Жеке тұлға дамуы туралы теориялар
Мәдени-тарихи даму концепциясы.
Іс-әрекет теориясы.
Жеке тұлға немесе кісі қасиеттерін көптеген ғылымдар зерттейді: философия, социология, психология, этика, эстетика, педагогика. Олардың әрқайсысы жеке тұлға мәселелерін өзінің зерттеу пәнімен байланысты қарастырады.
Адамның көпаспектілі екенін оны атаудың өзінен көрінеді: «адам», «жеке тұлға», «тірі жан» (индивиуум), «өзіндік адам» (яркая индивидуальность).
Адам деген ұғымды пайдаланғанда – ол биоәлеуметтік қасиеттермен сипатталатын, дискреттік белгілер жүйесін меңгерген, жоғары психикалық функциялары қалыптасқан, құрал-жабдықтарды жасап, оны пайдалана алатын жан деп түсінеміз.
Ал жеке тұлға деп жекелік психикалық қасиеттері дамыған, әлеуметтік ортада өмір сүруге және қарым-қатынас жасауға қабілеті қалыптасқан адамды айтамыз.
Бұл ерекшеліктер жеке адам теорияларында көрсетілген:
1. Мәдени-тарихи даму концепциясы
2. Іс-әрекет теориясы.
3. Ақыл-ой қызметін қалыптастыру теориясы.
4. Үйрету теориясы
5. «Бастапқы адамдандыру» концепциясы.
Жеке тұлға туралы теориялардың ішінде бізді қызықтыратыны баланың нағыз адами қасиеттерді меңгеруін түсіндіретін теориялар. Оларды келесі топтарға бөліп көрсетуге болады:
Л.С.Выготский ұсынған мәдени-тарихи даму концепциясы. Бұл концепция бойынша жеке тұлғаның қалыптасуы өзгелермен қарым-қатынас жасау барысында адамзат тәжірибесінде тарихи қалыптасқан шартты белгілерді пайдаланумен байланысты. Қарым-қатынас барысында меңгерілген шартты белгілер (сөздер) біртіндеп жеке тұлғаның психикалық қызметінің негізі болады.
Іс-әрекет теориясы. Бұл теорияның авторы А.Н.Леонтьев. Леонтьев теориясының негізгі қағидасы – барлық іс-әрекет бірінші кезеңде саналы жасалған әрекет ретінде, сонан соң біртіндеп шапшаң орындайтын міндетті қызметке айналады (жазу, оқу, өзіне-өзі қызмет көрсету, еңбек ету).
А.Н.Леонтьев мектебінің өкілдері тұжырымы бойынша заттармен іс-әрекет жасай отырып адам олардың жасырын мәнді қатынастарын ашады. Адам заттармен ғана емес, өзінің түсініктері және ұғымдарының мазмұнымен де белгілі бір іс-әрекеттер жасай алады. Мұндай оңды іс-әрекеттер ақыл-ой немесе ойлау әрекеттері деп аталады. Заттық іс-әрекеттерден түсініктермен және ұғымдармен оңды іс-әрекет жоспарына көшу ойлар арқылы жүзеге асады. Ол әрқашан белгілі бір міндетті орындауға бағытталады. Сөйтіп, адамның ұғымдары және ақыл-ой әрекеттерін меңгеру процесі оның ойлауды үйренуін талап етеді. Адамның бүкіл ойлау (ақыл-ой немесе интеллектілік) іс-әрекетінің түпкі мақсаты оның алдына өндірістік немесе қоғамдық өмір қойып отыратын әр алуан практикалық міндеттерді ойдағыдай орындау болмақ. Бұл үшін түсініктер мен ұғымдарға жасалған іс-әрекеттерден алынған оңды шешімдерді нақты міндеттердегі нақты заттармен жасалатын практикалық іс-әрекеттерде жүзеге асыру қажет. Басқаша айтқанда, бұл үшін білімді практикалық міндеттерді орындауға қолдану, яғни іскерліктерді игеру керек.
Таным процестері қызметі іскерліктерді үйренумен толықтырылады. Адамның үйренуі — әр түрлі деңгейде өтетін күрделі, көп сатылы процесс. Сенсорлық үйренуде қабылданған бейнелерді қабылдау, сондай-ақ білу және тану процестері қалыптасады. Моторлық үйренуде қимылдарды таңдау және тиісті программаларда біріктіру, оларды жіктеу, іріктеу және жүйелеу болады. Олардың синтезі — сенсомоторлық үйрену — қабылдау мен елестету бейнелерінің бақылауымен қимыл программаларының қалыптасуын қамтамасыз етеді. Үйренудің бұл түрлерінің нәтижелері сенсорлық, моторлық және сенсомоторлық іскерліктер мен дағдылар формасында білдіріледі. Үйренудің когнитивтік деңгейінде адамда іс-әрекет заттарының мәнді қасиеттері мен байланыстарын табу, талдау, іріктеу, қорыту және тиянақтау процестері, сондай-ақ осы қасиеттер мен байланыстарды пайдалану жөніндегі мақсатқа сай іс-әрекеттер қалыптасады.
Үйрену жаттығулары бақылау, ұғыну және өзін-өзі бақылау негізінде жүзеге асады, бұлар ұғынылып барып қойылған мақсаттар мен міндеттер арқылы басқарылады. Бір жағынан, когнитивтік деңгейде тиісті сыныптардың есептерін шешу үшін қажет іс жүзіндегі білім мен практикалық іс-әрекеттерге үйрену (бұл орайда түсініктер мен практикалық іскерліктер қалыптасады), екінші жағынан, қорытылған теориялық білім мен ақыл-ой іс-әрекеттерін үйрену болады (мұнда ұғымдар мен ойлау қалыптасады).
Үйренудің аталған бұл деңгейлері мен түрлері белгілі бір шамада жасанды түрде бөлінген. Іс жүзінде адамның үйренуі барысында олар тығыз ұштасып, өзара байланысып жатады. Алайда олардың әркайсысының белгілі бір ерекшеліктері бар. Бұған қоса бұл деңгейлер үйренудің генетикалық сатылары болып та көрінеді. Алайда мұның алдындағы деңгейлер ғайып болмайды және өз маңызынан да айрылмайды, олар бар болғаны қайта құрылып, келесі деңгейді үйренуге бағынады да, оның құрылымына кіре бастайды. Мысалы, когнитивтік үйренудің ең жоғары деңгейлерінде (жоғары математиканы оқып үйренуде) оған нақты білімдерді меңгеру де, жаңа практикалық амалдарды меңгеру де, қабылдаудың жаңа бейнелерінің (фигуралардың, графиктердің, белгілердің) қалыптасуы да, сондай-ақ моторлық жіктеулер де (формулалар жазу, қисық сызықтар сызу) кіреді.
Бірақ білім мен іскерліктерді осылай стихиялы түрде меңгерумен қатар үйрену көптеген жағдайларда нысаналы процесс ретінде арнайы ұйымдастырылған жағдайларда жүзеге асырылады. Үйренудің бұл мақсатқа сай ұйымдастырылуын оқыту деп атайды. Оның неғұрлым көп тараған түрі —мектепте оқыту. Бірақ ол басқа көптеген мекемелерде, мәселен балабақшада балаларға сурет салуды, музыканы, өзіне қызмет көрсету дағдыларын және т. б. арнайы үйреткенде жүзеге асырылады. Оқыту элементі семья тәрбиесінде (балаларды үлкендердің арасында өзін қалай ұстауды арнайы үйретеді), сондай-ақ адамдардың өзара қарым-қатынастары басқа да жағдайларда байқалады.
Дегенмен үйрену процесі тек қана арнайы ұйымдастырылған оқыту барысында ғана емес, сонымен қатар бала өмір сүретін әлеуметтік ортаның көптеген факторлары әсерімен, басқа адамдардың тәжірибесінен үйрену, немесе жол-жөнекей үйрену үлкен орын алады.
Жол-жөнекей үйрену және мақсат қойып оқу арақатынасы өте күрделі. Оқыту барысында оқушының нақ қандай белсенділігі немесе іс-әрекеті үйренуге жеткізеді? Зерттеулер мынаны көрсетеді: мәселен, бөбектің затты ұстауы, онымен ойнауы, еңбектеуі мен жүруі оны қозғалыстарды үйлестіруге, айналадағы ортаны бағдарлауға үйретеді, оған заттардың қасиеттерін таныстырады, қабылдауын қалыптастырады. Заттарды практикалық пайдалану мен сөйлеу балаға айналадағы заттардың неге арналғанын, олардың функцияларын және онымен не істеу керек екенін анықтап, жүзеге асырады.
Екінші жағдайларда, мәселен, машинаны басқарушыда тікелей мақсат белгілі сапасы бар, белгілі бір өнім алу болмақ. Ал бұл орайда болатын өндірістік дағдыларды жетілдіру болса, онда мұның өзі іс-әрекеттің қайсыбір қосарлас нәтижесі ретінде пайда болады.
Оқу процесі барысында балалар өздерінің айтқандары мен іс-әрекеттерін біртіндеп дәлелдеуге және негіздеуге үйренеді. Мұндай негіздеудің көптеген тәсілдерін мұғалім көрсетіп береді. Пайымдау үлгілерін меңгеріп, оны өз таным процестерін ұйымдастыруға кеңінен пайдалана бастайды. Бастауыш сынып оқушыларының оқу еңбегінің өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар. Баланың таным процестерінің дамуы олардың іс-әрекеттерінің түрлерімен тығыз байланысты жүред және баланың танымдық әрекетінің және жалпы барлық іс-әрекеттерінің қандай қажеттіліктерін қанағаттандыратынына түсініп мотивациялық жүйесі қалыптасады.
Танымдык әрекет - оқушының білімге деген өте белсенді акыл-ой әрекеті. Ол танымдық қажеттіліктен, максаттан, таным қисындарынан және әрекетті орындаудың тәсіл-амалдарынан тұрады.
Танымдық белсенділік туралы анықтамаларға талдау жасау нәтижелесі оқушылардың танымдық белсендігінің белгілерін анықтап оны үш топқа бөлдік:
оку-танымдык әрекеттін коғамдағы маңыздылык бағыты:
оқу-танымдык әрекеттің интеллектуалдық сипаты;
оқу-танымдык әрекеттің реттеушілік сппаты.
Достарыңызбен бөлісу: |