К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Махамбет поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі



бет13/26
Дата10.12.2023
өлшемі328,47 Kb.
#135805
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26
Байланысты:
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Махамбет поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі


Әдебиеттегі дәстүр жайындағы сөз бүкіл көркем әдебиеттің тарихы
туралы сөз. Дәстүрге дегенде өнердің бастау бұлағының кейінгі толқынға шығармашылық жүйелі әсерін, қалыптасқан жалғасын, үндестігін, өрісін, өміршеңдігін айтамыз. Бірақ бұл жалаң еліктеу, өзінен бұрынғылардың айтып кеткенін қайталап, сол ізбен жүру емес, жаңа жол салу, барды дамыту, жоқты табу.
Академик сыншы Мұхамеджан Қаратаев «Дәстүр мен жаңашылдық» атты жинақтағы мақаласында «Дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблема кең мағынасында – философиялық проблема, - деп жазады. – Себебі бұл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі. Мұнсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ. Онсыз өмір жоқ. Неге десеңіз, ештеңеден ештеңе шықпайтыны яғни «нөлден» ештеңе өнбейтіні, екінші сөзбен айтқанда, жоқтан бар болмайтыны белгілі. Оның үстіне дүниеде не бар, соның бәрі дамып, өзгеріп отырады, жаңғарып, жаңарып отырады. Мұның да өзінің тиісті заңдылығы бар. Ол бұрынғы мен бүгінгінің, көне мен жаңаның аралығындағы табиғи жалғастық құбылыстарының заңдылығы, философия тілімен айтсақ, дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблеманың қарастыратын заңдылығы» /66/.
Дәстүр мен жаңашылдық - даму заңдылығы. Сонау Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі дастандардан бастап, хандық дәуірдегі Бұқар жырау, Асан Қайға, Ақтамберді, Доспамбеттермен ұласып, олардан кейінгі жазба ағартушылық әдебитетінің негізін қалаушылар Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтардан да әсері асып, олардан кейінгі талай ақындарға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан жолы бары анық.
Махамбет Өтемісов те өзінен бұрынғылардың өлең-жырларынан сусындап, үлгі-өнеге, дәріс алғаны ақиқат. Ол өзінен бұрынғы дәстүрге сүйене отырып, жаңа түр тауып, соны ізге түсті. Халық ауыз әдебиетінен сусындап, халықтың құнарлы тілін бойына сіңірген, жыршы-жыраулар мұрасын жаттап өскен Махамбет жырлары сондықтан да мазмұнды, өткір, айшықты, құнарлы. Махамбет мазмұнға сай ойын еркін, толық бере алатындай түр де таба білді.
Елдікті, ерлікті, бірлікті жырлау, оны уағыздау, мақтан ету – әдебиетте сонау ықылым заманнан бар дәстүр. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазуларға үңілсек:
Он жасында інім Күлтегін ер атағын алды...
Он алты жасқа келгенде
Ағам қағанның ел-жұртын молайтты...
Жиырма бір жасқа келгенде
Чача сенуымен айқастық...
Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде
Қырғызға қарсы аттандық ... /67/
деген жолдарды көреміз. Жырдың авторы Иоллық тегін Күлтегіннің ерлік істерін термелей айтып, оның Қырғыздарды жеңгенін, одан кейін түргештерді де бағындырғанын мадақ етеді.
Бұл жолдардан терме үлгісін көруге болады. Сондай-ақ жыр авторының Күлтегіннің жасын шамалай отырып айтуы жырға екпін беріп, әсерлендіріп, күш-қуатын арттырып тұрғанын да аңғару қиын емес.
Осы дәстүрді, осы үлгіні одан кейінгі батырлар жырларынан да байқаймыз:
Алты жасқа келгенде
Арыстан туған Қобылан
Қазнадан қамқа киеді.
Өзімнің еншім болсын деп,
Тобылғы меңді торы атты
Енші қылып мінеді.
Қобыландының тілегін
Бүкіл қыпшақ тіледі... /68/.
«Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Ер Қосай», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары», «Қарабек батыр», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашыұлы Тұяқбай», «Шынтасұлы Төрехан», «Арқалық батыр» т.б. батырлар жырларында, Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет т.б. жыраулар жырларында да бұл дәстүр бәсеңдемейді. «Мысалы, XV-XVIII ғасырларда қазақ қоғамы мен тарихы үшін елді қорғау, жауға тойтарыс беру аса маңызды саналады. Бұл кезде қазақ фольклорының барлық жанрынан батырлар жыры маңызды болды, оның тәрбиелік, идеологиялық қызметі артты» /69/.
Доспамбет жырау:
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес, -
деп ел үшін мерт болу мәрттік, батырлықты білдіретінін, ол өкінішсіз өлім екенін айтса, Ақтамберді жырау:
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет, -
дейді.
Нақыл сөздерді халық санасына сіңіре түсу үшін жинақтап, топтап, басын қосып, түйдектетіп беру ақын-жыраулар поэзиясында ертеден бар дәстүр. «XI ғасырда М.Қашғари сөздігіне кірген дидактикалық мазмұндағы терме-толғау өлеңдерді жазба әдебиеті еркін, жалпылық сипатта дамымаған түркі халықтары кейінгі дәуірлерде дәстүрлі түрде жалғастырып әкетті» /70/, - дейді Қ.Өмірәлиев. Демек, нақыл сөздерді тізбектеп айту сонау XI ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр.
Доспамбет жыраудың өлең жолдарындағы «Оқ қылқандай шаншылса», «Қан жусандай егілсе», «Аққан судай төгілсе» деген қимылды әрекетті білдіретін тегеурінді теңеулер де жырдың сәнін, әрін келтіріп, мәнін үстей түссе, Ақтамберді өсиеті бүгінгі күнде де бата орнына жүретін ақыл, нақыл, асыл сөз.
Тәтіқара ақын:
Қамыстың басы майда, түбі сайда.
Жәнібек Шақшақұлы болат найза,
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда, -
деп батырлар – Дулаттан шыққан Бөкей мен Сағырды, Қыпшақтағы Деріпсалы мен Маңдайды, Уақтағы Сары мен Баянды мадақ етеді. «Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт, найзасының ұшына жау мінгізген Еменәлі Керейде ер Жабайды айт» деп түйіндейді.
Бірінен-бірі көркем, ағын судай ағылған бейнелі, образды жолдар. Тәтіқара ақынның «Найзасының ұшына жау мінгізген» деген жолы қандай керемет! Найзасымен жау түйреген десе жай сөз болар еді. «Найзасының ұшына жау мінгізген» деп қалай әдемі, образды айтқан!
Ауыз әдебиетінің көне нұсқаларының бірі төрт түлік жайлы өлеңде:
Түйе берсең, үйе бер,
Жатқан жері даладай,
Азу тісі қаладай
Екі өркеші баладай...
Құйрығы ұзын қамшыдай
Шудасы бар жамшыдай /71/, -
деген шумақтар бар. Бұл «Алпамыс» батыр жырындағы:
Кеуделері кепедей,
Мұрындағы төбедей,
Күрек тісі кетпендей
Кеңірдегі
Жүһиттің көріндей... /72/
деген жолдарымен үндес.
Үмбетей жырау жоғарыдағы ауыз әдебиеті нұсқасы жолдарын қайталап, жаңғыртып, дамыта түсіп:
Жатқан жері даладай,
Екі өркеші баладай,
Азу тісі қаладай,
Жабуы жамшыдай,
Құйрығы қамшыдай,
Бура сойған не сұмдық!-
Тоқымы кеппей топтанып.
Ел тонауға аттанып,
Жылқышысын дойырлап,
Жылқыларын сойылдап,
Көрші жұртты шулатып,
Жаудай шапқан не сұмдық!-
дейді.
Жырау елді бірлікке, ынтымақтастыққа шақыра отырып, керемет поэзия туғызған.
Бірінші шумақ кіл теңеуден тұрса (әсіресе, «Азу тісі қаладай» - бір-бір тісі бір-бір үйдей ғой сонда! Асырып айту – гротеск. Бірақ нанымды. Қуатты.), екінші шумақтағы «Тоқымы кеппей топтанып» дыбыс үндестігіне құрылған әрі образды - ат үстінен түспейтіндерін айтып отыр. Мағынасы айқын, суретті, әсерлі, әсем жолдар. Берер тәлім-тәрбиесі де зор.
Жасынан ақын-жыраулардың жырларын жаттап, тақпақтап айтып өскен Махамбет олардан үлгі-өнеге алған. «Махамбет поэзиясының, ақынның асыл сөзінің жарқ-жұрқ еткен бір қыры – жыраулар поэзиясымен үндес тұстары. Арнау сөз, ханға қасқайып мін, сын айту, жауынгерлік рух, батырлар бейнесі» /73/. Сөйтіп, өзінен бұрынғы өткен ақындар дәстүрін жалғастырып, оны дамыта түскен:
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы, -
десе, жоғарыда мысалға келтірген Доспамбет жыраудың «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес» деген жолдарының жаңғырығы байқалып тұрған жоқ па? Бұл – еліктеу емес, мақсат, ой дәстүр бірлігі, ерлікті дәріптеуден шыққан үндестік.
Қасарысқан жауына
Қанды көбік жұтқызбай
Халыққа тентек атанбай,
Үйде жатқан жігітке
Төбеден тегін аатақ болар ма?!
Тағы да ел қорғауға, ерлікке шақырып, батырлық төбеден түспейтінін айтады. «Жауды аяған жаралы» дегенді мегзейді.
Асылдан болат ұл туса
Екі жақ болып тұрғанда,
Егескен жерде шарт кетер,
Жауырынынан өтін алса да
Жамандарға жалынбас!
Ер жігіттің қасиеті бұл! Асылдан асыл туатыны да рас. Әр жолда жалын, жігер бар, намысты қайрау бар. Автор жай ғана «өтін алса» демейді, «жауырынынан өтін алса да» деп жазаны күшейте, ауырлата түседі. Осы сөзі арқылы жігітке шыдам, қажыр, жасымау жарасты екенін, жамандарға жалынбау керектігін асқақтата жеткізеді.
Еділ-Жайық бойында Махамбетке дейін де қарапайым еңбекші халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ызасы мен кегін, күрсінісі мен қынжылысын көрсететін, езілген елдің еңсесін, ердің рухын көтеретін, болашаққа деген сенімін нығайта түсетін жырлар туындатқан Сыпыра жырау, Қазтуған, Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз сияқты ақын-жыраулар болған. Махамбет солардың үздік-үздік ойларын жинақтап, жетілдіре, намыс пен жігерді жанитын образды білді. Сөздің ең бір асылын, жайдың оғындай өткірін, інжу-маржанын теріп жазды. Қолымыздағы сол жырлардың бізге жеткен жұқанасы ғана. Сонда да солғын тартпай, шарпысқан сезім отын өшірмей, оқырманын ерлікке, өрлікке жетелейді. Ол өшпес от – бабалар рухы.
Әрине, дәстүрмен ғана шектеліп қалуға болмайды, онда әдебиет дамымайды, классикалық үлгілерге табан тірей отырып, жаңашылдыққа бет бұру, жаңа ізденістер жасау қажет. Махамбет аты аталған ақын-жыраулардың философиялық ой-түйіндерін олардың заңды жалғасындай өлеңдеріне өзек етіп, қамшыдай өріп, кесек сөйлеп, кесіп айтып, соларша сөз саптады, соларша ой өрбітті. Сөйтсе де өзіндік түйін жасап, өзінше толғады. Ақын поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі, міне, осында жатыр.
Енді бірсыпыра салыстырулар жасасақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет