Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Жазықова М.Қ.
Этнопедагогика
05010000 – «Білім» мамандықтары тобына арналған
оқу құралы
2017 ж.
УДК 37.013
ББК 74.6
Баспаға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жанындағы ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің «Білім» тобындағы мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі ұсынған.
Хаттама №3, 16.06.2017 ж.
Э Жазықова М.Қ.
Этнопедагогика (Оқу құралы) – Ақтөбе, 2017 ж. 194 б.
ISBN
Оқу құралы жоғары оқу орындарының 5В010000 – «Білім» мамандықтары топтарының студенттеріне арналған. Еңбекте этнопедагогиканың негізгі ұғымдары, этностардың мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы мәлімет беріліп, ғасырлар бойы ата-баба тәлімімен жинақталып, уақытында дәстүрге енген халықтық педагогиканың негізгі қағидалары көрсетілген.
ББК 74.6
Пікір берушілер:
Бекмағамбетова Р.К., педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
Дилимбетова Ғ.К., педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
Құрманова Б.Ж., педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
ISBN
Жазықова М.Қ., 2017
АЛҒЫ СӨЗ
Этнопедагогика курсының бұл оқу құралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер цикліндегі 5В010000 – «Білім» тобындағы мамандықтарға арналған. Кеңес дәуірінен кейінгі тәуелсіз мемлекет жағдайында халықтың туған жер тарихын, тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуге, тануға, сақтауға деген қызығушылығы арта түсті. Осы тұста ғасырлар бойы ата-баба тәлімімен жинақталып, уақытында дәстүрге енген халықтық педагогиканың өркендеуі мен оны оқып үйренудің танымдық және практикалық маңызы зор. Этнопедагогика - халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым. Онда халыққа қажетті қасиеттерді қалыптастыру үшін пайдаланылатын педагогикалық мақсаттың, міндеттердің, әдіс-құралдардың, тәсілдердің жиынтығы мен өзара байланысы қарастырылады.
Курстың мақсаты: Қазақстан этнопедагогикасының жалпы негіздерін талдау арқылы Қазақстан Республикасын мекендеген әрбір этностың дамуын жандандыру, жалпы мәдени құндылықтарды меңгеру, этникалық мәдениетті шығармашылықпен байыту бағытында студенттердің педагогикалық дүниетанымын, педагогикалық мәдениетін және жалпы кәсіби құзірттіліктерін қалыптастыру.
Курстың міндеттері:
этнопедагогиканың негізгі ұғымдары, Қазақстан Республикасы этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы білімін;
болашақ мұғалімнің кәсіби маңызды тұлғалық қасиеттерін (педагогикалық ойлау, педагогикалық қарым-қатынас, ұтқырлық, педагогикалық такт, толеранттылық және т.б.);
қоғамдық-саяси, этнопедагогикалық әдебиеттерді талдап, зерттеу біліктілігін;
этнопедагогика саласындағы ғылыми ізденіс, шығармашылық жұмыстарға даярлығын;
білім алушылардың көпұлтты ортадағы педагогикалық іс-әрекеттің
ерекшеліктері туралы білімін және этнопедагогикалық жүйені теңестіре-салыстырмалы талдау дағдыларын;
білім беру мекемелерінің тәрбиелік іс-әрекеттері тәжірибесіне ҚР
этностары этнопедагогикасының негізгі жолдарын, әдістерін, формалары мен құралдарын енгізу материалдарын түсінуін қалыптастыру.
Этнопедагогика курсын оқу нәтижесінде студент:
- этнопедагогиканың базалық ұғымдары, Қазақстан Республикасы этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы;
көпұлтты ортадағы педагогикалық іс-әрекет ерекшеліктері туралы;
білім беру мекемелерінің тәрбиелік іс-әрекеттері тәжірибесіне Қазақстан Республикасы этностары этнопедагогикасының негізгі жолдарын, әдістерін, формалары мен құралдарын енгізу материалдарын түсіну туралы;
ҚР этностары мен әлем халықтары этнопедагогикасының мәселелерін зерттеу негіздері туралы білімдерді меңгеруге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |