Әдеби шығарманың көркемдік құрылымына тән қасиеттердің бірі – психологизм. Психологиялық талдау – жазушы шеберлігі көрсеткіштерінің бірі, өзінше бір сала, «сөз өнерінің тектік белгісі, ажырамас қасиеті, көркемдік кепілі ретінде көрінеді» /44/. Психологизм- адамның ішкі әлемін, жан-дүниесін зерттеу, ашу, көрсету, тарихи шындық пен көркем шындықты бір-біріне туыстастыру. «Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдан қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті табиғи синтезін атау керек» /45/. Психологизм- көркемдік шындықтың ажырамас бір бөлігі. Іс-әрекетті, өмір диалектикасын нанымдылықпен суреттеуде оның атқарар танымдық-эстетикалық қызметі орасан. Шақырғанмен келер ме, Кешегі менің арыстаным, Өзі шын барар жерін тапқан соң. Егізімнен айрылып, Мен бір аққу болдым халықтан соң,- («Аймақ көл») деген жолдардан ақынның ішкі әлемін – жан күйзелісін, өкініш-наласын аңғару қиын емес. Бәйеке, сұлтан, ақсүйек, Қыларың болса, қылып ал, Күндердің күні болғанда Бас кесермін, жасырман, («Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі») деген жолдардағы, ішкі ашу-ыза, кек, бойдағы буырқанған күш-қуататойлайды. Біз бір енеден бір едік, Бір енеден екі едік. Екеуіміз жүргенде, Бір-бірімізге ес едік. Бір енеден үш едік, Үшеуіміз жүргенде, Толып жатқан күш едік. Бір енеден бес едік, Бесеуіміз жүргенде, Алашқа болман деуші едік. Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік. («Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі») «Өтемістің төрт әйелінен «Өтемістің он бөрісі» аталған он бір ұлы болған. Яғни, жоғарыдағы толғауда айтылғандай, «бір әйелінен жалғыз, бір әйелінен - екі, бір әйелінен-үш, бір әйелінен-бес, не бәрі, қыздарын есептемегенде, он бір ұлы болған. Біреуі жастай қайтып, он бала өсіп жетіліп, өз алдарына отау тігіп, үй болған» /46/. Ұлдарының бәрі «сен тұр, мен атайын» ер жігіттер екені Махамбет өлеңінің «Онымыз атқа қонғанда, Жер қайысқан қол едік» деген жолдарында да айтылып тұр. Оның үстіне «Өтемістің он бөрісі» деп халық тегін атамаса керек! Бір баласы жастай өлген деген пікірді Исатай Кенжалиев те айтады. /47/. Тоқтамыс – еті тірі, батыл жігіт болыпты. Абақтыда өлген әкесінің құнын өндіріп басына белгі орнатқан. Ысмайыл, Қожахмет – Ыбырайым да Исатай мен Махамбетке үзеңгілес серік болып, ереуіл кезінде батырлық танытқан. Бекмағамбет – Жәңгір ханның он екі биінің бірі. Қожахмет 1836 жылғы 12 шілдеде Ақбұлақта болған соғыста қаза тапқан. Өлеңдерін халық жатқа айтып мерейі өскен Махамбет шабытына мінді. Енді «жақсы», «жаман» деп бүкпелемей, Ханға қарсы айтылған басқа да өлеңдерін ашық, еркін көсілтті. Бұл серпіліс, адуынды, дауылды, қаһарлы жырлар, ел арасындағы қаңқу сөздер Хан құлағына да жетіп жатты. Бірақ Махамбет жырларына тоқтау салу енді мүмкін емес еді. Сондықтан да Хан Ордасы оның көзін құрту жолдарын қарастырып, неше түрлі айла-шарғылар ұйымдастыра бастайды. 1836 жылы мамыр айында жүзбасы Донсковтың басқаруымен Ордаға Оралдан 25 казак-орыс жасағы келеді. Оларға Исатай батыр мен оның жолдастары Балқы Құдайбергенов пен Қарауылқожаның ауылында қашқын татарлар барын айтады. Сөйтіп, Исатай Исатайдың баласы Жақия, Махамбет қастарында басқа да жігіттер бар, Донсковтармен бірге Қарауылқожа ауылына аттанады. 7 мамыр күні олар Қалыбай мен Сандыбай ауылы Ақкөжеге жетіп құлап, бірнеше қашқын татарларды қолға түсіреді. Бұл оқиға ауыл арасына тез тарап, Қарауылқожаға ұнамайды. Қашқындарды жасырып отырғаны орыс басшыларына мәлім болса, наразылық тудырары анық. Сондықтан да ол аяқ астынан 80 адамнан тұратын жасақ ұйымдастырып, ұсталған татарларды орыс жасағынан босатуды, олардың ойын біліп қалған Махамбетке Қарауылқожа ұйымдастырған топты таратып жіберуді тапсырады. Махамбет Қарауылқожа адамдарын қуып тастап, олардың басшысы Серкебайұлын (А.Ф. Серкибай деп жазыпты – К.М.) ұстап, жүзбасы Донсковқа алып келеді. Донсков оны қашқындармен бірге орыстың жақсы командасына шабуыл жасауға әрекет жасағаны үшін әскери сотқа тартуға Астраханға жөнелтеді. Донсков жасағына тамақ ұйымдастыру мақсатымен Махамбет қасына тоғыз жігіт ертіп, жақын маңайдағы отарлардың біріне барады. Қойшылар қой бергісі келмей, ұрыс-керіс басталып, аяғы төбелеске ұласады. Донсков өз шаруасын бітіріп, Ордадан кетіп қалады. Енді Қарауылқожа мен Балқы Исатай мен Махамбетке кісі өлтірді, ел тонады деген айып тағып, Төлеген Тыныштықұлы деген старшын арқылы Жәңгір хан құлағына жеткізеді. Жәңгір хан Шекара комиссиясына Махамбет Өтемісұлының қылмысты ісін тексеруге комиссия жіберуді өтініп Орынбор генерал-губернаторы Василий Александрович Перовскийге рапорт жолдайды. Сөйтіп 15 мамыр 1836 жылы комиссия құрылады. Оның құрамында сұлтан, хорунжий Көшекғали Сығайұлы, старшын Түмен Қозайдарұлы, хан кеңесшісі Бос Боздақұлы және штаб-лекарь Сергичев енеді. Олар Күшік өлімінен кейін 8 күннен соң, яғни 15 мамырда Күшік Жапарұлын Махамбет өлтірді деген қорытынды шығарады /19, 26-27 б./. Кейін тергеуде Махамбет Күшік Жапаровтың бұлар кеткен соң 4 күннен кейін жай оғынан өлгенін айтады /19, 34 б./. Бұдан біз мұны Махамбетке таңылған жала екенін аңғарамыз. Махамбет қанша батыр болғанымен іштей күйзеліп: Қаршыға деген бір құс бар – Қанаты айдың астында. Ұясы оның саяда, Қарағай, қайың басында. Аңқау өскен ер едім, Бұла болып жасымда. Бұл қонысқа қондырған Ата-бабам оңбасын Таң ла сират басында, - (1836) деп аһ ұрды. Бірақ жасымай, іштегі мұң-шерін сыртқа осылайша жыр етіп шығарды. Әнес Сарай осы оқиғадан кейін Махамбеттің күйзеліске ұшырағанын, «Қаршыға деген бір құс бар» деген өлеңін сонда шығарғанын айтып, өлең 1836 жылы, мамыр айында шықты деп көрсетеді /23, 136 б./. «Ай астында қанаты жарқылдаған қаршыға құс» - әрине, өзі. Ұясы – отбасы, ыза-кек буған Махамбет хан ордадан атылып шығып, үй-ішін өзімен бірге алып кетуге де, тіпті олармен қоштасуға да мұршасы болмай, Исатай жасағына бірден тартқаны белгілі. Отбасы Қожахметтің қолында қалған Қосуан анасы да сонда еді. «Ұясы» осындай саяда болғанымен қауіп-қатерсіз дей алмайды. Жаугершілік заман. Бейнелі ойлайтын Махамбет үшін оның «ұясы» қарағай басында, қарағайды сілкілесе ұясы бұзылады, ... «Таң ла сират» араб сөзі, қазақша мақшар күні деген ұғымды білдіреді екен. Махамбеттің кейбір жинақтарында бұл сөз «Таңда сират» болып та жазылып жүр. (Мәселен, 1979 жылы Республикалық «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жыр-семсер» жинағында. 39 бет) дұрысы - «таң ла сират». Исатай, Махамбет жасағы 1837 жылы екі мыңға, ауылдар саны жиырма бес-отыза жетті. Ішкі Орда территориясының жартысынан дерлік солар иемденді. Алқалаған жер болса, Азамат басы құралса, Мәшурат кеңес сұралса, Мәшурат берер ер едік, - («Күн болған») дейді Махамбет. Мәшурат – яғни Шығыс тілінде Мәшрутят сөзі Конститутция деген ұғымды береді екен. 1837 жылы көтерілісшілер Исатайды өздеріне көсем сайлап «Батыр» деп атайды. Барлық билік Исатай қолында болады. Өз кеңестері, қорғаныс, қару-жарақ жасау қолға алынады... Көтерілісшілердің бұл істері жеке Республика ісіне ұқсайды. Бұл жайында Мақсат Тәж-Мұрат «Осы жылы (1837 жылды айтып отыр – К.М.) ғауғашылар Нарында ұйымддастырған дербес түзілімді тұстастары европалық ыңғайда «жеке республикаға» ұқсатыпты. Әнес Сарай да осы пошымды мақұлдайды. Шынында да солай сияқты. Мөр басылған шекараға ие «Республиканың» жалғыз даусыз басшысы - «Батыр», яғни Исатай батыр. «Бас көтерерлер» мен ақсақалдардан түзілген кеңес жұмыс үстінде. Түрлі сипат қағаздарды әзірлеп беріп отыратын кеңсе ұйымдастырылған. Тұтқын ұстайтын қос та жасалған. Дүкендерде шыңылдатып қару соғылып жатыр... Осы тұста Махамбет европалық парламент мағынасын беретін шығыстық Мәшрутят (Конституция)сөзін ауызға алады ... Ғажап емес пе, Махамбет Конституция сөзін шығыс дүниесіндегі алғашқы конституциялық түзім – 1876 жылғы түрік Мәшрутятынан аттай қырық жыл бұрын айтқан!» /48/ деп жазады. Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн. Буыршын мұзға тайған күн... Қатарланған қара нар Арқанын қиып алған күн ... Бұландай ерді кескен күн, Буулы теңді шешкен күн. Сандық толы сары алтын, Сапырып судай шашқан күн. Түс қыла көр, құдайым, Біздей тақ мейманасы тасқанға, Біздің ер Исатай өлген күн, Он сан байтақ бүлген күн. Орта белін сырлаған Оқ жаңбырдай жауған күн. Оң қанатын теріс жайып, Лашын қуға төнген күн. Желпілдеген ала ту Жырылып ойға түскен күн... («Мұнар күн») Махамбет подполковник Геке мен Баймағамбет сұлтан басқарған жазалаушы отряд пен Исатай, Махамбеттердің «оқ жаңбырдай жауған» соғысынан кейінгі қанды оқиғаны – Исатай қазасын елге жеткізіп, жоқтап осылайша күңіренеді. Махамбеттің бүкіл ішкі алай-түлей жан сезімі жыр болып құйылып, азалы әуен, терең де мағыналы, бейнелі сөздер, тіркестер соғыстың қандай болғанын, немен тынғанын жеткізіп тұр. Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн. деп ақын табиғаттың өзін «мұнарландырып», «шұбарландырып» осы эпитеттерді халықтың басына түскен ауыр халді жеткізу үшін шебер пайдалана отырып:
Буыршын мұзға тайған күн, Бура атанға шөккен күн, - деп поэтикалық контраст бере жалғайды. Өкініш пен өксікке, күйініш пен зарға, толғанысқа толы бұл жоқтау үлгісіндегі толғаудан біз «жалғыз эпитет, не поэтикалық контраст емес – теңеу, метафора қолданыстары да ақынның мақсатымен ұштасып жататынын және өздерін жауынан жоғары етіп, жауын төмендете, оған оқушылары жексұрын көзбен қарайтын етіп шығару үшін қолданғандығын көреміз» /50, 355 б./. Сонымен бірге өлеңде поэтикалық формаға, жаңа қалыпқа түскен тұрақты тіркесті дәстүрлі сөздер де («бақыт тайған күн», «қара нар», «Арқанын қиып алған күн», «Алма мойын аруды ат көтіне салған күн», «Буулы теңді шешкен күн», «Сандық толы сары алтын Сапырып судай шашқан күн», «Түс қыла көр», «Біздей мейманасы тасқанға», «Он сан байтақ бүлген күн...») бар. Буыршынның мұзға тайып, бураның атанға шөгуі мүмкін бе?! Бір сойқанның болғанын ішің сезіп, әрі қарай оқи түсесің. «Қатарланған қара нар арқанын қиып алған күн, алма мойын аруды ат көтіне салған күн», «Буулы теңді шешкен күн, сандық толы сары алтын сапырып судай шашқан күн», «Оң қанатын теріс жайып, лашын қуға төнген күн»... Сұмдық қой! Лашын аққуға түсуші ме еді?! Қаныңды басқа шапшытып, жүрек тулатады. Автордың бейнелеу, метафоралық, символикалық тәсілдерді, эпитетті, дыбыс үндестіктерін, параллелизм (егіздеу), тағы да басқа көркемдік тәсілдерді қолданудағы хас шеберлігі, сөз таңдай білуі, сезімталдығы, шын қайғырып, шын сөйлейтін шынайылығы, Исатайға деген шексіз сүйіспеншілігі тағы да бір әдемі көрініс тапқан. Жауынгер, адуын, бір сөзі бір сөзінен өткен, өлеңде де батыр мінезді, қайсар, жайшылықта қыңыр ақынның жүрегі нәзік қылдай лирик екенін де байқайсың. Сонымен бірге ақын «Күн» деген сөзді өлеі жолдары аяғында бірнеше дүркін қайталау арқылы әр сөзге екпін, жігер, әсер, қуат-күш беріп, эмоциялық әсерін арттырған. Бұл символикалық бейнеге, тұспалға толы толғау – асқан сөз зергерінің ғана қолынан келетін, тарихи оқиғаны көркем шындыққа айналдырудың озық үлгісі іспетті.
6. Махамбет өлеңдеріндегі психологизм.
Жоспар:
1. Көркем әдебиеттегі психологизм табиғаты.
2. Махамбет өлеңдеріндегі ақынның ішкі ашу-ызасы, жан күйзелісі, ішкі әлемі.
Бақылау сұрақтары:
1. Психологиялық параллелизм дегеніміз не?
2. Махамбеттің «Қызғыш құс», өлеңіндегі өз халі мен табиғаттың бір бөлшегі, қызғыш құс тағдырына талдау жасау. (псих-лық егіздеу)
Өзіндік тапсырмалар:
1. Махамбет жырларындағы ұлттық қасірет-қайғысы мен зар-мұңы бар өлеңдеріне теориялық талдау жасау.
2. Әдебиеттегі тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасы