Жыраулар поэзиясы-халқымыздың асыл мұрасы



Дата04.10.2022
өлшемі30,48 Kb.
#41349
Байланысты:
Тәуекел Ажар


Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Филология факультеті

СӨЖ
“Жыраулар поэзиясы-халқымыздың асыл мұрасы”

6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті
Орындаған:Тауекел Ажар
Тексерген:Дарибаев С. Д.
Жыраулар поэзиясы – халқымыздың тарихында қайталанбас, айрықша орны бар, рухани-әлеуметтік маңызы орасан зор, қыр-сырлары әлі күнге толық айқындалып болмаған қызықты да күрделі құбылыс.

Қазақ хандығы дәуіріндегі жы­раулар поэзиясында ерлік тақырыбының басымдық алып, өз мемлекетінің тәуелсіздігі мен оның даңқын арттыру жолында күрескен батырлардың ержүректігі мен қайтпас қай­сарлығын жыр­лау ең өзекті мәселе болды. Жырау­лар билеушілердің және адамдар жоқшылық дегенді білмей, молшылықта өмір сүретін қоғам­ның мінсіз бейнелерін жасады. Олар өздерінің поэтикалық монолог-толғауларында маңызды мемлекеттік проблемалармен қатар, әдеп пен мораль, ар-намыс пен қадір-қасиет мәселелерін қорғады. Өмір мен өлім туралы, дүниенің құбылмалылығы мен жалғандығы туралы өз ойларын толғады.


Жыраулар поэзиясы ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуатты ықпалдылығымен ерек­шеленді. Мемлекетті басқар­ған хандардан бастап, балаға тә­лім-тәрбие беретін эстетикалық есті дүниелер қалдырды. Қазақ хал­қы сөз өнерін киелі санайды. «Сөз – сүйектен, таяқ еттен өтеді» дейді дана халқымыз.


Өмірден ерте кеткен ақын, профессор А.Егеубай жыраулар поэзиясының қазақ ұлтының рухани қалыптасуына жасаған ықпалы туралы: «Жыраулар толғаған адамшылық, имандылық, қаһармандық, жігерлілік һәм жайсаңдық жаңа қалыптаса бастаған қазақ ұлысының рухани келбетін кестелеуі тиіс еді. Солай болды да. Қазақ елінің ажары мен жан дүниесі сол шығармалардан танылды. Білім-білік, ақиқат, тіл, жаратылыс жайлы толғамдар да сол арнада желі тартты. Ежелгі түркі дүниесінің бар болмысы мен арман-мүддесі бір кезеңде қазақтың классикалық мәдениеті арқылы жаңғыра көрінді. Жырау­лар дәуірінің ішкі мәніне үңілсек, төрт-бес ғасыр бойына тұтастай құбылыс ретінде дамыған әлеуетті әлеуметтік-көркемдік ұлы самғау бұрын-соңды болмаған еді. Ол поэзияда, елдік құрылыста, тұр­мыста материалдық һәм рухани мәдениетте бірдей айқын мүсін­делді», – дейді.


Жыраулар поэзиясы – дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген Қазақ хандығы атты дәуірдің әдеби мұрасы. Көрнекті ғалым-жазушы М.Мағауиннің айтуынша: «Қазақ халқының жалпы түркілік ортақ этнос құрамынан бөлініп, дербес Орда құрған хандық заманы төрт ғасырға жуық ұзақ дәуірге созылды». Ол тағы бірде «ХV–ХVІІІ ғасырларда жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескірмес үлгілер тудырды. Көркемдік танымның асқар биігіне көтеріліп, әлемдік өредегі ұлы шығармалар қалдырды», дейді. Яғни, жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнерінің әлемдік классикалық шығармалар шоғырына қосылатын біздің ұлттық рухани қазынамыз.


Жыраулар шығармаларында ой-пікірлерін ашық айтып, әмірші, хандарды, сұлтандарды «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» қағидаттарын ұстанып сынап отырған. Жыраулар өздерінің сынында мемлекет мүдделерін жеке бас мүдделерінен жоғары қойған.


Жыраулар поэзиясының атасы, абызы Асан Қайғы болатын.


Оның толғауларынан Қазақ хандығының құрылу дәуірінің тарихи белгілерін көреміз. Ғалым Б.Кенжебаев: «Асан Қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», деп жазған еді.


Асан Қайғы – халқының бір­лігін, мемлекеттің тұтастығын сақтаған жырау.


Оған төмендегі толғау мысал болады:


«…Қырында киік жайлаған,


Суында балық ойнаған,


Оймауыттай тоғай егіннің


Ойына келген асын жейтұғын,


Жемде кеңес қылмадың,


Жемнен де елді көшірдің.


Ойыл деген ойынды,


Отын тапсаң, тойынды.


Ойыл көздің жасы еді,


Ойылда кеңес қылмадың,


Ойылдан елді көшірдің».


Асан Қайғының, Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің, Жием­­беттің, Марғасқаның, Ақтамбердінің, Тәтіқараның, Үмбетейдің, Бұқардың толғау­ларында қазақтың ата мекендері шығармалардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік әр­түрлі ерекшеліктеріне орай жырланады. Жыраулар поэзиясындағы жер-су атауларының ішінде Алтын Орда дәуіріндегі қазақ халқының иеленген мекендері сағынышпен, қимастық сезіммен жырланады. Атап айтқанда, Еділ, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс өзендері, Азау (Азов) теңізі, Түркістан, Ташкент қалалары, т.б. мекендер жыр арқауының негізін құрайды.


Бүгінгі таңда жыраулар поэзия­сының көркемдік ерекшелігі мен құндылығы – Тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ елінің өс­кін ұрпақтарын еліне, жеріне, Тәуелсіз Қазақстанына деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштік сезімін оятып қалыптастырады. Қазақ елінің мемлекеттілігін, ежелгі ата жұртын мәңгілік мақтанышпен, асқақ сезіммен жырлау – жыраулар поэзиясында қалыптасқан ұлттық болмысымыздың нақты көрінісі.


Қазақ хандығының мемле­кеттік құрылуы дәуірінде өмір сүрген көркем сөз шеберлері – қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының қалыптасуында Доспамбет пен Шалкиіз жырау­лардың алатын орны ерекше. Доспамбет жырау поэзиясында атамекенді сүю, ардақтау, отаншылдық-патриоттық рух өте басым.


«Бетегелі Сарыарқаның


бойында,

Соғысып өлген өкінбес!» деп, одан соң:

«… Айналайын Ақ Жайық,


Ат салмай өтер күн қайда?!


… Кетбұғадай билерден


Кеңес сұрар күн қайда?!» дейді.


Еділдің бойын ен жайлап,


Шалғынға бие біз байлап,


Орындықтай қара сабадан


Бозбаламен күліп-ойнап,


Қымыз ішер күн қайда?!»


дейді.

Доспамбет жыраулар поэзия­сында өзіндік қолтаңбасы бар, жорықшы, батыр жырау болған. Қазақ хандығы дәуірінде мемлекет мүддесін жоғары ұстанған ақын, елінің бірлігін, тұтастығын жырлаған.

Жыраулар – Қазақ хандығы мемлекетіндегі қазақ халқының әрбір азаматының асыл сапаны иеленуін, сол жақсылықты ұрпақтарға жалғастыруын мұрат тұтқан қайраткерлер. Жеке адам­­­дардың қасиеттері арқылы халықтың, оның ұрпақтарының өнегелі тұлға, үлгілі әулет құрай­тын­дығын жыр жолдарында айғақтайды.


Шалкиіз жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ, әлем бір қалыпта тұрмайды, бәрі өткінші деген пікірді уағыздайды. Жырау әрбір адам ақырын жүріп анық басуы тиіс, асқанға бір тосқан болатынын да еске салады.


Жыраулар қазақ халқының ертеңгі болашағы, балалардың да татулықпен, бірлікпен қа­лып­тасып өсуін жырлайды. Жастайынан ауызбіршілікпен, достықпен қалыптасып өскен жас ұрпақтың халқын баянды бақытқа жеткізгені – тарихта дәлелденген ақиқат.


Ақтамбердінің қазақтың жаңа жас буынына арналған тәрбиелік өсиетінің осындай тағылымды жақтары бүгінгі Қазақ елінің өскін ұрпақтарына үлгі-өнеге болмақ.


«Балаларға өсиет:


Қылмаңыздар кепиет,


Бірлігіңнен айрылма,


Бірлікте бар қасиет.


Татулық болар береке,


Қылмасын жұрт келеке», дейді ақылман Ақтамберді.


Ақтамбердінің жырлап кеткен өсиет сөздері бүгінгі таңда өзіндік құндылығымен ерекшелене түседі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ елі үшін бірлігін сақтауға, мемлекеттілігінің тұтастығын қамтамасыз етуге жыраулар поэзиясының беретін тәлім-тәрбиелік жақтары ұшан теңіз.


Жыраулар – Қазақ хандығы халқымыздың барлық жастағы адамдарының асыл, саналы қасиет­ті болуын мұрат еткен нағыз тәрбиешілер. Жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнеріндегі шынайы ұлттық сипаттың негізгі көркемдік іргетасы. Сондықтан, халықтық тәрбие дәстүрін жырау­лар поэзиясы арқылы тереңдете ұғындыру – өмір талабынан туын­даған мәселе.




Қорыта айтқанда, Қазақ хан­­­­дығы дәуірінде жыраулар поэзиясының басты тақырыбы – халықтың топтасқандығы мен бірлігі және әскери күш-қуа­тын нығайту мәселелері бол­ды. Сондай-ақ, жыраулар шығар­маларында әміршіге тіке­лей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толға­ныстар да, ізгілік пен зұлымдық, жақсы мен жаман, достық пен дұшпандық туралы толғаулар молынан. Жыраулар өз туындыларын, толғауларын кейінгі ұрпақтарына мәңгілік мұра етіп қалдыру жолында көркемдігі жоғары поэзия тілімен, таптыр­мас теңеулер, жарқын метафоралар, синтаксистік жә­не психологиялық параллель­дер арқылы баяндаған. Бұл туындылардың Тәуелсіз Қазақ­станның өркендеп дамуына тигізетін ықпалы орасан зор деп білеміз

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет