Үйсін ордасы (б.з.б. V-ІІ ғғ.) – Қазақстан жеріндегі алғашқы
тайпалық бірлестіктердің
бірі. Жетісу аймағына орналасқан. Егер, VIII ғасырдағы тарихшылардың Бесбалықты
«Усун князының шекарасы» деп атайтынын ескерсек, үйсіндердің шығыс шегі бір
кездерде Бесбалық ауданы арқылы өткен деген қорытынды жасау керек. Үйсіндер
иеліктерінің шекарасы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өткен.
Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатса керек. Шығысында – Тянь-
Шяньның шығыс атырауларында, солтүстігінде – Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік
жағалауына дейін алып жатқан. Үйсіндер иеліктерінің орталығы – Іле аңғары.
Дегенмен, олардың ордасы – «Қызыл Аңғар қаласы» (Чигу-Чэн, Шығу) Ыстықкөл мен
Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасты (Қазақстан тарихы. І том, А.,
1996, 248-б.).
Үйсін терминінің мағынасы осы кезге дейін анықталмай отыр. Ол Қытайдың
иероглифтік жазбаларынан ғана мәлім. Қазіргі айтылуы қазақ этнонимдерінің бірі –
Ұлы жүз қазақтарының басты этникалық компоненті болып табылатын тайпаның өзін
атайтынындай «Үйсін» сөзіне сәйкес келеді. Қазақтың байырғы аңыз-шежірелері мен
жазба әдебиетінде «Үйсін» деген атау екі түрлі мағынада – тар мағынада және кең
мағынада қолданылады. Тар мағынадағы «үйсін» – қазақтың Ұлы жүзінің құрамындағы
тайпаның аты. Ал, кең мағынадағы «үйсін» – Іле алқабы мен Жетісу өңірін және
Оңтүстік Қазақстанды мекендеген Ұлы жүз тайпаларының жалпы аты. Ежелгі
заманнан бері осы өңірді мекендеген, Іле аймағындағы албан, суан, жалайыр
тайпалары осы үйсін ұлысының тармақтары.
Шежіре деректері бойынша үйсіндерді Шыңғыс хан заманындағы Майқы биден
таратады. ХІХ ғасырдағы орыс ғалымы Н.Аристовтың шежіресінде (Ботбай руынан
шыққан Диқанбай батырдан жазып алған) Майқы биден: Қаңлы, Бақтияр, Қырықжүз,
Мыңжүз. Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсіннен: Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ).
Абақтан – Қараша, одан Бәйдібек, Байтулы. Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар
Бәйдібектің балалары болып саналады. Олар: Албан, Дулат, Суан, Шапырашты, Сары
Үйсін, Ошақты, Ысты (Қазақ совет энциклопедиясы. ХІ том, 401-б.). Ш.Уәлиханов
жазбаларында Үйсін – тайпалардың ғана емес, Ұлы жүздің барлық тайпасының түп
атасы. Бұл шежіре тайпалар туыстығын көрсетеді. Алайда, көне жазба деректерге
қайшы келіп жатады.
Үйсіндер туралы алғашқы деректер Қытай жазбаларында б.з.б ІІ ғасырдың аяғында
ғана кездеседі. Қытай императорының сарайындағылар ғұндарға қарсы күресте
одақтас іздеп, б.з.б 138 жылы Батыс өлкеге Чжан Цянь бастаған елшілік жібереді.
Чжан Цяньды ғұндар тұтқынға алып, олардың елінде он шақты жылдай болады.
Алайда, ол кейін қашып шығып, Жетісуға барады. Үйсіндер туралы алғашқы
хабарды
еліне сол жақтан апарған. Оның кезінде үйсіндер арасында сэ (сақтар) «тармағы» мен
юечжилер мекендеген. Олардың айтуынша, үйсіндердің саны 630 мың адам (120 мың
түтін ) болған. Олар 188 800 адамнан жасақ құрған. Жазба деректемелерде үйсін
билеушілерінің жасағы – 30 мың атты әскер және «шабуыл қимылына үйретілген»
бірнеше мың садақшылар жайында айтылады.
Үйсін елінің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталды. Күнби елдегі барлық
қарулы күштердің ең жоғарғы қолбасшысы болды. Оған ру-тайпаларды басқаратын
бектер бағынды. Бүкіл үйсін елі өз ішінде б.з.б 73 жылға дейін оң қанат, сол қанат және
орта деп үш әскери-әкімшілік бөлікке бөлінді. Оң қанат пен сол қанатты екі қолбасы
меңгерді. Күнби ортада отырып, бәрінің үстінен қарады. Гуньмо (күнби) өзіне қараған
ел-жұртты балаларына бөліп беріп, мыңнан әскер және көшіп-қонатын жер бөліп беріп
отырды. Б.з.б. 64-51 жылдар аралығында Хань империясының таққа мұрагерлікке
араласуына халықтың наразылығы күшейді. Халық гуньмоның ғұн тегінен тараған
мұрагерлерін іш тартты. Сондықтан, үйсін халқы мен аумағы екі бөлікке: ұлы гуньмо
және кіші
гуньмоға бөлінді де, олардың қарамағындағы жерлердің шекарасына
межелер қойылды.
Үйсін тарихы кіші гуньмолардың үстемдік үшін ұлы гуньмоларға қарсы, ғұндарды
қолдайтын және қытайларды жақтайтын саясат жағындағылар арасындағы өзара
қырқысқан күрестерге толы. Б.з.б. 14 жылы ұлы гуньмо Цылыми кіші гуньмо
Мочжэнньцзянның тапсыруымен өлтірілді. Цылымидың билік жүргізген уақыты – б.з.б.
45-14 жылдардың арасы – үйсін мемлекетінің дәуірлеген кезі болса керек. Өйткені, ол
«билікті берік ұстады» және иеліктерінде «алаңсыз тыныштық пен бейбітшілік…
орнады» деген деректеме осы уақытқа дейін жеткен (Н.Бичурин, Собрание сведении.
ІІ том, 190-198-б.). Гуньмоның ордасы Шығу (Чигу-Чэн, «Қызыл Аңғар» қаласы) бекінісі
мен елді мекенді қаладан тұрған. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Шығу
қаласы «Ұлы Жібек жолындағы» елеулі саяси орталыққа әрі сауда пунктіне айналған.
Мұның өзі аталған бірлестіктің көрші елдермен «қытаймен, ғұн, қаңлы, алан, ұйғыр,
қырғыз тайпаларымен» саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды өрістетуге
зор мүмкіндік жасады (Ұлы Дала мемлекеттері, А., 26-б.).
Үйсін мемлекетінің Чигу-Чен («Қызыл Аңғар») астанасынан басқа да көптеген
қалалары, сауда орталықтары болған. Олар Шығыс Жетісу жеріндегі – Сүмбе, Лепсі,
Батыс далалық аймақтарындағы – Суяб, Құлан, Ақтөбе және т.б. қалалар.
Б.з.б. III ғасырдан X ғасырға дейінгі 1200 жылдық үйсін тарихында үйсін
гуньмоларының тек 10 ұрпағы жөнінде ғана нақты дерек сақталған: Нәнді би (б.з.б.
177 жылдан бұрын), Елжау би (б.з.б. 177-104 жж.), Жөнші би (б.з.б. 104-93 жж.), Оңқай
би (б.з.б. 93- 60 жж.), Най би (б.з.б. 60-53 жж.), Янғұн би (б.з.б. 53-51 жж.), Шын би
(б.з.б. 51-33 жж.), Цылыми (б.з.б. 33-16 жж.), Еже би (б.з.б. 10-7 жж.).
Үйсін бірлестігінің еңсесін көтеріп, ел еткен біртурар ерлер (Қазақтың қысқаша тарихы,
73-б.). Үйсін мемлекеті толассыз соғыстардан, ушыға түскен тақ таласы әсерінен
әлсірей түсті. Нәтижесінде, үйсін жұрты VI ғасырдың орта шенінде құрылған Түрік
қағандығының құрамына енді.