Сайын Жазира
аға оқытушы
Л.Н.Гумилев ат.ЕҰУниверситеті
Халықаралық қатынастар факультеті
Түркітану кафедрасы
ЖҮСІП БАЛАСАҒҰННЫҢ «ҚҰТТЫ БІЛІК» ДАСТАНЫНЫҢ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚАТЫСЫ
«Құтты білік» – Жүсіп Баласағұн шығарған дидактикалық поэма. Бұл көнетүркі
тілінде жазылған, түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы. Көптеген
зерттеушілер бұл поэманы саясат, мемлекет басқару, әскери іс жөніндегі
философиялық трактат деп жүр. Шындығында да, бұл жалаң әдеби дүние емес.
Бұл бүтін бір тарихи кезеңнің мінез құлқын бойына сіңірген, қоғамдық саяси,
әлеуметтік бітімі қанық, моральдық этикалық, рухани қазынамыздың негізі,
арқау боларлық дүние. Ондағы бүгінгі тілімізге, ой толғамымызға төркіндес,
етене жақын орамдарды көргенде, қазақ әдебиетінің солармен тікелей
сабақтаса жалғасқан дидактикалық поэзия мен шешендік сөздердің, билердің
орағытып, ой тастайтын кең тынысты толғамдарының дәстүрлі бірлігі «мен
мұндалап» тұрады. Жүсіп Баласағұнның мемлекетті басқару қағидалары мен
принциптерін, елге билік жүргізудің ережелері мен тәртібін, қоғам мүшелерінің
мінез-құлық және әдеп-ғұрып нормаларын жыр еткен этикалық-дидактикалық
мазмұндағы көркем туындысы.
Кілтті сөздер: Құтты білік, Ж.Баласағұн, әдеби жәдігерлер, асыл мұра.
Еліміздің Президенті Н.Назарбаев "Мәдени мұра" бағдарламасын іске
асыру жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде атап көрсеткендей-ақ «Адамзат
тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың
ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып
табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа
ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын
басты белгі – мәдениеті. Мәдениет - ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы,
жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен,
мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын
қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл
мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады.»
Ал мәдениет жетістіктерінің бір айғағы болып табылатын халықтың
әдебиет тарихын – сол халықтың қоғамдық санасы мен әлеуметтік ой-пікірінің
даму тарихы деуге болады. Елдің ой-өрісі мен философиялық даму дәрежесін
анықтау үшін ең алдымен сол халықтың фольклоры мен ежелгі әдеби, мәдени
мұраларына көз салынатыны мәлім. Өйткені халықтың рухани мұрасы –
көптеген ғасырлардан бері жиналған жемісі болып табылады.
Міне, сондай мұраларымыздың бірі - Жүсіп Баласағұнның моральдық-
этикалық мәселелерді көтеретін «Құтты білік» дастаны. Бұл шығарма
мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік принциптерін, қоғамдық-саяси мәні
бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет-ғұрыптар нормасын қамтыған,
энциклопедиялық дәрежеде жазылған көркем туынды болып табылады. “Құтты
білік” - әлем өркениетінен мәңгілік орын алған ақылман дастан. XI ғасырда
қазақ жерінде жазылған, түрік тектес халықтардың тұңғыш классикалық
шығармасы. Заманында ирандықтар - “Туран шахнамасы”, Шын жұрты -
“Хандардың әдеп-қағидалары”, машындықтар - “Мемлекеттің дәстүрі”, күллі
шығыс “Өмір зейнеті”, “Падишаларға насихат” деп таныған. Ал осы кітапты
дүниежүзілік асыл қазынаға қосқан түрік жұртының өзі “Құтты білік” деп атап,
әзіз кітап - ұлылықтың негізі деп білген. Парасат пен ақыл-ой сұлулығын
ұрпақтан ұрпаққа мұраға қалдырған осы еңбекте жар таңдау, бала тәрбиесі,
ақыл-білім, тіл ұстартудан бастап елдік құру, мемлекет түзу, ел басқаруға
дейінгі өмірлік, әлеуметтік мәні аса зор мәселелер жырланған.
“Құтты білік” қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, 1986 жылы жеке том
болып жарияланған. 1989 жылы Пекиннің “Ұлттар” баспасы оның қазақша
аудармасын араб әрпімен екінші қайтара шығарды. “Құтты білік” кітабы
осыдан онғасыр бұрынғы елдік, халықтық қасиетімізді толық танытатын еңбек
болған.
Дастанның басты идеялары төрт принципке негізделіп жазылған: 1)
мемлекетті дұрыс басқару үшін әділ заңның болуы; 2) бақ-дәулеттің басқа
қонуы; 3) ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі; 4) қанағатшылдық мәселесі. Осы
принциптерді ұстанған еңбектің негізі әділдік (Күнтолды), бақыт (Айтолды),
ақыл (Ойтолды), молшылық (Жетелеуші) сияқты кейіпкерлердің сұхбаты
іспеттес жүргізіледі. Адамгершілік, имандылықты насихаттайтын саяси-
философиялық
трактат
идеясы әл-Фарабидің
«Қайырымды
қаланың
тұрғындарының көзқарастар жайындағы» ойлармен ұқсас. Бұл еңбек өз
уақытында Қытай, Үндістан, Араб, Парсы ғұламалары тарапынан жоғары
бағаға ие болды.
Жүсіп Баласағұн өз шығармасында заманның бұзылғандығы, достардан
жапа шеккендігі туралы баяндайды.
Кісілер көп, кісілікке кендеміз,
Адалы аз, адам атты пендеміз.
Кісі сирек емес, сирек кісілік,
Кісіліктің қадірін біл, түсініп! –
деп адамдардан кісіліктің жоқтығы, ағайын-достық арасындағы қарым-
қатынаста жаттан айырмашылығының болмауы, халық арасында иман, сенім
мен жақсы қасиеттің қалмағанын өкіне баяндайды. Сонымен бірге, жігіттікке
ашынып, өкініп, қарттық туралы да айта келе, ол өзіне ақыл-кеңес беру арқылы,
қоғам мүшелеріне ықпал еткісі келеді. Ақынның дастан жолдарында айтылған
мына сөздері:
Сөзді тура, ащы, қатты сөйледім,
Түзу сөзді ұғар түзу ел дедім.
Оқушыға аса ауыр келмесін,
Ашық айтып, көрінгенді термедім! –
оның шын мәнінде ел жағдайына немқұрайлы қарамағандығын көрсетеді.
Жалпы ақын адамның кемелдену жолдарын айқындайды. Оның барлық
көріністері өлең жолдарында айтылады және оның сапалық белгілері мынада
деп ойлаймыз: 1. Адам баласының қадір-қасиеті – білім мен ақылда. Ол адам
кемелденуінің алғашқы жолы. Ғылым іздеу – мұсылманның бір парызы;
2. Тілдің пайдасы мен зияны бірдей; 3. Ізгілік – адамзат үшін ең қажетті қасиет;
4. Даңқ пен дәулетке мастанба, ол бір орнында тұрмайды; 5. Әділеттің жолын
қу, шыншыл бол; 6. Сараңдық пен ашкөздіктен аулақ бол; 7. Иттердің басшысы
арыстан болса, иттер де арыстандай күркірер, ал арыстандардың басшысы ит
болса, иттің тірлігін қылар; 8. Тексіз кісі уәзір бола алмайды. Бек қандай болса,
уәзірі де сондай; 9. Намысшыл ер бол; 10. Өз пайдаңнан гөрі ел пайдасын ойла.
Қайырымды бол.
Осыдан «Құтты білік» - өз дәуірінің адамгершілік принциптері мен
этикалық нормаларының бейне бір кодексі тәріздес шығарма болғанын көреміз.
Ақын адамгершілік, оқу-білім, тәлім-тәрбие, әдептілік жайында өсиет-ғибрат
жасайды:
Білімдінің
сөзін
жиған
жөн
болар.
Біліксіздің тілін тыйған жөн болар.
Тіл – арыстан есік баққан ашулы Байқамасаң
жұтар ерім басыңды.
Кезінде «Құтты білік» дастанын мемлекетті басқару жөніндегі заң
ережелер жинағы деп те таныған. Өйткені мұнда ел басқару принциптері орта
ғасыр философиясы тұрғысынан жырланған. Ақын барша халықты – диқандар,
малшылар, қол өнершілер, саудагерлер, ғалымдар, елшілер, әскер басшылары,
тәуіптер, түс жорушылар, аспаздар сияқты толып жатқан әлеуметтік топтарға
бөліп, әрқайсысының қоғамдағы орны мен атқаратын ролі туралы пікір айтады.
Адамның ақыл-парасатын ту етіп көтерген бұл дастан сан ғасырлар бойы
ұрпақтан ұрпаққа мұра болып ауысып отырады. Кезінде ол ел арасында жазба
түрде де, ауызша да кең тарады. Оның әрбір бәйіті мақал-мәтелдерге, өсиет-
ғибратқа, афоризмге айналып кетті.
Әрине, «Құтты білік» дастаны түркі тілдес халықтардың ортақ еншісі
екені даусыз. Сөйте тұра, қазақ тіліне тән сөз орамдарын, атаулар мен
терминдерді, поэтикалық тәсілдерді, көріктеу құралдарын, ой-талғам желісін,
қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді т.б. осы дастанның кез-келген бәйітінен
көруге болады. Бұл дастаннан қазақ поэзиясының, қазақ халқының, рухани-
эстетикалық ғасырлар қойнауына желі тартқан арналы дариясын көргендей
боламыз.
Жүсіп Баласағұн халық даналығынан туған қанатты сөздерді тұрақты сөз
тіркестерін, мақал-мәтелдерді түрлі трансформацияға салып, грамматикалық
модель мен мағыналық нұсқаларды тоғыстырып қолданады. Мысалы, қазақта
сонау көне заманнан келе жатқан: «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген
даналық сөз бар. Осы сияқты «Құтты білікте» де:
Сөзбен сөксе – тілмен ішіп қаныңды,
Сүйек сыздап, жалын қабар жаныңды.
Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,
Сөз қалады, таяқ табы кетеді. –
деген жолдар кездеседі. Ақын тілге сақ болу, абайлап сөйлеу туралы айта келіп:
Тіліңді бақ – басың аман болады
Сөзді қысқарт – жасың ұзақ болады –
дейді. Бұл жыр жолдарынан халық арасында кең тараған «Басқа пәле тілден»,
«Аңдымай сөйлеген, ауырмай өлер» деген асыл сөз төркінін аңғару қиын емес.
Қазір жиі пайдаланып жүрген «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырсыз
қалар ұятқа, сабырлы жетер мұратқа», «Ашуды ақылға жеңдір» деген мақал-
мәтелдер сияқты «Құтты білік» дастанында мынадай сөздер бар:
Өкпелесең, ашуланба, налыма,
Сабыр соңы – салқын сая жаныңа.
Сабаз ердің сөзін ұқ та біле бер:
Сабыр етсең – бұзылған іс түзелер!
Сабырлы ер талмай жетер мұратқа,
Аққу өзі-ақ түсер, шыда тұзаққа!
Сөйтіп, жақсы мінез-құлық, тәлім-тәрбие, әдептілік жайында күнделікті
айтылып жүрген қанатты сөздер ақын дарыны, шеберлігі арқылы бізге
жаңарған күйде жаңғырып естілгендей әсер етеді. Енді мына бәйіттерге көз
жүгіртейік:
Кісі көңілі түпсіз теңіз, ойласаң,
Білім – інжу, түбінде анық, қойма сан.
Кісі інжуді шығармаса теңізден,
Тас не, інжу не, пайдасы не тегінде?
Жүсіп Баласағұннан төрт жүз жылдай кейін, яғни XV-ғасырда өмір сүрген Асан
Қайғы жырау:
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас –
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады, –
дейді. Осыдан бұл екі ақынның жырлары поэтикалық көркем орамдары
жағынан да философиялық ой түйіндері жағынан да үндесіп жатқанын
аңғарамыз.
Халық пен билеуші әкімдер арасындағы қарым-қатынасын жырға қосу –
ежелгі түркі шайырларынан келе жатқан әдеби дәстүр еді. Бертін келе, XV –
XVIII ғасырларда қазақ жыраулары осы дәстүрге жаңа тарихи жағдайға сәйкес
келетіндей мазмұн мен форма беріп, оны жаңа поэтикалық дәрежеге көтерді.
Алайда, бізге «Құтты білік» дастаны арқылы жеткен ежелгі түркі әдебиетінің
әлеуметтік сарыны басым болып келеді. «Құтты біліктегі» басты мәселе – ел
басқару мәселесі. Елді, мемлекетті қалай басқару керек? Ел басқаратын адамда
қандай қастеттер болуы шарт?
Міне, Жүсіп Баласағұн осы сауалдарға өз заманының оқыған, көзі ашық,
ойшыл азаматы ретінде, әрі феодал табының мүддесін қорғайтын өкілі ретінде
жауап береді.
Ақынның айтуынша, ел-жұртты басқаратын адам – білімді, ақылды, әділ,
ниеті түзу, сөзі шырын, қайырымды болуы керек:
Бек халықты тек білікпен сендірер,
Барлығын да ақылына жеңдірер.
Бек дегенің білікпенен берік тұр,
Білік кетсе бек қалады желік құр.
Халыққа жақ, көңілі – тоқ, көзі – оқ
Ойы – терең, тілі – майда, сөзі шоқ.
Бұл дастанда елді әділдікпен басқару, заңды бұзбау, біреуге қиянат жасамау
туралы көп айтылады. Әйтсе де мұнда әңгіме үстем тап мүддесін қорғайтын заң
мен тәртіпті бұзбау жөнінде болып отыр:
Егер бегі қиянатшыл, сұм болса,
Халқы сорлап, күн көре алмас құл да онша.
Елді дана келсе ұзақ билегің,
Заңды ұстан, бұрсын елге бүйрегің!
Әділ заңмен – ғалам жайнап, ел сүйер
Күш қысқанда – ғалам қайнап, ел күйер!
Ал қазақ жырауларынан Асан Қайғының Жәнібек ханға, Шалкиіз
Тіленшіұлының Ноғайлы әміршісі Темір биге, Жиембет Бортоғашұлының Есім
ханға, Марғасқа жыраудың Тұрсын ханға, Үмбетей жыраудың Бекболат биге,
Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан толғауларында ел басқаратын адамға
қажетті қадыр-қасиет туралы көп жәйіттер сөз болады. Дегенмен қазақ
жыраулары Жүсіп Баласағұннан гөрі басқа тарихи ортада өмір сүрулеріне
байланысты өз әміршілерімен терезесі тең адамдай ашық та, ашына сөйлесті.
Оларға қазақ қауымы әлеуметтік топтар мен таптарға бөлінбеген, біртұтас
қауым болып көрінеді. Сол себепті олар бүкіл қазақ қауымының ортақ мүддесін
айтты. Осы ортақ мүддеге қайшы келетін хан мен қара мінезін қатар қойып,
екеуін бірдей сынады. Оларды бірлікке, ынтымаққа шақырды. Жыраулар үстем
тап өкілдерінің сөзін сөйлесе де, қоғамдық ой-пікір дамуының таптық түсінігі
дәрежесіне жете қоймаған еді. Сол себепті қоғамның ішкі қайшылықтары
жырауларға ел басқарған адамдардың жеке басы әрекетіндегі, мінез-
құлқындағы кемшілігі түрінде ғана көрінді. Мысалға, Асан қайғы жырау
Жәнібек ханға:
Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқанма көнбейсің,
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
...Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?! –
дейді. Ел басқарған әкімдердің іс-әрекетіне, мінез-құлқына сол дәуірдің
моральдық нормасы тұрғысынан баға беру – қазақ жырауларына тән қасиет.
Бұл дәстүрдің қайнар-бастауы түркі тілдес халықтардың ортақ поэзиясында
жатыр. Тек ескеретін бір жәйт – Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік»
дастанында жалпы хандар, сұлтандар, бектер, т.б. туралы абстракты түрде
айтса, қаазақ жыраулары нақты, тарихи қайраткерлердің іс-әрекетіндегі, мінез-
құлқындағы кемшіліктерді сөз етеді.
Жыраулар поэзиясы табиғи даму барысында ежелгі түркі әдебиетіне тән
жалпылама өсиет айту шеңберінен шығып, қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірді
білдіретін, күллі қазақ елінің тынысын аңғартатын қоғамдық күшке айналды.
Қазақ халқының басқа түркі тілдес халықтармен ортақтасатын ежелгі
дәуір әдебиетінің ұлы мұрасы – «Құтты білік» адам бойындағы ең ізгі
қасиеттерді - әділдікті, достықты, адал еңбекті, ақыл-парасатты, өнер-білімді,
туған жерге деген махабатты, т.б. жырлады. Сол арқылы қоғамдық ой-пікірдің
дами түсуіне ықпал жасады, әрі бұдан кейінгі тарихи кезеңде қазақ халқының
өзіндік, төл әдебиетінің қалыптасуына бірден-бір негіз болып қаланды.
Әдебиеттер
1. Баласағұн Жүсіп. Құтты білік / Көне түрк тілінен аударған А. Егеубай –А,
Өлке, 2006.
2. ІХ–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалар жинағы.–
Алматы,1971.
4. Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. – А, Ана тілі, 1991.
5. www.akorda.kz.
Аннотация
Крупнейшим произведением поэтического творчества этой эпохи является
поэма "Кутгы билик" (Благодатное знание). Она написана Юсуфом Хас-
хаджибом из Ба-ласагуна для одного из правителей Караханидского
государства Сатук Богра хана. «Кутты білік» - духовное наследие, являющееся
общим для всех тюркоязычных народов, рассказывающее о жизни людей
средневековья на арабском языке, в этом фундаментальном произведении
говорится о быте людей средних веков, их мыслях, жизненных отношениях,
природе и окружающей среде. Власть и государственное управление, любовь,
ум, знания, смысл жизни и удовлетворенность рассматриваются в философском
смысле». Около 1069 г. Юсуф написал свою поэму, обессмертившую его имя,
материал для нее автор собирал более 30 лет, а собственно работа над поэмой
заняла полтора года. Общий объем произведения -13 тысяч двустиший. В
основу поэмы легли эпизоды и предания, связанные с районами Жетысу,
бассейном озера Иссык-Куль и Кашгарией, действующие лица - исторические
деятели. В поэме упоминаются города Баласагун, Тараз, Кашгар, река
Сырдарья, племена чигилей, карлыков, огузов. Поэма построена в виде
диалогов, изречений и назиданий. Глубокое содержание и яркий поэтический
язык сделали ее весьма популярной. Она стала настольной книгой всех,
владевших грамотой. Основное идейное содержание поэмы заключается в том,
что знание - единственный источник для благополучия как правителей, так и
народа. Государством должен управлять просвещенный правитель, облаченный
благодатным знанием, утверждает Юсуф.
Ключевые слова: Благодатное знание, Ю.Баласагун, древнетюркская
литература, духовное наследие.
Abstract
The Kutadgu Bilig proposed Middle Turkic: is a Karakhanid work from the 11th
century written by an Turki author Yusūf of Balasagun for the prince of Kashgar.
Translated, the title means something like "The Wisdom which brings Happiness" or
"The Wisdom that Conduces to Royal Glory or Fortune" (Dankoff, 1), but has been
translated more concisely as "Wisdom Which Brings Good Fortune". The text reflects
the author's and his society's beliefs, feelings, and practices with regard to quite a few
topics, and depicts interesting facets of various aspects of life in the Karakhanid
empire. While not produced in Turkey, and more accurately referred to as Turkic
literature, the Kutadgu Bilig is often considered to belong to the body of Turkish
Keywords: Beneficial Knowledge, Yu. Balasagun, Ancient Turkish Literature,
spiritual heritage.
Достарыңызбен бөлісу: |