да әсер етеді деп есептеген.Жеке тұлғаның қалыптасу фокторлары туралы идеялар келесі дәуірлердің прогрессивті философиялық және психологиялық-педагогикалық пікірлерінде өз жалғасын тапқан. Адам-өзіне тән биологиялық құрылысы бар тіршілік иесі, сондықтан табиғат заңдары оның дамуына да әсер етеді. Сонымен, адамның жалпы дамуында өзара байланысты екі бағыт – биологиялық және әлеуметтік бағыттар байқалады. Адам биологиялық тіршілік иесі болып туады, алайда өз дамуы барысында ғана ол әлеуметтік тіршілік иесіне айналады.Жеке тұлғаның дамуы дегеніміз, ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы сандық өзгерістер процесі. Адам дүниеге келгеннен соң дене жағынан үлкейеді, иғни оның кейбір дене мүшелері мен нерв жүйесі өседі. Оның тілі шығып, сөздік қоры молаяды. Бала көптеген әлеуметтік- тұрмыстық және моральдық біліктерге, еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады. Алайда, адамның жеке тұлға ретінде дамуындағы ең бастысы- оның бойында болып жатқан сапалық өзгерістер. Адамның дамуына ішкі және сыртқы, меңгерілетін және меңгерілмейтін факторлар әсер етеді, олардың арасында мақсатты тәрбие мен білім берудің алар орны ерекше.
Жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың арасында тәрбие ең маңызды орын алады. Кең мағынада тәрбиені белгілі бір әлеуметтік қызметтер атқаратын қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру қажет, ал тар мағынада тәрбие дегеніміз - өсіп келе жатқан ұрпаққа жалпы адамзаттық құндылықтарды игерту үшін мұғалім мен оқушылар, балалар мен ата-аналар арасындағы бірлескен іс-әрекеттерді ұйымдастыру.Материалистік философия қоршаған орта мен биологиялық бейімділіктер қатарында тәрбиеге ерекше орын бөледі, тәрбие – жеке тұлғанын дамуы мен қалыптасуының үшінші факторы.Бұндағы айта кететін жағдайлардың бірі - материалисттік түсінікте жеке тұлға тек объекті ретінде ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы, тәрбиенің субъектісі ретінде, өзіндік қайта құру қызмет - әрекетінің субъектісі ретінде қарастырылады.