Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері. Азияның оңтүстігіндегі Үндістан мен басқа да бірқатар елдер ағылшындардың отары болатын. ХХ ғасырдың ба- сында Үндістанда ұлт-азаттық қозғалыс жандана түсті. 1885 жылы құрылған Үнді ұлттық конгресс (ҮҰК) партиясы, негізінен, реформалар үшін күресіп келген. Бірақ Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында оның басшылығында Б. Г. Т и л а к (1856—1920 жж.) бастаған солшыл топ күшейіп, с в а р а д ж (өзін-өзі билеу) тілек- терін алға тартты. Ел арасында сварадж және с в а д е ш и (өзіндік өнім шығару) қозғалыстарына халық бұқарасы кеңінен қатыса бастады. Соғыс алдында Мұсылман Лигасы (МЛ) өмірге келіп, мұсылман қауымын азаттық күреске тартуға кірісті. Ұлғайып бара жатқан қарсыласудан 75 шошынған ағылшындар отансүйгіштерге қарсы әрекет жасай бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі елдің жағдайы. Соғыс басталысымен Ұлыбритания Үндістанды соғыс мүддесіне аяусыз пайдаланды. Мыңдаған үнді азаматта- ры майдан шебіне жіберілді, олардың көбі қара жұмыс атқарды. Елдің қазба байлығы мен азық-түлігі метрополияға үздіксіз тасылды. Алым-салық мөлшері ұлғайды. Оны мезгілінде төлей алмағандарды жазалау күшейді. 1915— 1916 жылдары дәстүр бойынша анадан қызына берілуге тиісті алтын сақиналар, жүзік-сырғаларды жинап алу науқаны жүргізілді. Көз жасына жуылып жиналған алтын Англия қазынасына айналды. Ауыр салық халықты қатты әлсіретті. Күйзеліске ұшыраған шаруалар жерін тастап, қалаға қарай шұбыру- мен болды. Қалада жұмыс таппай, үйсіз, қайыршылық халде өмір сүріп жатты. Бенгалия, Бихар, т.б. аймақтарда жаппай ашаршылықтан миллиондаған шаруа қырылып қалды. Қала тұрғындары да қиыншылық көрді. Жұмыс уақыты 12—14 сағ-қа дейін ұзартылды. Неше түрлі са- лықтар мен айыптар еңсе көтертпеді. Азық-түлік және өндіріс заттарының бағалары дүркін-дүркін өсіп, жа- лақы төмендей берді. Жұмысшының тапқан табысы от- басын қамтамасыз етуге жетпеді. Қала мен ауылдағы кәсіпкерлердің де тұрмысы нашарлады, өйткені олар шығаратын заттар өте арзан бағаланып, табыстары кеміді. Осындай қиындықтарға қарамастан, жергілікті өн- діріс соғыс кезінде біраз алға басты. Ағылшын капи- талының қысымына төтеп берген үнді кәсіпкерлері мен саудагерлерінің қолындағы қаржы мен өндіріс орындары ұлғайды. Қалыптаса бастаған үнді буржуазиясы батылы- рақ қимылдап, байи түсті. Бирла, Тата, т.б. кәсіпшілер топтары әсіресе жеңіл өндірісте (тамақ, мата тоқу, т.б.), сауда қызметінде және кейбір ауыр өндіріс орындарында (металл қорыту, таскөмір өндірісі, т.б.) нығайып алды. Жалпы, Үндістан экономикасында ағылшын капиталы үстемдік жүргізіп отырды. Шетел капиталы банктерді, өндірістің негізгі салаларын, сыртқы және ішкі сауданы, 76 байланыс жүйелерін, көлікті, қаланы, елді мекендерді билеп алған-ды. Отаршыл өкімет, ең алдымен, ағылшын кәсіпкерлерін қолдап, соларға керекті заңдар қабылдады. Соғыс басталысымен ереуілдерге жол бермеу, саяси ұйымдарды бақылауға алу шаралары арқылы ағылшын- дар саяси билігін одан әрі күшейте түсті. Ұлт-азаттық қозғалысының басталуы. Ағылшындар- дың озбырлығы мен тұрмыстың ауырлығы ел арасында наразылық тудырды. 1916 жылы қала тұрғындары мен шаруалар қолдаған ұлт-азаттық күрес әр аймақта орын алды. Алдында хал-ахуалды жақсарту тілектері басымы- рақ болғанмен, кейінірек үнділіктерді билік жүйелеріне тарту, елге өзін-өзі билеу құқығын беру, қаржыны, кеденді бақылауға жол беру, т.б. саяси талаптар қойыла баста- ды. Салық төлемеу, әкімшіліктерге бағынбау, ереуілдер мен шеруге қатысу сияқты қарсылық әрекеттер Бомбей, Калькутта, Карачи қалаларында, Бенгалияда, Пенджабта, Гуджаратта өрши түсті. 1916 жылы ҮҰК мен МЛ Лакхнау қаласында өз съез- дерін шақырып, көпшіліктің тілектеріне сәйкес шешімдер қабылдады. 1916 жылы елге М. К. Ганди (1869—1948) оралып, бұл жағдай ұлт-азаттық қозғалысын өрістете түсті. М. Ганди Оңтүстік Африка Одағындағы отаршылдардың нәсілшілдік тәртібіне қарсы қозғалысқа қатысып, халық арасында беделді қайраткерге айналған. Ганди Үндістан мен Англия дәстүрлеріне сүйеніп ұлт-азаттық күрестің бұ рын болмаған жаңа түрін қолданды. Ол күш қолданбай қарсыласуды таңдады. Сатьяграха — ақиқаттағы батылдық тәсілін ол халық бұқарасы қолданатын негізгі қаруға айналдырды. Көп дінді, касталар жүйесі берік орныққан көпұлтты Үндістан қоғамына Гандидің ілімі өте қолайлы болды. Азаматтық төзбеушілік, бойсұнбаушылық қозғалысы, яғни күш қолданбай қарсыласу ілімі мен тәжірибесі Үндістан жерінде құлаш жайып, кейін әлемге әйгілі бол- ды. Отаршылдарға қарсы бағытталған қозғалыс соғыс аяқталысымен одан әрі өрши түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Үндістан. Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардабы отар халықтар- дың ашу-ызасын тудырып, ұлт-азаттық қозғалыс көптеген 77 елдерді қамтығаны белгілі. Ресей империясындағы оқиғалар да өз ықпалын тигізді. 1917—1923 жылдары революциялық күрес бүкіл Үндістанға таралды. Ол күрестің негізгі қозғаушы күші шаруалар болды. Қала тұрғындары да, үнді ұлттық буржу- азиясы мен жұмысшылар да қосылды. Ереуілдер мен ше- рулерге халық бұқарасы жаппай қатысып, тәуелсіздікке ұмтылысын білдірді. М. К. Ганди бастаған бүкілхалықтық антиимпериалистік майдан қалыптасып, ағылшын отар- шылары тыныштықтан айырылды. 1917 жылдың соңы — 1918 жылы ағылшындар екіжүз- ді саясат қолданды. Монтегю — Челмсфорд реформалары жергілікті және орталық өкімет қызметіне үнділіктерді қатыстыра бастады. Провинциялардағы заң қабылдаушы жиналыстардың ұсақ-түйек мәселелерді қарастыру құқықтары кеңейтілді. Орталық өкімет органдарында жергілікті ұлт өкілдерінің саны біраз ұлғайтылды. Бірақ билік губернаторлар мен генерал-губернатордың қолында қалды. Сонымен бірге Роулетт заңы қабылданып, полицияға өкіметке қарсы шыққандарды табан астын- да жазалау, сабау, абақтыға отырғызу, шетке айдау, оқ ату құқығын берді. Ереуілдерді тоқтату үшін армияны пайдаланды. Феодалдық және компрадорлық буржуазия көсемдері, сондай-ақ кейбір ҮҰК мен МЛ жетекшілері реформаға қанағаттанып, ағылшындармен жақындасуды жақтады. Бірақ көпшілік күресін тоқтатпады. 1919 жылы 6 сәуірде Гандидің шақыруымен Мадрас, Канпур, Ахмадабад, Бомбей (қазіргі Мумбай), т. б. қалалар мен өлкелерде хартал (жаппай ереуіл) ұйымдастырылды. Ол күні бірде-бір мекеме, оқу орны, дүкен, көлік, дәріхана жұмыс істемей, өмір тоқтап қалғандай болды. Бұл ағыл- шындарды қатты алаңдататын күрес түрі еді. Отаршыл- дар халық арасында үрей туғызу мақсатымен 13 сәуірде Амритсар қаласында бейбіт митингіге қатысқандарды атқылап, 1 мыңдай адам оққа ұшты, 2 мыңға жуығы жарақаттанды. Бұл қантөгіс бүкіл елді дүр сілкіндірді. Ереуілдер толқыны отаршылдар үстемдігін шайқалтты. Гандидің ықпалы ғана қарулы қимылдарға жол бергізбей, қозғалысты бейбіт арнада ұстап тұруға мүмкін болды. ҮҰК заң шығару жиналысына сайланудан бас тартты. 78 Келесі жылы 1 тамызда екі саяси партия бірігіп, елде жаппай бағынбаушылық қозғалысы өткізілді. ҮҰК қата- ры 10 млн адамға жетіп, МЛ да күшейді. Мұсылмандар арасында сол кезде халифатшылар қозғалысы өрістеді. Оған Батыс елдерінің Түркияға қарсы жасаған әрекеттері себеп болды, өйткені Түркия сұлтаны бүкіл мұсылмандар үшін халиф болып есептелетін-ді. Халифатшылар жал- пы антиимпериалистік бағыт ұстағандықтан, Үндістан мұсылмандары ағылшындарға қарсы тұрды. 1922 жылы Үндістанның Чаури-Чаура атты қыстағын- да шаруалар өздеріне оқ атқан полиция қызметкерлерін кеңсесімен қоса өртеп жіберді. Ганди: “Бұдан былай мұндай күш жұмсау қимылына қолдау болмайды”, — деп азаматтық бойсұнбаушылық қозғалысын тоқтатуды ұйғарды. Бұл кезде азық-түлік жағдайы да біршама жөнделе түскен еді. Сондықтан ұлт-азаттық қозғалыс біртіндеп бәсеңдей бастады. Оның келесі өршуі дүниежүзілік экономикалық дағ- дарыс жылдарында байқалды (1928—1933 жж.). Дағ- дарыстың ауыртпалығы үнді халқын қатты күйзелтті. Өндіріс орындары қысқартылып, жұмыссыздық ұлғай- ды. Үндістандық шикізат тауарлары өтпей, шаруалар алым-салықтарын төлей алмады. Ұсақ кәсіпкерлердің күнкөрісі күрт төмендеп кетті. Үнді ұлттық буржуазиясы да қиын жағдайға тап болды. Ганди қоғамдағы саяси- әлеуметтік қайшылықтар пісіп-жетілген сәтте екінші рет азаматтық бойсұнбаушылық қозғалысына шақырды. Ол 1930 жылғы көктемде басталып, бұл жолы қозғалыстың ұйымдастырылу деңгейі жоғары болды. Тәуелсіздікке жету мәселесі, елде жаңа конституция қабылдау туралы талап батыл қойылды. Қарапайым тұрғындарды қарсыласуға қатыстыру үшін Ганди “Тұз жорығын” бастады. Ағылшындар жергілікті тұрғындарға тұз қайнатуға, болмаса тұз өндірісімен шұғылдануға тыйым салып, оны тек өздері ғана сатып, пайда түсіретін. Тұз монополиясы шетелдіктердің әділет- сіз үстемдігінің бір көрінісі еді. Енді соған қарсы қозғалыс қаладан кенттерге жалғасып жатты. Ганди Гуджараттағы шеруді өзі басқарып, мыңдаған қыстақтарды аралап өтіп, Арабия теңізінің жағалауында теңіз суынан тұз өндіруге кірісті. Ағылшындар қаншама тырысқанымен, бұл 79 қозғалысты басуға шамалары келмеді. Олар М. Ганди, Дж. Неру, В. Патель, Р. Прасад және басқаларын абақтыға жапты. Сол жылы 60 мыңнан астам адам қамауға алынған еді. Жаңа конституция жобасын дайындауға кіріскен болып, онда әлеуметтік-діни бөліністері бойынша дауыс беруді енгізуді ұсынды. Бұл ҮҰК пен МЛ арасына от са- луы еді. 1930 жылы МЛ жеке мұсылман мемлекетін құру туралы пікір туғыза бастауы да осыдан. Оған қоса кесапат- тылар кастасындағылар бөлек тізіммен дауыс беру туралы ұсыныстар жасады. Ол үнділіктер арасындағы әлеуметтік қайшылықты жандандырып, күрескерлердің бірлігін әлсіретті. 1931 жылғы 5 наурызда ҮҰК мен ағылшын өкіметі келісімге келіп, азаматтық бойсұнбаушылық қозғалысы тоқтатылды, ел келешегі туралы келіссөздерге қатыстыру үшін абақтыдан Ганди тобы босатылды. Бірнеше рет екі жақтың келіссөздері нәтижесіз аяқталды. Англия 1935 жылы Үндістанды басқару туралы актіні — Британ- дық Үндістан конституциясын зорлықпен енгізді. Оны алдымен МЛ және төменгі сатыдағы жұрт өкілдері мо- йындады, кейін ҮҰК де көнді. 1937 жылы біраз жеңілдік берген конституция негізінде сайлау жүріп, 8 провинция (барлығы — 11) мен орталық заң қабылдаушы жиналыс- та ҮҰК басым орынға ие болды. Бұл тәуелсіздікке жету жолындағы кезекті жеңіс саяси партияларға ел билеу тәжірибесін алуға мүмкіндік берді. Ал толық тәуелсіздік үшін күрес жалғаса түсті. Оның барысына Екінші дүние- жүзілік соғыс жаңа өзгерістер енгізді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Үндістан. 1930 жылдардың соңында ең күшті елдер жанталаса жаңа соғысқа дайындалып жатқанда, Ұлыбритания Үндістанға үлкен үміт артты. ҮҰК мен МЛ фашистік тәртіпті ашық әшкерелегенімен, Лондоннан Үндістанның тәуелсіздігі мәселесін түпкілікті реттеуді талап етті. Англия оған көнбеді. Соғыс өрті басталып, ҮҰК жетекшілері тағы да тұтқындалып, түрмеге жабылды. МЛ Англияны жақтады. 1925 жылы құрылып, астыртын қызмет атқарып келген Үнді коммунистік партиясы (ҮКП) сол кездегі Коминтерн мен КСРО-ның үлгісімен Германияны қолдады. Өйткені 1939 жылы тамызда Берлин мен Мәскеу дүниежүзін бөлісу 80 туралы құпия шарт жасасып, оны Коминтерн өзіне мүше партияларымен бірге қолдаған еді. Соғыс жылдары үнді халқы көп қиындық көрді. Салық көлемі ұлғайып, азық-түлік жетіспей, ел ашаршылықтан бірнеше миллион азаматтарынан айырылды. 1,5 млн-нан астам үнділіктер ағылшын әскеріне тартылды. Бұл жолы да үнді буржуазиясы біраз жетіле түсті. 1941 жылы Германия КСРО-ға шабуыл жасағанда, ҮКП Германияны айыптады. 1942 жылы ағылшындар оларға ашық қызмет атқаруға рұқсат берді. ҮҰК жетекшілері қамаудан тек 1944 жылдың көктемінде босатылды. Олар тәуелсіздік туралы талаптарынан бас тартпай, күреске қатысып отырды. Ал МЛ 1940 жылы елді екі мемле- кетке бөлу туралы шешім қабылдап, оны жүзеге асыру жолындағы күреске бел байлады.