Ғылыми және оқу орындарын, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн ұстау тәртiбi Оқушылармен және студенттермен тұрмыстағы өрт қауiпсiздiгi қағидаларымен және өрт шыққан жағдайдағы iс-әрекеттермен танысу сабақтарын ұйымдастыру қажет. Жалпы бiлiм беретiн мектептерде, кәсiптік мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында өрт қауiпсiздiгi қағидаларын зерделеу бойынша нұсқаулық сабақтарын өткiзу қажет.
Зертханаларда тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтарды ауысымдық қажеттiлiктен аспайтын мөлшерде сақтауға рұқсат етiледi. Үй-жайға сұйықтықтар жабық қауiпсiз ыдыста жеткiзiледi.
Егер сорып шығатын шкафта орындалатын операцияларға қатысы жоқ заттар, материалдар мен жабдық болса, сондай-ақ олар жарамсыз және желдеткiш жүйесi iске қосылмаған болса, онда олармен жұмыс iстеуге жол берiлмейдi.
Сорып шығатын шкафтардың тез тұтанатын заттармен жұмыс жүргiзiлетiн ағаш бөлiктерi оттан қорғайтын лакпен сырланады немесе жанбайтын материалдармен боялады.
Қолданылған тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтар жұмыс соңында арнайы жабық ыдысқа жиналып, бұдан әрi пайдаға асырылуы үшiн зертханадан шығарылады.
Тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтарды кәрізге төгуге жол берiлмейдi.
Тез тұтанатын сұйықтықтармен және жанғыш сұйықтықтармен жұмыс жүргiзiлген ыдыстар тәжiрибеден кейiн өртке қауiпсiз ерiтiндiлермен жуылады.
Сыныптарда, кабинеттерде, шеберханаларда, жатын бөлмелерде, асханалар мен басқа да бөлмелерде жиһаздар мен жабдықты орналастыру кезiнде адамдарды кедергiсiз эвакуациялау және өрт сөндiру құралдарын алуы қамтамасыз етiледi.
Оқу сыныптары мен кабинеттерiнде шкафтарда, сөрелерде немесе тұрақты орнатылған тiреулерде сақталуы тиiс оқу процесін қамтамасыз етуге қажеттi жиһаздар, аспаптар, үлгiлер, керек-жарақтар, құралдар ғана орналастырылады.
Оқу сыныптары мен кабинеттерiндегi парталар (үстелдер) саны жобада белгiленген саннан аспауы тиiс.
Сабақтар аяқталғаннан кейiн кабинеттердегi, зертханалардағы және шеберханалардағы өрт, жарылыс және өрт қауіпті барлық заттар мен материалдар жеке үй-жайларда орналастырылған жанбайтын шкафтарға (жәшiктерге) қойылады.
Жұмыс аяқталғаннан кейiн үздiксiз жұмыс iстейтiн аппараттар мен электр құралдарынан басқа, қолданыстағы электр тұтынушыларды сөндіріп, барлық үй-жайларға тексерiс жүргiзiледi.