Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерінде Қазақ халқының қалыптасуына байланысты өзекті мәселелердің көтерілуі және Қазақ хандығының қалыптасуының тарихи алғышарттары
Келешек Қазақстан тарихнамасының өзекті мәселелерінің бірі – тәуелсіз Қазақстан Республикасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы болары күмәнсіз. ХХ ғасыр соңында адамзат тарихындағы ең алып империялардың бірі – КСРО-ның күйреуі нәтижесінде, әлем картасының бетінде бірнеше жаңа мемлекеттердің пайда болып, тарих сахнасына шыққандығы белгілі. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы. Бұл бірнеше мыңжылдық тарихы бар қазақ халқының өміріндегі жаңа кезеңнің, яғни ең жаңа тарихының басталуы болды. Қазақ халқы, осы елді мекендеген басқа да ұлттар өкілдерімен бірге, өз мемлекетін қайта құру ісімен айналыса бастады. Қорытындысында өз тәуелсіздігінің 15 жылдығын қазақ халқы әлем таныған ұлттық мемлекеті бар іргелі ел ретінде қарсы алды.
Ең жаңа тарихымыздың өзекті мәселелерінің бірі – тәуелсіз Қазақстанның өз мемлекеттігін құру мәселесі. Тарихымыздың басқа да түйінді мәселелері сияқты, мемлекеттігімізді қайта құру мәселесі де тұңғыш Президентіміздің еңбектерінде жан-жақты айтылған, яғни деректану ғылымының тілімен айтсақ, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде мемлекеттігімізді қалпына келтіру тарихы, алғашқы нақты іс-шаралардан бастап, жан-жақты бейнеленген. Сондықтан Н. Назарбаев еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастыру, нығайту және дамыту тарихының дерек көзі ретінде талдау жасау, тек деректану ғылымының ғана емес, жалпы Қазақстан тарихнамасының да өзекті мәселелерінің бірі болып табылатындығы күмәнсіз.
Әрине, тарихи деректің пайда болуының басты объективті алғышарты белгілі бір оқиғаның немесе қоғамдық құбылыстың болуы екендігі белгілі. Бірақ, оның әр түрлі дерек көздерінде қалайша бейнеленуі деректі жасаушы жеке субъектің қолында екендігі де анық. Олай болса, болып жатқан немесе болып өткен объективті тарихи құбылыстардың деректерде қай дәрежеде бейнеленуі, яғни объективті құбылыстар туралы субъективті мәліметтердің қай дәрежеде деректерге енуі, сол деректі жасаушы субъектің психикасына /дүниетанымы, ой өрісі, білім дәрежесі, діни наным-сенімі, қоғамдық позициясы т. т./ тікелей байланысты. Демек, Н. Назарбаев еңбектерінің ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы объективті қоғамдық құбылыс – КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болуы және қалыптасуы тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері, сол еңбектердің авторы, яғни тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінің үлкен бір тобын жасаушы субъект - Н.Ә. Назарбаевтің қоғамдағы орны мен өзіндік адами және тұлғалық қасиеттерімен тығыз байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |