II Негізгі бөлім
2.1. Шошқаның африкалық обасы
Шошқаның африка обасы (лат. Pestis africana suum), африкалық лихорадка, батыс-африкалық оба, Монтгомери ауруы — токсикоз, дененің қызынуы, лимфоидтық ағзалардың өліеттеніп, әртүрлі ағзалардың қанталауы арқылы ерекшеленетін, жіті өтетін, үнемі дерлік өліммен аяқталатын аса жұғымтал ауру.
1-сурет. Шошқаның африка обасы
Тарихи деректер
Шошқаның бұл ауруының клиникалық белгілерін алғаш рет Оңтүстік Африкада Хутчен (1903 жыл) сипаттады, ал Тейлор (1905 жыл) оны эксперименттік жолмен жұқтыруға болатындығын дәлелдеді. Мартгомери 1911-1921 жылдары жан-жақты зерттеулер жүргізіп, ауруды вирус қоздыратындығын, үй шошқасына жасырын вирус алып жүретін жабайы шошқадан жұғатындығын анықтады. Сондықтан, кейінгі уақытта ауру осы зерттеушісінің атымен атала бастады. 1957 жылға дейін бұл індет Африканың экватордан төмен орналасқан елдерде ғана байқалады. Кейіннен ауру басқа құрлықтарға да тарап, қазіргі уақытта Португалия, Испания, Орталық және Оңтүстік Американың шошқа шаруашылығы дамыған бірқатар елдерінде тұрақты орын алды.
Қоздырушысы - лат. African swinefeverirus - құрамында ДНҚ бар Iridoviridae тұқымдастығына жататын вирус. Вирионды иксаэдр пішінді, торшаның цитоплазмасында орналасады. Репродукциясы макрофагтарда өтеді де, ең жоғарғы шоғырлануды эритроциттерде байқалады. Сыртқы ортада аса төзімді, шошқа қорасында 3, топырақта - 4, өлекседе - 2,5 ай сақталады, бұлшық етте, сүрленген шошқа етінде 6 айға дейін тіршілігін жоймайды.
Індеттік ерекшеліктері
Африкалық обамен тек қана шошқа ауырады. Әсіресе, үй шошқасы және еуропалық жабайы қабан өте сезімтал, ал африкалық жабайы шошқалар біршама төзімді келеді де, ауру оларда жасырын симптомсыз өтіп, денесіндегі вирусты тек қана үй шошқасына биосынама қойып айқындауға болады.
2-сурет. Шошқаның африка обасы
Ауру қоздырушысының бастауы - ауру және ауырып жазылған шошқалар. Соңғылары 2 жыл одан артық уақыт вирус алып жүреді. Шошқаның денесінен вирус барлық секреттер мен экскреттер арқылы бөлінеді. Сыртқы ортадағы заттар: құрал-жабдықтар, көлік, жем, су, көң, топырақ, т.б. аурудың жұғу факторы болады. Вирус денеге негізінен алиментарлық жолмен, сонымен қатар, ауамен, зақымданған тері арқылы және денесінде вирус бар кене шаққанда жұғады. Ең қауіпті берілу факторына ауырған шошқаны сойғанда алынған өнімдер, тағам қалдықтары жатады. Адам және бұл ауруға бейім емес жануарлар, құстар, кемірушілер және жәндіктер вирустың механикалық тасымалдаушылары болуы мүмкін. Африка обасы кең тараған аймақтарда вирустың қорламасы және тасымалдаушысы 10-12 жыл шамасы өмір сүретін аргас кенелері болып табылады.
Өтуі мен симптомдары
Жасырын кезеңі 2-22 күн. Аса жіті, жіті, жітіден төмен және созылмалы өтеді. Аса жіті өткенде, дененің ыстығы кенеттен 40,5° - 42,5°С-қа көтеріледі. Жануар ентігіп, жөтеледі, жемге қарамайды, шөлдейді. 1-2 күн өткенде ыстығы төмендейді. Артқы аяқтары салдана бастайды. Ыстығы басылғаннан соң 2-3 күн өткенде аурыған шошқа өледі.
Жіті өткенде дененің ыстығы үнемі жоғары болып, тек өлерден 2-3 сағат бұрын 37-35°С-қа төмендейді. Ауырған шошқаның танауы мен көзінен қоймалжың сора ағып, кейде танауынан қан кетеді. Өкпенің қабынған белгілері байқалады. Терісі, әсіресе, құлақта талпақ танауында, кеудесінде, төсінде, құрсақ тұсында, құйрығында көкшіл түске енеді. Аурудың соңғы кезеңінде бұл жерлері қанталайды. Өлерінен 1-2 күн бұрын кей жануарларда менингоэнцефалит белгілері байқалады. Буаз мегежіндер іш тастайды. Ауру 4-10 күнге созылып, өліеммен аяқталады. Жітіден төмен өткенде, 15-25 күнге созылады да, көбінесе өліммен тынады. Тірі қалған жануарларда ауру созылмалы түрге ауысады да, 2 айдан 1 жылға дейінгі уақыт аралығында бронхопневманияға тән белгілерімен әбден арықтап барып өледі.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер
Өлексенің сіресуі тез арада басталады. Геморрогиялық диатез және лимфоидты ағзалардың зақымдану белгілері байқалады. Ауыздың, қынаптың, артқы тесік пен конъюнктиваның кілегейлі қабықтары көкшілденіп, қанталайды. Артқы тесік пен мұрыннан қан немесе қан аралас сұйық ағады. Теріде көптеген қанталаулар болады. Сөл түйіндері ұлғайып, қанталап, оларда ұйыған қан немесе гемотома кездеседі. Көкірек және құрсақ қуыстарында фибрин, кейде қан аралас серозды геморрагиялық экссудат болады. Көк бауыр қара қошқылданып, шектен тыс ұлғаяды, басқа ішкі ағзалар да ұлғайып, ісінеді, көптеген қанталаулар кездеседі. Өкпенің домбығуы байқалады. Тері астындағы шелдің, құрсақ қуысындағы ағзалардың, шажырқайдың қан тамырлары ұйымаған қанға толы болады. Бүйректер қанға толы, бауыр мен өттің қабы ұлғайған. Ағзаларда дистрофиялық және өліеттену құбылыстары байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |