адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсу және онда барынша тез бейімделу және жұмыс істеу қабілеті.
Хат
-
бұл графикалық түрде ой білдіруді қамтамасыз ететін сөйлеу қызметінің нәтижелі түрі.
Белгілеулер мен қысқартулар
КІРІСПЕ Зерттеудің өзектілігі. Соңғы кездері Қазақстандық білім беру саласына жаңашылдықтар енгізілуде. Мұндағы басты мақсат – оқушыларды біліммен қаруландырып, олардың жалпы оқу білігі мен дағдыcын, құзыреттіліктерін қалыптастырып қою ғана емес, оқушы тұлғасының жан-жақты, үйлесімді дамуы үшін қолайлы жағдай туғызу. Қазіргі жылдам дамып отырған дүние жағдайларында оқу әрекетіне белсенді қатысатын, өздігінен жасампаздықпен ойлай алатын және өз ойын шығармашылықпен жеткізіп, шебер қарым-қатынас жасай білетін, алған білімін өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана алатын сауатты тұлға қалыптасуы тиіс. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші екендігіне, әлемдік білім саласының дамуы көшінен қалмай ілгерілеудің қажеттілігіне, ал сол көшке ілесе алмау мемлекет үшін үлкен сын болатындығына назар аударады [1]. Осы стратегиялық тұжырымдар республикамыздың мектептеріне енгізілген «Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» [2] мен бағдарламаларының, оның ішінде «Бастауыш білім беру деңгейінің 2-4-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен үлгілік оқу бағдарламасының» [3] негізі болып табылады.
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуына қолайлы білім беру кеңістігін жасауды мүмкін ететін кең ауқымды дағдылар негіздері көрсетілген:
1) білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдана білу;
2) сын тұрғысынан ойлау;
3) зерттеу жұмыстарын жүргізе білу;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана білу;
5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды меңгеру;
6) топпен және жеке жұмыс істеу дағдылары [2,3].
Осы кең ауқымды дағдылардың ішінде коммуникацияның түрлі тәсілдерін, оның ішінде сөйлеу әрекеті түрлерін дамыту арқылы оқушылардың қатысымдық дағдысын мақсатты түрде қалыптастыру талап етіледі.
«Бастауыш мектепте «Қазақ тілі» пәнін оқыту мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды дамыту арқылы тіл туралы бастапқы білімді меңгерту және оны тілдік нормаларды сақтай отырып, оқу әрекеті мен күнделікті өмірде қолдану»[3,1] деп көрсетілген. Демек оқушының алған білім, біліктерін өмір жағдайларында қолдана алуға мүмкіндік беретін түйінді дағдыларды – тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылымды дамыту – қазіргі бастауыш білім берудегі негізгі өзекті мәселелердің бірі.
Мәселенің ғылымда қарастырылу деңгейі. Адамдардың бір-бірімен ізгілікті қарым-қатынасы, айтатын ойын нақты фактілермен, ұтқыр сөзбен жеткізе білу, тыңдағанынан ой түю мәселесі ерте замандардан бері адамзат баласының алдында тұрған міндеттердің бастысы, тұлға қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі болған және оған барлық тарихи кезеңдерде философтар, психологтар, педагогтар, сондай-ақ басқа да сала ғалымдары үлес қосқан.
Функционалды сауаттылықты ғылыми түрде зерттеу классикалық ұлы ғұламаларымыз әл-Фараби [4], А.Яссауи [5] Ж.Баласағұн [6], Х.Дулати [7], М.Қашқари [8], А.Құнанбаев [9] адамның өзін-өзі тануы және нені білгісі келетінін ұғынуы, әрбір ісіне қорытынды жасап, өкінбей өмір сүру үшін жасайтын ой әрекеті тұрғысынан қарастырылғандығы анықталды.
Ы.Алтынсарин [10], А.Байтұрсынов [11], М.Жұмабаев [12], М.Дулатов [13],Ж.Аймауытов[14] функционалды сауаттылықты қалыптастыру мәселесін арнайы қарастырмаса да, өз еңбектерінде сөйлеу әрекеті біліктіліктерін қалыптастырудың педагогикалық және психологиялық аспектілеріне тоқталған.
Сөйлеу әрекеті түрлерінің (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) лингвистикалық негізін, тыңдалым әрекетінің фонетикалық ерекшеліктерін, сөз бен сөйлемнің мағыналық жақтарын ғалымдар Е.И.Пассов [15], С.К.Фоломкина [16], Н.В.Бассова [17], Т.М.Никитина [18], Қ.Жұбанов [19], Ф.Оразбаева [20], А.А.Маргарян [21], Е.Ю.Юрьева [22], А.Д.Швейцер [23], Е.Б. Шубин [24], С.Н.Бернштейн [25], К.Жақсылықова [26] өз еңбектеріне арқау еткен.
Қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік қатынас мәселесінің ғылыми теориялық негізін жасаған профессор Ф.Оразбаева [20].
Дегенмен, жоғарыда зерделенген ғылыми еңбектерде бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу әрекетін дамыту арқылы функционалды сауаттылығын қалыптастыру мәселесінің арнайы қарастырылмағанын және арнайы зерттеу нысанына алынбағандығын көрсетті. Бұл біз зерттеп отырған мәселенің ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыда әлі де болса жеткілікті дәрежеде шешімін таппай отырғандығын дәлелдейді.
Бұл жағдай:
- қазіргі қоғамның өз әрекетін қайта ой елегінен өткізіп, қорытындылар жасай алатын азаматтарға деген сұранысы мен ондай тұлғаны баланың жас кезінен бастап қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық және әдістемелік негіздерінің жасалмауы арасындағы;
- қазіргі ұйымдастырылған педагогикалық жағдайда сөйлеу әрекетін дамыту арқылы бастауыш сынып оқушыларының функционалды сауаттылығын қалыптастыру қажеттілігі мен осы міндетті шешу үшін ғылыми негізделген және практикалық қатынас құрудың жеткіліксіздігі арасындағы қарама-қайшылықтар бар екенін көрсетті. Аталған қарама-қайшылықтардың шешімін іздестіру зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Сөйлеу әрекетін дамыту арқылы бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» деп таңдауымызға негіз болды.