Өлімді еске алып тұр: жүрегің жұмсарады, ойың реттеледі,
мақсатың айқындалады.
Әр іске жауапкершілікпен қарауға тырысып, өмірде кейбір жағдайлар
шиеленісіп кеткенде, маған байланысты емес сыртқы факторлар үшін
уайымдап, "арты қалай болар екен" деп қам жеп, жатсам да, тұрсам да
түйіні шешілмеген сол проблеманы ойлап, жанымды қоярға жер
таппайтын сәттер боп тұрады. Ондай кезде жүрегімді тыныштандыратын
нәрсе - өлімді еске алу. Егер ертең өмірден өтетін болсам, әлгі жанымды
жегідей жеген дүниелердің ешқайсысының мәні болмай қалады ғой.
"Данияр, оған бола алаңдап не қыласың? Бәрібір ертеңгі күнге дейін жету-
жетпеуің күмәнді. Сол үшін дәл қазір қолыңнан келгенді істей бер, ал
ертең не боларын көре жатарсың" деп өзімді жұбатам.
Өлімді еске алу ойды да реттейді. "Егер менің бір ай өмірім қалса, дәл
қазір айналысып жүрген ісімді жалғастыра берер ме едім?" деп өзіңізге
сұрақ қойып, шынайы жауап беріп көріңізші. Адамның жүрегінің түбінде
жатқан шынайы арман-мақсаттары өлімді еске алғанда, алдыңғы кезекке
шығады екен. Маңызды деп ойлап жүрген нәрсең мәнсіз боп қалады.
Өлімнің жақындағанын сезінген адам тәубе етіп, өткен қателік-күнәларын
түзетуге асығады, өзі өмірден өтсе де, пайдасы өзгелерге тие беретін ізгі
істерді жасап қалуға барын салады, жақындарын соңғы рет көріп
тұрғандай, қадірін тереңірек түсінеді.
Өлімді еске алудың бір жолы - өмірден өткен жақындарыңды,
достарыңды еске алу. Кеше ғана ойнап-күліп жаныңда жүрген еді. Ал қазір
олар жоқ. Қара жердің қойнында жатыр.
Сені де бір күні басқалар
"марқұм" деп еске алатын болады. Мен 2014 жылдың соңында жалғыз
бауырымнан айырылдым. Жасы 20-да еді. Жан тапсырар сәтінде қасында
болдым. Ажал жасқа қарамайды ғой. Жан тапсыру оңай емес екенін өз
көзіммен көрдім. Әлі көз алдымда. Сол сәттер есіме түсіп кетсе, жүрегім
шымырлап кетеді, жинақы бола бастаймын, өлім жайлы ойлар селк
еткізіп, оятқандай болады. Кейде өзімнің жан тапсырар сәтім қандай
болар екен деп те ойлап қоям. "Қалай өмір сүрсең, солай өлесің" дейді
ғой. Адамның жағдайы соңғы сәтіне қарай бағаланады. Күнә жасап
жатқанымда фәниге аттанып кетпесем екен.
Адамның ең үлкен алданышы - "әлі өмірім алда" деген сенімі. Сол үшін
маңызды деген істерді кейінге қалдырып, өзінің руxани аxуалына,
Құдаймен байланысына немқұрайлы қарайды. Өлімнен қорықпау керек,
бірақ өмірім мәнсіз өтіп кете ме деп қорқу керек. Жүрегім жұмсарсын,
ойларым ретке келсін, мақсатым айқындалсын десеңіз, өлімді еске алып
тұрыңыз.
45