Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің зардаптары
Қазақстан 20-жылдардың екінші жартысы мен 30-жылдары бұрын-соңды болмаған әлеуметтік сынақ жасаудың алып полигонына айналды. Мұнда бірінші рет феодализмнен капиталистік қоғамға соқпастан социализмге өту идеясын жүзеге асыру әрекеті жасалды.
30-жылдардағы Қазақстан жөніндегі саясат осындай сынақ мақсатында жүргізілді. Бүгінгі күннің көзқарасы бойынша ол мынадай перспективаларды көздеді:
саяси салада: қазақ халқының тілі мен тарихын жою, саяси тәуелсіздігі, шынайы егемендігінен айыру, Қазақстанда «Кіші Қазан» жоспарын жүзеге асыру;
әлеуметтік-экономикалық салада: Қазақстанды елдің шикізат базасы ретінде дамыту, қазақ халқын отырықшылыққа көшіру мен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру;
ұлтаралық қатынастар саласында: ассимиляция саясатын жүзеге асыру есебінен республиканың ұлттық әлеуетін (күш-қуатын) «жақсарту».
Жалған халық жауларымен күрес концлагерьлердің құрылуына жағдай жасады (Қарлаг, Степлаг, АЛЖИР). Көптеген аудандар тікен сымдармен қоршалып, ол сақадай сай қаруланған әскермен күзетілді. Кейінірек атылған адамдарды жаппай жерлеген жерлер анықтала бастады. Сондай орындардың бірі Алматы түбіндегі Жаңалық ауылының жанынан кездейсоқ табылды. Мұнда 1937-1938 жылдары атылған белгілі жазушылар мен ақындар - М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, I. Жансүгіров, Б. Майлин, көрнекті ғалымдар - А. Байтұрсынов, С. Асфендияров т. б. мемлекет, қоғам қайраткерлері, шаруашылық басшылары мен өндіріс озаттары сынды тоталитарлық тәртіптің мыңдаған құрбандары құпия жағдайда жерленді.
50-жылдардың ортасында лагерьлерде қамалған жазықсыз адамдарға қатысты үкімдерді қайта қарау мен оларды жою жөніндегі процесс басталды. Қаза тапқандар мен атылғандар ақталып, түрмедегі еріксіздер бостандыққа шығарылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау - 1920-1950 жылдар аралығында кеңес мемлекеті жүргізген қуғындау, жазалау саясаты асқан қаталдық, шектен шыққан зұлымдық тәсілмен жүргізілгендігін дәлелдеді. Кеңес өкіметінің Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны, ғалымдардың есептері бойынша, 3,5 млн адамды құрады. Алайда бұл сан да нақты емес, өйткені 20-40-жылдары тұтқындалған мыңдаған адамдардың тағдыры әлі күнге шейін белгісіз болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |