Чжан Цян үйсіндер туралы алғашқы мәліметтерді жеткізді.
Біздің заманымыздан бұрынғы 170-160-ыншы жылдары үйсіндер мемлекеті құрылды. Олар ғұндарға тәуелділікті мойындады. Кейін ғұндардан бөлініп, Қытаймен достық қарым-қатынас орнатады.
Үйсін мемлекетінің патшасын гуньмо деп атаған.
Біздің заманымыздан бұрынғы 53-інші жылы мемлекет екі бөлікке бөлінді: ұлы гуньмо және кіші гуньмо. Үлкен гуньмодан кейінгі мемлекеттік лауазым кіші гуньмо болды. Бұл бас уәзір еді. Одан кейінгі лауазым – тулы (дулы), бұл Қытай мемлекетіндегі үлкен уәзірмен дәрежелес болды. Мемлекет әскері оң және сол қанатқа бөлінді, оларды екі қолбасшы басқарды. Әскери қолбасшылардың көмекшілері «Дарту» атағын алып отырды. Елдің жоғарғы сотының қызметін оңқа билер, діни басшылықты абыздар жүргізді.
Үйсіндердің кейбір әскербасылары мен шенеуіктерінде және сарай жанындағы басқа да лауазымды адамдардың алтын және мыс мөрлері болған. Сол кездегі қалыптасқан тарихи ахуалға байланысты үйсіндердің көрші ғұндармен, Хан империясымен, қаңлылармен қарым-қатынасы өзгеріп отырды.
Біздің заманымыздан бесінші ғасырға дейін Жетісуда өмір сүрген Үйсін мемлекетін аварлар (жужандар) құлатты.
Тезистер
Ерте темір дәуірі заманында сақтардан соң Жетісу жерін үйсін тайпалары мекендеген. Қытай деректерінде олар «Усун-го» (Үйсін мемлекеті) деп аталады Үйсіндер Жетісу мен Тянь-Шаньда, Қытайдың солтүстік-батыс өлкесінде, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай таулы бөктеріндегі далалы өңірлерде өз іздерін қалдырған. Үйсін атауы қытай жазбаларында б.з.б. 2-ғасырдан бастап кездеседі. Олар «ат жақты, аққұбаша, сары шашты» болып бейнеленеді. Үйсіндердің шығыс шегі бір кездерде Қытайдың солтүстік-батысындағы Бесбалық ауданы арқылы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өтіп, Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатқан. Ал солтүстікте Балқаш көліне дейін жетті.