Білім беру ұйымдарын басқарушылардың құзыреттіліктері
Басқарушылар құзыреттіліктерін қалыптастырудағы жобалаудың орны
Жобаларды басқарушыларды арнайы жобалау зертханасында дайындаудың маңызы
15-дәріс. Жобалау зертханасын ұйымдастыру мазмұны.
15.1. Жобалау зертханасын ұйымдастыру мазмұны Жобалау зертханасының мазмұндық және технологиялық құрылымы жобалауды екі тұрғыдан қамтиды. Біріншісі, зертхана негізінде жобалауды білім беру ұйымдарын дамытудың инновациялық түрі ретінде ендірудің мазмұнын түсіндіру. Екіншісі, зертхана жұмысының әдістемесін толық бере отырып, білім берудің құзыреттілік нәтижелерін қалыптастыру технологиясын сипаттау.
Білім беру ұйымдарында жоба жетекшілерін дайындауға бағытталған жобалау зертханаларын ұйымдастыру үшін қызмет етіп тұрған құрылымға матрицалық негізде арнайы оқу зертханалары, шығармашылық топтар, т.б. қызметтер ендіріледі. Оны жүргізуге кәсіби маманданған психолог – педагогтар, арнайы шақырылған жобалау кеңесшілері, жоғары оқу орындары ғалымдары мен зерттеушілер тартылуы мүмкін. Жобалау мақсатына орай тьютор–әдіскер, кеңесші, менеджерлер, оқу бағдарламалары жетекшілері, тренерлер – семинарлар жетекшілері, т.б. мамандарды даярлауға болады. Шағын ұйымдарда арнайы дйындалған тьютордың өзі менеджер, әдіскер - кеңесші ретінде педагогтарды оқытуды жобалау, жоспарлау, жүзеге асыру және тиімділігін бағалау қызметтеріне жетекшілік жасай алады.
Жобалау зертханасын ұйымдастырудың қысқаша негіздемесі. Жобалауды ұйымдастыра білу инновациялық өзгерістер жағдайында педагогтар мен басқарушылардың кәсіби әрекеттерінің маңызды бөлігіне айналуда. Білім берудегі жобалаудың педагогикалық әрекеттерді сапалы және түбегейлі өзгертуге, педагогтар мен білім алушылардың тың идеялар мен жаңа іске ынталануына, жаңа жобаларды белсенділікпен жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні оны тәжірибеге енгізу қажеттігін алға қойып отыр. Педагогтар мен басқарушылардың, білім алушылардың жобалар жасауға қатысуы оларды ізденіске, өздерінің зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, білім беру мазмұны мен әдістемелерін жаңартуға ықпал етеді.
Инновациялық үрдістерді ендірудегі проблемалар педагогтар мен басқарушылардың әрекеттік құзыреттілігін дамыту қажеттігіне байланысты екені белгілі. Б.Д. Элькониннің айтуынша, кез келген құзыреттіліктің әрекет барысында пайда болатынын, қалыптасатынын және оның адамның әрекетке араласуының өлшемі екенін ескерсек, жобалаудың адамды дамыту әрекеті ретінде бүгінгі білім беруде маңыздылығы орасан зор деуге болады. Сондықтан, педагогтардың жобалауға тікелей қатысуы педагогикалық әрекеттің мазмұны мен түріне жаңалықтар әкеледі.
Білім беру үрдісінің дәстүрлі түрдегі білім мен ақпаратты меңгерту мазмұны мен жаңа талаптарға сай субъектілердің белсенді әрекетін ұйымдастыру тәжірибесі арқылы білім беру мазмұны арасындағы айырмашылықтар айқындала бастады. Соған орай, педагогикалық теориялар мен тәжірибеде олардың бірінен екіншісіне өту қажеттігі мен оны жүзеге асыру жолдары көптеп қарастырылуда. Жобалау әрекет барысында пайда болатындықтан, оны дайын күйінде қолдану мүмкін емес және жобалау алгоритмін меңгерген педагогтар оны білім беруде өзіндік идея мен технология ретінде, анықталған кезеңдерге сай орындалады.
Оқу зертханасын ұйымдастыру мақсаты: жоба жетекшілерінің құзыреттілігін дамытудың мазмұны мен әдістемесін құрастырып, тәжірибелік сынақтан өткізу.