Жұтқыншақ (pharynx) жартылай ас қорыту түтік бөлігі және тыныс жолы болады; бұлшықеттер мен шелді қабықтан (көп талшықты дәнекер тінді немесе фиброзды) жасалған және ішінен сілемейлі қабықпен төселген қуыс (бос) ағза болып есептеледі. Жұтқыншақ үстіңгі жақтағы мұрын және
ауыз қуыстарын төмендегі көмеймен және өңешпен жалғастырады. Жұтқыншақ қуысы мұрын, ауыз және көмей қуыстарының артында және шүйде сүйектің негізі мен алты мойын омыртқаларының алдында орналасқан, ол төменде өңешке өтеді. Жұтқыншақ бассүйектің түбегейінен басталып VI мойын омыртқасына дейін жетеді. Жұтқыншақтың бүйір қабырғалары қан-нерв ірі бағандарының қосынды өрімдерімен шектеседі. Анатомия-физиологиялық ерекшеліктеріне және клиникалық көзқарастарға байланысты жұтқыншақты үш бөлікке ажыратады:мұрынжұтқыншақ (epipharynx), ортаңғы ауыз бөлік - ауызжұтқыншақ (mesopharynx) және төменгі көмей бөлік - көмейжұтқыншақ (hypopharynx). Жұтыну актісі мезгілінде және бірсыпыра дыбыстарды шығару уақытысында, мысалы дауысты дыбысты – жұмсақ таңдай көтеріледі, артқа қарай ауытқиды және қысқа уақытқа жұтқыншақтың артқы қабырғасына жанасып, мұрынжұқыншақты толығымен тұйықтайды. Жұтқыншақтың қуысына жеті тесік ашылады:мұрын-жұтқыншаққа – екі хоана (мұрын-жұтқыншақ тесігі) және есту түтігінің екі жұтқыншақ тесігі, ауыз-жұтқыншаққа – аңқа (зев) және көмей-жұтқыншаққа – көмейге өтіс (кіреберіс) және өңештің ауызы ашылады.
Мұрынжұтқыншақ.
Жұтқыншақтың мұрын бөлігі хоаналардың артқы жағындағы кішігірім қуыс, жұтқыншақтың ең жоғарғы бөлігі. Мұрын-жұтқыншақ тек қана тыныс алу қызметін атқарады, оның қабырғалары қозғалмайды және төмен түспейді. Мұрынжұтқыншақтың екі бүйір, алдыңғы, артқы және үстіңгі қабырғалары бар. Мұрынжұтқыншақтың күмбезі – үстіңгі жағында бассүйек түбегейінің сыртына бекітілген және шүйде сүйектің түбегейімен және сына сүйектің алдыңғы-төменгі бөлігімен шектеседі; артында 1-ші және 2-ші мойын омыртқаларымен; алдында – екі хоана бар; бүйір қабырғаларында – мұрынның төменгі кеуілжірлерінің артқы шеткі деңгейінде есту түтіктерінің воронка тәрізді жұтқыншақ тесігі орналасқан. Бұл тесік үстіңгі және артқы жағынан түтік білігімен шектелген, бұл білік есту түтігінің шығып тұрған шеміршекті қабырғасынан жасалған. Түтік білігінің артқы жиегінен төмен қарай сілемейлі қабық қатпары кетеді, бұнда жоғарғы жұтқыншақ констрикторынан кететін бұлшықет шоғыры (m.salpingopharyngeus) салынған. Бұл қатпардың және есту түтігі ұртының артында мұрынжұтқыншақтың әрбір бүйір қабырғасында шұңқыр – жұтқыншақ қалтасы немесе Розенмюллер ойығы бар, мұнда әдетте лимфаденоилық тіндер жиынтығы 5-ші және 6-шы түтікше бадамша безі бар. Мұрынжұтқыншақтың жоғарғы және артқы қабырғалары арасындағы шекарада (күмбезі үстінде) жұтқыншақ (немесе 3-ші мұрынжұтқыншақ) бадамша безі болады. Нормада жұтқыншақ бадамша безі тек қана балалардың жас кездерінде жақсы жетілген. Жыныс ағзалары жетілу кезеңінде ол кішірейе бастайды, 20-жасына қарай аденоилық тін тек кішкентай жолақ түрінде көрінеді, жасы өскен сайын оның семуі (көлемінің кішіреюі) жалғасады. Жұтқыншақтың жоғарғы және ортаңғы бөліктерінің аралық шекарасы болып ойша артқа қарай ұзартылған қатты таңдай жазықтығы жатады.
Жұтқыншақтың ортаңғы бөлігі (ауызжұтқыншақ).
Ол қалай ауаны, солай тамақты өткізуге қатысады, мұнда тыныс және ас қорыту жолдарының түйісуі болады. Ауыз-жұтқыншақтың алдында ауыз қуысына ашылатын тесік – аңқа (зев) бар, оның артқы қабырғасы 3-ші мойын омыртқасымен шектеседі. Аңқа – жұмсақ таңдайдың жиектерімен, алдыңғы және артқы таңдай доғашықтарымен және тілдің түбірімен шектелген. Жұмсақ таңдайдың ортаңғы бөлігінде өсінді түрінде ұзару болады, бұл кішкене тіл немесе тілшік деп аталады. Жұмсақ таңдай бүйір бөліктерінде жарылады және алдыңғы және артқы таңдай доғашықтарына өтеді, бұларда бұлшықеттер салынған (алдыңғы доғашықта – тіл-таңдай, артқы доғашықта – жұтқыншақ-таңдай бұлшықеттері), бұл бұлшықеттер қысқарғанда қарама-қарсы доғашықтар жақындасады, жұтыну кезінде сфинктер сияқты жұмыс істейді. Жұмсақ таңдайдың өзінде де бұлшықеттер салынған, бір бұлшықет оны көтереді және жұтқыншақтың артқы қабырғасына қысады, бұл бұлшықеттің қысқаруы есту түтігінің саңылауын кеңейтеді. Жұмсақ таңдайдың екінші бұлшықетті оны қатайтады және жанына кереді, бұл кезде есту түтігінің ұрты кеңейеді, бірақ оның саңылауын басқа бөлігінде тарылтады. Таңдай доғашықтары аралығындағы ұшбұрышты қуыста (бадамша шұңқыршасында) таңдай бадамшасы (1-ші және 2-ші бадамша бездері) бар. Жұтқыншақ лимфаденоилық тіндердің гистологиялық құрылысы біртектес – дәнекертінді талшықтар арасында көптеген лимфоциттердің шар тәрізді топтануы болады, олар фолликулалар деп аталады. Дегенмен, таңдай бадамшасының гистологиялық құрылысы клиникалық көзқарас бойынша ерекше маңызды.
Таңдай бадамшасының жұтқыншақ қуысына қараған бос немесе аңқа жақ беті көпқабатты тегіс эпителиалды сілемейлі қабықпен жабылған. Бадамша безінде 16-18 терең шұңқырлар бар, олар лакундар немесе крипталар деп аталады. Таңдай бадамшасының сыртқы беті жұтқыншақтың бүйір қабырғасымен қалың шелді (фиброзды) қабық арқылы жалғасқан, бұны клиникада сыртқы бадамша қапшығы (капсуласы) деп атайды. Бұл қапшықтан бадамшаның қалың ішіне (паренхимасына) көп дәнекертінді талшықтар кетеді, олар бір-бірімен көлденең шабақтармен (трабекулалармен) қосылып, қою тұзақты тор құрады. Бұл тұзақтардың ұялары көптеген лимфоциттермен толтырылған, олар кейбір жерде фолликулалар жиынтығын құрайды. Лакундар бадамшаның терең ен бойына кетіп, ол 1-ші, 2-ші, 3-ші, тіпті 4-ші реттегі тармақтарын береді. Лакундардың қабырғалары тегіс эпителимен төселген, олар көп жерлерде сыдырылады. Лакундардың саңылауларында сыдырылып түскен эпителимен қатар бадамша без тығынының негізін құраушы лимфоцит пен нейтрофилдер және микрофлоралар болады. Патологиялық тұрғыда түрлі көзқарас бойынша маңызды себептер болып, терең және ағаш сияқты тармақтанған лакундардың босатылуы – олардың енсіздіктерінен жеңіл бұзылады, сол сияқты лакундар ұрттарының тыртықтанып тарылуы, бұнымен қатар олардың жарты бөлігі – яғни бадамшаның алдыңғы төменгі бөлігі сілемейлі қабықтың жалпақ қатпарымен бүркеленген (Гисса қатпары). Бұндай алдын-ала себепші анатомия-топографиялық жағдайлар таңдай бадамшаларында қабынудың пайда болуына қолайлы жағдай тудырады. Бадамша безінің жоғарғы ұшының құрылысы бұл тұрғыда ерекше қолайсыз – өйткені дәл осы жерде шамадан тыс үлкен қабыну дамиды. Кейде таңдай бадамшасының жоғарғы ұшы аймағындағы бөлшегі (долкасы), бадамшадан жоғары жұмсақ таңдайдың өзінде жатуы мүмкін, тонзиллэктомия кезінде хирург бұны ескеру қажет. Сол сияқты жұтқыншақтың артқы қабырғасында ұсақ құрылым түрінде лимфаденоилық тіндер бар, олар фолликулалар немесе гранулалар (домалақ бөртпе түйіндер) деп аталады және жұтқыншақтың бүйір қабырғаларында, таңдай доғашықтарының артында лимфаденоилық тіндер жинағы бар, бұлар бүйір біліктер деп аталады. Бұдан басқа лимфаденоилық тіндер азғантай жинағының көмей кіреберісінде және жұтқыншақтың алмұрт тәрізді қуыстарында бар болуы. Тілдің түбірінде тілдік немесе 4-ші жұтқыншақ бадамшасы орналасқан. Сөйтіп лимфаденоилық құрылымдар жұтқыншақта сақина түрінде орналасады: екі таңдай бадамшасы, екі түтік, бір мұрынжұтқыншақ, бір тілдік және жоғарыда аталған көптен-көп ұсақ лимфаденоилық тіндер жинағы. Бұлардың барлығы бірге алғанда Вальдеера-Пироговтың жұтқыншақ лимфаденоилық шеңбері деп аталады. Таңдай бадамшасының ең басты функцияларының бірі – иммунитеттің (төтемеліліктің) қалыптасуына қатысуы.
Жұтқыншақтың көмей бөлігі (көмейжұтқыншақ).
Ауызжұтқыншақ пен көмейжұтқыншақтың аралық шекарасы болып көмей қақпашығының (қақпақшасының) жоғарғы жиегі және тілдің түбірі жатады; көмейжұтқыншақ төменде воронка тәрізді тарылып өңешке өтеді. Жұтқыншақтың көмей бөлігі 4-ші, 5-ші және 6-шы мойын омыртқаларының алдында орналасады. Көмей-жұтқыншақтың алдыңғы және төменгі жағынан көмейге өтіс (көмейге кіреберіс) басталады. Көмей кіреберісінің бүйірлерінде, бұнымен және жұтқыншақтың бүйір қабырғалары арасында төмен қарай конус сияқты тарылған тереңдеу шұңқыр бар. Бұл шұңқыр – алмұрт тәрізді синус (қуыс) деп аталады, бұл алмұрт тәрізді шұңқыр арқылы тамақ өңештің кіреберісіне өтеді. Жұтқыншақтың төменгі бөлігінің негізгі бөлігі көмейдің артында орналасады, сондықтан оның артқы қабырғасы жұтқыншақтың алдыңғы қабырғасы болады. Тікелей емес (жанама) ларингоскопияда тек алмұрт тәрізді қуыстарға дейінгі көмейдің төменгі бөлігінің жоғарғы бөлігі көрінеді, ал төменгі жұтқыншақтың алдыңғы және артқы қабырғалары жанасады (шектеседі), тек тамақ өткен кезде ажырасады. Жұтқыншақтың қабырғасы төрт қабаттан тұрады. Оның негізін шелді (фиброзды) қабық құрайды, бұның өзі жұтқыншақтың ішкі қуысы жағынан сілемейлі қабықпен, ал сыртынан – бұлшықетті қабатпен жабылған. Бұлшықеттер өз кезегінде сыртынан тым жұқа дәнекертінді қабатпен – адвентициамен жабылған, бұның үстінде борпылдақ (жұмсақ; бос) дәнекер тін жатыр, бұл борпылдақ тіндер жұтқыншақтың айналасындағы қарым-қатынастағы анатомиялық құрылымдармен өзара жылжымалдылығын қамтамасыз етеді.
Жұтқыншақтың сілемейлі қабығы оның жоғарғы бөлігінде мұрынжұтқыншақтың тыныс алу қызметіне сәйкес көпқатарлы жыбырлағыш эпителимен, ал ортаңғы және төменгі бөлігі көпқабатты жалпақ (тегіс) эпителимен жабылған. Жұтқыншақтың сілемейлі қабығында, әсіресе мұрынжұтқыншақта, жұмсақ таңдайдың жұтқыншақ бетінде және тілдің түбірінде көп сілемейлі бездер болады. Лимфаденоилық тіндер, бадамшаны қоса есептегенде сілемейлі қабат астында орналасады.
Шелді (фиброзды) қабық үстіңгі жағында шүйде сүйектің негізгі бөлігіне, қанатты өсіндінің медиалды пластинкасына және бассүйек түбегейінің басқада сүйектеріне бекітіледі. Шелді қабық төмен қарай біраз жұқарады және эластикалық жарғаққа өтеді, төменгі жағында тіласты сүйегіне және қалқанша шеміршектің пластинкасына бекітіледі. Шелді қабық жұтқыншақ жағынан сілемейлі қабықпен, сыртынан – бұлшықетті қабатпен жабылған.
Жұтқыншақты қысқыш (қысушы; қысатын) және көтеретін бұлшықетті қабаты көлденең жолақты талшықтардан тұрады және бойлы, айналмалы бұлшықеттермен көрсетілген. Жұтқыншақты үш констриктор қысады – жоғарғы, ортаңғы және төменгі. Бұл бұлшықеттер пластинка түрінде жоғарыдан төмен черепице сияқты (үйдің төбесін жабатын жұқа қыш) бірін-бірі жаба орналасқан. Жұтқыншақтың жоғарғы қысушысы алдыңғы жағынан негізгі сүйектен және төменгі жақсүйектен басталып артқа жұтқыншақтың артқы қабырғасының ортаңғы сызығына барады, бұнда ортадағы жұтқыншақ жігінің (тігісінің) жоғарғы бөлігі құралады.
Жұтқыншақтың ортаңғы қысушысы тіл асты сүйегінің мүйіздерінен және бізтіласты сіңірінен басталып артқа жұтқыншақ жігіне барады, жартылай жұтқыншақтың жоғарғы қысушысын жабады, ал төменде жұтқыншақтың төменгі қысушысының астында болады.
Жұтқыншақтың төменгі қысушысы сақина тәрізді шеміршектің сыртқы бетінен және қалқанша шеміршектің төменгі мүйізі мен артқы шетінен басталып артқа жұтқыншақтың артқы қабырғасының ортаңғы сызығына барып, өзінің бекітілуімен жұтқыншақ жігін құрайды. Төменгі қысушы жоғарғы жағында ортаңғы қысушының төменгі бөлігін жабады, төменде оның бұлшықет шоғыры өңештің қысушысы болып жұмыс істейді. Бойлық бұлшықеттер жұтқыншақты көтереді, бұған екі бұлшықеттер қарайды: бізжұтқыншақ (негізгі) және таңдайжұтқыншақ. Жұтқыншақ бұлшықеттері жиырылуында (қысқаруында) толқындалған (перисталтикалық) түрдегі қозғалыс жүзеге асады, бұдан басқа жұтқыншақ жұтыну кезеңінде жоғары көтеріледі, сөйтіп тамақ түйірі төменге өңеш ауызына қарай ауысады.
Жұтқыншақтың айналасында іші болбыр клетчаткалы кеңістіктер бар, оларға қабыну құбылысы тараған кезде ауыр асқынулар болуы мүмкін:
1. Жұтқыншақ арты кеңістігі (заглоточная пространство) жалпақ саңылау түрінде жұтқыншақтың артқы қабырғасымен және омыртқаның алдындағы фасциясы (шелді қабық) арасында орналасады, бұл кеңістік борпылдақ дәнекертіндермен толтырылған. Кеңістік бүйір жақтарынан фасциалды тармақтармен шектелген, бұл тармақтар омыртқаның алдындағы фасциясынан жұтқыншақтың қабырғасына барады. Бұл кеңістік бассүйектің түбегейінен басталып төмен жұтқыншақтың артымен өңешке дейін өтеді, бұнда оның клетчаткасы өңеш арты клетчаткасына, сонсоң көкірек арты клетчаткасына ауысады. Жұтқыншақтың артындағы кеңістік ортадағы пердемен сагиталды екі бірдей жартыға бөлінген. Балаларда ортадағы перде жанында лимфалық түйіндер бар, бұл түйіндерге таңдай бадамша безінен, мұрын және ауыз қуыстарының артқы бөліктерінен лимфалық тамырлар құяды, жасы өскен сайын бұл түйіндер атрофияға ұшырайды, балаларда бұлар іріңдеп, жұтқыншақ арты кеңістік іріңдігіне әкеледі.
2.Таңдай бадамша без маңы кеңістігі (паратонзиллярлық кеңістік) – бадамша безін қоршап
жатады және іші болбыр клетчаткаларға толы болады.
3.Жұтқыншақ маңы кеңістігі (окологлоточное пространство) – жұтқыншақтың бүйір бетінде (сыртында) орналасқан, олар клетчаткамен толтырылған. Жұтқыншақ маңы кеңістігі – тіс жақсүйек жүйесі ағзаларымен тікелей қатынаста болады, бұнымен нерв-қантамыр ірі бағандарының қосынды өрімдері өтеді және бұнда мойынның негізгі лимфалық түйіндері бар.
Жұтқыншақ арты және жұтқыншақ маңы кеңістіктері төмен жағынан көкірек қуысымен жалғасады. Үлкен адамдарда жұтқыншақтың ұзындығы оның күмбезінен төменгі шетіне шейін 14см тең (12-15 см), көлденең өлшемі орташа 4,5см тең.
Жұтқыншақтың негізгі қанмен қамтамасыз етілуі a.pharyngea ascendens (a.carotis externa тармағы), a.palatina ascendens (a.facialis тармағы, бұлда сыртқы ұйқы артериясынан кетеді) және aa.palatina descendens-пен (a.maxillaris тармағы) орындалады, сөйтіп жұтқыншақ қанмен сыртқы артерия жүйесінен жабдықталады. Жұтқыншақтың төменгі бөлігі жартылай a.thyreoidea inferior -ден (a.subclavia-ның сол және truncus brachiocephalicus-тің оң тармағы) қоректенеді. Таңдай бадамшасының қанмен қамтамасыз етілуі әртүрлі варианттағы сыртқы және ішкі ұйқы артериялар жүйесімен орындалады (өз алдында аттас артерия қанмен қамтамасыз етеді – төмен түсетін таңдай артериясы, жоғарылаған таңдай артериясы, жоғарылаған жұтқыншақ артериясы т.б.).
Жұтқыншақтан лимфа терең және артқы мойын лимфалық түйіндерге қайтады. Жұтқыншақ арты лимфалық түйіндер ортадағы және бүйірдегі деп бөлінеді, олар тек қана кішкентай балаларда болады. Жұтқыншақтың лимфаденоилық құрылымдарында, соның ішінде жұтқыншақтың барлық бадамшаларында лимфаны әкелетін лимфалық тамырлар жоқ болады.
Жұтқыншақтың ортаңғы қысушысының сыртқы және ішкі беттерінде оның нерв өрімдері орналасады (plexus pharyngeus), бұл nn.glossopharyngeus, vagus et sympathicus тармақтарынан құралған. Бұл өрім жұтқыншақтың қимылдату (қозғалыс) және сезгіштік (сезімталдық) нервтенуін (иннервациялануын) қамтамасыз етеді. Жұтқыншақтың жоғарғы бөлігінің қимылдату иннервациясы негізінен тілжұтқыншақ жүйкесімен, ортаңғы және төменгі бөлігі қайырылма жүйкемен (n.vagus тармағы) қамтамасыз етіледі. Жұтқыншақтың жоғарғы бөлігінің сезімділік иннервациясы n.trigeminus -тің екінші тармағымен, ортаңғы – glossopharyngeus тармағымен және төменгі – жоғарғы көмей жүйкесінің ішкі тармағымен (n.vagus-тан) қамтамасыз етіледі.
Жұтқыншақтың клиникалық физиологиясы.
Жұтқыншақ жартылай тамақ өткізу және тыныс алу жолдары болып табылады; бұл арқылы кезектесіп ішек-асқазан жолына (саласына) тамақ және сілекей, ал көмейге, өкпеге – ауа өтеді және керісінше. Жұтқыншақтың тіршілікке маңызды келесі қызметтерге қатысуын ажыратады:
1. Тамақты қабылдау актісі – сору және жұтыну
2. Дауыс шығару және сөйлеуді құрау қызметі
3. Тыныс алу актісі
4. Тамақты қабылдау және тыныс алу кезіндегі қорғаныштық механизмдер
Балалар өмірінің алғашқы айларында тамақты қабылдау тек қимылдата сору актісінің көмегі арқылы мүмкін. Сору кезінде ауыз қуысы ағзасымен 100 мм.рт.ст. шамасында теріс қысым жасалынады. Сору кезінде жұмсақ таңдай төмен қарай созылып және ауыз қуысын артқы жағынан жаба тілдің түбіріне жақындатылады, бұл кезде мұрын арқылы тыныс алуға сондайлық мүмкіндік беріледі. Ауыз қуысына сүтті толғанынша сорғаннан соң, соруы және тыныс алуы тоқталады да жұтыну актісі пайда болады, сонан соң тыныс алуы және сүттің жаңадан ауыз қуысына сорылуы қайтадан басталады. Үлкендерде шайнаудан кейін тілдің түбірі аймағында тамақ түйірі жасалады. Бұл кезде пайда болған қысым жұтыну актісін шақырады – жұтқыншақты қысушы, жұмсақ таңдай және таңдай доғашықтар бұлшықеттері толқындалған (перисталтикалық) түрде қысқарады. Тамақтың ауыз қуысынан жұтқыншақ арқылы өңешке өтуі күрделі рефлекторлық жұтыну актісінің үйлестірілуі нәтижесінде жүзеге асырылады, бұл уақытта белгілі жүйелілікте тіл, жұтқыншақ, көмей бұлшықеттерінің қысқарылуы пайда болады.
Жұтыну актісінің бірінші фазасы өз бетінше (еркін);тілдің көтерілуімен тамақ түйірі алдыңғы доғашықтардың артына жылжытылады. Екінші фаза – тамақ түйірінің жұтқыншақ арқылы өңеш ауызына қарай жылжытылуы – еркін емес (өз бетінше емес), туа біткен рефлекспен қамтамасыз етіледі. Жұтқыншақтың жоғарғы бөлігіндегі сілемейлі қабық рецепциясының (қабылдауының; сезінуінің) зақымдалуы жұтыну актісін бұзуы мүмкін, себебі рефлекторлы доға үзіледі. Бұндай құбылысты жұтқыншақтың сілемейлі қабығын қатты жансыздандырғанда (анестезиялағанда) байқауға болады. Екінші фазаның басында көмей көтеріледі, көмейқақпашығы тілдің түбіне қысылады және көмейге өтісті жаба төмен түсіріледі, ожау шеміршектер жақындасады, сөйтіп көмейге кіреберіс бөлік тарылады. Тамақ түйірі таңдай доғашықтары, жұтқыншақтың жоғарғы қысушы бұлшықеттерінің қысқаруы нәтижесінде жұтқыншақтың ортаңғы бөлігіне жылжыйды. Бұл кезде жұмсақ таңдай көтеріледі және артқа созылып, жұтқыншақтың артқы қабырғасына қысылады, сонысымен мұрынжұтқыншақты ауызжұтқыншақтан бөледі. Жұтқыншақтың ортаңғы бөлігінде тамақ түйірін ортаңғы және төменгі қысушылар қапсыра қамтып және оны төмен қарай жылжытады. Тамақ түйірінің жылжытылуы көмей, тіласты сүйегінің және жұтқыншақтың көтерілуі арқасында жеңілденеді. Жұтынудың үшінші фазасы екінші фазаның жалғасы болып табылады – тамақ түйірінің өңештің кіреберісіне жақындауы өңеш ауызының рефлекторлы ашылуын және тамақ түйірінің өңеш арқылы оның бұлшықеттерінің толқындалып (перисталтикалық) қысқаруы арқасында белсенді жылжытылуын шақырады. Жұтқыншақ тамақ түйірінен босағаннан соң бастапқы қалпына қайта келеді. Тамақты қабылдау актісі организмнің көп физиологиялық қызметтеріне әсер етеді: тыныс алу, қан айналысы, газ алмасу, қимылдатушы (қозғалтқыш) аппаратқа.
Жұтқыншақтың сөйлеу қызметі көмейде пайда болған (басталған) дыбыстарды жаңғыртудан тұрады. Дауыс тембірінің (құбылысының) қалыптасуы көмей, жұтқыншақ, мұрын, оның қосалқы қойнауларында және ауыз қуыстарында пайда болады. Жұтқыншақ қуысы өзінің көлемін және формасын өзгерте алады, ал жұмсақ таңдайдың үлкен қозғалмалы болуы – дыбыс тербелістерінің қозғалыс бағытын өзгертуі мүмкін, дәл сол жағдайлар дауыс бояу өзгерістеріне және оның үндерінің ұлғаюына мүмкіндік туғызады. Көмейде дыбыс белгілі биіктікте және жоғарылықта жасалып шығады, ал дауысты және дауыссыз дыбыстардың құрылуы негізінен ауыз және аз шамада жұтқыншақ қуыстарында пайда болады. Дауысты дыбыстарды шығару кезінде жұмсақ таңдай мұрынжұтқыншақты ауыз қуысынан қалқалайды, дауыссыз дыбыстар жұмсақ таңдай бос түскен мезгілінде шығарылады.
Жұтқыншақтың тыныс алу қызметіне оның барлық бөліктері қатысады, бірақ мұрынның өткізгіштік қабілеті бұзылған жағдайда тыныс алу ауыз арқылы орындалады, сол сияқты сөйлесу және ән салу кезінде т.б. ауа мұрынжұтқыншақ арқылы өтпейді, ал бірден жартылай жұтқыншақтың ортаңғы бөлігіне барады.
Жұтқыншақтың қорғаныштық (қарсылық) қызметі мынадан белгілі, оған бөгде дене немесе жағымсыз тітіркендіргіш заттектер (химиялық және термиялық) абайсыз түсіп кеткенде жұтқыншақ мускулатурасының рефлексті жиырылуы (қысқаруы) пайда болады және оның саңылауы тарылады, бұның өзі тітіркендіргіш заттектердің көбірек терең еніп кетуін тоқтатады. Мұрын қуысынан соң ауаның жұтқыншақта жылынуы және шаң-тозаңнан тазалануы жалғасады, бұлар жұтқыншақтың қабырғасын жабатын сілемейде (жалқықта) жабысып қалады және бұлармен бірге қақырынып тасталынады және сілемей (слизь) түкірікпен бірге жұтылынып асқазанда соңғы зарарсыздандыруға ұшырайды. Сол сияқты қорғаныштық ролді сілемейлі қабықтың қан тамырларынан және лимфаденоилық тіндерден ауыз және жұтқыншақ қуыстарына кіретін лейкоциттер мен лимфоциттер атқарады.
Таңдай бадамшасының физиологиясы тек қана бұл лимфаденоилық құрылымға тән автономды болып қоймайды, оның функциясы барлық организм лимфалық ағзаларының физиологиялық жүйесімен сипатталуы мүмкін. Лимфалық құрылымды (структураны) үш топқа ажыратады:
1. Көк бауыр және сүйек (жілік) ми лимфалық тіні – лимфақан тосқауылы (барьері).
2. Лимфалық түйіндер алып келетін және кері әкетуші (қайтарушы) тамырларымен – лимфоинтерстициалдық тосқауыл және бадамшалар.
3. Сол сияқты әкелетін және кері әкетуші тамырлары жоқ барлық лифаденоилық құрылымдар, ішек пейеролық буылтығы (бляшкасы) және солитарлық фолликулалар – лимфоэпителиалдық тосқауыл.
Организмдегі барлық үш топтағы лимфалық құрылымдардардың жалпы көрініс құрылысы ұқсас болады. Жұтқыншақтың лимфаденоилық шеңберіндегі ең үлкен бадамшалардың (таңдай, мұрынжұтқыншақ және тіл) анатомия-гистоморфологиялық және функционалдық ұқсастығы (синергизмі) бар. Осы ұқсастықтар таңдай бадамшасының спецификалық (өзіндік ерекше) функциясының жоқтығын көрсетеді, бірақ таңдай бадамшаларында тіндердің үлкен жетілуі (нақтылануы; дифференцировкасы) байқалады. Жұтқыншақтың лимфаденоилық құрылымы балалар өмірінің бірінші жылдары ең үлкен дамуына жетеді, ал жыныс гармондары пайда болу кезеңінен бастап (14-15 жастан) оның біртіндеп керісінше дамуы басталады. Балалық және жас өспірім шақтарында жұтқыншақтың бадамшаларында лимфоциттер пайда болады (құрылады), олар ауыз қуысына және жұтқыншаққа бөлініп түседі. Бадамшаларда әлсіз түрдегі антидененің (қарсы дененің; микроб уының енуіне қарсы дененің) құрылуы пайда болады. Барлық лимфоэпителиалдық құрылымдарда және солай бадамшаларда жамылғы эпителий арқылы лимфоциттердің үнемі бір жерден екінші жерге көшуі (орын ауыстыруы) болып тұрады. Лимфоциттар ауыз қуысына және жұқыншаққа түсіп бүлінеді (жарылады) және ферменттер бөледі, бұлар ауыздағы ас қорытуға қатысады.
Өңештің клиникалық анатомиясы және физиологиясы.
Өңеш (oesophagus) сақина тәрізді шеміршектің төменгі шеткі деңгейінен бастап жұтқыншақтың жалғасы болып табылады (VI мойын омыртқадан);ол алдынан артқа бағытталған ұзындығы 24-25см бұлшықетті қабыстырылған түтік (трубка) болып саналады. Өңеш XI кеуде омыртқасы деңгейінде асқазанға өтеді, яғни VII қыбырға шеміршегінің төске бекітілетін орнына сәйкес келеді. Үлкендерде алдыңғы тістерден бастап ауыз қуысы, жұтқыншақ және өңеш арқылы асқазанға дейінгі жолының жалпы ұзындығы 38-42см құрайды. Өңеш жоғарғы бөлігінде мойынның төменгі омыртқа денесінің алдыңғы бетінде орналасқан. Бұл бөлік мойын бөлігі деп аталады. Өңеш кеуде қуысының IX кеуде омыртқасы деңгейінде қолқамен алға қарай ығыстырылады. Ескерту керек, өңештің жолы тіке сызықтың бойында емес. Мойын бөлігінде кеңірдектің артында орналасып, ол оның сол жақ астыңғы шетінен алға шығады, осыған байланысты бұл жақтан қажет кезінде мойын эзофаготомиясын (өңешті жарып ашу операциясын) жасайды. Өңеш мойын және кеуде бөлігінің басында омыртқаның алдында және кеңірдектің артында орналасады, содан соң сол жақ басты бронхтың және жүректің артына өтеді, бұлар бірнеше солға қарай орналасқан. Қолқа өзінің жоғарғы бөлігінде өңештің сол жағында, ал көкет (диафрагма) аймағында – оның артында орналасқан. Өңештің жеке бөліктерінің ұзындығы бірдей емес:сонымен мойын бөлігінің ұзындығы 4-4,5см, кеуде бөлігінде 14-16см, қарын бөлігінде 2-4см. Өңештің үш анатомиялық (өліктерде сақталады) және екі физиологиялық (тек тірі адамдарда) тарылуы (қысылуы) болады. Анатомиялық тарылуға қарайтындар:I – өңештің бастапқы бөлігінде, өңештің ауызы деп аталады;II – бронхиалық - кеңірдектің бифуркациясы деңгейінде;III – диафрагмалық – көкеттің (диафрагманың) өңештік тесігінде. Екі физиологиялық тарылу: аорталық (қолқалық) – аортамен қиылысқан аймақта және кардиалдық – өңештің асқазанға өтуі (ұласуы; ауысуы) кезінде. Бұл ағзаның патологиясында өңештің тарылуы белгілі роль атқарады. Өңештің мойын және қарын бөліктері қабысқан, ал кеуде бөлігі кеуде қуысының теріс қысымы салдарынан үңірейген жағдайда болады. Өңештің қабырғасы үш қабаттан құралған:ішкі – сілемейлі қабықтан, ортаңғы – бұлшықетті және сыртқы – болбыр дәнекер тінді. Сілемейлі қабық көпқабатты жалпақ эпителимен жабылған және қатпарланып жиналған, бағыты ұзын бойына бойлай кетеді. Өңешті қоршаған борпылдақ дәнекер тінді клетчатканың, борпылдақ сілемейасты қабаттың және бойлай қатпарлануының арқасында, оның саңылауы тамақ өтуі кезінде кеңеюі мүмкін. Өңеш қабырғасының бұлшықетті қабатын - сыртқы бойлық (продолды) және ішкі айналмалы (циркулярлы) қабаттар құрайды. Бұлшықеттер жоғарғы бөлігінде көлденең жолақты, төменде бірыңғай салалы талшықтардан тұрады. Сілемейлі қабықтың өзінде бірыңғай салалы бұлшықетті талшықтар болады, олар оның бойлық (продолды) қатпарының құрылуына қатысады. Сілемей асты қабатта сансыз көп сілемейлі бездер және сирек лимфалық түйіндер жатыр. Өңештің төменгі бөлігінде, сол сияқты сілемей асты қабатта сирек көлемі кішкентай бездер жатады, асқазанның кардиалды бөлігіндегі бездерге құрылысы бойынша ұқсастау. Асқазандағы ісіктермен құрылысы бойынша бірдей, өңеште қатерлі ісіктің пайда болу мүмкіндігі осынысымен түсіндіріледі.
Өңеш мойын бөлігінде қанмен өңеш артериясы (a.oesophageae) және төменгі қалқанша артериясы арқылы қамтамасыз етіледі. Кеуде бөлігі қанды қолқаның көкірек бөлігінен кететін тармақтардан, қарын бөлігі – көкет артериясынан және асқазанның сол жақ артериясынан алады (жабдықталады). Өңештің мойын бөлігінен веноздық қанның төменгі қалқанша венасына, ал кеуде бөлігінде – жұпемес (v.azygos) венаға және жартылай жұпемес (v.hemiazygos) венаға қайтуы жүзеге асады, қарын бөлігінің веналары қақпалық (воротной) веналар жүйесімен байланыста.
Өңештің лимфалық жүйесі беткі және терең жүйелермен көрсетілген. Беткі жүйенің басы бұлшықетті қабырғаның қалың ішінен алынады, ал терең лимфалық жүйе сілемейлі қабықта және сілемей асты қабатта орналасқан. Мойын бөлігінде лимфаның қайтуы жоғарғы кеңірдек маңы және терең мойын лимфалық түйіндерге, ал кеуде және қарын бөліктерінен асқазанның кардиалды бөлігіндегі кеңірдекмаңы және бронхтармаңы түйіндерге ағып кетуі болады. Өңештің иннервациялануы кезеген (кезбе) және симпатикалық нервтер тармақтарымен жүзеге асады.
Өңештің негізгі функциясы тамақты асқазанға белсенді өткізу болады. Жұтыну актісі кезінде өңештің ауызы ашылады және тамақ түйірі жұтқыншақ бұлшықеттерімен өңештің алғашқы бөлігіне жылжыйды, содан соң өңеш бұлшықеттерінің толқындалып (перисталтикалық) жиырылуы тағам түйірінің асқазанға түсуін қамтамасыз етеді.
Көмейдің клиникалық анатомиясы.
Көмей (larynx) тыныс алу түтігінің (трубкасының) бастапқы кеңейген бөлігі болады, бұл өзінің жоғарғы бөлігімен жұтқыншаққа ашылады, ал төменгі бөлігімен кеңірдекке өтеді. Ол тіласты сүйегінің астында мойынның алдыңғы бетінде орналасқан. Арықтау ер адамдарда көмейдің пішіні (контуры) жиі жақсы көрінеді. Үлкен ер адамдарда көмейдің жоғарғы шеті IV және V мойын омыртқаларының шекарасында болады, ал төменгі шеті VI мойын омыртқасына сәйкес келеді. Жаңа туған нәрестелерде, жас және әйел адамдарда көмей бірнеше жоғары, ал шалдарда керісінше төмен орналасқан. Жұқа бұлшықеттермен жабылған көмейдің алдыңғы бетін терісі арқылы жеңіл басып байқауға болады. Ер адамдарда мойынның жоғарғы бөлігінде шодыр немесе шығыңқы жер – томпақ (кадык; Адамова алмасы) қолмен анық байқалады. Ол әйелдерде және балаларда жұмсақ және оны қолмен басып анықтау қиын. Алдыңғы төменгі бөлігінде, қалқанша шеміршектің төменгі шеті және сақина тәрізді шеміршектің жоғарғы шеті аралығынан коникалық сіңір аймағын (lig.conicum) жеңіл басып байқауға болады, бұны қажет кезінде асфиксия жағдайында тыныс алысты жедел қалпына келтіру үшін кеседі. Көмейдің сыртқы (бүйірлік) беттерінің жанында қалқанша бездің бүйірлік бөліктері және мойынның нерв-қантамыр ірі бағандарының қосынды өрімдері жатыр. Көмейдің артқы беті жұтқыншақтың төменгі бөлігімен, ал артқы төменгі шеткі деңгейінде – өңештің жоғарғы бөлігімен шектеседі. Дауыс шығару және жұтыну кезінде көмейдің сыртқы бұлшықеттері оны көтереді және түсіреді. Бұндай жылжымалылық функционалдық тұрғыдан қажет, ол мыналардың арқасында жүзеге асырылады:көмей жоғарыда бұлшықеттер жәрдемімен тіласты сүйегі арқылы тілмен және төменгі жақсүйекпен, төменде төспен және бұғанамен жалғасқан. Көмейдің қаңқасы (арқауы; тұлғасы) формасы бойынша кесілген пирамиданы еске түсіреді, ол байламдармен жалғасқан шеміршектерден тұрады. Бұлардың ішінде үш тақ:көмейқақпашық (көмей үстілік), қалқанша, сақина тәрізді және үш жұп:ожау тәрізді, мүйіз тәрізді (Санториндік) және сына тәрізді (Врисберг) шеміршектер.
I. Тақ шеміршектер:Көмей қаңқасының негізін, фундаментін сақина тәрізді шеміршек атқарады. Оның тым енсіз алдыңғы бөлігін доға, ал артқы кеңейген бөлігін көзі (пластинкасы) деп атайды. Сақина шеміршектің бүйірлік беттерінде дөңгелек түрде шамалы көтеріңкі тегіс жер бар – қалқанша шеміршекпен жалғасатын орын. Сақина тәрізді шеміршектің алдыңғы үстінде және бүйірлік жарты шеңберінде ең үлкен қалқанша шеміршек орналасқан. Сақина тәрізді шеміршектің доғасымен және қалқанша шеміршектің арасында коникалық байламмен толтырылған кең саңылау бар.
Қалқанша шеміршек бұндай аттауды тек қана оның сыртқы түріне (формасына) байланысты емес, сол сияқты ол ағзаның ішкі бөлігін қорғаудағы ролі үшін алды. Қалқанша шеміршек дұрыс емес төрт бұрышты формадағы екі пластинкадан тұрады, алдында ортаңғы сызық бойында өзара тұтаса біріккен, артында айырылысқан (екі жаққа кетеді). Шеміршектің жоғарғы шеткі аймағында ортаңғы сызық бойында ойынды (incisura thyreoidea) бар. Қалқанша шеміршектің артқы төменгі және жоғарғы бұрыштары ұзын енсіз өсінділер – мүйіздер түрінде созылған. Төменгі мүйіздер тым қысқалау, олардың ішкі жақтарында, fascies articularis thyreoidea аймағында сақина тәрізді шеміршекпен жалғасуға арналған буын беті бар. Жоғарғы мүйіздер тіл асты сүйегі жағына қарай бағыталған. Қалқанша шеміршек пластинкасының сыртқы бетінде қиғаш бағытта артынан алға және жоғарыдан төмен қиғаш (қисық) сызық орналасқан, бұл сызыққа үш бұлшықеттер бекітіледі:төс-қалқанша (m.sternothyreoideus), қалқанша-тіласты (m.thyreohyoideus) және қиғаш сызықтың артқы бөлігінен төменгі жұтқыншақ қысушысы басталады. Қиғаш сызықтың артқы жоғарғы соңында тұрақсыз қалқанша тесігі (for.thyreoidem) байқалады, бұл арқылы жоғарғы көмей артериясы (a.laryngea superior) өтеді. Қалқанша шеміршектің пластинкаларынан пайда болған бұрыштың ішкі бетінде көтеріңкі жер бар, бұған дауыс қатпарларының алдыңғы ұшы бекітіледі. Үшінші тақ шеміршек – көмей қақпашығы (қақпақшасы; көмей үсті шеміршегі; cartilago epiglottica) өзінің формасымен (түрімен) гүл жапырағын еске түсіреді. Оның кең және тар бөлігі, жапырағы және сабы деп айырады. Көмей қақпашығының сабы байламдардың көмегі арқылы қалқанша шеміршек бұрышының ішкі бетіне, оның жоғарғы ойындысынан сәл төмендеу бекітіледі. Көмей қақпашығының жапырағы тіл түбірінің артында орналаса, қалқанша шеміршегінің деңгейі үстінен кең шығып тұрады. Көмей қақпашығының тілдің түбірі жағына бағытталған біршама дөңестеу алдыңғы бетін – тілдік бет, ал көмей кіреберісіне қараған артқы бетін – көмейлік бет (көмей жақ беті) деп атайды. Көмей қақпашығы жапырағының әртүрлі формалары болады:ол жиі жазылған түрде, кейде артқа қарай көбіректеу немесе азырақтау шалқайған түрде болуы мүмкін. Бұл жағдайлар ларингоскопиялық көріністерді зерттеу кезінде үлкен мағынаға ие болады. Көмей қақпашығының ұзарған, жартылай түтікше бүктелген және тым шалқайған кезінде тікелей емес ларингоскопия жасау қиынға соғады, бұндай жағдайлар көбінесе балалар жасында кездеседі. Бұндай жағдайларда көмейді тек арнайы аспап арқылы қарауға болады – ларингоскоп немесе фиброларингоскоп;бұл әдіс тікелей ларингоскопия деп аталады. Дауыс қатпарларының үстінде көмей қақпашығы петиолюсасының бетінде төмпешік бар, ол кейбір адамдарда әжептәуір айқын көрінеді, сондықтан кейде диагностикалық қателіктерге әкеледі. Көмей қақпашығы қақпақ сияқты тағам мен түкіріктің тыныс саңылауына түсіп кетпеуін қамтамасыз етеді.
II. Жұп шеміршектер:ожау тәрізді шеміршектер сақина тәрізді шеміршек пластинкасының («көзінің») үстінде, оның екі жанында (бүйірлерінде) симметриялы орналасқан. Олардың әр қайсысы дұрыс емес үш жақты пирамиданың формасындай болады, оның ұшы жоғары біршама артқа және медиалды қараған, ал негізі (түбі) сақина тәрізді шеміршектің буын бетінде орналасқан. Ожау шеміршектің төрт беті бар: латералды, медиалды, төменгі және жоғарғы.
Латералды бетінде көтеріңкі жер – төмпешік бар, бұдан алға және төмен қарай доға сияқты тарақша орналасқан. Бұл тарақша ожау тәрізді шеміршектің латералды бетін жоғарғы және төменгі кішкене шұңқыршаға бөледі, жоғарғы шұңқыршада бездер салынған, ал төменгі шұңқырша дауыс (дыбыс) бұлшықеті (m.vocalis) бекітілетін орын болады.
Ожау шеміршектің медиалды беті сагиталды бағытталған және көлемі кішіректеу. Шеміршектің алдыңғы беті сілемейлі қабықпен жабылған, формасы үшбұрышты болады және көмей кіреберісінің артқы жағын шектейді. Әрбір ожау тәрізді шеміршектің негізі бұрышынан екі өскін жақсы көрінеді. Оның алдыңғы ішкісі дауыс бұлшықеті бекітілетін орын болады, сондықтан ол дауыс өскіні, ал шеткі сыртқысы бұлшықет өскіні деп аталады – артқы және бүйір сақина-ожау бұлшықеттердің бекітілу орны болады. Ожау шеміршектің негізі өзінің төмегі бетімен сақина тәрізді шеміршек пластинкасының жоғарғы бетіне жалғасқан. Ожау тәрізді шеміршектер бұлшықеттер жұмысы әсерінен фронталды жазықтықта да және әрбір жеке шеміршектің өз өзін айналуы арқылы да орын ауыстырып отырады.
Сына тәрізді шеміршектер (Врисберг) ожау-көмейқақпашығы қатпарларының қалың ішінде орналасқан. Олар ұзарған, кішкентай, оның түрі және көлемі тұрақты емес. Бұл шеміршектер аталған сіңір-қатпарларды қатайтып, алмұрт тәрізді қуыс арқылы өтетін тағам түйірінінің осы сіңірді итермеуін қамтамасыз етеді.
Мүйізді шеміршектер (санторини) кішкене, ожау тәрізді шеміршектердің ұшының үстінде орналасады, кейде олармен тұтасып кетеді. Бұл кішігірім шеміршектерді амортизаторлар деп санайды, өйткені олар көмей қақпашығы төмен қарай ауытқыған кезде ожау тәрізді шеміршектердің ұштарына түсетін қысымды азайтады.
Көмейдің буындары және сіңір байламдары.
Көмей шеміршектері өзара буындармен және сіңір байламдар арқылы жалғасқан. Буындар.Сақина тәрізді шеміршектің бүйір беттері қалқанша шеміршекпен жұп сақина-қалқанша буынның көмегі арқылы жалғасқан. Екі буында бір уақытта жұмыс жасайды. Бұлшықет қысқарғанда қалқанша шеміршектің жоғарғы бөлігі алға не артқа иіледі, дәл оы кезде қалқанша және ожау шеміршектердің өзара арақашықтығы өзгереді; бұл арқылы дауыс қатпарларының керілуі көбейеді немесе азаяды, дауыстың жоғарылығы артады немесе бәсеңдейді. Ожау тәріздес шеміршектер сақина-ожау буынның көмегі арқылы өзінің негізімен сақина шеміршектің пластинкасымен жалғасқан. Ожау шеміршек бұл буында ұзын бойына осін айнала айналмалы қозғалыс жасап, сол сияқты оның алға, артқа, медиальды және латеральды ауысуы мүмкін. Тап осы буынды айналу кезінде ожау шеміршектің дауыс өскіндері жақындайды немесе қашықтайды; сақина шеміршектің үстімен құбылмалы қозғалыс жасау уақытында дауыс өскіндері екі жаққа кетеді немесе жақындайды. Демек, бұл буындағы қозғалыс дауыс қатпарларының ортадағы сызыққа қатысы турасында тұратын орнының өзгеруіне себепші болады, соншалық дауыс саңлауының енін анықтайды.
Көмейдің сіңір байламдары.
1. Қалқанша-тіласты ортадағы және бүйір сіңір байламдары қалқанша-тіласты мембранасының
(пердесінің) бөлігі болады, қалқанша шеміршектің жоғарғы шетін тіласты сүйегінің денесімен және үлкен мүйіздерімен байланыстырады. Бұл мембрананың сыртқы бөлігінде тесік бар. Осы тесік арқылы көмейдің жоғарғы артериясы, венасы және көмейдің жоғарғы нервісінің ішкі тармағы өтеді /а.laryngea superior, v.laryngea sup, n.laryngea superior/.
2. Көмейқақпашығы-қалқанша сіңір байламы, көмей қақпашығын қалқанша шеміршектің жоғарғы шетіне бекітеді.
3. Тіласты-көмейқақпашық сіңір байламы, көмей қақпашығының алдыңғы бетін тіласты сүйегінің денесімен және үлкен мүйіздерімен жалғастырады.
4. Сақина-кеңірдек (lig. cricotrarchreаle) сіңір байламы, сақина шеміршекті кеңірдектің бірінші сақинасымен жалғастырады.
5. Ортадағы сақина-қалқанша байламының (l.conicum) формасы үшбұрышты, сақина шеміршек доғасының жоғарғы шетімен және қалқаншаның төменгі шетінің ортаңғы бөлігі аралығында тартылған.
6. Ожау-көмейқақпашығы қатпары, көмей қақпашығының жиегімен және ожау шеміршектің ішкі жиегі аралығында орналасқан.
7. Тіл-көмейқақпашығы ортадағы және екі бүйір байламдары, көмей қақпашығының алдыңғы бетінен тіл түбірінің ортаңғы және бүйір бөліктеріне барады.
Көмейдің бұлшық еттері.
Көмейдің сыртқы және ішкі бұлшықеттері деп бөледі. Біріншісіне үш жұп бұлшықеттер қарайды, бұллар көмейді белгілі қалыпта бекітеді, оны көтереді және түсіреді.
1. Төс-тіласты 2. Төс-қалқанша 3. Қалқанша-тіласты
Бұл бұлшықеттер көмейдің алдыңғы және бүйір беттерінде орналасқан. Көмейдің қозғалысы басқада жұп бұлшықеттермен жүзеге асады, бұлар жоғарғы жағында тіласты сүйегіне бекітіледі, ал атап айтқанда: жақсүйек-тіласты, біз-тіласты және қос құрсақты /m.digastricus/.
Көмейдің ішкі бұлшықеттері, олар жетеу, өздерінің қызметтеріне қарай келесі топтарға бөлінуі мүмкін:
1. Артқы жұп сақина-ожау бұлшықеті - ожаубұлшықет өскіндерінің артқа және ішіне қарай жылжуы есебінен (дауыс өскіні екі жаққа кетеді) ауаны ішке тарту уақытында көмей саңылауын кеңейтеді.
2. Үш бұлшықеттер, көмей саңылауын тарылтушы, солардың дәл өздері дауыс шығару қызметін қамтамасыз етеді: бүйір жұп сақина-ожау бұлшықеті сақина шеміршектің бүйір беттерінен басталып және ожау шеміршектің бұлшықетті өскініне бекітіледі. Ол қысқарған кезде ожау шеміршек бұлшықетті өскіндерінің алға және ішіне қарай қимыл қозғалысы пайда болады (дауыс өскіні бір-біріне жақындайды), дауыс қатпарлары алдыңғы үштен екісінде қосылады (жабылады); жұп емес көлденең ожау бұлшықеті ожау шеміршектерінің арасында орналасады, бұл бұлшықет қысқарғанда ожау шеміршектер жақындасады, дауыс саңылауын артқы үшінде жабады. Бұл бұлшықеттердің қызметін жұп қиғаш ожау бұлшықеті күшейтеді. Ол бір ожау шеміршектің бұлшықет өскінінің артқы бетінен басталады, ал басқа жағында ожау шеміршектің ұшына бекітіледі. Бұл екі бұлшықет айқастырыла орналасқан.
3. Дауыс қатпарларын екі бұлшықет кереді: а) қалқанша-ожау, екі бөліктен тұрады. Сыртқы бөлігі жалпақ төртбұрышты формада, көмейдің бүйір бөліктерінде орналасады, сыртынан қалқанша шеміршектің пластинкасымен жабылған. Ол қалқанша шеміршек пластинкасының ішкі бетінен басталады және ожау шеміршектің латеральды жиектеріне бекітіледі. Бұл бұлшықеттің қызметі ожау шеміршекті алға қарай ауысуын және оның сыртқы вертикальды осін айнала айналуын жүзеге асырады. Екінші бөлігі - жұп қалқанша-ожау ішкі дауыс бұлшықеті (m.vocalis). Бұл алдағы бұлшықеттің төменгі бөлігі болып есептеледі және үшбұрышты-призматикалық пластинка түрінде көмей
Достарыңызбен бөлісу: |