Қызметі: Еуразиялық экономикалық қоғамдастық – ТМД кеңістігіндегі ең дамыған аймақтық бірлестіктердің бірі. Аталған аймақтық бірлестік жұмысына қатысу Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады.
2003 жылғы желтоқсанда ЕурАзЭҚ БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды, бұл осы интеграциялық бірлестікті дүниежүзілік қоғамдастық танып отыр дегенді білдіреді.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің өзара ықпалдастығы тауарлар аталымының басым көпшілігі бойынша ортақ кеден тарифтері енгізілген, тарифтік емес реттеу бойынша келісілген шаралар жүзеге асырылып жатқан, үшінші елдерге қатысты ортақ сауда режимдері қалыптастырыла бастаған кезеңге жетіп отырғанын атап өткен жөн. Біртұтас кеден аумағын құру басталды. Гуманитарлық салада біздің елдеріміз азаматтарының білім, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету салаларындағы қажеттіктерін неғұрлым толығырақ қанағаттандыруға мүмкіндік беретін бірқатар нақтылы бірлескен қадамдар жасалды.
ЕурАзЭҚ құру туралы шартқа қол қойылған сәттен бері ЕурАзЭҚ құру туралы шарттың нормалары мен қағидаларын нақты толықтыру, Қоғамдастықтың басқару органдарын құру және олардың қызметін реттейтін құжаттарды әзірлеу, жаңа халықаралық ұйымның лауазымды тұлғаларының құқықтық мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитеттерін бекіту, олардың өз міндеттерін тиімді жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша халықаралық-құқықтық жұмыстың едәуір көлемі атқарылды.
2003 жылғы 27 сәуірде Душанбе қаласында болған ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі барысында (мемлекет басшылары деңгейінде) ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы іс ахуалы және интеграциялық ынтымақтастықты жеделдету жөніндегі ұсыныстар туралы» баяндамасы қаралды, ол Қоғамдастықтың таяу болашақтағы негізгі мақсаттары мен міндеттерін белгілейді.
Осы баяндама негізінде Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер басшыларының 2004 жылғы 9 ақпандағы №152 шешімімен бекітілген «2003-2006 және одан кейінгі жылдарға арналған ЕурАзЭҚ шеңберіндегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын» және «2003-2006 және одан кейінгі жылдарға арналған ЕурАзЭҚ дамуының басым бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шараларын» әзірледі.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер осылайша Қоғамдастық шеңберіндегі интеграциялық процестерді одан әрі тереңдету мақсатында бұдан былайғы қадамдап жүретін іс-қимылдарын айқындап алды.
Бұдан басқа, Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер, экономиканың нақты секторында мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын дамытудың маңыздылығын тани отырып, Қоғамдастық шеңберіндегі интеграциялық процестерге іскер топтарды тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру туралы шешім қабылдады.
Осы мақсатта 2002 жылы жазда «ЕурАзЭҚ Іскерлік кеңесі» қауымдастығы құрылды.
2003 жылғы ақпанда Мәскеуде ЕурАзЭҚ-тың алғашқы Экономикалық форумы өтіп, онда ынтымақтастықтың әр түрлі бағыттары бойынша сындарлы пікір алмасулар болды және өзара қызығушылық туғызатын жобалар бойынша ұсыныстар енгізілді. 2004 жылғы қыркүйекте «ЕурАзЭҚ – Іскери әлем» Халықаралық Конгресі өтті.
2005 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (мемлекет басшылары деңгейінде) 13-ші мәжілісі өтіп, оның барысында Президенттер интеграциялық өзара іс-қимылдарды тереңдету бойынша бұдан арғы қадамдарды талқылады және Тараптар үкіметтеріне экономикадағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
2005 жылғы 27 қыркүйекте ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі отырысында (үкімет басшылары деңгейінде) Қоғамдастық елдерінің отын-энергетикалық, көлік және т.б. салаларындағы қызметін реттейтін бірқатар құжаттар қабылданды. Сондай-ақ ЕурАзЭҚ Ортақ кеден тарифін құру процесін жеделдету қажеттігі атап өтілді.
2005 жылғы 6 қазанда «Орталық Азиялық Ынтымақтастық» ұйымы мемлекет басшылары саммитінде бұл ұйымды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықпен біріктіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, Қоғамдастықта Өзбекстан секілді тағы бір қатысушы мемлекет пайда болды.
2006 жылғы 25 қаңтарда Өзбекстан Республикасының Президенті И.А.Каримовтің қатысуымен өткен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер басшыларының кезектен тыс саммитінде 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа Өзбекстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қол қойылды, осылайша Өзбекстанның Қоғамдастыққа толық құқылы мүшелігі ресімделді.
Қоғамдастықтың одан әрі стратегиялық дамуын белгілеген 2006 жылғы оқиғалардың қатарына Өзбекстан Республикасының ЕурАзЭҚ-қа мүшелікке кіруін, сондай-ақ Қоғамдастық шеңберінде кедендік одақты қалыптастыру ісіндегі оң сипатты нәтижелерге қол жеткізілуін атап өтуге болады.
2007 жылы 6 қазанда Душанбе қаласында өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (мемлекеттер басшылары деңгейінде) отырысы Қоғамдастық үшін елеулі оқиға болды, ол отырыста әзірге ЕурАзЭҚ-қа мүше үш мемлекет – Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы – қалыптастырып жатқан кеден одағының шарттық-құқықтық базасының негізі қаланды.
Осындай жолмен Тараптар бұрын 2006 жылғы 16 тамызда Сочи қаласында қабылданған, Кеден одағын қалыптастыру туралы шешімді іске асырудың практикалық кезеңіне кірісті.
2008 жылғы 25 қаңтарда ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (үкіметтер басшылары деңгейінде) кезекті отырысы өтті, онда ЕурАзЭҚ-тың Кеден одағын қалыптастыру және біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы мәселелер қаралды және тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұдан басқа валюта саясаты, капиталдың еркін қозғалысы және инвестициялық саясат саласында тараптардың өзара қарым-қатынасын реттейтін, сондай-ақ Қоғамдастықтағы Өзбекстан Республикасының мүшелігін түпкілікті ресімдейтін бірқатар халықаралық құжаттар қабылданды. Сондай-ақ ЕурАзЭҚ-тың 2008 жылға арналған бюджетінің жобасы және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың «Инновациялық биотехнологиялар» атты мемлекетаралық мақсатты бағдарламасының жобасы қаралды.
ЕурАзЭҚ-ты құрушылардың бірі болып табылатын Қазақстан оның қызметіне белсенді түрде қатысады және ЕурАзЭҚ-тың жарғылық құжаттарында негізі қаланған сондай-ақ Қоғамдастықтың нормативтік-құқықтық базасында пысықталған интеграциялық әлеуетті кең ауқымда пайдаланады.
2003 жылғы 19 қыркүйекте Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина президенттері Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы Келісімге келіп, оның Тұжырымдамасына қол қойды. Ол Достастық кеңістігінде экономикалық интеграцияның жаңа оңтайлы жолдары мен тәсілдерін қарастырудың нәтижесінде жүзеге асырылды. Осылайша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі – ТМД) елдері Жалпы ішкі өнімінің 90% үлесіне ие экономикалық дамыған 4 ТМД мемлекеті интеграцияның жаңа сапалы әрі жоғары деңгейіне көшу туралы шешім қабылдады.
Қол қойылған құжаттар тек экономикалық сипатқа ие. Олар инфрақұрылымдық жүктемені төмендетуге бағытталған. Ал бұл өз кезегінде ортақ кеңістікте тауар өндірушілердің өзара қарым-қатынасын жеңілдетіп, бәсекелестік қабілетін көтереді. Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру туралы келісімде және Тұжырымдамасына енген интеграциялық үлгі әлемдік экономиканың қазіргі заманғы талабына жауап беріп, әлемдік шаруашылықтың ғаламдану үрдісіне енеді.
Біртұтас экономикалық кеңістікті (бұдан әрі – БЭК) қалыптастыру туралы келісім 2004 жылғы 20 мамырда заңдық күшіне енді.
Президенттердің 2003 жылғы 23 ақпандағы мәлімдемелеріне сәйкес БЭК-ті құру бойынша Жоғары деңгейдегі топ құрылды (ЖДТ).
Жоғары деңгейдегі топтың міндетіне тауарлардың, капиталдың, қызмет көрсетудің және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге және экономиканың әртүрлі саладағы мемлекеттік Заңнамаларын үйлесімдендіруге бағытталған, құжаттарды, тетіктерді және институттарды дайындау кіреді.
Осыған орай БЭК-ті қалыптастыру жөніндегі негізгі шаралар кешені (құжаттар 22 бөлім мен 116 шарадан тұрады), техникалық тапсырма, сонымен бірге жұмыс жоспары дайындалып бекітілген. Құжаттар өзара қарым-қатынастың негізгі бағыттарын - кедендік- тарифтік реттеуден жеке тұлғалардың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етуге дейінгі басты бағыттарды анықтайды.
ЖДТ-да (жоғары деңгейдегі топ) Қазақстан тарапын 2006 жылғы қаңтар айынан бастап ҚР сауда және индустрия министрі В.С.Школьник басқарады.
2004 жылы 24 мамырда Ялтада БЭК-ке қатысушы мемлекеттер басшыларының саммиті болып өтті, онда «төрттік» басым бағыттағы келісімдерді дайындауға баса назар аударды. Әр тарап ұлттық экономикалық мүдделерді есепке ала отырып, бұдан әрі ынтымақтастық туралы пікірлерін айтты. Украина әр түрлі салада ортақ жобаларды жүзеге асыру (көлік, отын -энергетикалық кешендер) және ең алдымен еркін сауда аймағын құрайтын құжаттарды дайындауды ұсынды. Ресей, өз кезегінде, ағымдағы күрделі аспектілерді екіжақты түрде шешу және қызмет пен капитал нарығына қол жеткізу тәртібін ырықтандыруды ұсынды. Қазақстан кедендік және көлік одақтарын құруды ұсынды. Осыған байланысты президенттер ЖДТ-қа (жоғары деңгейдегі топ) бірінші кезектегі құжаттарды дайындауды тапсырды.
2004 жылы 15 қыркүйекте Астанада «төрттіктің» мемлекет басшылары БЭК құру туралы келісімді одан әрі дамытуға бағытталған шешім мен мәлімдеме қабылдады. Осылайша, бірінші кезекте қол қойылуға тиісті 29 халықаралық-құқықтық және т.б құжаттардың тізімі бекітілді. Сонымен бірге 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарды өзара сатуда тағайындалған ел бойынша қосымша құн салығын салудың ортақ принциптеріне көшу туралы келісімге қол жеткізілді. БЭК мүше мемлекеттің ішкі шекаралары арқылы жеке тұлғалардың қозғалысын жеңілдету мәселесі бойынша ЖДТ-ға (жоғары деңгейдегі топ) сәйкес келісімдерді дайындау тапсырылған.
2005 жылғы 27 тамызда Қазанда БЭК-ке қатысушы мемлекеттер басшылары жаңа мәлімдемеге қол қойды. Онда ЖДТ-ға (жоғары деңгейдегі топ) 2005 жылдың 1 желтоқсанына дейін 29 келісімнен тұратын құжаттардың 1-ші пакетін қол қоюға дайындау және 2006 жылдың 1 наурызына дейін интеграциялық үрдістердің тереңдеуіне бағытталған 15 құжаттан тұратын 2- пакеттің дайындығы туралы баяндау тапсырылды. Сонымен бірге украиналық тарап өзінің ұйымға қатысу сатысын ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) нормалары мен ережелерін есепке ала отырып, әр түрлі деңгейлі және әр түрлі жылдамдықты интеграция принципіне сүйене отырып анықтайды делінген.
2006 жылғы 18 мамырда Минск қаласында өткен Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі Жоғары деңгейдегі тобының кезекті мәжілісі барысында 2005 жылдың 27 тамыздағы Қазан қаласындағы БЭК-ке қатысушы мемлекеттер басшыларының Мәлімдемесін іске асырудың мәселелері талқыланды.
Бірінші кезектегі келісімдер пакеті бойынша (38 келісімдер пакеті), үш мемлекет форматы (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы) бойынша қол қоюға 24 келісім дайындалды, оның ішінде Украинамен бірге төрт мемлекет форматы бойынша – 8 келісім дайындалды.
БЭК Комиссиясы туралы келісімнің жобасын талқылау барысында дауыстарды бөлу мен шешімдерді қабылдау рәсіміне байланысты кереғар пікірлер болды: ресейлік тарап шешім қабылдау кезінде 2/3 бөлікті басым көпшілік қағидатын ұстанса, қазақстандық және беларустік тараптар мәмлеге келу (консенсус) принципін ұсынды.
БЭК шеңберінде дауларды шешу жөніндегі органды құру туралы келісім жобасы бойынша қазақстандық тарап ескертулер мен ұсыныстар айтты, осыған байланысты, беларус және ресейлік тараптарға мемлекетішілік келісу рәсімдерін жеделдету ұсынылды.
БЭК-ке қатысушы мемлекеттер азаматтарының жүріп-тұруы еркіндігі туралы келісім жобасы бойынша. БЭК қалыптастырудың ЖДТ (жоғарғы деңгейдегі тобы) жұмыс отырысының қорытындысы бойынша (2006 ж., 18 мамыр, Минск) украиндық тарап ұсынысымен Келісім аты «БЭК-ке қатысушы мемлекеттер азаматтарының еркін жүріп-тұруы туралы келісім» болып өзгертілді.
Тараптардың сарапшыларымен Келісімнің мәтініне қосымша өзгерістер енгізілді және келісімге қол қоюдың үкіметаралық деңгейі айқындалды.
Ресейлік тарап, сондай-ақ, БЭК-ке қатысушы мемлекеттердің шекаралары арқылы азаматтардың және көлік құралдарының қозғалысын бақылау рәсімін жеңілдету тәртібі туралы келісімнің жобасы бойынша бірқатар ескертулер мен ұсыныстар енгізді.
Беларус, Қазақстан және Украина тараптары талқылау барысында ресейлік тарапқа мәжіліс кезінде тараптар жасаған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, өз ұстанымын пысықтауды ұсынды.
Қазіргі уақытта БЭК-ке қатысушы мемлекеттердің шекаралары арқылы азаматтардың және көлік құралдарының қозғалысын бақылау рәсімін жеңілдету тәртібі туралы келісімнің жобасы Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарына мемлекетішілік келісуден өтуде. Мемлекетішілік рәсімдер аяқталған соң Келісім жобасы белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізіледі.
Жоғары деңгейдегі топтың кезекті мәжілісін 2006 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында өткізу жоспарлануда. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша, бірінші кезектегі келісімдердің пакетін қол қоюға дайындау бойынша қажетті рәсімдердің бәрі аяқталған жағдайда Жоғары деңгейдегі топ мемлекет басшыларына ЕурАзЕҚ-тың Мемлекетаралық кеңесін өткізу барысында (2006 ж., 23-24 маусым, Минск) осы келісімдердің қол қоюға дайын екендігін хабарлайды.
Қазақстан, Ресей мен Беларусь кедендік одақ аясында өз аумағында жалпыға ортақ кеден тарифін енгізді. Жақын болашақта осы мемлекеттер арасында бұдан да терең деңгейдегі одақ құру көзделген – яғни 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ экономикалық кеңістік жұмыс істей бастайды.
Кедендік одаққа бірігу туралы келіссөздер көп уақыт бойы жүргізіліп келді де осы жөніндегі шартқа қол қою нәтижесінде іс жүзіне асты. Ол келісім-шартқа өткен жылдың қараша айында Беларусь астанасы Минскіде үш мемлекет президентінің кездесуі барысында қол қойылған болатын.
Мұндай бірігу жөніндегі шешім 2007 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа (ЕврАзЭС) мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі барысында қабылданған еді. Қырғызстан мен Тәжікстан да бұл топқа мүше болып саналады. Қазақстан басшылығының айтуынша, аталған кедендік одаққа ену сауда айналымын өсіреді, инвестициялық ахуалды жақсартады әрі басқа да артықшылық әкелмек-мыс. Мұндай артықшылықтар, деп сендіреді ол басшылық өкілдері, кедендік одақ аясында жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысы нәтижесінде пайда болмақ.