Жазықова М.Қ. Этнопедагогика



бет2/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97
Этнопедагогика курсын оқу нәтижесінде студент:
- этнопедагогика бойынша әлеуметтік әдебиеттерді талдау барысында өздігінен білім алу;
- әртүрлі халықтардың этнопедагогикалық жүйесін теңестіре-салыстырмалы талдауды;
- этнопедагогика саласында ғылыми ізденіс, шығармашылық жұмыстарын;
- этнопедагогика материалдарын оқу-әрбие үрдісіне енгізу біліктіліктерін игеруге міндетті.
Этнопедагогика курсын оқыту студенттердің мынадай тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруы тиіс:
- кәсіби маңызды тұлғалық қасиеттерді, соның ішінде педагогикалық ойлау, педагогикалық қарым-қатынас, ұтқырлық және т.б.;

  • ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті мен толеранттылық.

«Этнопедагогика» оқу құралы кіріспеден, екі бөлімге негізделген дәрістер мазмұнынан, білім алушыларға арналған практикалық сабақ жоспарларынан, өзіндік жұмыстар мен емтихан сұрақтарынан, пән бойынша тест тапсырмаларынан, қорытындыдан, глоссарийден және әдебиеттер тізімінен тұрады.

КІРІСПЕ

Адам баласы әу бастан өз ұрпағын өмірге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгені көпке аян. Бүгінгі қалыптасқан белгілі ғылыми-теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмірге келгенше де адамзат тәрбие ісімен айналысып келді. Оның қағазға жазылып түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген білім-білік, тәлім-тәрбие беру тағылымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады. Халықтық педагогика өскелең ұрпақтың бойында рухани және физикалық қасиеттерін қалыптастырудың саналы және мақсатқа бағытталған іс-әрекеті мен тәжірибесі тұрғысынан пайда болды. Дін, өнер, ғылымның пайда болуымен тәрбиенің мазмұны да күрделенді. Қоршаған әлем туралы білім жүйесі тәрбие мазмұнына ықпал етті. Әрбір ұрпақ бұған қандай да бір өзіндік үлес қосты. Халықтық педагогика салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсімдері мен ауыз әдебиеті үлгілері, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлері, спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала берді бүкіл халықтық қарым-қатынастан берік орын алған тәлім-тәрбиенің түрі, адам мінезін, іс-әрекетін қалыптастырудың белгілі бір нормасы болып табылады.


Қоғамның барлық тарихи даму кезеңдерінде халық педагогикасы жайлы ұғымды анықтау, әр түрлі ғылыми-педагогикалық көзқарастарды қалыптастыру проблемаларына көптеген ғалымдар, педагогтар көңіл аударып, құнды пікірлер айтып, ұрпақ үшін баға жетпес өмірлік мұра қалдырды. «Халықтық педагогика» ұғымының бастауларын педагогиканың ғылыми негізін қалаушы чех халқының педагог-гуманисі Я.А.Коменский еңбектерінен кездестіреміз. Я.А.Коменский «Чех тілінің қазынасы» (1612) деген тұңғыш еңбегінде әр халыққа керекті барлық нәрсе оның өз ана тілінде берілуі тиіс екенін атап көрсетеді. Ғалым тұжырымдаған халықтық ұстанымды орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушинский әрі қарай дамытты. Тәрбиенің қоғамдық идеясы К.Д.Ушинскийдің еңбектерінде халықтық принцип тұрғысында ашылды. Бұл – оның педагогикалық тұжырымдамасының діңгегі. Халықтық принцип ретінде халықтың өзінің ұлттық «менін» сақтауға ұмтылысын және оның қоғамдық-экономикалық өмірдің барлық салаларында алға қарай дамуына ықпал етуге ұмтылысын түсіндіре отырып, К.Д.Ушинский: «Бастапқы тәрбиеші – халық», - деп, атап көрсетеді.
ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап ғалымдар халық педагогикасының теориялық мәселеріне назар аудара бастады. Белгілі этнограф, әрі педагог Г.С.Виноградов өзінің 1926 жылы жарық көрген «Халықтық педагогика» атты еңбегінде халық педагогикасын жеке адамды қалыптастыру мақсатында қолданылатын дағдылар мен тәсілдердің, білім мен іскерліктің жиынтығы деп сипаттады. Ал өткен ғасырдың 60-жылдары чуваш ғалымы Г.Н.Волков еңбектері арқылы алғаш «халықтық педагогика» ұғымы педагогиканың ұғымдық аппаратына енді. Оның пікірі бойынша, халықтық педагогика – ғасырлар қойнауынан тәжірибелік сынақтан өтіп, еленіп-екшеліп, біздің дәуірімізге жеткен ата-бабаларымыздың озық ойлы тәрбиелік ой-пікірлерінің жиынтығы. Халықтық педагогиканың ерекшелігі – ол әртүрлі халықтың тілдік, тұрмыстық дәстүрлері негізінде ғана қалып қоймай, көп жағдайда әр ұлтқа, тіпті нәсілі бөлек этностарға тән адамгершілік-гуманистік құндылықтарды ортақ қазына ретінде қабылдау құралы болып табылады.
Мұнан кейінгі жылдары В.Ф.Афанасьев, В.Х.Артюнян, Э.Д.Днепров, Г.К.Искаков, А.Ш.Гашимов, Я.Н.Ханбиков, А.Ф.Хинтибизде, А.Э.Измаилов, М.Ф.Шабаева, Е.Л.Христова, И.Т.Огородников, В.М.Коротов, А.Г.Гордина, Қазақстанда Т.Тәжібаев, С.Қ. Қалиев, Қ.Б. Жарықбаев сияқты ғалымдар халықтық педагогиканың ғылыми педагогиканың бастау бұлағы екенін атап көрсетті.
«Этнопедагогика» ұғымын ғылыми категория ретінде алғаш ғылыми айналымға енгізген чуваш ғалымы Г.Н.Волков этнопедагогиканың зерттеу объектісі мен пәнін анықтап, оның атқаратын ғылыми функцияларын, заңдылықтары мен принциптерін, категорияларын түсіндірді. Ол: «Этнопедагогика – этникалық топтардың балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі эмпирикалық тәжірибесі мен отбасының, рудың, тайпаның, халықтық адамгершілік-этикалық және эстетикалық көзқарастары туралы ғылым», - деп атап көрсетеді. Г.Н.Волков этнопедагогиканы интегративті, яғни ол этнография, педагогика, фольклористика түйіскен тұста пайда болған ғылым деп қарастырады.
Олай болса, этнопедагогиканың зерттеу тақырыбы - тәрбие, зерттеу нысаны – халық педагогикасы.
Этнопедагогиканың мақсаты - халықтық салт-дәстүрді, өнерді дәріптейтін, ана тілі мен дінін қадірлейтін, Отанын, елін, жерін сүйетін, жан-жақты жетілген, саналы, патриот азамат тәрбиелеу.
Пәннің міндеттері:
1) Халықтық педагогиканың пайда болуы мен дамуын, оның бүгінгі жағдайын, ерекшелігін зерттеу;
2) Халықтық педагогиканың халық өмірінде алатын орнын және оның адамзаттың педагогикалық мәдениетін дамытудағы рөлін анықтау;
3) Халықтық педагогиканың педагогика ғылымымен байланысын анықтау;
4) Халықтың педагогикалық мәдениетінің өзіндік ерекшелігін, оның туысқан елдердің, көршілес педагогикалық дәстүрлерімен сабақтастығын талдау;
5) Халықтық тәрбие түрлерін оқушы жастардың бойына сіңіріп, білім, білік дағдыларын дамыту, дене еңбегіне де, ой еңбегіне де қабілетті, нарық жағдайында өмір сүруге икемді, жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу.
Олай болса, этнопедагогика пәнінде қарастырылатын мәселелер қатарына мыналарды жатқызуға болады:

  • отбасы педагогикасы;

  • әлемдік халықтардың мақал-мәтелдері, олардың эстетикалық тәрбиедегі рөлі;

  • балалар ойындары мен шығармашылығы;

  • балалар мен жастар ортасы, олардың педагогикалық қызметтері;

  • аналар педагогикасы мен олардың құралдары.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет