Жазушы шеберлігі



бет1/2
Дата10.05.2023
өлшемі28,3 Kb.
#91702
  1   2
Байланысты:
жазушы шығармашылығы. асылбекова


Асылбекова Дана
“Жазушы шеберлігі” пәні
М060- Филология


Жазушы шығармашылығы: Шоқан Әлімбаев пен Дэниел Киз

Жазушының шеберлік жолындағы ізденістерінің айқын іздерін сөз қылғанда, нені айтты дегеннен көрі, қалай жеткізді деген мәселе көбірек назар аудартады. Жазушы жасампаздығы – көркемдік дейтін шетсіз-шексіз әлемге тартқан миқанатты сапар. Басқан жол ұзарған сайын – шеберлік жолы да күрделене, түрлене түседі. Өйткені, шеберліктің даңғыл, бұзылмас жолы жоқ. Көзге көрінбес адам жанының мың құпялы тереңіне тартқан нәзік жолдың ешқашан қағидалы үлгісі болмайтындығы және белгілі. Оның үстіне сондайлық белгісз әлемді табу, ашу жолындағы қаламгердің ғұмыр бойлық жанкешті сапары ауырлаған сайын биіктеп көрнектілене түседі. Әлбетте, тұпқазық нысана – айтарын бедерлі бейнемен, соны образ, жаңа жолмен жария ету. Әрі жазушы өз көкірегіндегі лықсыған сезім мен сырды көптің көңіліне мейілінше әсерлі жеткізу жолында көркемдіктің сан алуан жолын іздейді, тынымсыз еңбектенеді. Бұл үшін жазушы көркемдік дейтін алып ғимараттың әр бөлшегін құрайтын әрбір деталь, түйіннің бәрі-бәріне де көңіл аударып, шеберлік жолындағы ең ұтымды жолын қарастырады, табады. Соның ең бастысы – тіл образдылығы, ой дәлдігі және қысқалық. Жазушы шеберлігін айқындап, стиль ерекшелігін даралай түсетін де осылар. Дүние әдебиетіндегі классик жазушылардың қай-қайсысының да ең көп айтатын, жасампаздығында іске асыруға барынша тырсатын маңызды буын да осы үшеуінен бастау алады.


Осы бір тақырып тұрғысында жазушы шығармашылығын тереңнен айқындау үшін қазақ қаламгерлерінің туындыларындағы шыңды – әлем әдебиетінің жауһарларын талдаумен қатар алған дұрыс болар еді.
Мәселен қазақ фантастикасы әлі де қарыштап дамып, қалыптаса қоймаған кенже бағыт. Бұл бағытқа келген жазушылар некен саяқ. Шығарманы жазу барысында қаламгерлер қиялға жүгініп, сол арқылы болашақты болжайды. Өзге реалист шығармалардан гөрі мұнда көркемдік шындықтың бояуы көп, тіпті реали оқиғалардан мүлде алшақ.
Өз алдына жанр ретінде дамығанмен, фантастиканың негізі ескі мифтерден бастау алып жатады. Мифтердегі қиял-ғажайып оқиғалар мен ерекше болашақты аңсаудан фантастиканың негізі құрылатын. Өткен ғасырда американдық фантаст жазушылар мифтердің орнын технологиялық жемістермен орын алмастырды. Тиісінше әдебиетке метажанр ретінде ғылыми фантастика бағыты келді. Қазақ фантаст жазушыларының бірі, әрі «Фантастика негіздері» атты көлемді теориялық еңбектің авторы А.Мархабаев бұл жөнінде «Фантастикаға әртүрлi мамандық иелерi келдi. Олар ғылыми фантастиканың космогония, геология, нейрохирургия, ген инженериясы, биология және басқа да жаратылыстану тақырыптарына шығармалар жазды. Қайсыбiрi бiр ғылыми гипотеза төңiрегiнде таза ғылыми болжамдар жасап, шығармаларын тек ғылыми-болжал идея төңiрегiне құрса, екiншiлерi келешекте ашылатын нанотехнологияның адам санасына тигiзер әсерiн ойлап, философиялық-әлеуметтiк фантастикаға бой ұратынын байқатты» деген пікір білдіреді [1].
Философиялық-әлеуметтік ғылыми фантастика метажанрының түпкі идеясында әдетте дистопиялық әлемнің кемшіліктері сыналып, адам бойындағы қасиеттердің құнсыздануы әшкереленіп, тиісінше дамыған технологиялық жемістер баяндалып жатады. Мұндай мотив әдетте автордың не оқиғаны баяндаушы нарратор кейіпкердің пәлсапалық ойларымен ұштасады [2].
Қазақ әдебиетінде дәл осындай сипаттағы шығармаларды жазушы Шоқан Әлімбаевтың туындыларынан көруге болады. Жазушы азғантай өмірінің көп бөлігінде адам санасының құпия қатпарларын әдебиет арқылы зерттеумен айналысқан. Адамға данышпандық қалай келетіні жайлы іздеген қаламгер даналыққа қатысты бірнеше шығармалар жазып қалдырды. Әуелде шығармашылыққа үлкен ыждағатпен келген Ш.Әлімбаев қатарынан «Данышпандық субстанциясы», «Сауыттағы данышпан» әңгімелерін, «Данышпандық альфасы» повесі мен «Данышпандық формуласы» романын жазған. Қаламгер аталған шығармаларында – адам санасының кемелдену жолы табиғаттан ба, әлде оны ғылыми тұрғыда қалыптастыруға бола ма деген сұраққа жауап іздеумен болады.
Ш.Әлімбаевтың барлық шығармасында басты кейіпкердің бірі ретінде міндетті түрде ғалым, профессорлар болады. Ұлы фантаст Жюль Верннің шығармаларында әдетте ғалымдардың екі типін кездестіруге болатын. Бірінші тип – адамзатты құртуға мүдделі, қандай да бір идеяға тәуелді қара ниетті кейіпкер типі болса, екіншісі, әрине, адамзатты құтқаруға тырысатын, сол үшін тырмысатын позитивті тип [3].
Ш.Әлімбаевтың шығармаларында нағыз антогонист ғалымдар жоқ. Тиісінше шығармаларында конфликт сюжет орнай бермейді. Ш.Әлімбаев суреттейтін ғалымдар айтқандай ғылым алдындағы, әрі адамзат алдындағы міндеті мен мақсаты – адамның игілігіне жарау, даналықтың сырын ұғу.
Десе де, автор данышпандардың үш образ типін көрсетеді. Біріншісі, адал ізденіспен данышпандыққа қол жеткізуді көздеген ғалым. Екіншісі, жетістікке жету үшін өзін де, өзгені де құрбандыққа шалуға дейін баратын ғалым. Ал үшіншісі, тумысынан данышпан болған ұлы шебер.
Мысалы, «Данышпандық субстанциясы» әңгімесіндегі Альфа Эркандус есімді ғалым адамдарды азаптан құтқарып, олардың ерік қасиетінен айыратын «Гениак» аппаратын жасап шығарады. Кейіпкер жайлы бейнелеуінде ол кейіпкерді диалогта былай суреттейді: «Қайсар идеялар арқылы мен өмірімнің пәре-пәресін шығардым, бірақ мен қарақан басымнан асып, күллі адам қоғамына жайылатын зор тірлік еттім» [4, 6]. Кейіпкердің шарасыздығы мен адамзат алдындағы борышы деп білетін мехнатты міндетті автор кейіпкердің өз сөзімен жеткізуге тырысқан. Ал «Данышпандық альфасы» повесіндегі ғалымның бейнесі өзгеше. Онда «Мүсілім Махмұтұлы данышпандық дарыған жандарды жақсы көретін, тіпті бүгінде жасы қырыққа жетіп, медицина ғылымының докторы, патологиялық физиология саласындағы көптеген еңбектердің авторы атанса да, мұндай құбылыстарға қызығушылығын жоғалтқан (…) Махмұт Мүсілімұлы көзге көрінбейтін беймәлім байланысты, бірінен бірі алшақ жатқан алуан құбылыстардың ішкі заңдылықтарын аңдауға тырысты. Ол әлдеқандай бір ғажайыпты іздеді, адам рухының керемет күйлерінің бәрін де сол ғажайыптың бойынан табуды армандады» [4, 57]. Дәл осылай тұлғасы суреттелген кейіпкер оқиға барысында өз мүддесі мен атақ-даңқы үшін құрбандыққа барады.
Ал үшінші типтегі данышпандықты автор сол «Данышпандық альфасы» повесіндегі кішкентай шебер суретші Қайсар есімді баланы бейнелеуінде танытады. Оның шын тума таланттығы мен қарым-қабілетін әлемде жоқ қазынаға, «егіз ішектің бойында сиқырлы әуен ойнатар саусақтарына» деген қызығушылықты суреттейді [4, 71].
Адал ізденіспен адамзат игілігі үшін данышпандыққа қол жеткізуді көздеген ғалым образын “Данышпандық формуласы” атты романындағы профессор Наркес Алимановтың бойынан кездестіре аламыз. Ол бірнеше сыйлық алған, тіпті Нобель сыйлығын иеленген, аса дарынды, көп оқыған профессордың адамдық дәрежесі де жоғары [4].
Ш.Әлімбаев бірнеше әңгіме, повесть, тіпті романға дейін жалғаған осы тақырып төңірегінде американдық жазушы Дэниел Киздің шығармашылығын айтсақ болады. Д.Киздің көп шығармасы адам санасындағы түсініксіз құбылыстардың салдары туралы пайымнан туатын еді. Ол бір тәнде бірнеше адамның өмір сүруі мүмкін не мүмкін емес деген теорияға қатысты «Билли Миллиганның мыңдаған санасы», «Бесінші Салли» деген бестселлер романдар жазды. Ал дебютті шығармаларының бірі «Элджернонға арналған гүлдер» романы кембағал адамнан асқан данагөйді жасап шығу туралы жазылады. Шығарманың дәл осы тұсы Ш.Әлімбаевтың “Данышпандық формуласы” романымен тұспа-тұс келеді. Сондықтан бұл шығармалардың арасындағы өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажыратып алуға болады.
Д.Киздің бейнелейтін ғалымдардың образында Ш.Әлімбаевтың суреттеуінен айтарлықтай айырмашылық бар. Ондағы ғалым Гарольд Немур образы кәсіби профессор деңгейінде деу қиын. Оның атаққұмарлығын, қандай да бір жетістік үшін осы экспериментті жасап жатқанын «Потом Штраус сказал, что Немур метит на пост заведующего кафедрой психологии в Гэлстоне» [5, 48] деп көрсетеді. Автор оның кемшілігі ретінде ақыл-есі кем бас кейіпкер Чарлиге деген көзқарасынан танытады. Профессор Немур Чарлиге “экспериментке арналған кембағал” ретінде қарап, адами тұрғыда жоғары бағалай қоймайды. Ал оның көмекшісі доктор Штраус оған қарама-қарсы, мейірімді доктор ретінде бейнеленеді. Доктор Штраус жөнінде «Док Штраус сказал Чярли даже если ни чево не палучица ты всеравно делаеш агромный вклат в науку. Этот кспиримент много раз ставился на жывотных но ты будеш первым челавеком» деп келтіреді [5, 13].
Д.Киздің бұл романы IQ өте төмен адамды гений деңгейіне жеткізу үшін жасалған эксперимент жайында. Ал Элджернон сол эксперимент жасалған ақ тышқан болатын. Ш.Әлімбаевтың “Данышпандық формуласы” романы да дәл осындай құрылымнан тұрады. Профессор Алиманов жануарларға жасаған эксперименті арқылы оларды ақыл деңгейіне жеткізген. Кейін сол экспериментін адамға қолданбақ болады.
Екі романның түпкі идеясында айырмашылық бар. Дэниел Киздің шығармаларды жазудағы идеясы Шоқан Әлімбаевтың адамзаттың игілігі идеясынан тым бөлек. Ол шығармасында адамның бұл өмірдегі өз орнын табуы, қоғамның ақыл-есі кем адамдарға қатысты алалауын, тіпті тым данышпан адамның қоғамдағы өмірі қиындыққа тап болуы мүмкін деген мәселені көтереді.
“Элджернонға арналған гүлдер” романының бас кейіпкері Чарли Гордон ақыл-есі кем, 32 жасар жігіт. Оның образын бергенде автор оның аңғал, мейірімді, тура кішкентай бала тәрізді [5]. Ал “Данышпандық формуласы” романындағы эксперимент жасалатын Баянның тұлғасы бұдан бөлек. Ол университетте математика мамандығында оқитын 17 жасар студент жігіт. Автор оны «У него было несколько кандидатур, давших согласие на участие в уникальном эксперименте. Из всех их Наркес, почти не раздумывая, остановился на одной. Ему сразу понравился этот высокий, смуглолицый и симпатичный юноша с небольшими глазами и с нежным девичьим именем Баян. Несмотря на внешнюю юношескую застенчивость, в нем чувствовалась какая-то твердость духа, та внутренняя сила и упорство, без которых невозможно обойтись в сложном будущем эксперименте” деп суреттейді [6, 9]. Ол Чарли Гордон тәрізді аса аңғал, ақымақ адам емес. Тек ұлы математик болуды көздеген жас. Мұндағы “экспериментке арналған” қос кейіпкердің айырмашылығы олардың ақыл-ой деңгейінің екі түрлі болғандығында.
Шығармаларда профессорлар өздерінің пациенттеріне күнделік жазып жүруді тапсырады. Д.Киздің кейіпкері Чарлидің күнделігі негізінде шығарма баяндалады. Ақылдың төмен деңгейінен, жоғары деңгейге көтерілуін оның күнделігіндегі грамматикалық қателердің қалай түзелгенінен бастап байқауға болады. Ал Ш.Әлімбаевтың кейіпкері Баянның күнделігі шығарма мазмұнында ондай маңызды рөл атқармайды. Бірақ бұл екі романда да эксперимент барысын бақылауға қажет маңызды деталь боп саналады.
Қос шығармада да өте көп ойшылдар, жазушылар, ғалымдар, ұлы музыканттар мен суретшілердің аты жиі аталып отырады. Ш.Әлімбаевтағы ойшылдар профессордың жазбаларынан табылса, Д.Киздің шығармасындағылар Чарлидің саналық тұрғыдан даму кезінде аталып отырады.
Екі шығарманың өте көп ұқсастығынан бөлек, араларын алшақтатып тұрған даралықтары да бар. Д.Киз романындағы эксперимент операция тұрғысынан орындалса, Ш.Әлімбаев романында адамды гений деңгейіне жеткізу үшін бірнеше сеанстан тұратын гипноз жеткілікті. Бірақ сол сеанстар аралығында Баянның ішкі жан дүниесінде күйреу басталып, өз-өзіне қол жұмсағысы келетін мазасыз ойлар пайда болып, автор ол жағдайды «Духовная жизнь Баяна стала необычно интенсивной, причем напряженность ее непрерывно росла. Юноша чувствовал себя так, словно из мира простых и привычных понятий он совершенно неожиданно и каким-то удивительным образом попал в мир с другим измерением, сложный, многозначный, в котором даже время протекало иначе» деп суреттейді. Профессор Алиманов оны бақылауда ұстау үшін өз үйіне алдырады. Ал Чарли Гордонның кемелдену процессінде ондай суицидке итермелейтін ойлар тумаса да, Чарли уақыт өте тұйықтанып алады. Ол қоғамнан көңілі қалып, айналаға деген сенімі сөнеді [5].
Шығармалардың хронотопы жағынан да айырмашылық бар. Чарлидің күнделігіндегі даталар арқылы оның оқиғасы жеті айға созылғанын, ал сол мерзім аралығында оның интеллект деңгейіндегі өзгерістерді байқаймыз. “Элджернонға арналған гүлдер” романында оқиға болашақ шақта өтіп жатқаны жайлы айтылмайды. Ал “Данышпандық формуласы” романындағы оқиға келешекті суреттейді. Шығарма 2015 жылғы Алматыда өткен. Хронотоп тұрғысынан осындай айырмашылықты байқасақ, Ш.Әлімбаевтың романын утопиялық жанр тұрғысынан қарауға да мүмкіндік береді.
Қос шығарманы жазған осы екі қаламгердің ұқсастығын салыстыру арқылы өз биігінде жетістікке жете алған жазушылардың шығармашылығындағы шеберлікті айқындай алдық. Жазушылардың шығармашылықтағы ерекшеліктері мен даралықтары ретінде – олардың қозғаған тақырыптарын сөз ете аламыз. Сондықтан олардың арасындағы айырмашылық пен ұқсастықты анықтау турасында қаламгерлердің жазушылық еңбегіндегі елеулі ізденістер мен ерекшеліктері арқылы шығармашылықтарына теориялық тұрғыдан баға беруге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет