XIII тарау. ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІНІҢ МОРФОЛОГИЯСЫ
Жүйке (нерв) жүйесі (нервная система) жануарлар организмдерінің
қоршаған ортаға бейімделуін жəне мүшелер жүйелері қызметтерінің
біртұтастығын реттейді. Жүйке жүйесін зерттейтін анатомияның бөлімін
neurologia (грек, neuron — жүйке, жүйке жасушасы; logos — ілім)— деп
атайды. Жүйке жүйесінің қызметтері рефлекстер арқылы іс жүзіне асады.
Рефлекс — сыртқы немесе ішкі орта əсерлеріне организмнің жауап қайтару
реакциясы. Жүйке жүйесі мүшелерінін негізгі бөлігін жүйке ұлпасы құрайды.
Жүйке жүйесі оранизмдегі орналасу орындары (топографиясына) мен
құрылысына сəйкес: орталық жəне шеткі бөлімдер болып екіге бөлінеді.
Жүйке жүйесінің орталық бөліміне ми жəне жұлын, ал шеткі бөліміне
мидан жəне жұлыннан организмнің шеткі аумақтарына таралатын мүшелер:
жүйке түбіршіктері, жүйкелер, жүйке тораптары (өрімдері), жүйке түйіндері
(ганглийлері) жəне жүйке талшықтарының ұштары жатады. Организмде
атқаратын қызметтеріне байланысты жүйке жүйесін үш бөлімге бөледі. Олар:
сомалық (денелік), парасимпатикалық (ішкі мүшелік), симпатикалық
(тамырлық). Жүйке жүйесінің сомалық бөлімі дене, яғни тірек-қимыл
аппараты жəне тері жабына мүшелерінің, парасимпатикалық бөлімі — ішкі
мүшелер мен бездердің, симпатикалық бөлімі — тамырлар жүйесі
мүшелерінің қызметтерін реттейді. Парасимпатикалық жəне симпатикалық
бөлімдерді біріктіріп, жүйке жүйесінің вегетативті бөлімі — деп атайды.
ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ
Тірі организмдерге тəн қасиеттердің бірі — дененің тітіркенгіштігі, яғни
оның тітіркеністі қабылдап, оған белгілі дəрежеде жауап беру қабілеттілігі.
Жүйке жүйесінің жануарлар организміндегі қалыптасуы мен жетілуі оның
даму кезеңіндегі тітіркенгіштік қасиетіне тікелей байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |