17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандар (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл.
17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды. Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11-і университеттен қуылды.Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес. Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Желтоқсан көтерілісі туралы
Кино:
"Аллажар", Желтоқсан көтерілісінің бар көрінісін Қаллдыбай Әбеновтың осы фильмінде керемет баяндалады.
Қаллдыбай Әбенов:1988-89 жылы фильмді бастағанда «маған ешкім кедергі жасамағанда, әлі де болса көптеген ақиқатты жарыққа шығарар ма едім?» деп ойлаймын кейде. Алаңда, алаңнан тыс жерлерде 2000-нан астам шейіт болған жастарымыздың денелерін толық еркіндігіміз болғанда, бәлкім, біз табар ма едік. Ақиқаттың көбі оқиғадан кейін-ақ жойылды. Мен фильмді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, түрменің азабын шегіп келген уыздай жастарымыздың айтқан әңгімелері, бойынша түсірдім. Қазақтың ұл-қыздарын шырылдата сабап жатқан жерлерін өздерінің айтуларымен жасадым. Толқуды да оқиғаның бел ортасында болған балалардың әңгімесінен алдым.
Әндер:Желтоқсан оқиғасына арналған екі ән кең танымал болды: «Желтоқсан желі», «Қарабауыр қасқалдақ»
Әдеби шығармалар:Айқараңғысы - Тұрысбек Сәукетаевтың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы романы