ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы философия ғылымдырының кандидаты Сандықбаева Ө.Д. аға оқытушы Мажиқызы Н. аға оқытушы Арыстанбекова Қ.Д. Қазақстан тарихы пәнін оқытудың кейбір мәселелері Егеменді ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы – жастарға жалпы адамзаттық және ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Еліміздің егемендігі жүзеге асып, қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру басталған кезде ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Ұлттық менталитетімізді қалпына келтіріп нығайту және өркениетті елдер қауымдастығының ортасынан орын алу-ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуымыздың басты алғы шарттарының бірі. Сондықтан рухани мәдениетіміздің тарихына айрықша назар аударуымыз қажет.
Қазақ ұлтының кіндік қаны тамған Еуразия жүрегінде орналасқан кезден бастап ұлан-ғайыр жері бар Қазақ елі, дүниежүзілік тарихта өзінің оң істерін қалдырып келеді. Соған орай тарих оқу пәні ретінде жалпы негізгі білім беретін барлық гуманитарлық және қоғамтанушылық курстардың негізін құрайды. Тарих - ол ұлттық сана-сезімді және адамгершілік-этикалық нормаларды қалыптастыра отырып, оқытудың дүниетанымдық негізін қалыптастыратын құрал. Ал тарихты оқыту әдістемесінің даму бағыттары бойынша Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алып, Жаңа даму жолына түсуіне байланысты оның халықаралық және ішкі қоғамдық-саяси жағдайларына қарай үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 1,2 баптарында былай деп көрсетілген «Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде нақтыланып өзінің ең баға жетпес қымбат қазынасы адам және адамның өмірі оның құқықтары мен бостандықтары екенін ашық айтып отыр. [1.4б].
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жариялап отырған Қазақстан халқына арналған Жолдауларында міндетті түрде Тәуелсіздіктің тарихын тілге тиек етіп отыратыны бәрімізге аян. Елбасы өзінің 2015 жылғы 30 қарашадағы жолдауын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын ескере отырып бастады. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміз талай тығырықтардан шығып келеді. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасқанын ерекше ынтамен атап өтті. Шынымен де біздің еліміздің тарихында қазіргі жағдай мәңгі есте қаларлық заман болып отыр. Өйткені Қазақстанның бүгінгі экономикалық жағдайы елімізді әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына кіргізетін жағдайға әкеле жатыр. Осыған байланысты жалпы білім беруде және Қазақстанның тарихын саралап оқытуда да пәннің орны ерекше болып отыр. Қазіргі кезде тарихи үдеріске өзіндік өзгерістер әкелген оқиғаларға байланысты жаңа көзқарастар пайда болып оны оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері қалыптаса бастады. Әлемдік білім кеңістігінен орын алу үшін міндеттті түрде саналы да жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені өзінің жерінің, елінің, халықтарының тарихын жақсы білмеген жастардан болашақ қоғамның белсенді мүшелерін және Отан үшін бар күш жігерін сарқа жұмсайтын жан-жақты білімді азаматтарды тәрбиелеп шыға алмасымыз ақиқат. Бұл жағдай бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды ұлттық тарих жылы деп жариялағанын айтып кетсек «Бұл-тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихи жолын ой елегінен өткізіп, «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Ертен кім боламыз?» деген төңіректе ойлансын деген сөз. Бұл -...туған елінің, туған халқының тарихы ешкімненде олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл – әрбір азамат өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөзі» еді. [2.12б]. Яғни Ұлттық тарихты қазіргі ұрпақтың санасына сіңіріп, талапқа сай жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы оқыту әрбір ұстаздың борышы деп білеміз. Қазіргі кездегі оқу орындарындағы тарих пәнін оқытудың негізгі мәселелерінің бірі жастардың білімді өз бетінше игеруі болып табылады. Соған сәйкес оқытушының басты міндеті – білімнің жаңа мазмұнынан туындайтын дәрістің маңызды ерекшеліктерін анықтап дәрістің үлгісін құру және пәнді жетілдірудің жолдарын тауып, оның сапасын арттыру. Ол үшін тыңдаушыдардың әрқайсысы тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан баға беріп, олардың сабақтастық байланысын түсінуіне жағдай жасалу қажет.
Жастарға инновациялық өркениет пен жаһандану үрдісінің талабына сай білім беру, сол ағымда тәрбиелеу-республикамыздың жоғарғы оқу жүйесіндегі ең өзекті міндеттеріне айналуда. Ол жастар ортасындағы ұлттық сананың қалыптасу үрдісінің ерекшеліктерін анықтауға септігін тигізері анық. Қазақстанның қазіргі халықаралық жағдайы, оның дүниежүзілік қауымдастықтағы белгілі мемлекеттердің қатарына қосылуы, дүние жүзінің көптеген елдерімен түрлі салада байланыс жасауы да оның әрбір азаматына өз елінің тарихын жақсы білуді қажет етеді. Жастар белсенділігінің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары мен жастар саясаты және оның мәдени бетбұрыстары жайлы айта келе, қазіргі кездегі жастардың белсенділігінің әлеуметтік-мәдени құндылықтық негіздеріне тұжырымдама жасаймыз. Қазіргі жастардың құндылықтық бағдары Қазақстан Республикасының әлеуметтік және мәдени саясатындағы маңызды тақырыптарының біріне айналып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздігіміздің бес жылы» деген еңбегінде кеңестік дәуірдегі жағдайды баяндай келе, халықтың қазіргі кездегі рухани-құндылықтық дағдарысына ұшырағандығын айтады [3.144-145бб]. Ал қоғамдық қарым-қатынастардың, ұлттық мәдениеттің бағыт-бағдары үшін Қазақстан жастарының әлеуметтік-құндылықтық түсінігін қалыптастырудың орны ерекше. Осыған орай, біздің де алға қойып отырған мақсатымыз осы үрдіске аз да болса өз үлесімізді қосу, азаматтық міндетті атқару, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді орындау.
Тарих пәнін оқыту, ұлттық идеолгиямен сусынданған азаматтар тәрбиелеу, ашық қоғам орнатуға атсалысатын патриот болуға ықпал ету үшін қаншама шығармашылық ізденіс қажет. Өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, мәдениеті жан-жақты жетілген тұлғаны дайындау үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осыған байланысты Қазақстан тарихын оқытудағы жаңа міндеттер белгіленуі қажет деп ойлаймын. Ол үшін біріңғай Қазақстан тарихы пәнінің бағдарламасы жасалып бекітілуі керек. Жәнеде лайықты білім беру үшін ең алғаш ол сапалы оқулықтар қорымен қамтамасыз ету және білім дәрежесін көтеріп отыратын педогогикалық инновация қажет. Сонымен бірге сабақтың түрі жаңа заман талабына сай өзгеріп жаңартып инновациялық әдісте бір пәнде бірнеше әдіс-тәсілдерді ұштастыра қолданып дәрісті мәнді де, қызықты өткізу арқылы болашақ ұрпаққа әсері мол ерекше тәжірибе жинақтауына үлкен мүмкіндіктер болар еді. Инновациялық әдісті ұтымды қолдана білу тек дәрістің ғана емес, тұтастай пәннің сапасын, маңызын, ғылым саласы ретіндегі мәнін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Қазіргі кездегі компьютер заманының дамыған уақытында интернет жүйесі және электронды пошта арқылы әлемдегі қоры бай кітапханаларға қол жеткізіп керекті материалдарды алып пайдалануға үлкен жағдайлар туып отыр. Бұл ретте мәселен дәрісті оқыту барысында тыңдаушыларды дәрістен тыс уақыттарда компьютер-проектордың көмегімен тарихи фильмдерден үзінділер көрсету арқылы талқылау, теориялық жағын практикалық сабақтар арқылы шыңдау ол мұражайларға апару, дөңгелек үстелдер немесе басқа да пікірталас жиындарын басқара алатындай дәрежеге жетуге бейімдеу, түрлі ортада, конференцияларда пікірлерін сауатты түрде ауызша және жазбаша білдіре алуға үйретумен қатар тыңдаушының өзінің ізденуі бойынша тест құрастыру арқылы баланың қабілетін шыңдап отыру керек, сонымен бірге қоршаған орта, қоғам және экономикалық мәселелерді сауатты жеткізе білу секілді инновациялық әдістерді өзге тілді аудиторияларда қолдану мақсатында уақытты үнемді әрі орынды жұмсау арқылы пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады.
Осы жағдайлар Қазақстан тарихын алдымен мектепте, сондай-ақ мамандық беретін барлық басқа да оқу орындарында оқытудың ғылыми-әдістемелік жағынан мүлде жаңа деңгейге көтеру зор маңызға ие болып отыр. Осындай жаңа инновациялық технологиялардың мақсаты мен тиімділігін саралайтын болсақ: шығармашылықпен жұмыс істей алатын және оқытудың жаңа технологиясын пайдалана отырып демократиялық білім беру; білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастыру; білім сапасын көтеру; өзін-өзі бағалай білуі және өзгелердің ой-пікірімен санасуға, құрметтеуге баулу; білімді бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеп қалыптастыру екендігін анықтайды.
Қорыта келе айтпағымыз, өткен тарихымызды оқып білмеген ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр болатыны баршаға аян. Осыдан да болар жастармен жас ұстаздарға тарих пәнін оқытуда тарихты оқыту пәнінің пәндік мақсат-міндеті мен пән ретіндегі даму кезеңдерімен, сол кезеңдердегі еліміздің өткен тарихын оқытудағы ақтандақтарын әдейі бұрмалап саясаттандырылған кезеңдердің ара жігін ажырата білу, келешек жас маман оқытушы қауым үшін маңызды мәселе болып қалмақ. Осы жағдайлар мамандық беретін әр пәнді оқыту мақсатында пайдаланылса оқытудың ғылыми-әдістемелік жағынан жаңа деңгейге сапасын көтерудің маңызы зор болар еді. Өйткені, Отан тарихы – оны оқыту әдістемесі-бүкіл жастарға білікті маман болып қалыптасуымен қатар патриоттық тәрбие берудің негізі екені анық.
Тарихты бүгінгі заманның талабына сай оқытудағы басты талап дүние жүзілік дамудағы адамзаттың орны, ол жасаған әлемдік құндылықтардан хабардар, жан-жақты жетілген, өз тарихының өткеніне көз жүгіртетін, қоғамның даму үрдісіне өзінше баға бере алатын, белсенді ұлтжанды, патриот азаматты қалыптастыру болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
ҚР Конституциясы Алматы, «Қазақстан», 1995.
//Егемен Қазақстан-Н.Назарбаев «Қазақстың бүкіл тарихы, тұтастану тарихы». 1998, 18 наурыз.
Назарбаев Н. Тәуелсіздігіміздің бес жылы. Алматы, «Қазақстан», 1996.