Stud.kz – қазақ тілінде жазылған жұмыстар саны және сапасы бойынша біздің қор №1 болып табылады
Жұмбақтың түрлері Ғылыми жоба
Жұмбақ және оның түрлері
Мазмұны
I. Кіріспе ----------------------------------------------------------------------- 3 бет
II. Жұмбақ - ой ұшқырлығына баулитын жанр -------------------- 4 бет
III. Жұмбақтың түрлері ---------------------------------------------------- 5 - 8 бет
IV. Бүгінгі таңдағы ақын - жазушылардың жұмбақтары -------- 9 - 14 бет
V. Жұмбақтың тәрбиелік мәні ----------------------------------------- 15 бет
VI. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ------------------------------- 16 бет
Кіріспе
Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Жұмбақтардың асылдық қасиеті, оның дүниеге келуі сонау ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі күшейіп мән - мағынасының артып отырғандығында.
Жұмбақтар халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатады. Жаңылтпаштар, мақал - мәтелдер, т. б. сияқты ұсақ жанрлар деп аталғанымен, жұмбақтар - халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы.
Жұмбақтар жас ұрпақты тәрбиелеумен қатар, олардың бойына өз халқының игілігін дарытып, ана тілінде ойлау және мәдениетті сөйлеуіне, сауатты жазу дағдыларына барынша мол әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жұмбақтарды пайдалану оқушыларды қызықтырады, дұрыс сөйлеуге үйретеді, логикалық ойын жетілдіреді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі;
Қазіргі замандағы жан - жақты тілдік тәрбиенің маңыздылығы. Осы орайда жұмбақтар пайымдау мен ой - пікірдің тобықтай түйіні, тамаша қорытындысы болып табылатын ұшқыр да ұтқыр сөз ретінде көзге түседі. Осы жағынан алып қарағанда, жұмбақтар тілші, әдебиетші ғалымдардың ғылыми еңбектерінде қарастырылып, сөз өнері, халық ауыз әдебиеті үлгісі есебінде жан - жақты зерттеуді қажет етеді.
Тақырыпты зерттеу әдістері;
Тақырыпты зерттеу барысында халық ауыз әдебиеттерінің мол мұрасын саралау, олардың мән - мағынасына, құрылымына және топтастырылуына аса назар аударылды. Ертеден келе жатқан жұмбақтар үлгісі мен қазіргі таңдағы ақын - жазушылардың жұмбақтары арасындағы ортақ мақсат - міндеттерді айқындай отырып, жұмбақ түрлерін жүйелеу, топтастыру әдістері жүргізілді. Әдебиетші ғалымдардың ғылыми еңбектері де қарастырылды.
Тақырыптың мақсат - міндеттері;
1) Жұмбақтардың мән - мағынасын ашу;
2) Жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың асыл мұрасының тигізер әсерін және қазіргі заманда жұмбақтардың қолдану аясына нықтау.
3) Қазақ жұмбақтарының құрылысы, айтылуы мен мазмұны жағынан және түрлеріне топтастыру.
Жұмбақ – адамның ой - өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Ол халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрі және барлық жұрттың фольклорына ортақ дүние саналады. Жұмбақ – халық шығармаларының ең ескі түрінің бірі және барлық жұрттың фольклорының ортақ түрі. Әуелгі туысы арғы, ерте заманда болғанымен, жұмбақ бертін келе, тіпті бүгінгі біздің дәуірімізде де өз керекті қасиетін жойған жоқ.
Қай кезде алсақ та жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы болған. Жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және басқа халықтарда да әлі күнге тыңнан туып, молайып дамып келеді Олай болса халықтың жұмбақ секілді фольклор қорын жинап басып, тексеріп тану ғылымдық зор міндет болады.
Алғашқы кезде адам баласына дүниедегі заттардың, құбылыстардың барлығы, олардың сыры, неден жасалатындығы мәлім болмаған, жұмбақ болған. Бірақ адам баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан. Ол үшін айналаны қоршаған жаратылысты, еңбек, кәсіп құралын, әр түрлі хайуанаттар жайын, бір затты екінші бір бейтаныс затқа салыстыра отырып, ұқсас белгілеріне қарап неден шыққанын қандай зат екенін анықтаған. Жұмбақтардың алғаш үлгілері осылай шыққан , - дейді Мәлік Ғабдуллин.
Ғалымдар жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес деп есептейді. Бағзы дәуірде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтағандықтан, өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Кейін жұмбақ табу мен тыйым сөздерден бөлініп шыққан.
Қазақ жұмбақтарының алғаш жиналып, баспа бетіне түсуі XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. 1842 жылы Татар хрестоматиясын құрастырып бастырған. М. Иванов оған қазақ жұмбақтарында енгізген.
Жалпы алғанда, жұмбақ – адамның дүниетану жолындағы ой - өрісін, қиялының белгілі бір сатысын көрсететін ұшқыр ойдың бір түрі. Жұмбақты шешу адамның зеректігін, ақыл - парасатын, білімін байқатады.
Жалпы алғанда, жұмбақ – адамның дүниетану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді , - дейді Мұхтар Әуезов. Өйткені, жұмбақ өзге фольклорға қарағанда бітімі бөлек, ерекше затты деректі сөз. Сол деректілікке сүйенетіндіктен жұмбақ әр заттың жағдай, бөлім - бөлшектеріне көбірек көз салады. Дүниетану жолдарын еңбегіне байланыстырып, осыдан барып қорытынды жасайтын халық, көп жұмбақты нәрселердің неден пайда болғандығын айтуға арнайды. Ал бұның өзі адам танымын тереңдетіп, ұрпақты ұлағатты, зерделі етіп тәрбиелейді.
Жұмбақ жанырына тән ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп – жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбіне қысқа, жинақы келеді.
Қазақ жалпы жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т. б. данагөй, қадірменді адамдар бір - біріне жұмбақ жолдап, ақыл - ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Осы жұмбақтардың қай - қайсысы болса да халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесіне негізделіп, оның тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық дәстүрімен тығыз байланысты туып, дамып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып отырған.
Жұмбақпен толғап жыр айту Асанқайғы, Бұқар жырау, Базар жырау, Шортанбай, Әубәкір сияқты қазақ ақындарының жырында, Сырым, Төле би, Жиренше, т. б шешендік сөздерінде жиі кездеседі. Шешендік сөзге құрылған жұмбақтардағы ақыл - парасат, тапқырлық, терең логика жазу - сызу болмады, сауатсыз еді деп күстәналап келген халқымыздың асқан даналығының көрінісіндей көзге ұрады.
Қазақ жұмбақтарын өзінің құрылысы, айтылуы, мазмұны жағынан іріктеп алғанда, негізінен жеті түрге бөлінеді.