ТАҚЫРЫП 10. Қазақстан Қазан төңкерісі және кеңес үкіметінің орнауы кезеңінде
Жоспары:
1. Қоғамдағы Қазан революциясының әлеуметтік базасы және қозғаушы күштері.
2. ll-ші жалпы қазақ сьезі және оның автономия туралы шешімі. ”Алаш” партиясы-саяси күрестің факторы.
3. Қазақстанда Кеңес өкіметінің құрылуы.
1917ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Ертеңіне көтерілісші жұмысшылар, солдаттар мен матростар астананың аса маңызды орындарын басып алды. 25 қазанда (7 қарашада) таңертең Әскери революциялық комитет Уақытша үкіметтің құлатылғанын хабарлады. Қазан қарулы көтерілісінің Петроградтағы жеңісінің және орталықта, сонда-ақ Қазақстанмен іргелес ірі қалалар-Ташкентте, Омскіде, Орынборда, Астраханьда кеңес өкіметі орнауының Қазақстанда бүкіл өкімет билігінің кеңестер қолына өтуі үшін шешуші маңызы болды. Алайда Қазақстанда кеңес өкіметін орнату төрт айға, яғни 1917ж. аяғынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс өлкенің әлеуметтік-экономикалық және мәдени артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табы мен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз әрі әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен туған қиыншылықтар себебінен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің өлкеде жеңіске жетуіне солдат депутаттары Кеңестеріне біріккен жергілікті гарнизондардың солдаттары және ақпан революциясынан кейін Қазақстанға оралған әрі барынша қолдаған көңіл күйдегі, өздеріне бейбітшілік, ал шаруаларға жер беруге уәде жасаған өкіметтің болуына жеке мүдделі бұрынғы майдангерлер шешуші рөл атқарды. Кеңес өкіметі орнауымен бір мезгілде экономика мен мәдениетті қайта құру шаралары қолға алына бастады. Сонымен Кеңес өкіметі Қазақстанның түрлі аудандарында әр кездерде орнатылды. Қазақстанның оңтүстік және солтүстік облыстарында Кеңес үкіметі бейбіт жолмен жеңіп шықты. Сібір, Орал, Жетісу казактары және офицерлері басым аудандарда (Орынбор,Семей,Верный) Кеңес өкіметі қарулы күрес нәтижесінде орнатылды. 1917ж. қазан айының соңынан бастап 1918ж. наурыз айына дейін Кеңес өкіметі негізінен алғанда қалалар мен Қазақстанның басқа да елді мекендерінде орнап бітті. Ал ауылдар мен селолардың басым көпшілігінде Қазақстанда кеңес өкіметін орнату процесі азамат соғысы басталғанға дейін созылды. Қазақстанда кеңес өкіметін орнату ісіне Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, К.Сүтішев, А.Иманов, Т.Рысқұлов, Т.Бокин, А.Розыбакиев және басқалар неғұрлым белсенді қатысты. 1917ж. 15-22 қарашада Ташкенде өткен өлкелік сьезі Түркістан өлкесінде жаңа өкімет “Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі ” орнағанын атап көрсетті. Онда Халық Комиссарлары Кеңесінің 14 адамнан тұратын құрамы жарияланды. 22 қарашада Ферғана хандығының бұрынғы астанасы Қоқанд қаласында Бүкілтүркістандық Төтенше ІY-ші сьезі ашылды. Сьезді Мұстафа Шоқай ашып, ол Ресей мен Түркістандағы саяси және экономикалық жағдайды сипаттады. Сьез Түркістан өкіметі-Уақытша Кеңестің құрылғанын жариялады. Жаңа мемлекеттік құрылым “Түркістан мұхториатының” құрылуы. 1917ж. 5-13желтоқсанда Орынборда жалпықазақ сьезі болып өтті. Сьезде Түркістан автономиясының басшысы М.Шоқай баяндама жасады.Сьезде қазақ халқының автономиясы туралы мәселе қаралды. Сьезде қабылданған қаулылар.Сьез қарсаңында “ Қазақ” газетінде “Алаш” партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды.Сөйтіп, тарихтың бетбұрысты кезеңінде “Алаш” партиясы сол кездің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қазақ халқы дамуының буржуазиялық-демократиялық, ұлт-азаттық революцияны аяқтауға бағытталған балама жолын ұсынды. 1917ж. қараша-1918ж. қаңтар аралығында өткен сайлау қазақ еңбекшілерінің басым көпшілігі “ Алаш” партиясының бағдарламалық талаптарын қолдайтынын көрсетті. Қазақ зиялыларының жаңа өмір құру процесіне белсенді түрде араласуы елдің жоғарғы басшылығынан қолдау тапты. Ол қазақ комитеттерінің белсенділерінен өздерінің өлкелегі негізгі тірегі ретінде қабылдады. Уақытша үкімет құрылған сәттен бастап, яғни 1917 ж. 3 наурызда Ә.Н. Бөкейханов Торғай облысындағы мемлекеттік комиссар болып тағайындалды. 7 сәуір күні Ә.Бөкейханов сонымен бірге Уақытша Үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болып бекітілді. М.Тынышпаев жоғарғы лауазымға ие болып, Түркістан комитетінің құрамына енді. Қазақстанда уақытша үкімет іс жүзінде патша өкіметінің саясатын жалғастырды. Ол ұлт мәселесін шеше алмады және аграрлық мәселені де шешуге асықпады. Басқа езілген халықтар сияқты қазақтардың өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспады. Қазақ либералды қозғалысының басшылары осындай құбылмалы жағдайды ескеріп және саяси күштердің өзара қайшылықтарының күшеюіне байланысты жалпықазақтық сьез шақыруға шешім қабылдады. 1917ж. 21-28 шілде күні Орынборда бірінші Бүкілқазақтық сьез болып, оған Ақмола, Семей, Орал, Жетісу, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Күн тәртібінде 14 мәселе қойылды: мемлекетті басқару жүйесі, қазақ облыстарының автономиясы, жер мәселесі, халық милициясын құру, жергілікті басқару мекемелерінің жүйесі, халыққа білім беру, сот, рухани-діни мәселелер, әйел мәселесі, Құрылтай жиналысын шақыру және сайлауға қазақ облыстарындағы дайындық, бүкілресейлік мұсылмандар сьезі, қазақтың саяси партиясын құру, Жетісу облысындағы оқиғалар, қазақтардың Киевтегі Бүкілресейлік Федеративтік кеңесі мен Петроградтағы халыққа білім беру жөніндегі комиссияның жұмысына қатысу туралы. Сьез делегаттары ұлттық автономия құру мен жер мәселесін шешуге, Құрылтай сьезіне дайындыққа және қазақтың саяси партиясы “Алашты” құруға баса назар аударды. Сьезд жұмысындағы өзекті мәселе жер мәселесі болғандықтан, сьезд қарарының негізгі желісі мынаған саяды: қазақ қоғамы жерінің тартып алынуы тиылады, конфискеленген барлық жер, сондай-ақ қоныс аудару басқармаларының әлі бөлініп үлгірілмеген жер учаскелері дәстүрлі пайдалануы үшін қазақ қауымдарына қайтарылады. Сьезде А.Байтұрсынов пен М.Дулатов “тәуелсіз автономиялық қазақ мемлекетін” құру туралы мәселе көтерді. Ә.Бөкейханов “демократиялық, федеративтік және парламенттік Ресей Республикасының құрамында қазақ ұлттық-аумақтық автономиясын” құру керектігін дұрыс деп есептеді. “Қазақ облыстары, - делінді сьездің қарарында,- аумақтық-ұлттық автономия алуы тиіс”. Алаш партиясының басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай және басқа қазақтың буржуазиялық-демократиялық бағыттағы зиялыларының өкілдері болды. Партияға сондай-ақ ғылым және шығармашылық зиялыларының өкілдері кірді: М. Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж. және Х.Досмұхамедовтер және т.б. 1917ж. жазындағы болып жатқан жағдайға байланысты партия басшыларының басым көпшілігі социалистік идеологиялық бағдарламаны қолдаған жоқ, себебі қоғам тұтастай алғанда оған әлі дайын емес болатын, олар “Қазақ халқын отарлық езгіден құтқару” ұранымен партияға бірікті.Қазан төңкерісіне дейін-ақ қазақ либералдық-демократиялық қозғалысының жетекшілері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы жөнінде өздерінің бағдарламаларын кеңінен насихаттаған еді, ал Петрограттағы төңкерістен кейін 1917ж. 21 қарашада “Қазақ” газеті Алаш партиясының бағдарламасын жариялады. Бағдарлама жобасы 10 тармақтан тұрады. Олар: Мемлекеттік құрылым, Жергілікті бостандық, Негізгі құқық, Дін, Билік және сот, Халықты қорғау, Салық, Жұмысшылар, Ғылым мен ағартушылықтың дамуы, Жер мәселесі. Бұл бағдарлама 1917ж. қарашаның ортасында өткен Құрылтай жиналысының сайлауында “Алаш” партиясына үлкен бедел әкелді. 1917ж. 5-12 желтоқсанда Орынборда болған Екінші Бүкілқазақ сьезінде қазақ халқының әртүрлі таптарының өкілдерін біріктірді. Сьездің күн тәртібі Алаш партиясының жоғарыда келтірілген бағдарлама жобасының мазмұнынан туындады және ол 10 мәселені қамтыды: Сібір, Түркістан автономиясы және Оңтүстік-Шығыс одағы туралы, қазақ облыстарының автономиясы, милиция, ұлттық кеңес, білім беру, ұлттық қор, муфтиат, халық соты, ауылдық басқарма, азық-түлік мәселесі. Сьез қазақ облыстарының автономиясын құруды және оған “Алаш” атын беруді бірауыздан қабылдады. Уақытша халық кеңесі “Алаш Орда” (яғни Алаш автономиясының үкіметі) құрылды. Сьез шешімімен Алаш Орда 25 мүшеден тұруға тиіс болды. Алаш Орда басқармасы Семейде болды. Үкімет басшылығына – Бүкілқазақтың халық кеңесінің төрағасы етіп балама негізде Ә.Бөкейхановты сайлады. 1918ж. 6 қаңтарда большевиктер ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшілері зор үміт артқан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын қуып таратты. Сондай-ақ қызылгвардияшылардың Орынборды басып алуы Алаш Орда жағдайын қиындата түсті. 1918ж. көктеме мен жазында Алаш Орда большевиктерге қарсы коалицияны қолдап, өзінің дербес әскери күшін жасақтай отырып, Қызыл Әскерге қарсы күреске шықты. Алаш қозғалысы ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында Қазақстанда болған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінен туындады. Қозғалыстың басты өзегі 1917ж. шілдеде құрылған Алаш жалпыұлттық партиясы болды. Алаш партиясы өзінің қоғамдық-саяси өмірінің алғашқы сәттерінен бастап-ақ алдарына негізгі екі мақсат қойылған болатын: 1) қазақ халқын отарлық езгіден құтқару, 2) қазақ қоғамын әлемдік өркениет қауымдастығына енгізуді қамтамасыз ету. Партия отар болған Қазақстанды буржуазиялық-капиталистік қатынастарға бейімдегісі келмеді. Олар 1917ж. Қазан төңкерісінің ұрандары мен идеяларын мойындамады және Азамат соғысы кезінде кеңеске қарсы және большевиктерге қарсы күштермен одақтасты. Мұндай қарама-қарсылықта Алаш партиясы менАлаш Орда үкіметі жеңіліске ұшырады. Алаш қозғалысының қайраткерлері саяси күрес майданынан кеткеннен кейін 20-шы жылдары Қазақстан мәдениетінің, ғылымы мен халық шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қосты. 1917ж. 1қарашада кескілескен ұрыс нәтижесінде Ташкенде Кеңес өкіметі орнады. 30 қазанда жұмысшы және солдат депутаттарының Перовск (Қызылорда) Кеңесі өкімет билігін өз қолына алды. Қазақстанның кейбір жерлерінде кеңес өкіметі бейбіт жолмен орнады. Қазақстанда Кеңес өкіметінің жеңуіне байланысты жаңа өкімет органдарын құру басталды. Жергілікті жерлерде ауылдық, қыстақтық және селолық шаруа Кеңестері, аудандық жер-су комитеттері сайланып жатты. Кеңестердің атқару комитеттері жанынан денсаулық сақтау, әділет, қаржы, ағарту, жер және өнеркәсіп бөлімдері ұйымдастырылды. 1918ж. 21 наурыз-3 сәуірде Орынборда Кеңестердің І-ші Торғай облыстық сьезі болды. 1918ж. 20 сәуірден 1 мамырға дейін Ташкенде Түркістан өлкесі Кеңестерінің Y-ші сьезі өтті. Сьезде қаралған мәселелер: Кеңес өкіметі Қазақстанда ірі өнеркәсіпті, банкілерді және тасымал ісін тез арада мемлекет қарамағына алуды жүзеге асырды. Елде экономикалық саясат саласында табанды ізденістер жүргізіліп жатты. Кеңес өкіметі алғашқы күндерден бастап-ақ кең көлемді мәдени құрылыс бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Сауатсыздықты жою мәселесі қолға алынды. Мектептерде ана тілінде тегін оқыту енгізілді. Қазан төңкерісінен кейін бірсыпыра жерлерде оқушы жастар өкілдері мен ауыл мұғалімдерін біріктірген жастар ұйымдары мен үйірмелері: Омскіде- демократиялық оқушы жастар Кеңесі, Ақмолада –Жас қазақ, Спасск зауытында- Жас жүрек, Петропавлда –Талап, Семейде- Жанар, Әулиеата уезіндегі Меркіде-Қазақ жастарының революциялық одағы т.б. бой көтерді. Жастар ұйымдарының көбі алдарына мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізу міндетін қойды.Ал қоғамдық-саяси қозғалыстың түрлі бағыт алу процесінде олар таптық әлеуметтік және саяси мәні бар міндеттерді шешуге жақындай түсті. Революцияның даму барысына қарай кейбір жастар ұйымдары, мысалы, С.Сейфуллин бастаған Жас қазақ пен Т.Рысқұлов басқарған Қазақ жастарының революциялық одағы Кеңестерге қосылды, Ал кейбіреулері ұлттық-либералдық интеллигенция жетекшілеріне ерді.
Бекіту сұрақтары:
1. Қазан төңкерісі және Қазақстанда кеңес өкіметінің орнауы.
2. Қазақстандағы төңкерістен кейінгі алғашқы өзгерістердің жүзеге асуы.
3. ІІ-ші Жалпы қазақ сьезінің шешімдері. Алаш партиясының көздеген мақсаты.
Достарыңызбен бөлісу: |