Қазақстанның экономикасының маңызды секторы
Жоспар:
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
1. Қазақстанның экономикалық аудандары
2. Президенттің халыққа жолдауындағы экономиканың маңызды секторы – шағын және орта бизнес.
ІІІ. Қорытынды
Әрбір дамыған ел үшін дұрыс жолға қойылған экономика – өркендеудің басты кілті болып табылады. Кез келген мемлекет өзінің болашағы үшін экономикасын дамытып, басқа елдермен бәсекеге қабілетті болуға тырысады. Осы тұрғыда әрбір ел өзінің орналасқан орны, табиғи жағдайы, климаты, жер қойнауы ресурстары және тағы басқа факторларға қарай экономикасының негізгі бағыттарын анықтайды және кейбір секторларға басымдық береді[1]. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігінде бұл басымдық мұнай өндірісіне берілсе, кейбір Еуропа елдерінде туризм саласы қарқынды дамытылады.
Дәл осылар секілді Қазақстанның да өз экономикасын дамыту үшін басым деп таныған маңызды секторлары бар. Қазақстан жер қойнауындағы табиғи ресурстары бойынша ең бай елдер қатарына жатады. Елімізде Менделеев кестесінің элементтерінің жартысынан көбі бар. Сондықтан да шикізатты өндіріп, импорттау экономикалық өсімнің негізгі көзі болып табылады. Алайда, Қазақстан тек шикізатпен ғана айналысып қоймай, дайын өнімдерді шығарумен де айналысады.
Николай Николаевич Баранский – Кеңес өкіметі тұсындағы ең мықты географтардың бірі, экономикалық географияның негізін салушы ғалым Қазақстан аумағын 5 экономикалық ауданға бөлді. Олар Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Орталық. Шығыста түсті металлургия, энергетика, көлік жасаужәне орман шаруашылығы қолға алынған. Оңтүстікте мақта, күріш, жүн, астық, жеміс-жидектер, яғни ауыл шаруашылығы және тамақ өндірісі, сондай ақ жеңіл өнеркәсіп дамыған. Солтүстік Қазақстанда астық шаруашылығы, темір рудасының және көмір өндірісі, ферроқорытпалар өндірісі артықшылыққа ие. Батыс – Қазақстан мен ТМД елдерінің ірі мұнай-газ өндірісі аймағы болып табылатын болса, Орталық Қазақстанның негізгі шаруашылығы – қара және түсті металлургия, көлік жасау, мал шаруашылығы[2].
Осылайша, қара және түсті металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, мұнай өндірісі және энергетика салаларын Қазақстанның экономикасының маңызды секторлары ретінде есептесе болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, біздің Елбасымыз өз жолдауларында экономиканы өркендету мен бәсекеге қабілетті болу үшін басқа да секторларды дамыту керектігін атап өткен болатын. Мысалы, шағын және орта бизнес туралы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында «Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ»[3] деп атап өткен болатын. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс[3]. Осылайша, Президентіміз болашақта бизнес секторын да дамытудың маңызын атап өтті.
Жоғарыда атап өткендерді ескере отырып, Қазақстан экономикасының маңызды секторы ретінде келесі секторларды атап өтуге болады деп санаймын:
а) мұнай және газ шикізатының өндірісі
ә) қара және түсті металлургия
б) жеңіл және тамақ өнеркәсібі
в) барлық салалардағы шағын және орта бизнес.
Шағын және орта бизнес аталған салалардан жетекші кәсіпорындар мен зауыт-фабрикаларды іріктеп, еліміздің әлемдік аренада бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға жәрдемдеседі.
Жедел түрде ұлттық шаруашылықтың бәсекеге қабілетін арттыру қажеттігі туындап отыр, ол үшін өнеркіптің өңдеуші жоғары технологиялы салаларын дамыту күн тәртібіндегі шешуді қажет ететін мәселенің бірі екені бәрімізге белгілі. Ал мұны шешудің бірден бір жолы ұлттық экономиканы индустриялы-инновациялы ел ретінде қалыптастыру, отандық өнеркәсіп өнімдерінің шикізатқа тәуелділігінен құтылуға жол ашу болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Кенжеғали Сағадиев “Бәсекеге қабiлеттiлiктi өзiмiз жасауымыз керек” // Егемен Қазақстан, 2004 ж.
2. В. Усиков, Т. Казановская, А. Усикова, Г. Зөбенова. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық 2-басылымы, өңделген. - Алматы: «Атамұра» баспасы, 2009.
3. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар.
Достарыңызбен бөлісу: |