Жоспар: І. Кіріспе



Дата25.05.2023
өлшемі68,54 Kb.
#97509
Байланысты:
Ботакөз романы


Орындаған: Кәдірбек Динара
Тақырыбы:Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы
Жоспар:
І. Кіріспе:
С. Мұқанов – қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері 
1.2. Поэзиясы
1.3 С. Мұқановтың прозасы
ІІ. Негізгі бөлім: С.Мұқановтың «Ботагөз» романы
2.1. «Ботагөз» романы
2.2. Романдағы Ботагөз бейнесі
2.3. Романның көркемдік ерешелігі
ІІІ. Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

І. Кіріспе


Жұмыстың мақсаты мен міндеті: жұмыстың негізгі мақсаты қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жаңа дәуірін бастаған «Алыптар тобындағы» ірі журналист, ағартушы, прозаик және қазақ әдебиетінің аса көрнекті қайраткері Сәбит Мұқановтың алатын орнын анықтау. Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына, әсіресе «Ботагөз» романына жалпы сипат беру.
Сәбит Мұқановтың өз дәуірі үшін маңызды, ірі еңбегі —«Ботагөз» романы. Әуелде роман «Жұмбақ, жалау» деген атпен 1938 жылы басылып шықты.  Кейін кітаптың атын «Ботагөз» деп өзгертті. Мұнысы өте орынды еді.  Өйткені романда бастан аяқ айтылатын кейіпкер, бүкіл оқиғаны, сюжетті  ұстап тұрған басты бейне — Ботагөз қазақ қызының бейнесі.
Алдымен «Ботагөз» романы кезінде қазақ әдебиетінің тарихында сапасы жағынан өскен әдебиеттер талабын көтере алатын, бірден-бір күрделі оқиғалы, сақа туынды аталғанын айту жөн. Осы күнге дейін сан рет басылып, оқушысын тауып отырған бұл шығарма бүкіл кеңестік дәуірдегі әдебиет қорының төрінен орын алды, орыс тіліне аударылуы арқылы Кеңес Одағының көптеген халықтарының сүйіп оқитын кітабына айналды. Өйткені роман оқушысын, біріншіден, көркем жазылған, сом соғылған туынды болуымен тартса, екіншіден, онда айтылмақ жайттар көптеген ұлттардың, әсіресе Орта Азия халықтарының барлығының дерлік басынан кешкен қиын-қыстау халдеріне ұқсауымен, яғни патшалық Ресейдің бұрын отарлы ел болып келген халықтарының көкейкесті жайын баяндауымен тартты.
Осы романды талдап, талқылап, көтерілген мәселелері мен тақырыбын ашу. Шығармаға арқау болған оқиғалар XX ғасырдың басында қазақ өлкесінде жиі кездескен жас қыздардың қалың малға сатылып, сүймеген адамына ұзатылуы, олардың теңдік үшін күрес мәселелері. Автор қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын адам тағдырын, нақты әрекет, тартыс арқылы суреттеуін көрсету.
Жұмыстың құрылымы: Кіріспеден, екі тараудан, алты тақырыпшадан, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
С. Мұқанов – қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері. Сәбит Мұқановтың туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданы. Ол кездегі қазақ ауылындағы жалғыз оқу — молда оқуы болған. Жас Сәбит осы молдадан оқып, арабша хат таниды. Ел арасына көп тараған қисса-поэмаларды оқитындай сауаты ашылады. Әуелден өлең- жырға, ертегі-әңгімеге әуес бала там-тұмдап әдебиет үлгілерін тауып оқи бастайды. Ол кездегі азын-аулақ қазақ, кітаптарында ескі өзбек, немесе татар тілдері араласып келетін. Бұған себеп кітап бастыру ісі көбіне ескіше, дін оқуына қанық молда, немесе қазақ тіліне шорқақ, білмейтін татар оқығандарының қолында болатын. Талантты жастың қолына осындай әрқилы кітаптардың ішінен татардың классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың, Абайдың кітаптары түседі. Бұл — қараңғыда нұр жауғанмен бірдей еді. Өйткені поэзиядан түсінігі молайған Сәбитке нағыз керегі де осындай шыншыл,  түсінікті поэзия болатын. Абай мен Тоқайдың мағынасы терең, нәрі мол, әрі сұлу өлеңдері көкейіне қонып, Сәбиттің кейін ақындық, жазулық жолға  түсуіне көп әсер етеді.
Ендігі мәселе — білімді тереңдету. Өйткені ескі оқумен алысқа бару жоқ. С. Мұқанов Омбы қаласындағы мұғалімдік оқуға түседі. 1922 жылы Орынбор қаласында жұмысшы факультетінде (рабфак ) оқиды. Осы кезде орысша үйреніп, орыс әдебиетінің үлгілерімен танысып, поэзияның үлкен дариясынан сусындайды, алуан түрлі жандарды, ғажайып бейнелерді ол сонан көреді. Біліміне ақындық таланты ұштасқан С. Мұқанов бірнеше өлеңдерін шығарады, ал 1926 жылы рабфакты бітіріп шыққан соң «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш» поэмаларын жазады. Өлеңдері мен поэмалары бірнеше кітап болып басылады.
1926—1928 жылдары С. Мұқанов республикалық, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, баспа орындарында қызмет істейді. Мұнан кейінгі жылдарда Ленинград университетінде, кейін Мәскеудегі қызыл профессура институтында оқып, оны 1935 жылы бітіріп шығады.
Осы кезеңде С. Мұқанов белгілі «Майға сәлем!» өлеңін; «Ақ аю» поэмаларын жазды. 1935 жылы С. Мұқанов жаңадан шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып істеді. 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарды.
Бұл кезеңдегі С. Мұқанов қаламынан шыққан ірі туындылар «Ботагөз» романы (1938, бұрынғы аты «Жұмбақ жалау») «Менің мектептерім» (1941) «Колхозды ауыл осындай» (1937) сияқты шығармалар. С. Мұқанов соғыс жылдарында фашистік басқыншыларды әшкерелейтін бірнеше уытты өлеңдер, очерк, әңгімелер жазды. Халқымыздың майдан мен тылдағы ерлігін, қаһармандығын паш етті.
1943 жылдан 1951 жылға дейін С. Мұқанов екінші рет Жазушылар одағының төрағасы болып, республикада көркем әдебиетті онан әрі өркендету жолында қызмет етті. Бұл жылдары әдебиеттің жас кадрларын тәрбиелеу, жаңа тақырыптарды игеру, заманға лайық көлемді шығармалар беруді әдебиет майданындағы ең маңызды міндеттердің бірінен санаған С. Мұқановтың тәрбиелік, ұстаздық еңбегі елеулі.
1950 жылдары С. Мұқанов «Сырдария» романын, «Шоқан Уалиханов» пьесасын жазды. Кейін бұрынырақ жарияланған екі томдық «Өмір мектебі кітабының жалғасы ретінде «Есею жылдары» деген өмірбаяндық романын жазып шығарды. С. Мұқанов — белгілі қоғам қайраткері. 1947 жылдан 1963 жылға дейін Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Әдебиетті дамытудағы қажырлы еңбегі үшін С. Мұқанов,екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1960 жылы 60 жасқа толуына байланысты Ленин орденімен наградталған.
1.2. Поэзиясы
С. Мұқанов революция қарсаңында жалпы адам өмірі туралы, көңіл күйі, арман туралы өлеңдер жазған. Сонын ішіндегі ең маңыздысы — 1919 жылы жазылған «Бостандық» өлеңі. Бұл өлең қазан төңкерісі шын мағынада еркіндік әкелді деген кешегі күнге дейін айтылып келген ұғымға саяды.
Бұл бостандық, көктен бізге келмеді,
Ешкім бізге сыйлап және бермеді.
Мұнда қазір ортағы жоқ өзгенің
Бұл бостандық — жұмыскердің жеңгені!
Бұл шумақтан еңбекші халыққа келген бостандықты ақынның факт ретінде ғана ұғып қоймай, оның саяси, таптық мағынасын басқаға насихаттайтынын көреміз. Таптық күрестің ымырамен бітпейтінің, қанаушылармен үзілді - кесілді айқас үстінде ғана, оларды біржола жеңуімен ғана тынады деп ұғады ақын. Казан төңкерісі әкелген бостандық орталық Ресей халқы үшін де, шет аймақтағы қазақ халқы үшін де көктен түскен емес, езілген еңбекшілердің, жұмысшы табының ондаған жылдар бойғы күресінің нәтижесі болып көрінеді. Ол кездегі ұғым солай еді.
1920 жылы жазған «Кедей баласы» өлеңінде С. Мұқанов сол революциялық тақырыпты онан әрі кеңейте түседі, таптық қырын өткірлей береді. Қанаушы таптың қазақ аулындағы сұрқиялары бай, би, молдалар, олардың қолданар әдісі алдау, арбау, дінмен көзді байлау деп ұғады ақын.
Молдекеңдер алдауға бата алмас,
Кұдай-дағы жұмағын малға сата алмас.
Енді байлар бостандыққа бір адым
Баса алмас та, кедейменен қатарлас...
Еңбекшілер, ендігі күн сенікі,
Жасайды кедей, гүлденсің кедей, жасасын!
Ақын жиырмасыншы жылдары қазақ ауылы, қазақ кедейінің халі, шаруалар тұрмысы жөнінде көптеген өлеңдер жазады. Оның бастылары «Шоқпыттың шаруасы», «Сүт заводы», «Қазақстан», «Жолы жоқтар біздің жолға қосылсын», «Егістік», «Балқаш», «Конвеер» және басқалары. Бұрынғы қазақ ауылы кедейлерінің типтік бейнесі «Шоқпыттың шаруасы»» (1926) деген өлеңінде көрінеді. Ол революцияға дейін еңбегі жанбай көп азап көрсе, енді үкімет көмегінің арқасында егіншілікті кәсіп етіп, табысы табысқа ұласты. «Егістік» өлеңінде (1926) Шоқпыттың саналы шаруаға айналғаны, болашақ, ауылдың тірегі енді осы Шоқпыт болатыны көрінеді:
Тұқымды кім бергені,
Қалайша күн көргені.
Өзіне айқын Шоқпыттың
Бүкіл қазақ, халқына...
Кейін ұжымдастыру (коллективтендіру), индустрияландыру дәуірінде С. Мұқанов көптеген жаңа өлеңдер жазды. Бұлардың қай-қайсысында болса да ақын құрылыс майданындағы қайнаған еңбекті, жұмысшы, малшы, егінші өмірін негізгі тақырып етіп алады. 
С. Мұқанов, жоғарыда айтқандай, қазақ поэзиясына жай ақын болып қана келген жоқ, өзінше жаңа түр мен мазмұн ала келді. Байырғы поэзия үлгісі, әрине, жаңа заманға үйлесе бермейтін еді. Ақын поэзияға жаңа өрнек, түр беруге, оны осы күнгі өмір, тұрмысқа бейімдеуге ұмтылады. Осындай соңы, әуенді туындысы — 1933 жылы жазылған «Майға сәлем!» атты өлеңі. Мұнда ақын дүние жүзі еңбекшілерінің, ынтымақ күні — 1 Майды тек жасыл көктем, шуақ күн деп қана жырламайды, бұл күн бүкіл езілген халықтың қолына ту ұстап, күреске шығатын, бостандыққа ұмтылатын, азат еңбекке бастайтын күн дегенді уағыздайды. Май мейрамынының өзін ақын «Жолдас» деп атап, оны жаңа адам, жұмыскер бейнесінде елестетеді.
Мың сәлем саған,
Мәңгі, жолдас майым!
Сен жылда жас жігіт боп келген сайын,
Жер жібек, барқыт киіп,
Жасыл желек,
Бүркенеді үйеңкі, терек қайың!
Басқаға қымбат, саған тегін, арзан,
Түрлі гүл, інжу, жақұт, лағыл, маржан
Үстіне төгіледі.
Үкің — бұлт,
Қалпағың— күн.
Найзағай қылыш қазынаң —
дейді.
Әрі қарай, жеңген елде бостандық алған халық еңбек мейрамын қандай табыстармен қарсы алып отырғаны, шаруа мен жұмыскердің бүкіл байлықтың иесі болып отырғаны өлеңде мақтанышпен айтылады. Лирикалық кейіпер өлеңмен, әнмен бірге бүкіл еңбекшілер тобы алға, өрге жетелейтін озат, жоғары саналы құрылысшы, еңбекқор болып көрінеді.
«Майға сәлем» — С. Мұқановтың поэзиядағы зор жаңалығы. Жол сандары, буын, ырғағы жағынан бұрынғы қазақ поэзиясына ұқсамайтындығы үзіндіден көрініп тұр. «Малшының мақтанышы» (1934), «Колхозды ауыл осындай» (1938) атты өлеңдерінде С. Мұқанов ауыл еңбеккерлерінің бейнесін жасайды.
С. Мұқановтың көптеген өлеңдері соғыс тақырыбына, кейін бейбіт еңбек, тың тақырыптарына арналды. Соғыс кезінде «Мен де аттандым майданға», «Фашизмнің ажалы», «Гвардеец бауырларға», «Ленин қаласында» сияқты жоғары патриоттық сезімдерге толы өлеңдер жазды. «Берлин алынды» өлеңінде:
Көз жасын көлдей қылған талай елдің,
Сан жетпес жүректерге қайғы-шердің.
Уын төккен,
Ордасы — жылан-шаян,
Фашизмнен тазарды бүгін Берлин!—
деп қуанады ақын бүкіл халық атынан, соғыс бітіп, Берлинде жеңіс ту желбірегенде.
Ақынның лирикалық өлеңдерінің негізгі кейіпкері — қарапайым, еңбекші халық өкілі. С. Мұқанов лирикалық өлеңдермен қатар көптеген поэмалар жазды. Поэмада ақын сан алуан өмір құбылысын кең алып, белгілі кейіпкерлердің әрекетін көрсету арқылы, оның қоғамдық, әлеуметтік немесе моральдық, философиялық сырын ашу арқылы дәуірге сай негізгі айтпақ идеямен баяндайды. Лирикалық өлеңдерге қарағанда поэмаларында нақтылы кейіпкерлердің істері суреттеледі. Поэма бұрынғы қазақ әдебиетінде көбіне қисса, жыр, дастан, түрінде ұшырайтын. Жаңа әдебиет дамуының барысында поэма өзінің қазіргі түр-сипатына, яғни бүкіл классикалық әдебиет үлгісіндегі формаға ие болды, өмір құбылыстарын заманға сай шыншылдықпен суреттеуге ұмтылды. Ақын өзі өмір сүріп отырған ортаның адамдарын яғни кешегі қанау-бұғаудан құтылып, бүгін қоғамның тең праволы мүшесіне айналып отырған нағыз кейіпкерлерді шығармаларына тақырып, арқау етіп алды.
С. Мұқановтың поэмалары 1925—1928 жылдары-ак жарық көре бастады. «Пионер» мен «Жетім қыз үйінде» жазушы қазақ ауылындағы кедейлердің хал-ахуалын көрсетіп. 1926 жылы жазылған «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» (кейін «Батырақ» атанған) атты поэмасында ақын ауылдағы бай мен кедейдің ара қатынасын нақтылы образдар арқылы суреттеді.
1928 жылы ақын драмалы оқиғаға құрылған «Сұлушаш» поэмасын жазды. Поэманын 20-жылдардағы қазақ поэзиясының таңдаулы шығармасы болып саналуына ақынның көркемдік ізденуі, сюжет тартымдылығы, тіл шеберлігі және оның халықтық сипаты себеп болды. Рас, поэмаға арқау өткен оқиғаның таптық мәні зор еді; ескі қазақ ауылындағы әлдінің озбырлығы мен әлсіздің көрген қорлығы, әсіресе адамның бас бостандығының жоқтығы суреттелген. Поэманың өлеңдік, поэзиялық тартымдылығы да оқушыларға айрықша әсер етеді. Поэманың бар оқиғасы Алтай мен Сұлушаштың төңірегіне құрылған. Яғни осы екі жастың сүіспеншілігі, бір-біріне махаббаты жырланады. Трагедия Сұлушашты Алтайдан айырудан басталады. Бұл екеуінің бірін-бірі жан тәнімен жақсы көрген, бар жүрек лүпілімен бір-біріне ұмтылған адал, албырт сезімдерін феодалдық қара күш аяққа таптап жаныштайды. Сүйгенінен айырады. Ақырында қуғын-сүргін көрген Алтай мен Сұлушаш қайғыдан құса болып, азапта өледі.
Ақын халық арасындағы аңызды алып, екі жастың орындалмаған арманын хикая етеді. Ақын аянышты еткен екі өмірдің тағдырын қызықтау, оған тамсану мағынасында жырламайды; поэмаға күшті әлеуметтік арқау беріп, ол арқылы қазақ даласында өткен әділетсіздікті әшкерелейді; кіршіксіз таза екі жанның арманына жете алмай, қыршын кетуі сол заман кеселінен деген ойды уағыздайды. Ескі өлең, қиссаларда, эпостық жырларда кездесетін бейнелер де өз алдына сұлулық, көркемдік, ұнамдылық қасиеттерімен көзге түсетіні рас, бірақ «Сұлушашта» осы ерекшеліктер айрықща жарасымдылықпен, нанымдылықпен, әрі идеялық терең мазмұнымен көрінеді. Оның үстіне С. Мұқанов поэмасында атам заманғы жайттар емес, қазақтың таяу мерзімдегі хал-күйі, қоғамдық, әлеуметтік жайы, қарама-қарсылық сияқты саяси мәні зор оқиғалар көтеріледі. Алтайдың бар іс-әрекеті — бас бостандығы үшін, теңдік үшін күрес Сүйген жары Сұлушашқа қосылу жолында ол үлкен өмір азабын бастан кешеді, ақыры арманына жете алмай трагедияға ұшырайды. Сұлушаш Тілеуберді деген бай қызы болса да, жастайынан бірге өскен, еңбекпен шыныққан, жас жылқышы Алтайды жақсы көреді, Алтай үшін жанын қиюға бар:
Басқаны Сұлушаштын сүйері жоқ,
Алтайдан басқа көңілі иері жоқ.
Кездескен қай мырзаға көз салса да,
Ішінде тап Алтайдай жүйелі жоқ.
Кейін атастырған күйеуіне зорлап апарылған Сұлушашты Алтай құтқарып алады. Бірақ қуғындағы өмір сүйіскен жастарға бақыт орнына азап әкеледі. Ақыры «мен сендік, сенер болсаң сырым осы, қосылмасам өлемін батып қанға» деп серт берген Сұлушаш жартастан суға құлап өледі. Атыс-шабыс, торуыл кездерінде Сұлушаш қайсарлық, .табандылық, ақылдылық көрсетумен оқушыны сүйсіндіреді. Жаны таза, махаббатына берілген, адал көңілді Сұлу шаш қара түнек заманның осылай құрбаны болады. Алтай поэмада батыл, ер жүрек жан болып суреттелген. Оның бар өмірі байдың малын бағумен өткен. Көрген азабы ұшан-теңіз. Сондықтан да кек пен өш оған айрықша күш береді. «Сол бейнеттің бәрін де көргенімен, болып өсті ер Алтай ер сымбатты»,— дейі ақын.
Бір доғал, жасынан бір бетті болды,
Кекшіл қасқыр секілді кекшіл болды.
Аузынан шыққан сөзден қайтпайтұғын
Сөз ұстағыш, қажырлы, сертті болды...
Бала күннен әлдінің қылығы өтіп,
Жас күнінен өзегі өртті болды.
Поэмадағы оқиғаның өрбу барысында Алтай мінезі айқын көріне түседі. Қайсарлық, табандылық — оның басты қасиеті. Сүйгені Сұлушашқа қосылу мақсатымен оның істемеген әрекеті қалмайды. Бірақ «бұзық құлға» қалыңдықты бермейміз деп айттырған күйеу жақтың жуандары Алтайды бір қуғыннан екінші қуғынға ұшыратады. Алды-арты бірдей торулы Алтай тек анда-санда ғана сүйгенімен көрісіп, мауқын басқаны болмаса, азапты күреске еніп, басын қауіпке тігумен жүреді. Ақын осы кезеңдерді суреттеуде басты қаһарманды тек Сұлушашты іздеумен ғана емес, өз махаббаты үшін теңдік іздеуші ретінде көрсетеді. Алтайдың Қайсар, Тұтқын сияқты жалшы адал жандармен достасуында да әлеуметтік мазмұн жатыр. Байдан, дәулеті асқандардан кек алу — оның арманы. Бірақ өзінен басым күшпен арпалыста мерт болады, теңсіздікке, Сұлушаш өліміне шыдай алмаған Алтай өзін-өзі өлтіреді. Бірақ поэманың жалпы мазмұнынан болашақ теңдікке, жарық күнге сенім мол байқалады. Қазақ жастары үшін бостандық күш туып, олар азап пен қорлықтан біржола азат болды.
«Сұлушаш» поэмасы — реалистік шығарма. Оның каһармандары ойдан жасалған, қиялдан шыққан жансыз, қансыз бейнелер емес, өмірдің қайнар бұлағынан алынған таза жанды, ыстық қанды, халық ортасынан шыққан. Алтайдың мал соңындағы өмірі, жалшылық тіршілігі, бай үйінің суреті асқан шыншылдықпен берілген. Бұрынғы ауыл келбеті, кешкі мезгіл, айлы түн, таң алдында өрген мал, құрық ұстаған жылқышы мен қымызды жатып ішер байдың жалқау, маужыраған кейпі — бәрі де нанымды, шебер суреттелген. Әсіресе Алтай мен Сұлушаштың ішкі жан толқыны, көңіл серпілістері, оттай лаулаған сезім мен аңсаған армандары поэманың асыл сөздерімен көркем де шебер қиыстырылған тұыстары. «Сұлушаш» — сюжетті поэма. Окиғаның басталуы, шегіне жетіп, шиеленісуі, кейін шешілуі бәрі де классикалық шығармаға тән заңдылықпен өсіп-өрбіп отырады. Қай қаһарманның болса да, кейпінде, сезімінде жасандылық жоқ, қайта олардың әрбір қылығының орындылығы, нанымдылығы оқушыны сүйсіндіріп отырады. Бұл — жоғары көркем туындыға бірден-бір тән қасиет. Бұрын қазақ поэзиясында белгілі дәстүрмен жазылса да реалистік өткірлігі, идеялық тереңдігі жағынан, сюжеттік құрылыс, поэтикалық шеберлігі жағынан «Сұлушаш» қазақ әдебиетінің қорына үлкен үлес болып қосылды.
1.3. Сәбит Мұқановтың прозасы
Қазақ әдебиетінің проза жанрын өсіріп-өркендетуде Сәбит Мұқанов үздік еңбек еткен жазушы. Өскен, марқайған әдебиеттің белгілі — іргелі прозаның болуы. Бұрын тек поэзиялық шығармалар, яғни халық поэзиясы басым болып келген қазақ әдебиеті тек XX ғасырдың түрлі жанрларымен байыды. Қазір поэзия, проза, драма,сын, кино салаларында сан алуан шығармалар бар да және олардың мазмұн, сапасы айтарлықтай жоғары. Бұл – әдебиеттің күрделі өскендігін, басқа озық мәдениетті халықтардың әдебиеті сияқты бейне, тақырып, идея жағынан өнеге көрсете аларлықтай екендігін байқатады.
Қазақ прозасының үлгілерін бұрынырақ Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов көрсетсе, оларға іле-шала Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов алғашкы әңгімелерімен ілгері дамытты. 30-жылдардан бастап прозалық шығармалар көбейді. Әңгіме, очерктермен қатар повесть туа бастады. Сәбит Мұқанов — осы кезеңде көптеген прозалық туындылар беріп, бұл жанрды көш ілгері өсірген жазушы. Оның «Теміртас», «Есіл» романдары осы тұста жарық көрді. «Менің мектептерім», «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық романдар тізбегі де осы кезеңде басталып, соңғы «Есею жылдары» атты кітабы 1964 жылы басылып шықты. Үш кітаптан тұратын бұл туындының қазақ прозасында алатын орны аса үлкен. Қазан революциясы қарсаңындағы тап күресінен бастап, революция жылдары, азамат соғысы кезеңі, ауылды советтендіру, колхоздастыру, республиканың қоғамдық, мемлекеттік жағынан өсіп нығаюы, қазақ интеллигенциясының қалыптасуы, оқу, өнер, мәдениет мәселелері, партияның социализм үшін деген күресі, оның ұлт саясатын жүргізілуі және басқа да тарихи маңызды мәселелер романда кеңінен қойылып, әңгіме етіледі.Бұлардың бәрі, бір жағынан, автордың өзі басынан кешкен жайттар болса, екінші жағынан, бүкіл халық үшін, Қазақстан үшін кезінде әсері мол болған оқиғалар еді, большевиктер партиясы мұның бәрін өз жеңістері мен жемістері деп отырды. Бұл романның бүкіл қазақ әдебиетінде алатын орны үлкен. Шебер жазушының шебер қаламынан шығып, әуелде «Менің мектептерім» (1941, 1950) атанып, сонан соң «Өмір мектебі» (1953), кейін «Есею жылдары» болып жалғасқан осы шығарманы оқушы жұртшылық кезінде жылы қарсы алып отырды. Балалық шақты, ауыл өмірін, оқу, дін, шаруа жайын, түрлі қылықты, сан мінезді жандарды суреттеген бірінші кітабынан-ақ жазушы жұрт назарын өзіне аудартқан еді. Кейінгі кітаптары бүкіл республика тарихының шешіресі болып, қоғамдық идеялық-көркемдік мәні зор кесек туынды ретінде әдебиет тарихына енді.
Сәбит Мұқановтың алғашқы прозасы «Адасқандардан» басталады (1928). Бұл роман 1927—28 жылдары болған оқиға негізінде жазылған. 1959 жылы ұзақ жылдар бойғы сын мен ескерту пікірлерді ескере отырып, жазушы романды өңдеп, толықтырып «Мөлдір махаббат» деген атпен шығарды. 1962 жылы роман орысшаға аударылып «Светлая любовь» деген атпен басылды. Роман едәуір өңделіп толықса да, негізгі оқиға бұрынғыша сақталған. Романда Бүркіт пен Бәтестің махаббат тарихы айтылады. Жазушы 1927 жылы кісі өлімі қаралған сотта қоғамдық айыптаушы болып сөйлеген. Сот ісі Бүркіттің Мүсәпірді өлтіруінен басталады. Ескі әдет-ғұрыппен шырмалған ауыл адамдары, әсіресе байлар Бүркіт пен Бәтестің қосылуына қарсы болады да, Бәтес қалаға оқуға кетеді. Осы кезде Мүсәпір оны алдап қолға түсіріп үйленеді. Әрі таптық өші бар, әрі қызғаныш буған Бүркіт Мүсәпірді атады. Жазушы романға осы оқиғаларды арқау еткен. Бірақ бар мәселе от басындық мөлшерде, үйлену-үйленбеу, сүю- сүймеу сияқты мәселенің төнірегінде қалмайды, таптық, қоғамдық, жалпы әлеуметтік жайлар терең қозғалады. Оқиғаның өсіп-өрбуі, шиеленісу, кейін шешілуі көбіне осы қоғамдық мотивтерге байланысты жүріп жатады. Мәселен, Бүркіттің әкесі кісі жалдаған ірі бай есебінде сотталады. Оның ұлтшыл жақындары да, ауыл мен қалада бірдей ден алып, күшейіп келе жатқан жаңа кеңестік тәртіптің нәтижесінде ығысып, інге қуып тығылған қасқырдай ызаға булығады. Елде жаңа жер бөліс басталады, кәмпескелеу жүреді. Бұл сәтте таптық өшпенділік күшейіп, қастандық, жаулық істеу үшін. байлар бар әдісті қолданады. Соның бірі — Бүркітті қол шоқпар ету. Ол өзі де осыған даяр жан. Ақырында, алданған, қорланған Бәтес (ол да байдың қызы) шырмауда, адасқан жан есебінде өкініш пен күйініште қалады.
Романның алғашқы аты осыдан шыққан. Бірақ автор кейінгі нұсқасында көп өзгерістер енгізіп, Бәтес махаббатын таза, мөлдір махаббат етіп суреттеп, оны романның ұнамды кейіпкері ретінде көрсеткен. Жалпы алғанда «Мөлдір махаббат» кезінде оқушы жұртшылықтың көп назар аударып, көп сын, ескерту айтқан, бірақ сүйіп оқыған шығармасы ретінде әдебиет тарихына енді. Тап күресінің күшейіп, қанаушылардың тап жауы ретінде күйреу кезеңіндегі сан алуан оқиғаларды алып, оларды жаңа, кеңестік тәртіп әкелген талаптар тұрғысынан талдап көрсеткен жазушының шын-шыл романы бүгін де қызыға оқылатын идеялық-көркемдік үлгісі мол
туынды болып отыр. Әсіресе езілген таптың еңбекші шаруалардың психикасындағы өзгерістер жақсы көрсетілген. Еркін, Шоқпыт сияқты бұрын бай есігінде жүрген жалшылар, енді жер мен суға өздері ие бола бастайды, мұнан олардың өкіметке деген сенімі артып, жеке меншіктің орнына колхозға ұйымдастыру қажеттігіне көздері жетеді; өйткені онда күш молаяды, табыс көбейеді деп ойлайды.
Кейінгі жылдарда очерк, әңгіме, повесть, романдарды С. Мұқанов көп жазды. «Алтын аймақ», «Каспийге саяхат» сияқты ірі-ірі очерктер жинағы шықты. «Балуан Шолақ» (1944) повесін, «Сырдария» (1949) романын жазды.  Әрине, осынша жақсы, көркем жазылған, роман, повестердің ішінде ең жоғары баға алып, кезінде халықтың төл шығармасындай болып кеткен «Ботагөз» романын ерекше атап айту қажет.
2.1. «Ботагөз» романы
Әуелде роман «Жұмбақ, жалау» деген атпен 1938 жылы басылып шықты. Кейін автор көпшілік оқушылардың сұрауымен және біраз өңдеу толықтыру енгізуге байланысты кітаптың атын «Ботагөз» деп өзгертті Мұнысы өте орынды еді. Өйткені романда бастанаяқ айтылатын кейіпкер, бүкіл оқиғаны, сюжетті ұстап тұрған басты бейне — Ботагөз қазақ қызының бейнесі.
Алдымен «Ботагөз» романы кезінде қазақ әдебиетінің тарихында сапасы жағынан өскен әдебиеттер талабын көтере алатын, бірден-бір күрделі оқиғалы, сақа туынды аталғанын айту жөн. Осы күнге дейін сан рет басылып, оқушысын тауып отырған бұл шығарма бүкіл кеңестік дәуірдегі әдебиет қорының төрінен орын алды, орыс тіліне аударылуы арқылы Кеңес Одағының көптеген халықтарының сүйіп оқитын кітабына айналды. Өйткені роман оқушысын, біріншіден, көркем жазылған, сом соғылған туынды болуымен тартса, екіншіден, онда айтылмақ жайттар көптеген ұлттардың, әсіресе Орта Азия халықтарының барлығының дерлік басынан кешкен қиын-қыстау халдеріне ұқсауымен, яғни патшалық Ресейдің бұрын отарлы ел болып келген халықтарының көкейкесті жайын баяндауымен тартты.
Бұл сәтте айта кететін жәйт қазір романға көзқарастың өзгеруі КСРО құлағаннан кейін большевиктер партиясының Кеңес өкіметінің романда дәріптелуі артық, қате деп танылып отыр.
Романда қазақ халқының ұлттық сипаттары, дәстүрі, әдет-ғұрпы, мінез құлқы, қоғамдық, саяси іске араласуы және оны ұғуы, ғылым-білімге, болашаққа ұмтылуы, революцияны түсінуі және оның соңынан адал сенген пейілмен еруі, осы жолда асқан ерлік, батырлық мінездер көрсетуі романда большевиктер партиясы қойған талап тұрғысында көрсетіледі. Оның үстіне қазақ халқының осы романда суреттелетін кезеңдегі хал-жайы өз алдына бөлек, томаға-тұйық баяндалмайды, бүкіл Ресей өмірімен, ондағы алуан қырлы, мың сырлы оқиғалармен байланыстырыла айтылады.
Өйтпейінше, тарихи шындық сақталмаған болар еді. Жазушы бұл шындықты берік сақтайды. Әсіресе Ресейдегі төңкеріс қозғалыстар мен ағымдар XX ғасырдың бас кезінде Столыпин реакциясы тудырған айдау, қысымдар салдарынан кейін, жаңа өрлеулер тудырған кезеңдер, патшалық Ресейдің Германиямен соғысы, яғни дүние жүзілік бірінші соғысқа араласуы — мұның бәрі алыстағы Қазақстанда елеулі, яки зардапсыз өтіп жатқан оқиғалар еместі. Жазушы шыншыл суреткерлікпен осындай алуан түрлі оқиғаларды қамтып, олардың құяр арнасын, негізгі желісін тапқан.
«Ботагөз» романы композициялық құрылысы жағынан үлкен үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім «Тұңғиықта» XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қауымын суреттеуге арналған, екінші бөлімі «Таң атарда» қазақ, ауылында бай мен кедей арасындағы наразылықтың үдей түсуі, әсіресе 1916 жыл оқиғасына байланысты, патшаның маусым жарлығы салдарынан ұлт-азаттық қозғалысының тууы сөз болады, үшінші бөлімі «Күн күлімдегенде» қазан төңкерісі кезеңін, онан соңғы азамат соғысы жылдарын қамтиды. Сонымен, романның үш бөлімінде бас-аяғы он-он бес жылдың оқиғасы айтылады. Бірақ бұл тек Қазақстан көлемінде ғана емес бүкіл Ресей тіпті дүние жүзі көлемінде шын мәнісіндегі тарихи оқиғаларға толы кезең еді. Патшалық Ресейдің сонау отарлы аймағы Қазақстан қаймағы бұзылмастан феодалдық салт-сананың шырмауында еді. Атқамінерлер мен феодалдардың, байлардың кедейлерді, жарлы-жақыбайларды қанауының шегі жоқ. Әсіресе патша шенеуніктерінің озбырлығы, болыс, ауылнайлардың зорлық-зомбылығы қарапайым халықты қорлауға дейін баратын.
Осындай тап қайшылығы шиеленіскен аймақта патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы, майға от кұйғандай, наразылықты бірден бұрқ еткізді. Бұл жарлық бойынша қазақ және басқа шығыс халықтарынан майданға, қара жұмысқа адам алынатын болды. Біріншіден, патша 1914 жылғы дүние жүзілік соғысқа араласып, елді күйзеліске, сансыз құрбандыққа ұшыратса, екіншіден, сол жөнсіз соғысқа жаппай адам жинау туралы жарлығымен бұрын сырттай болса да, бейбіт отырған ұлттардың ашу-ызасын келтірді. Ауыл атқамінерлері маусым жарлығын өздерінше орындап, байлардың, би, болыстың балаларын алып қалып, оның орнына жасы толсын-толмасын, жылатып-еңіретіп кедей, жарлылардың балаларын тізімге ала бастады. Итбай сияқты болыстар өз өктемдігін баса-көктеп жүргізді. Романдағы алғашқы шиеленіс осы мәселенің төңірегінде болып, ақыры көтеріліске шыққан халық Итбайды өлтреді, бірақ алға үлкен мақсат қоя алмаған, ұйымдасу жағын ойдағыдай келтіре алмаған жұрт жеңіліс табады. Амантай сияқты басшылары қуғынға ұшырайды.
2.2. Романдағы Ботагөз бейнесі
Романның атына лайық оның ең басты кейіпкері, әрине, Ботагөз. Қазақ поэзиясы мен прозасында сондай-ақ драматургияда сол кезеңде дәл Ботагөздей қазақ қызының бейнесі жасалмаған еді. Рас, ауыз әдебиеті туындыларында, түрлі аңыз, ертегілерден алынған шығармаларда, жаңа өмірге арналған алғаш повесть, әңгімелерде ондай кейіпкерлер болды. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің Айшасы, С. Мұқановтың Сұлушашы, т.б. Бірақ жаңа өмір үшін саналы күреске шығып, өмірдің ащы-тұщысын татып, қоғамдық-саяси іске белсене араласып, қазақ қызына тән сан алуан қасиетті толық көрсете алған кейіпкер — Ботагөз. Тарихи кезеңнің қиын-қыстау жылдарында өсіп, ер жеткен, оқу, білім алуы да сан қилы оқиғалармен тұс келетін, бірақ саналы күрескер болып қалыптасуына әсіресе тұрмыс сабағының әсері көп болған Ботагөз жаңа заман табалдырығын аттаған бүкіл қазақ әйелінің бейнесін елестетеді. Тап Ботагөздей өсіп, мықты, білікті қайраткер болып отытрған әйелдер көп. Бұл Ботагөз бейнесінің кездейсоқ емес, типті бейне екенін, жалпыға ортақ, көпке тән бейне екенін аңғартады. Жазушы Ботагөздің саналы күрескер қатарына қосылуын оқушыға бірден тартпай, кейіпкердің толып жатқан соқпақ жолдарымен келгенін шебер көрсетеді. Яғни ағасы Балтабектің қолында өскен Ботагөз ақ пен қара қайсы, әділет пен әділетсіздік қайсы, бай не дейді ал соның жалшысы болып жүрген Темірбек не дейді — мұның бәрі зерделі қыз бірте-бірте біліп, көңілге тоқи береді. Романда Ботагөздің өмірге деген көзқарасының қалыптасуы нанымды баяндалады. Атасы Кенжетайды урядник Кошкин сабапты дегенді естігенде Ботагөздің қаны қайнайды. «Ботагөздің Кошкинді атарға оғы болмайтын еді оны жек көргендіктен, егер көшеде қарсы ұшыраса, бұрылып кететін еді; Кенжетайды Кошкиннің ұрғанын Ботагөз кімге айтуды білмей, іштен кіжінетін еді. Кеше, губернатор келгеннен бері оны ең жоғарғы әкім және әділдік иесі деп түсінген Ботагөз: «Реті келсе, айтармын-ау» деп ойлап, «реті келмейді ғой, губериаторға жолықпаймын ғой!»— деп өкінген еді. Міне, енді реті кеп қалғанын Ботагөз білді». Бұл үзіндіден Ботагөздің әлі ысылмаған, ақ көңіл жан екені көрінеді. Өйткені губернатордан әділдік іздеу қасқырға барып жүгінгенмен барабар еді. Әйтсе де көз қылып, Кошкинге губернатор ұрысқан болады. Бірақ, әрине, қайшылық мұнымен жарасып кетпек емес. Ботагөз оны кейін ұғады.
Ботагөзді екінші ширатқан жай — жексұрын Йтбай болыстың оны айттырмақ болғаны. Нағашысы Амантай осыны ойлап, өзіне мынадай серт береді. «Жоқ,— деді ол ішінен өзіне-өзі жігер беріп, мен бұл іске енді белімді байламаймын. Мен өлмей, Ботагөзді Итбай ала алмайды. Табанына қадалған шөгір маңдайыма қадалсын дейтін Ботагөздің әкесі -енді мына мен». Барлық ағалары, туған туысқандары Итбайдың бұл пиғылына наразылық білдіріп қарсы тұрады. Мұның аяғы екі жақты бірдей өшпенді етіп, Итбай болыстың сан қилы зиянкестік дұшпандық әрекетіне апарып соғады. Бұл — заңды да. Өйткені Ботагөз от басының ғана қамын ойлайтын, малдыға барып, көптің бірі болып отыратын қарапайым қазақ қызы емес. Мұны жазушы басты кейіпкердің бірі Асқар ойымен айқындай түседі. «Қазақтың қандай ақылды, көрікті қызы надан ауылда, ең жетілді дегенде тәуір күйеуге тиіп, өз қара басынан аса алмайтын, үй күңі болатын еді. Оқыған, әлеумет ісіне даярланған қазақ әзірге жоқ. Байдың қызы оқыса, түпкі мақсаты — отбасында ана болу. Ботагөз — кедей қызы, дер шағында оқуға түскен. Тұлғасында, мінезінде кісі боларлық белгілер бар. Олай болса, түбінде бұдан әлеуметтік адам шығуында сөз жоқ». Ауыл мұғалімі Асқардың осы ойы кейін жүзеге асады.
Ботагөзге тән қасиеттер әділдік, білімге. ұмтылу. Жақынға жақсылығын аямау, арын таза ұстау, өмірге, махаббатқа, жақсылыққа сену, босқа торықпау, досқа берік, дұшпанға қатал болу, әр істе батырлық, батылдық көрсету, үйренуден жалықпау, өзгеге үйретуден бас тартпау, міне нағыз ұнамды кейіпкерге лайық осындай жақсы қасиеттер Ботагөздің басына орнаған. Әрине, жазушы осының бәрін өзі баяндап, Ботагөздің жақсылығын істе көрсетпесе, оқушы оған сенбес еді. Ботагөз бейнесінің шыншылдығы, нанымдылығы сол, ол әлгі қасиеттердің бәрін өмір жолында, күрес, сын үстінде көрсетеді; оның еңбекшіл, қайырымды, өмір тәжірибесі мол, ақылды, халықтың қалын ортасынан шықан адал жан екені толып жатқан іс-әрекеттер үстінде байқалады, жазушы оның басына бар тауқыметті үйеді де, оны жеңдіреді.
1914—1916 жылғы аласапыран кезінде Ботагөз Амантай тобымен бірге, хатшы болып істейді. Орманға тығылған отрядпен ыстықты да, суықты да бірге көреді. Амантай тобында соғысқа қатысуға да бар. Әйел бала болған соң қиын болар, ел жаққа барып паналағаның дұрыс деген Амантай кеңесіне Ботагөз: «Мұндай арпалыс шақта қару асынып, ерлердің қатарында майданға шыққан талай әйел бар. Мына Асқар балаңыз біледі. Франция деген елдің Жанна Д,Арк деген батыр қызы болған, орыстың Надежда Дурова деген батыр қызы болған»,— деп жауап береді. Ақтармен соғыс кезінде тұтқынға алынып хабар-ошарсыз кеткен туыстары мен Асқарды Ботагөз зор үмітпен күтеді. Кішкене сәбимен от басында қалса да, өзін революция солдаты деп түсініп, солдатша қимылдайды. Ақтар қалаға қайта келген кезде (олар атып кеткен көп өлік ішінен Амантайдың өлігін іздейді ) Мадиярдан Асқармен жолығуды өтініп, бірақ онан ештеңе шығара алмайды, ретін тапса, үйленіп, немесе қорлап кеткелі жүрген Алексейді тұтқындайды, тап осындай пиғылмен жарамсақтанған Итбайдың баласы Сарыбастың торынан құтылады – осындай қиын-қыстау кезеңдерде асқан ерлік, табандылық көрсетеді. Оның нағашысы Амантай, сүйген жары Асқар дегенде жүрегі қарс айрылып, бар қолдан келген жәрдемін жасауға ұмтылады.
Романның ақырында Шалқар көлінің ортасындағы дінгек таста тұрып Ботагөз атқан таңды қарсы алады. Сол тасқа келіп тығылған Алексей Кулаков қаны қайнап, қасында тұрған Ботагөзді атып тастауға бата алмай, тығылған. үңгірінде қала береді. Мұның өзі үлкен ойды аңғартатын сурет. Енді оқ атып бәйге ала алмайтынын білген жау, қарсыласуға шамасы келмей, тығылады.
Ботагөздің ескі салт-сана шеңберінде қалмай, осындай жоғары сатыға көтерілуіне оқып білім алуы үлкен себеп болғанын, онан соң мұғалім Асқардай саналы күрескерден үлгі-өнеге көруі де сеп болғанын романнан айқын байқауға болады. Жазушының роман соңында «күн көзіндей жарық бар Ботагөздің көзінде, телегей-теңіз тарих бар Ботагөздің сөзінде» дегені —Ботагөз бейнесінің бүкіл шығармадағы кейпін, аңғартып тұрғандай. Асқар — шығармадағы ең басты кейіпкердің бірі. Ол — қазақша да, орысша да білімді, жаңа типтегі адам. Алғаш жолын бала оқытудан бастаған Асқар 1916 жыл оқиғасы ортасында болып, көз жасын бұлаған кедейлердің мүшкіл халін, патша шенеуніктері мен болыс-билердің зорлық-зомбылығын көзімен көреді. Асқардың алғаш саяси сезімінің оянуын жазушы әр түрлі жағдайлар арқылы байқатады. Мәселен, айдауда жүрген Кузнецовпен бірінші әңгімелескенде, ол Ресейде әр қилы саяси партия барын, олардың программалары да әр басқа екенін түсінеді.
Романовтар тұқымының таққа отыруына 300 жылдығына Итбайдың, тілмашы болып Петербургке барған Асқар ондағы тұрмыс-салтпен таныса жүріп, көптеген саяси кітаптар оқиды Петербургтегі ұсталу (маркстік әдебиеттер оқығаны үшін) Асқарды онан әрі ширатады. Алыстағы Шу бойына жер аударылады. Құлаққа ұрған танадай тыныш осы шығандағы елде газет-журналсыз, ешбір я мәдени, я саяси хабарсыз Асқар аттай үш жыл өткізеді. Омбыдан ерік берілген, әрі шақыртқан қағаз алып, Асқар Итбай ауылына, онан соң Амантай тобына келгенде, күрестің, көтерілістің жаңа қызып келе жатқан үстінен шығады.
Мұнан соңғы жол — ең қиын, ең қауіпті жол. Бірақ саяси жағынан шындалған Асқар алған беттен тайсалмай, ұйымдастыру жұмысына кіріседі. Амантаймен ақылдасып Петербургке екінші рет барған Асқар Ресей орталығындағы хал- жаймен тағы танысып қайтады. Большевиктер оған қазақтың еңбекші көпшілігінің көтерілісін басқаруды тапсырады.
Ақтармен соғыс кезінде Асқар өз елінің, жұртының алдындағы борышын толығынан орындайды. Бір кездегі интеллигент әбден шыныққан революция солдаты болады. Жазушы суреттеуі бойынша әріден келе жатқан жаулардан алашорда жетекшілерімен талай айқаста Асқар табанды большевик, күрескер екенін танытады. Асқар бейнесімен жазушы қазақтың дарқан даласынан шыққан оқыған, әділ азаматты көрсеткен. Бауырмалдық, тапқырлық, мақсатына беріктік, әр істе сабырлылық, төзімділік ету кейіпкердің аспай-саспай ақылмен қимылдайтын қалпына жарасып тұр. Адамды сүю, әділетті, шындықты жақтау, әлсізге болысу — мұғалім болып, бала тәрбиелеп, білім таратып жүрген адамға бірден-бір лайық іс. Мұны жазушы аса нанымды суреттейді.
Асқардың Ботагөз үйімен араласып, Сағит сияқты жастарға мейірімінен осы бауырмалдық байқалса, Итбай, Кулаков сияқтылармен қатынасынан оларға деген өшпенділік айқын көрініп отырады. Әуелде осындай жек көру, не жақсы көру ретімен орнаған қатынас, кейін нағыз қайшылыққа, бітіспес мүдделердің қатынасына айналады. Асқар өсуіндегі эволюция, — жазушының үлкен шеберлігі, тапқырлығы. Өйткені Асқар әуелден белсенді күрескер болды десе, оқушыға нанымсыз болар еді. Ескі қазақ аулы жағдайында ол мүмкін емес. Жалпы наразылық бола тұрғанымен оны белгілі бір бағытқа сілтеу үшін, қателеспеу үшін саяси білім керек. Көтерілістің қызған кезінде Амантаймен кездескен Асқар ойынан осы саяси арнаны іздейтіні көрінеді. «Жұрттың қимылына, сөзіне қараса,— деп ойлайды Асқар, — тауға беттеген өзендей жоғары көтеріліп келеді, көтеріліп келеді. Тасымай қояр түрі жоқ оның, бірақ қайда ақтарылады тасыса, оны білер бұл топта ешкім жоқ». Қазіргі көзбен қарасақ, жазушы, әрине, «ұлтшылдар» жайында әділ баға айта алмаған. Мәселен, ақтарға қосылып, соның сойылын соғып жүрген ұлтшылдардың «қазағым», «халқым», «ұлтым» деп зарлаулары да Асқарды дұрыс жолдан тайдырмайды дегенді уағыздайды автор. Өйткені олардың таптық мүддесі тіпті басқа. Оқыған Базархан, елдегі Мадияр сиқтылар ақтардың қол шоқпары болып айдалада қалады. Итбай сияқты болыстар 1916 жыл кезінде жазасын алады. Мұның бәрі — тарихи шындық.
Жазушы; Асқар бейнесі арқылы қазақ халқы өткен осы тарихи жолды көрсеткен. Асқар — қазақ халқының барлық жақсы қасиеттерін бойына жинаған кейіпкер. Оның әрбір қылығына, жалпы адамгершілік сипатына оқушы сүйсініп отырады. Ұнамды кейіпкерді жасағанда жазушы оқушы қауым соны көрсін, ұқсын, үлгі алсын дейді. Ондай парасатты адам Асқар — романның жарқын жақтарының бірі.
Ботагөздің нағашысы Амантай - кедей шаруа адам. Аулы бөлек. Жиендері Балтабек, Кенжетай, Ботагөз аулына анда санда соғып тұрады. Бүркіт салып аңшылық етеді. Көтеріліс жылдары келгенше Амантай осындай момын жан есебінде танылады. Әрине, Итбай, Кулаков, Кошкин сияқтылардың зұлымдық қылықтарын ол біледі, өшпенділік бірте-бірте есейе, өсе береді. Ақыры осы өшпенділік Итбайды өлтірумен тынып, әрі қарай ашықтан ашық күрес жолына апарады. Амантай Ботагөз бен Асқар сияқты оқыған адам емес. Қара танымайды. Бірақ өмір мектебінің сабағын олардан көбірек алған. Сондықтан да көкірегі де, көзі де қырағы. Амантай романда батыл қимылды, ер жүрек, әлді, қызу қанды адам болып суреттеледі. Осындай өзіне тән ерекше батырлық мінездерімен ол басқалардан бөлек, оқшау көзге түседі. Бірақ ол ожар емес. Шапшан шешімі сырт қарағанға болмаса, көп ойланып-толғанудан басқа айла жоқтықтың нәтижесі екені роман барысынан анықталып отырады. Солдатқа адам алу кезіндегі ала-сапыранда қолға түсіп, каторгаға айдалған Амантай, қайтып келіп орманға тығылады да, тобын кебейтіп, Итбайға қарсы соғысын күшейтеді. Амантай Сібірде айдауда жүріп «патша өкіметінен, оның тірегі — байлардан құтылмай, еңбекші көпшілікке жарық жоғын» түсінед. Патшаны құлату да ең зор күш — орыс халқы екенін де Амантай жақсы ұққан. Өмір толқыны талай рет Амантайды жағаға жаңқадай лақтырса да, ол қайта ұмтылып, өрге, айдынға қарай жүзе береді. Алынбаған кек бір қуат берсе, ісінің әділдігіне сену, құлаған патшаның құйыршықтары — ақтарды жоймай тыныштық жоғын ұғыну екінші күш береді. Сан рет ұсталып, сан рет қашқанда Амантай алған бетінен бір рет те қайтқан емес. Онда тайсалу жоқ. Тек беріктігінің арқасында ғана ойлаған мақсатына жетеді.
Жазушы Амантай бейнесі арқылы кедей шаруадан шыққан қазақтың қарапайым адамының революцияға деген ықыласын танытқан. Патша үкіметінің құлап, жаңа Кеңестер өкіметінің еңбекшілер өкіметінің орнауын бүкіл езілген халықтар қуанышпен қарсы алғаны мәлім. Сол көп халықтың, бұқараның өкілі — Амантай. Қазақ даласынан Амантай сияқты талай ерлер шығып, Қазан төңкерісінің ұранын бүкіл Қазақстанға таратуға ұйытқы болғаны тарихтан белгілі. Мәселен, азамат соғысының батыры Амангелді Иманов - осындай адам. Амантай бейнесінде оның іс-әрекетінде Амангелді сияқты батырға лайық жайттар көп. Бұл Амантай бейнесінің шынайылығын, имандылығын танытады.
Романның соңында Асқар, Кенжетайлармен бірге Шалқар көлінің ортасында Ботагөзбен көріскен Амантайдың қалпы азаппен, қуғынмен өткен түнек өмірдің артта қалып, енді атып келе қатқан таң шапағымен бірге бақытты заман басталғанын байқатады. Амантай — сонау он төртінші, он алтыншы жылдардан бастап түскен қиын, бірақ қасиетті азаттық жолының талмай келген жолаушысы, күрескері. Адамгершілік, ізгілік, ақылдылық, осымен бірге батылдық, өжеттік, қайсарлық Амантай бейнесінің ерекшеліктері.
Романда ұнамды кейіпкерлермен қатар, бірнеше ұнамсыз кейіпкер суреттеледі. Яғни қарама-қарсы екі күштердің іс-әрекеттері, мінез-құлықтары көрсетіледі. Олардың әрқайсысы әр дәрежеде: атқаратын қызметі, қоғамдық орны, ат, атағына байланысты қимылдайды. Мәселен, урядник Кошкин өзіне бағынышты бірлі -жарым жандарды ұрып, сабап жәбірлесе, болыс Итбай мен патша офицері Алексей Кулаков — бүкіл елді билеп-төстеп тұншықтырып, дегенін істетіп отырған зұлымдар, халықтың соры. Әсіресе Итбай әрекеттері романда егжей-тегжейіне дейін әшкереленіп отырады. Оның Асқарға, Ботагөзге, Амантайға, барша жарлы кедейлерге деген зорлық қысымы шесіз. Өйткені ол — қазақтың сол кездегі феодалдық аулының нағыз реакцияшыл өкілі. Бай мен бидің, патша екінші сойылын соғушы. Ақ патшаға сүйенсе ғана, оның өкілдері алдында құрдай жорғаласа ғана жаны қалатынын ол жақсы біледі. Әсіресе майданға адам алу жарлығы кезінде ол халыққа деген бар зұлымдық, зиянкестігін істеп бағады. Білімсіз, әрі әпербақан ақылсыз, тоғышар Итбай — кәдімгі ұрдажық, алып соқ қара күштің иесі. Әрине, ол өзі ұрып, өзі соқпайды, оған айласы жетеді. Екі ұдай араз етіп, жұртты бір-біріне қарсы қоюға келгенде онан шебер адам жоқ. Бар арамдығын да көбіне басқаның қолымен, «қол шоқпардың» күшімен істейді. Сөйтсе де, арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам дегендей, оның жаулық әрекеттері ылғи көзге түсіп отырады. Әрі онысын жасырайын дейтін Итбай да жоқ. Өйткені патшаның қазақ ауылындағы итаршысы ретінде ол нағыз қиын, қауіпті істерді жүзеге асырып отыруы керек, яғни патшаның халыққа қарсы жарлықтарын орындап отыруға тиісті. Сондықтан да жарлы-жақыбайлардың каһарлы кейіпіне душар болған Итбай жазасын тартады.
Итбай романда кертартпа феодалдық құрылыстың, ескі тұрмыстың өкілі ретінде көрінеді. Оның күресі де, қарсылығы да өз табының мүддесін қорғау үшін, сол қанаушылық, зорлық-зомбылық тәртіпті сақтап қалу үшін болып жатады. Ұнамсыз кейіпкер ретінде көрінген Итбай бейнесін жазушы асқан шеберлікпен, дәл тауып нанымды жасаған. Қазақ ауылында отаршыл, империялық құрылыстың мұндай қол шоқпарлары тырнағын еңбекші халыққа қатты батырғаны тарихтан мағлұм.
Алексей Кулаков болса — әрі оқыған, әрі жергілікті халықтың тұрмыс ахуалын жақсы білетін, бірақ оның білектілерімен ғана достасып, қазақ халқын иттей жек көретін, әрі солардан өлердей қорқатын, сырты жылтыр, сыпайы тілді сұм ойлы патша офицері. Оның бейнесінен патшаның бұратана халық арасына билеп-төстеуге жіберілген, бас кесерлерін басып жаншып езуге келген өкіл көрінеді. Жазушының алға қойған мақсаты да осы. Өйткені тәуелді елдің ең бірінші қанаушылары самодержавиелік отаршылдар екенін білетін. Алексей Кулаковтың бар пиғыл-қимылынан арамдық, екі жүзділік, мансапқорлық, даңгөйлік еседі. Әрбір арамза жауыз сияқты ол әрі қорқақ. Ботагөзді қорламақ ниетпен сыртқа шыққанда, кенет мылтық кезеген Ботагөзден өлердей қорқып, дірілдеп шегіншектей береді.
Кейін көл ортасындағы діңгек таста ту ұстап жалғыз тұрған Ботагөзді атуға ол тағы да бата алмайды. өйткені жағадағы қалың қол таптап жіберер еді. Күні өтіп, өлімтіктей болып қалған Алексей Кулаков романның ақырғы беттерінде солай, үңгірде тығылған күйінде қала береді.
Итбайға қарағанда, Алексей Кулаковтар — мықтырақ жау, өйткені оның қолы ұзын. Орталықта, Ресейде қолдаушылары көп. Әрі өз саясатын жүргізуге келгенде Итбайды да, басқаны да үйіріп әкетеді. Жазушы оның ой толқуын жақсы көрсетеді: патша құлағанға дейін ешбір саяси партияға қатынасым жоқ деп, өз мансапқорлығын жоғары ұстап жүрген Алексей Кулаков енді нағыз монархист екенін аңғартады. Төңкеріс күндерінде Петроградта болмағанына, патша тағын өз қанымен қорғай алмағанына өкінеді. Оның ойында патшасыз ел мемлекет болып тұра алмайды. Уакытша үкіметке де наразы: қайткен күнде де монархияны қайта орнату керек. Генерал Корниловпен, атаман Анненковпен сырттай хабардар Алексей Кулаков тез арада майданнан келген қазақтардан отряд құрып, өзі атаман болады. Жазушы патшашыл Алексей Кулаковтың ой толғанулары мен қимыл-әрекеттерін осылай нанымды баяндап оның нағыз  қауіпті жау екенін ашып көрсетеді. Ақырында, қанша аласұрып бақса да, ештеңе өндіре алмайды. «Мен — енді апан түбіндегі қасқыр!» — дейді ол ызаланып. Үні өшкен жаудың бар дәрменсіз, қауқарсыз сиқы осы ызада.
2.3. Романның көркемдігі және роман туралы ұғым
«Ботагөз» — жоғарыда айтылғандай, шытырман оқиғалы, сом туған, бір бүтін көркем шығарма. Айта қаларлықтай жоғары дәрежеде жазылған романның көркемдігі жайында айтар жайттар көп. Ол: сюжет, композиция, тіл, бейне жүйелері, оқиғалардың өрбу, өсу, аяқталу кезеңдері сияқты, кейіпкерлердің сырт суреті, немесе ішкі мінез-құлқы сияқты мәселелер.
Романның фабуласы, яғни сюжеті қиыннан қиыстырылған. Оқиғалардың бірінен-бірі өрбіп-өніп, білгілі бір шегіне жеткен соң, шешімін тауып, заңды аяқталып отыратыны ерекше көңіл аударады. Әуелде болмашы жылғадан басталып, кейін кең арналы дариядай ұлғайып, жағасынан аса тасып барып тынады. Деңгейі (кульминация)— Амантай бастаған көтеріліс. Итбайдың өлімі, күреске шыққан қалың қол, жеңіс. Міне, осыған дейінгі оқиғалар әр тараптан өрбіп келе жатады. Оның басты салалары әр кейіпкердің іс-әрекетіне, тағдырына байланысты. Ботагөздің оқуы, есеюі, Асқармен арақатынасы бір арна болып, кейін саналы күреске апарса, Амантай тобы бара- бара көтеріліске, айқасқа ұласады. Итбай мен Кулаков әрекеттері де әуелде ашық, айқын білінбегенімен, кейін ашықтан-ашық жаулық сипат алады.
Негізгі екі күштің арасалмағы уақыт, мезгілге қарай өзгеріп, алмасып отырады да, ақырында қатты шиеленісу, айқасу үстінде әділдік, шындық жеңіп, қара күш, әділетсіздік жеңіліс табады. Оқиғалардың бұлай ойға қонымды, ақылға сыйымды өрбіп аяқталуы жазушының алға қойған мақсатының орындалуы, жоспарланған істің бітуі сияқты.
Шығарманың басынан аяғына дейінгі ұзақ жол, романның құрылысы, яғни қаңқасы — оның композициясы болмақ. Бұл жағынан да нық қиюласқан, бір бүтін тұтасқан дүниені көреміз. Мәселен, сюжетте баяндалатын сан алуан оқиғалар бет-бетіне бытырап, жуыспай жатса, немесе эволюциялық даму орнына бірден жалаң хабарлау болса, бұл — романның композициялық кемшілігі болар еді.
Сюжет белгілі мақсатты жүзеге асыратын элемент яғни негізгі мазмұн, құрылыс материалы болса, композиция — соны құрастырудың жолы, әдісі.
«Ботагөз» романы құрылысы жағынан да мүлтіксіз шыққан. Әрбір тарау, бөлім бірін-бірі толықтырып, сюжетін қамтитын оқиғаларды өзара байланыстырыпұстап тұр. Тіл ерекшелігінде айрықша көңіл қойып айтарлық нәрсе романның қарапайым, халық тілімен жазылуы, ұғымдылығы, түсініктілігі, стильдік жағынан кедір-бұдырсыз жатықтығы, тегістігі. Көркем әдебиет шығармасы жайлы айтқанда, қарапайым тіл дегенді дұрыс ұғыну керек. Ол тілдің жетіспегендігі, кемшілігі, қара жаяулығы емес, қайта, жазушының көп іздену, толғану нәтижесінде сол әдемілікті іздеп табуы, соған жетуі. Бұл оңай еңбек емес. Көлденең оқушыға қиын еместей көрінгенімен, сол жатық, жұғымды тілді, яғни сөз тіркестерін ойлап табу, қиыстыру үлкен шеберлікті керек етеді Абай айтқандай, «айналасы теп – тегіс, жұмыр» келгенде ғана, сырт көзге оңай көрінеді. Қиыр-шиырсыз, әшекейлеймін деп қиындатпай, кәдімгі сөйлеу тілінің мәнер, сазымен баяндалуы — Сәбит Мұқанов романдарының, әсіресе «Ботагөз» романының басты ерекшелігі. Жазушы тілі мен кейіпкерлер сөздерінен осы аңғарылады. Әрине, кейіпкерлер тілінде даралық бар. Мәселен, Амантай тілі мен Итбай тілін оңай айырып алуға болады. Сондай-ақ оқыған, білімді Асқар сөзі өз алдына басқа. Сөйтсе де, барлығына тән жалпы қасиет қарапайым сөйлеу тілінің арнасын сақтау. Жазушының өз сөзі де көбіне баяндау хабарлау формада. Терең психологиялық толғам, топшылаудан гөрі баяндау басым. Кейіпкерлердің мінез-құлықтары, ішкі қасиеттері, іс-қимылдары, сөздері арқылы көрінеді.  Осыған орай бейне, тұлғалар яғни кейіпкерлер тізбегі анықталады.
Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлердің әр алуан ерекшелктері олардың атқаратын қызметіне қарай байқалады. «Ботагөз» романында оқиғадан тыс, қоғамдық, әлеуметтік іске араласпайтын бірде-бір кейіпкер жоқ. Олардың қай-қайсысы болса да, белгілі бір іс атқарады да, соған қарай ішкі-сыртқы қасиеттерді аңғартады. Бұл арада кейіпкерлердің рухани өсуі, белгілі көзқарастың, идея- мақсаттың адамы болып қалыптасуы — кең тынысты эпикалық романның басты шарты екенін ескерту қажет. «Ботагөзде» осындай заңдылық бірден сезіледі. Әуелде бүркіт салып жүрген момын шаруа Амантайдың күрес жолына дейінгі эволюциялық жолы — тап осының дәлелі. Ботагөз бен Асқар бейнелерінің қалыптасуы да сондай.
Әрбір көркем шығармаға тән жайттардың бірі — оқиғаның мезгілі мен мекені. Қазақ жерінің тұтас келбеті, сан алуан өзгешеліктері романда шынайы, байқағыштықпен суреттеледі. Тамылжыған ашық күн мен көк майса алқап, Көкшенің көлі мен бұлты, қарағайы мен қайыңы жазушының суреткер қаламынан тыс қалмайды. Табиғат суреті көбіне адамның көніл күйіне, кейіперлердің қуанышы мен өкінішіне қарай орайластырыла суреттеледі. Бұл — классикалық әдебиеттен келе жатқан дәстүр. Мәселен, Ботагөздің қиянат дүниесінің ызасына шыдамай, бұтаққа асылып өлуге ұмтылған кезін жазушы «бұлт сапырылып, күншығыс жақ қып-қызыл боп боялып, астан-кестен, бұрқан-тарқан көшіп барады екен» деп суреттейді. Ал айдаудан босанып, Ботагөз аулына жақындаған Асқардың қуанышты көңілі айналадағы табиғаттың жадыраңқы суретімен беріледі.
«Ботагөз» романы көптеген шет тілдерге аударылған: Соның ішінде неміс, ағылшын, француз, поляк, чех тілдерінде басылып шықты. Ол халықтар Ботагөзді өз тілінде оқып, қазақ халқының күрес қарсаңындағы өмір-тұрмысымен танысты.
ІІІ. Қорытынды
Осы жұмысты қорытындылай келгенде, мен Сәбит Мұқановтың өз дәуірі үшін маңызды, ірі еңбегі —«Ботагөз» романын талдап, романдағы Ботагөз бейнесін ашып көрсеттім.
Қазақтың байырғы поэзиясына қарағанда, осы заманғы поэзия түр мен мазмұн көркемдігі жағынан жаңаша өсіп-өркендеді. Әрине, ол жаңалық бірден басталып кеткен жоқ. Бұрынғы дәстүрді бойына сіңіре, бұрынғы бар түрді қолдана отырып, ақындар жаңа заман тынысын көрсетті.Адам мен коғам өмірінің жаңа мазмұнын таныту үшін, ақындар, сонымен бірге, жаңа түр де іздеді. Бұл жолда алғаш соқпақ салушылардың бірі —Сәбит Мұқанов.
20—30 жылдардағы қазақ поэзиясын алып қарасақ, Сәбит Мұқанов көп жаңалықтар енгізген. Күрескер ақын Сәкен Сейфуллин поэзиясы қазақ өлеңін қаншалықты жоғары көтерсе, Сәбит Мұқанов та — көп ізденіп, поэзиясын жаңаша сөйлетуге ұмтылған ақын. Жаңалық тек ұйқас, буын, ырғақ саласында ғана болмай, көбіне ақынның теңеу, метафора, эпитет сияқты шеберлік кесте-өрнектерінен де көрінеді «Колхозды ауыл осындай» атты өлеңінде ақын көрікті даланы, көркем аспан мен көкорай шалғын жерді, онда
С. Мұқанов поэзиясында осы ізденумен қатар ғасырлар бойы халық санасына сіңген сөз өрнектерін шебер колдану айқын көрінеді.
С. Мұқанов — қазақ поэзиясын жоғары көтерген ақын. Үлкен прозаик болып кейін қалыптасса да, ол поэзиямызға елеулі үлес қосып, айта қаларлықтай өлең үлгілерін қалдырды.
Қорытып айтқанда, «Ботагөз» романы — қазақ әдебиетінің қорына енген шығарма. Революция мен онан соңғы біраз дәуірдің шындығы романда сол кездегі әдебиетте беки бастаған социалистік реализм әдісімен талданып суреттелген.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Ж. Ысмағулов «Сәбит Мұқанов» Алматы, 1991.
Сәбит Мұқановтың шығармалар жинағы, Алматы.
Р.Нұргалиев «Алаш» деп ұран салған. «Жалын», № 3-4, 1994.
Серік Қирабаев «Революция және әдебиет» Алматы «Жазушы»
Б. Кенжебаев «Әдебиет белестері» Алматы, 1986 жыл.
Бес томдық шығармалар жинағы. І том. – Алматы, 1983 жылы.
Қаратаев М. Дала жұлдызы , – Алматы, «Ғылым» баспасы, 1982 жылы.
Жұмалиев Қ. Жайсаң жандар. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1969 жылы.
Қаратаев М., Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 1968 жылы.
Қазақ поэзиясының Құлагері. / / Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1970 жылы.
Қирабаев С. Әдебиет және дәуір талабы. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1976 жыл.
Р. Нұрғалиев «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» Алматы, 2002 жыл.
Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай. / / Нұрғалиев Р. Арқау. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1991 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет