Қазақстандағы Ресей империясы саясатының жер мәселесіндегі отаршылдық сипаты
1867-1868 жылдардағы реформаның жалпы алғанда отаршылдық сипаты басым болды. Ол реформалар Қазақстанды Ресейге қосып алу үрдісінің толық аяқталғанын көрсетті. Қазақстанның кең-байтақ жері Ресейдің мемлекеттік меншігіне өтті. Патша үкіметі бұдан былай қазақтардың жерін кез келген сылтаумен оп-оңай тартып ала беретін болды. Мұның ақыры дала тұрғындарының ежелгі атамекен жерлерінен айырылып қалуына, сөйтіп қайдағы бір құнарсыз және тұзы бетіне шығып жатқан сортаң жерлерге ығыстырылуына жеткізді. Құнарлы жерлер ішкі Ресейден қоныс аударып келген орыс шаруалары мен қазақтарға, шенеуніктерге берілді. Патша үкіметінің Қазақстанның табиғи бай ресурстарын оңды-солды емін-еркін пайдалануы бұл өлкені Ресей экономикасының қосалқы арзан шикізат көзіне айналдырды.
Болыстардың сайланып қойылуы Қазақстанның бүкіл аумағын руаралық кескілескен қақтығыстар сахнасына айналдырып жіберді. Сайлауда шар салушының дауысын сатып алу кеңінен етек алды. Болашақ болыстар өз қандастарының қамын жеуден қалды. Олар ендігі жерде орыс үкіметінің аузына қарап, жалтаңдаудан көз ашпады, қайтсем солардың қаһарлы қолшоқпары болсам екен деп армандады.
Сұлтан тобын басқару жүйесінің орта және жоғары буынынан толық ығыстырып шығару қазақ халқын құқық атаулыдан жұрдай тобырға айналдырды. Отаршыл Ресей қазақ мемлекеттілігінің ең соңғы қалдықтарын да жойды. Қазақтарға болыс және ауыл старшыны деген ең төменгі дәрежедегі қызметтер ғана тиді. Олардың уезд бастығы, әскери губернатор, генерал-губернатор сияқты жоғары лауазымды әкімшілік қызметтерге барар жолы заң жүзінде біржола жабылды.
Жаңа міндетті борыштар мен алым-салық түрлерінің еселеп енгізілуі қазақтардың материалдық жағдайын нашарлатып жіберді. Түтін салығы бұрынғы 1 сом 50 тиыннан 3 сомға бір-ақ көтерілді. Болыстарды, ауыл старшындарын, сондай-ақ олардың толып жатқан шабармандарын ұстауға жұмсалатын қаржы да халықтан жыл сайын қосымша жинап алынды. Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы халық харадж (егіннен алынған өнімнің оннан бір бөлігі), зекет (тауар құнының қырықтан бір бөлігі) төлеп тұруға міндетті болды. Әр түрлі қажеттерге жұмсау үшін қара шығын деп аталатын қосымша салыққа салынды. Бұдан түскен қаржы жол салуға, оны жөндеуге, көпір, мешіт, мектеп, аурухана салуға жұмсалды. Патша үкіметі Қазақстаннан орасан зор мөлшерде қаржы жинап алумен болды. Оның бір бөлігі отаршыл әкімшілік пен әскери күштерді ұстауға жұмсалды, енді бір бөлігі орталыққа жіберіліп отырды.
Патша үкіметі қазақтардың ежелгі дәстүрлі қоғамын күйретті. Болыстар мен уездер құру кезінде рулық ерекшеліктер ескерілмеді. Дәстүрлі билер сотының құқықтары елеулі түрде қысқартылды.
Реформалар Батыс Сібір аумағында ежелден бері тұратын қазақтардың жағдайына да келеңсіз әсерін тигізбей қала алмады. 1880 жылғы 22 қазанда Тобыл және Томск губернияларының қазақтарын Құлынды даласына көшіру қолға алынды. Ол жақта қазақтар үшін 1 миллион десятина құнарсыз жер бөлінді. Құлынды қазақтарына үй басы 6 сом мөлшерінде түтін салығы салынды. Бұл отырықшы орыс шаруалары төлейтін салық мөлшеріне тең болып шықты.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |