№№4-6(71-73), сəуір-маусым, апрель-июнь, April-June, 2013
ISSN 2307-0250
Žas āalymdar žaršysy – Vestnik molodyh učenyh – Messenger of young scientist
______________________________________________________________
47
балаларының анасы. Халқымыз ежелден «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп,
əйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген; 4) бала, бала –
адам өмірінің жалғасы, қуанышы; 5) көңіл, көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен
береке орнайды; 6) жер, «Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»; 7) ит, ол əуел бастан-ақ
адамның сенімді серігі, қорғаушысы іспетті болған.
Ал ислам аңызы бойынша Жеті қазынаға мыналар жатқызылады: 1) Қыдыр
(Қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа
кенеледі деген түсінік бар; 2) бақ, ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды,
қонады. Бақ қонған адам ел
мен жерге қожалық етеді; 3) ақыл, ақыл – байлық пен
бақыттың тірегі; 4) денсаулық, деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сəн де, мəн де
болмайды делінеді; 5) ақ жаулық, дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан
жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының
біреуінен Хауа Ананы жаратқан; 6) тұз, тұз – Алланың адамдар мен жан-
жануарларға
берген несібесі, таусылмайтын кені; 7) ит, адам мен Хауа Ананың
алғашқы серігі, қорғаушысы.
Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана
болып отыр. Дегенмен Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Аптаның
жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сəрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Құдай
бірінші күні жарықты, екінші күні аспанды, үшінші күні жерді, төртінші күні Күн,
Ай жəне жұлдыздарды, бесінші күні балықтар мен құстарды, алтыншы күні аңдар
мен адамдарды жаратқан, жетінші күні дем алған деген діни аңыздар бар. Аңыз
əңгімелерге сүйенсек, бұл əлемді жаратуға арналған жеті күн деп аталады.
Табиғаттың керемет туындыларының бірі – кемпірқосақ. Кемпірқосақ күн
сəулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасында
пайда болады. Біз неге кемпірқосақ туралы əңгіме қозғадық, себебі кемпірқосақ жеті
түстен тұрады екен. Олар: қызыл,
қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк жəне
күлгін.
Жетіқарақшы (лат. Ursa Major) – аспанның солтүстік жарты шарындағы
шоқжұлдыз. Оның 1,8 көрінерлік жұлдыздық шамаға дейін жалтырап көрінетін ең
жарық жұлдыздары – Алиот пен Дубке. Жетіқарақшының жарық жеті жұлдызының
сыртқы пішіні шөмішке ұқсайды. Жəне оның шеткі екі жұлдызы (α жəне β) бойынша
Темірқазық жұлдызын табуға болады. Түнгі күзеті көп мал шаруашылығымен
шұғылданған қазақ халқы түні бойы батпай, Темірқазықты шыр айнала қозғалатын
Жетіқарақшыны Жер тараптары мен түн мезгілдерін айыруда жиі пайдаланған.
Жеті ата – қазақ халқының дəстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан
тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап əкесі, атасы, бабасы, т.б.,
жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентай кезінен жаттап өседі. Бұлардан тараған
ұрпақ бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ
əкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-
жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды.
Жеті атаға толғанның өзінде, бір рудың
жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пəтуаға келіп, боз биені сойып,
баталасып барып рұқсат ететін болған. Ататек атаулары: ата, əке, бала, немере,
шөбере, шөпшек, немене. Бұдан əрі туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат
жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын, əдетте, ру
есіміне тіркеледі. Немесе, керісінше, руынан бастап сатылап өз əкесіне, яки өзіне
дейін таралады. Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу əрбір азамат үшін міндет
болған жəне сол білігі арқылы ол өз халқының дəстүрін жалғастырған. Мұның өзі
қазақтардың этнографиялық ерекшеліктерін танытады, əрі
оның қиын-қыстау
№№4-6(71-73), сəуір-маусым, апрель-июнь, April-June, 2013
ISSN 2307-0250
Žas āalymdar žaršysy – Vestnik molodyh učenyh – Messenger of young scientist
______________________________________________________________
48
кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына жəне басқа халықтармен ассимиляцияға
түспеуіне себепші болады.
Жеті жұт. Бұлар: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс,
топан су, зілзала (жер сілкіну). Жеті жоқ: жерде өлшеу жоқ, аспандай тіреуіш жоқ,
таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, Аллаһта бауыр жоқ, жылқыда өт жоқ. Жеті
жетім: тыңдамаған сөз жетім, киюсіз тозған бөз жетім,
иесіз қалған жер жетім,
басшысы жоқ ел жетім, аққу, қазсыз көл жетім, жерінен айырылған ер жетім,
замандасы қалмаса, бəрінен де сол жетім. Жеті ғашық. Халықтың əн-жыр
эпостарында жеті ғашық мынадай екі нұсқамен беріледі: а) Лəйлі-Мəжнүн, Жүсіп-
Зылиха, Фархад-Шырын, Тахир-Зухра, Арзу-Қамбар, Уəлик-Ғарра, Уəки-Күлшаһ; ə)
Лəйлі-Мəжнүн, Жүсіп-Зылиха, Фархад-Шырын, Баһрам-Күлəнда, Сейпілмəлік-
Бəдіғұл, Бозжігіт-Анула, Зияда-Хорлы.
Жеті санына əлем халықтары көзқарасымен қарар болсақ, онда бұл санды
Пифагоршылар Афинамен байланыстырған. Ежелгі Египет философиясы мен
астрономиясында ол өмірлік екі санның үш
пен төрттің қосындысы деп
қарастырылды. Үш адам – əке, шеше, бала өмірдің негізін қалайды. Ал төрт – бұл
жарық, жел, жаңбыр, ылғалдылық жерді жеміс беруге дайындайды. Пифагордың ой
қорытуы бойынша, үш пен төрттің қосындысы (үшбұрыш пен төртбұрыш
символдары), аяқталғанның, тəмамдалғанның, қорытындының белгісі деп санаған.
Сондықтан жеті саны қасиетті сан, өйткені адам баласы қоршаған ортаны (жарықты,
дыбысты, иісті, дəмді) басындағы жеті «тесік» (екі көз, екі құлақ, мұрынның екі
танауы, аузы) арқылы түйсінген. Жапондарда жеті қайырымды құдай, адам өмірінде
жеті рет сəттілік болады. Христиан дінінде жеті саны – сенім, үміт, қайырымдылық,
əділеттілік, сабырлық, ақылдылық жəне рухтың күші. Жеті саны – жалпы жер
бетіндегі халықтар ұғымы бойынша қасиетті сан.
Достарыңызбен бөлісу: