Жүктілік кезіндегі жатырдағы өзгерістері. Жүктілік кезіндегі сүт безі мен дене салмағы Жүктілік кезінде жыныс жүйесінде, әсіресе жатырда айқын өзгерістер болады. Жүкті емес кезде жатырдың салмағы 70 гр, жатыр қуысының көлемі 10 мл.
Жүктілік кезінде жатыр ұлғаяды және ұрық, плацента мен қағанақ суын сыйдыруға қабілетті болады. Жүктілік соңында жатыр қуысының көлемі шамамен 5 л құрайды, кейде тіпті 20 л дейін жетіп, одан да артық болуы мүмкін , себебі жүктіліктің соңында жатыр сыйымдылығы 500-1000 есе ұлғаяды және жатырдың салмағы 1100 г жетеді.
Жатырдың ұлғаюы бұлшықет элементтерінің гипертрофиясына , созылуына байланысты болады. Жаңа бұлшықет жасушаларының пайда болуы шектеледі. Біріңғай салалы бұлшықеттің өзгерістерімен бірге, дәнекер тінінің гиперплазиясы болады, олар бұлшықет жасушаларын қорғап, жатырдың торлы – талшықты негізін құрайды. Соның нәтижесінде, жатыр жүктілікке тән қозғыштық және жиырылғыштық қасиетке ие болады. Жатыр жиырылған кезде жиырылу белсенділігі дәнекер тініне де беріледі. Жатырдың бұлшықет талшықтарының мөлшері артып, фиброзды тіннің саны мен жатырдың сыртқы бұлшықетінің саны артады. Эластикалық талшықтардың саны да өсіп, осының барлығы жатыр қабырғасының жүктілікке сай күшті болуына негіз болады.
Жүктілік дамыған сайын жатырдың тамырлары да айқын өзгерістерге ұшырайды. Жатырдың артериалдық және көктамырлық торлары кеңейеді және жүктілікке байланысты жаңа тамырлардың пайда болуына байланысты ұлғаяды. Плацентарлық ауданды дренаждайтын көктамырлар үлкен көктамырлық синустарға айналады.
Жүйке жүйесінде болатын өзгерістер. Ұрықтан анаға берілетін сигналдарды қабылдау және тасымалдау қызметін атқаратын әртүрлі(баро-, хемо-, механо-) рецепторлар саны артады.
Жүктіліктің алғашқы айларында жатырдың қабырғасы қалыңдайды, бірақ жүктілік мерзімі ұлғайған сайын жатыр қабырғасы ұлғаяды. Жүктілік соңында жатыр қабырғасының қалыңдығы 1,5 см дейін болады. Жатыр өскен сайын резистенттілігін жоғалтады және жұмсақ қабырғалы жұқа бұлшықетті қапшыққа айналады. Осының дәлелі ретінде ұрықты және оның бөліктерін оңай пальпациялау мүмкін болады. Жатырдың ұлғаюы симметриялы емес, жатыр түбінде айқын байқалады. Жатыр түтіктері мен аналық безі жүктіліктің ерте кезеңінде жатыр түбі ұшынан сәл төмен орналасады, ал жүктіліктің соңғы айларында олар жатырдың ортасына бекиді.
Жүктілік процесінде жатырдың пішіні мен орналасуы өзгереді. Алғашқы апталарда жатыр өзіне тән алмұрт тәрізді пішінде болады. Екінші айдың соңында жатыр өлшемдері 3 есеге ұлғаяды. 12 аптаның соңында жатыр түбі кіші жамбас кіреберісі деңгейінде болады. Жатырдың көлемі өсіп, кіші жамбастың шекарасынан шыққаннан кейін , жатыр оңға ротацияланады, ол жамбастың сол жақ жартысында сигма тәрізді ішектің орналасу ерекшеліктеріне байланысты. Жүктіліктің III триместрінде жатыр овальді пішінді (жұмыртқа тәрізді) болады.
Жүктіліктің I триместрінен бастап, жатырдың ретсіз жиырылуы пайда болады, I триместрде жатырдың жиырылуының ерекшелігі – ауырсынусыз жиырылуы.
II триместрде бұл жиырылуларды жатырды пальпациялау кезінде анықтауға болады. II триместрде жатырдың жиырылуының ерекшелігі – кездейсоқ пайда болады, ырғақсыз, қарқындылығы 5-25 мм с.б. тең. Босану алдындағы соңғы 1-2 аптада мұндай жатырлық жиырулар жиі қайталанады. Ұрықтанудан бір ай өткен соң жатыр мойны жұмсарады. Жүктілік кезінде жатыр мойнында коллагенге бай дәнекер тіні көбейеді. Жүктіліктің соңында жатыр мойнының механикалық күші 12 есеге азаяды.
Цервикальді бездер айқын пролиферацияға ұщырап , жатыр мойны салмағының ½ жуығын алады. Ұрықтанғаннан кейін жатыр мойны каналы кілегейлі тығын деп аталатын , өте тұтқыр қою кілегеймен толады.
Жүктілік кезінде жатыр түтіктерінің аздаған бұлшықеттік гипертрофиясы болады. Жатырдың өсуіне байланысты жатыр түтіктерінің топографиясы өзгереді.
Жүктілік кезінде қынаптың және сыртқы жыныс мүшелерінің жоғары гиперемиясы және васкуляризациясы болады. Қынап қабырғасы ұрықтың өтуіне ыңғайлы болып қалыптасады, жеңіл , созылғыш болады. Қынаптың және сыртқы жыныс мүшелерінің кілегейлі қабаты қалыңдайды, көгереді. Сыртқы жыныс мүшелері жүктілік кезінде болбырайды, қынап кіреберісінің кілегей қабаты да көгереді.
Жүкті әйелдің дене салмағы: Жүкті әйелдің дене салмағының артуы жатыр және оның құрамының өсуіне, сүт бездерінің ұлғаюына , АҚҚ артуына , жасушадан тыс сұйықтықтың жиналуына байланысты болады. Дене салмағы жүктіліктің екінші жартысында қарқынды жоғарлайды, апта сайын 250-300 г салмақ қосады. Жүктілік барысында әйелдің дене салмағы бір ұрықты жүктілік кезінде 12-13 кг-ға, ал көп ұрықты жүктілікте 18-22 кг-ға артады. Жүктілік кезіндегі сүт безіндегі өзгерістер Жүктілік пайда болып, дамығаннан бастап сүт безі тіні прогестерон , эстроген , плацентарлық лактоген және пролактин әсерінен лактацияға дайындығын бастайды. Қанмен қамтамасыз етілуі артады, гормаональді өзгерістер әсерінен сүт безінің шығару өзектері мен ацинустарындағы эпителииінде белсенді пролиферация процесі жүреді, гиперплазия , гипертрофия салдарынан сүт бездерінің бөліктері көбейеді. Жүктіліктің екінші жартысынан сүт бездерінің сүтті секрециялауға дайындығы басталады. Емізіктерін басқанда уыз бөлінеді.