Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы
1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша қазақ елі атом бомбасынан бір жола бас тартқан болатын. Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды.Семейдегі атом полигонын жабу турасындағы Жарлыққа қол қойғанына жиырма бес жыл толады. Семейдегі Радиациялық-экологиялық ғылыми орталықтың және басқа да ғылыми деректерге сүйенсек, сынақ тоқталғанға дейін жалпы Кеңестер Одағында 670-тей ядролық жарылыс жасалған. Мұның 95 пайызы Семей атом полигонында өткізіліпті. Сынақ 1964-1965 жылдардан бастап қана жерасты шахталарына көшірілген. Ал 1949 жылдың тамызынан бастап жер үстінде, ауада жүргізіліп келген.
Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамыз бұрнағы жыл БҰҰ-ның қарарымен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды.
Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі саяси шешім Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік және стратегиялық көрегендігінің, сондай-ақ саяси ерік-жігерінің айқын дәлелі бола алады.
Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елі Ядролық қаруды таратпау тура¬лы келісімшартқа қосылуға дайын екендігін мәлімдеуі болды.
Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысын¬да жасады. Осы мәлімдеменің ая¬сында Қазақстанның аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетіктері жасалды.
Көп ұзамай Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын күллі әлем елдерінің көшбасшылары айрықша жоғары бағалады.
Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды. Мысалы, әлемде ядролық қарусызданған тек 5 аймақ бар. Солардың қатарында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» келісімшарты қабылданған еді. Солтүстік жартышардағы мұндай жалғыз құжат Орталық Азиядағы бес мемлекетті қамтиды. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан. Құжаттың ерекшелігі сол мемлекеттердегі ядроға қатысты мәселені Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі өз бақылауында ұстайды. Сондай-ақ ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімнің күшіне енуіне басымдық берілген.
Күні кеше Нью-Йорк қаласында БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының (ҚК) жыл сайынғы мазмұндық сессиясы өткені белгілі. 2015-17 жж. арналған кезеңде Қазақстан ҚК-нің Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі жұмыс тобына төрағалық етуде.
Достарыңызбен бөлісу: |